Уағыздамас бұрын, іздеу керек болар
1. Неге көптілді аймақта қауымдардың уағыздау аумағы тілдерге қарай бөлінген?
1 Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында киелі рухқа кенелген Исаның шәкірттері “әртүрлі тілде сөйлей бастап”, жердің түкпір-түкпірінен келген адамдарға уағыздады (Ел. іс. 2:4). Нәтижесінде шамамен 3000 адам шомылдыру рәсімінен өтті. Бір қызығы, сол келгендердің басым бөлігі көпшілікке ортақ грек және еврей тілдерінде сөйлей алғанға ұқсайды. Алайда Ехоба олардың Патшалық туралы хабарды өздерінің ана тілдерінде естігенін қалады. Мұның бір себебі адамдар ізгі хабарды өздерінің ана тілдерінде естіген кезде, оған құлақ асуға анағұрлым бейім келеді. Сондықтан бүгінде көптілді аймақтағы қауымдардың уағыздау аумағы тілдерге қарай бөлінген (“Ұйымдасқанбыз” (ор.) 107-б., 1, 2-абз.). Шет тілдегі топтарға арнайы бір аумақ тағайындалмайды, бірақ олар топтарын бақылауына алған қауымның және көрші қауымдардың аумағындағы өз тілдерінде сөйлейтін адамдарға уағыздайды.
2. а) Іздеу жұмысы деген не және қай кездері бұған қажеттілік туындауы мүмкін? ә) Көптілді аймақтағы қауымдар бір-біріне қалай көмектесе алады? б) Қызығушылық білдірген өзге тілді адамды кезіктірсек, не істеуіміз қажет?
2 Егер сен адамдардың барлығы бір тілде сөйлейтін аймақта тұратын болсаң, жай ғана бір үйден келесі үйге уағыздай аласың. Алайда сен көптілді ірі қалада тұратын болсаң, уағыздау тәртібі басқаша болады. Өйткені өзге тілді қауымдар да сен уағыздайтын аумақтарда уағыздауы мүмкін. Басқа қауымдағы бауырластар сенің тіліңде сөйлейтін адамдар туралы мәліметті табыстауы мүмкін, алайда ондай адамдарды табу жауапкершілігі, негізінен, сенің қауымыңа не тобыңа жүктелген (“Бір-бірімізге көмектесейік” қоршауын қара). Сондықтан саған іздеу жұмысына қатысу керек болар. Бұл белгілі бір тілде сөйлейтін адамдар жайлы мәліметті сұрап-білуді білдіреді. Ендеше, іздеу жұмысы қалай жүргізіледі?
3. Қауымның не топтың іздеу жұмысын қай жерде жүргізіп, бұл іске қанша уақыт бөлу керектігін анықтауына не көмектеседі?
3 Іздеу жұмысын ұйымдастыру. Көптілді аймақта іздеу жұмысына қанша уақыт бөлу керектігі жергілікті жағдайларға байланысты. Мысалы, сол тілде қанша адам сөйлейді? Ол жерде неше жариялаушы бар? Қауым немесе топта неше адамның мекенжайы бар? Қауымнан әрбір аумақты бірдей іздеп шығу талап етілмейді. Алайда қауым өз аумағындағы тұрғындар шоғырланған аймақтарға және тым алыс емес жерде орналасқан аймақтарға баса назар аударуды шешуі мүмкін. Қалай болған күнде де, жақсылап ұйымдастырылған іздеу жұмысы Ехобаның есімін шақыру мүмкіндігіне мейлінше көп адамның ие болуы үшін маңызды (Рим. 10:13, 14).
4. а) Іздеу жұмысын қалай ұйымдастыруға болады? ә) Өз тіліңде сөйлейтін адамдарды табудың кейбір жолдары қандай?
4 Іздеу керек жерлерде екі жұмыс болмас үшін, бұл істі ақсақалдар кеңесі, әсіресе қызмет бақылаушысы, ұйымдастыруы әрі бақылауы керек (Қор. 1-х. 9:26). Шет тілді топтарда болса лайықты ер бауырлас, мүмкіндігінше ақсақал не қызмет көмекшісі, осы істе жетекшілік ете алады. Бұл бауырласты топты бақылауына алған қауымның ақсақалдар кеңесі мақұлдауы керек. Көптеген қауым мен топтарда бастапқы іздеу жұмысын жүргізу жүйесі бар. Мысалы, олар анықтамалықтарды немесе Интернетті қолдана отырып, өз тіліндегі адамдардың жиі кездесетін аты-жөнін жинайды. Бұдан кейін табылған мекенжайлардың қайсысын қауымның аумағына жатқызу керектігін анықтау үшін оларға телефон шалуға немесе жеке кіріп шығуға болады. Егер бұл тиімді болса, топты өз бақылауына алған қауымның ақсақалдар кеңесі бүкіл қауым кей-кейде іздеу жұмысына қатысып тұруы үшін осындай шара ұйымдастыра алады (“Өз тіліңде сөйлейтін адамдарды қалай табуға болады?” деген қоршауды қара).
5. а) Іздеу жұмысын атқарып жүрген жариялаушыларға қандай кеңестер бар? ә) Іздеу жұмысы барысында адамдармен қалай сөйлесе аламыз?
5 Іздеу жұмысына қатысып жатқан кездің бәрінде басты мақсатымызды ұмытпағанымыз жөн. Бұл іс қызметіміздің бір бөлігі болғандықтан лайықты киінуіміз керек. Көп жариялаушылар іздеу жұмысы барысында ұсынысты айтып жаттыққаны және үйреніп жүрген тілінде сөйлегені құлшыныстарын сақтауға әрі тілді меңгере түсуге көмектесетінін байқаған. Біз осы жұмысты атқаруға жұмсаған уақытымызды есепке қоса аламыз, алайда аумақтың картасы мен адамдардың тізімін дайындауға кеткен уақытты қызмет есебіне қоса алмаймыз. Қызметте қауымымыздың не тобымыздың тілінде сөйлейтін адамды тапсақ, онымен ізгі хабармен бөлісуге тырысуымыз керек. Сосын аумақ туралы мәлімет жаңартылу үшін, тез арада қызмет бақылаушысына немесе ол тағайындаған бауырласқа мәлімдеуіміз қажет. Адам қызығушылық танытсын-танытпасын, осылай істеген дұрыс. Іздеу жұмысы маңызды болғанымен, біз тепе-теңдік сақтап, қызметтің барлық түріне қатысуымыз керек (““Іздеу жұмысы барысында адамдармен қалай сөйлесе аламыз?” деген қоршауды қара).
6. Құлағы естімейтін адамдарды іздеудің қандай қиындықтары бар?
6 Құлағы естімейтін адамдарды іздеу. Құлағы естімейтін адамдарды іздеудің өз қиындықтары бар, әрі бұл әжептәуір күш пен табандылықты талап етеді. Адамның құлағы естімейтінін оның есімінен, сырт келбетінен немесе киімінен анықтай алмайсың. Бұған қоса, отбасы мүшелері мен достары сақтанып, жариялаушыларға олар туралы мәлімет беруден тартыншақтауы мүмкін. Құлағы естімейтін адамдарды табуға арналған төмендегі кеңестер сөйлей алатындарды іздеген кезде де тиімді бола алады.
7. а) Тұрғын үй аймақтарында құлағы естімейтін адамдарды қалай іздеуге болады? ә) Үй иесінің күдігін қалайша сейілте аламыз?
7 Ым тіліндегі қауымдар мен топтар тұрғын үй аймақтарында жүріп, сол тілде сөйлейтін адамдарды сұрап-білу арқылы іздей алады. Бәлкім, үй иесі көршісінің немесе әріптесінің ым тілінде сөйлейтінін байқаған болар. Ол көшенің бойына қойылған құлағы естімейтін балалардың бар екенін көрсететін жол белгілерін көрген шығар. Я болмаса оның құлағы естімейтін туысы болуы мүмкін. Әйтсе де үй иесі сенің қандай мақсатпен келгеніңе күдіктене қарауы мүмкін екенін ұмытпа. Сондықтан келген мақсатыңды түсіндіргенде достық сыңай таныт. Құрмет көрсет. Шынайы әрі қысқа сөйле. Осылайша үй иесінің күдігін сейілте аласың. Кейбір жариялаушылар дискке жазылған ым тіліндегі Киелі кітапты немесе басқа да DVD дискілерді көрсетіп, үй иесінен құлағы естімейтін біреуді білетін-білмейтінін сұрау арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізе алған. Сосын олар жай ғана сондай жандармен Киелі кітаптағы үмітпен бөліскісі келетіндерін айтып кетеді. Егер үй иесі ешқандай мәлімет бергісі келмесе, онда өз мекенжайымызды немесе қауым кездесулеріне шақыру қағазын қалдырып, құлағы естімейтін туысына не досына беруін өтінуге болады.
8. Көрші қауым ым тіліндегі қауыммен қалайша қызметтес бола алады?
8 Ым тіліндегі қауым өзінің үлкен аумағындағы көптілді аймақтарының бірінде құлағы естімейтіндерді іздеу үшін жылына бір-екі күнге басқа тілдегі көрші қауымды көмекке шақыра алады. Ым тіліндегі қауым өткізетін уағыздауға арналған кездесуде іздеу жұмысына қатысты басшылық беріліп, көрініс дайындауға болады. Әр көліктегі жариялаушылардың тобына ым тіліндегі қауымнан, кем дегенде, бір бауырласты тағайындап, оларға қай жерден іздеу керектігі көрсетілген картаны беруге болады.
9. Құлағы естімейтін адамдар жиналатын немесе демалатын орындарда, я болмаса оларға қызмет көрсетілетін мекемелерде іздеу жұмысын қалай атқаруға болады?
9 Құлағы естімейтін адамдарды олардың жиналатын және демалатын орындарынан, я болмаса оларға қызмет көрсетілетін мекемелерден де іздеуге болады. Жариялаушылар осындай жерлерге барғанда, жағдайға сай киінгендері жөн. Бүкіл топқа куәлік бергеннен гөрі, бір не екі адаммен сөйлесіп парасаттылық танытқан дұрыс. Егер жақсы әңгімелессеңдер, бір-біріңмен байланысудың қамын жасасаң болады.
10. Жариялаушылар іздеу жұмысын жергілікті мекемелерде қалай жүргізе алады?
10 Құлағы естімейтін адамдарды іздеудің тағы бір жолы — жергілікті мекемелер көрсетілген карталарды дайындап, сосын ыңғайлы уақытта оларға кіріп шығу. Мысалы, бір картада бірнеше жанармай құю бекеті болуы мүмкін. Ал басқа картаға химтазалау және кір жуу орындары, мейрамханалар, қонақүйлер немесе басқа да іскерлер аумағы кіретін шығар. Егер әр картада жұмыс құрылымдары бір-біріне ұқсас іскерлер мекемелері жинақталса, жариялаушылар мұндай жерлерде бірдей әдісті қолдана алады, осылайша тәжірибесі мен шеберлігі арта түседі. Ал кейбір мекемелерден жай ғана ым тілінде сөйлейтін жұмысшылары немесе тұрақты тұтынушылары бар-жоғын сұрап-білуге болады.
11. Неліктен іздеу жұмысы қызметіміздің маңызды бөлігі болып табылады?
11 Маңызды іс. Сенің тіліңде сөйлейтін адамдарды іздеу қажытарлық іс болуы мүмкін. Бұған қоса, адамдар көшіп келіп не көшіп кетіп жататындықтан, аумағымыздың этникалық құрамы жиі өзгеріп тұруы мүмкін. Ал бұл аумақ туралы мәліметтерді үнемі жаңартып отыруды талап етеді. Десе де, тұрғын аймақтар көбейіп жатқандықтан, іздеу жұмысы қызметіміздің маңызды бөлігі болып табылады. Бізге уағыздау ісін тапсырған Ехоба “ешкімді алаламайды” (Ел. іс. 10:34). “Ол әртүрлі адамдардың құтқарылғанын және шындық жайлы тура білім алғанын қалайды” (Тім. 1-х. 2:3, 4). Сондықтан “таза да ізгі жүректі” барлық тілдегі адамдарды табу үшін Ехобамен және бір-бірімізбен қызметтесе берейік (Лұқа 8:15).
[5-беттегі сурет]
Бір-бірімізге көмектесейік
Егер қандай да бір қауым не топ өз тіліндегі адамдарды табуға көмекті қажет етсе, онда қызмет бақылаушысы көрші басқа тілдегі қауымдардың ақсақалдарымен байланыса алады. Мұндай кезде тым алыс емес жердегі немесе аумағында сол тілде сөйлейтін тұрғындары көп қауымдармен байланысу дұрыс болар. Сосын көмектесіп жатқан қауымның жариялаушыларына сол тілде сөйлейтін адамдарды тапқан жағдайда, оның мекенжайын қызмет бақылаушысына жазып беру керектігі хабарлануы қажет. Ал қызмет бақылаушысы бұл мәліметті көмек сұраған қауым не топқа жібереді. Осы қауымдардың қызмет бақылаушылары көптілді аумақты жүріп өтудің және қызығушыларды тиісті қауымға не топқа бағыттаудың екі жаққа да ыңғайлы жүйесін құра алады.
Егер жариялаушылар шынайы қызығушылық танытқан өзге тілді адамды (немесе құлағы естімейтін адамды) тапса, олар тез арада “Мына кісіге баруды өтінеміз” (S-43) бланкісін толтырып, қауым хатшысына беруі керек. Осылайша бұл адамға рухани көмек тез арада көрсетілетін болады (km 5.11. 3-б. қара).
[6-беттегі сурет]
Өз тіліңде сөйлейтін адамдарды қалай табуға болады?
• Барлығынан сұрастыр: Киелі кітап зерттеушілерден, олардың отбасы мүшелерінен, әріптестеріңнен және т.б.
• Сенің тіліңде жиі кездесетін есімдерді табу үшін телефон анықтамалығын қолдан. Сондай-ақ адамдардың есімдерін олардың мекенжайы бойынша іздейтін Интернеттегі немесе телефон компаниясындағы анықтамалық та тиімді болуы мүмкін.
• Қырағылық таныта отырып, көпшілікке қызмет көрсететін мекемелерде сұрастыр. Мысалы, жергілікті кітапханаларда, мемлекеттік мекемелерде және оқу орындарында.
• Жергілікті газет беттерінен шет тілді адамдардың қандай да бір шараларды ұйымдастырып жатқаны жайлы хабарландыруларды қарап шық.
• Шетелдіктер өздеріне қажетті заттарды таба алатын жергілікті дүкендер мен мекемелерге кіріп шық.
• Егер еліңдегі заңға қайшы келмесе, Интернет арқылы тұрғындарды іздеуге болатын коммерциялық анықтамалық пен компьютерлік бағдарламаны сатып ал.
[7-беттегі сурет]
Іздеу жұмысы барысында адамдармен қалай сөйлесе аламыз?
Достық пейілмен, шынайы әрі ашық сөйлескеніміз адамның күдігін сейілтеді. Мұндайда алдымен адамдарға сол тілдегі әдебиетті көрсеткен жиі тиімді болып жатады.
Амандасып болған соң, былай деуіңе болады: “Біз _________ тілінде сөйлейтін адамдарды іздеп жүрміз. Біз оларға Киелі кітапта жазылған үміт туралы айтайын деп едік. Сіз осы тілде сөйлейтін адамдарды білесіз бе?”
Құлағы естімейтін адамдарды іздеген кезде былай деуіңе болады: “Сәлеметсіз бе. Мен сізге бір нәрсе көрсетсем бола ма? [Портативті бейнеойнатқышты қолданып, DVD-дегі Киелі кітаптың “Жаңа дүние аудармасынан” бір тармақты көрсет.] Бұл орыс ым тіліндегі Киелі кітаптың үзіндісі. Киелі кітапқа қоса, бізде құлағы естімейтін адамдардың рухани мұқтаждығын қанағаттандыруына арналған тегін бірнеше бейне жазбалар бар. Сіз құлағы нашар не мүлдем естімейтін және ым тілінде сөйлейтін адамдарды білесіз бе?” Егер үй иесі ешкімді есіне түсіре алмаса, онда ол құлағы естімейтін адамды кездестірген болуы мүмкін жерлерді атауға болады. Бәлкім, ол жұмысында не жақын маңдағы аймақтарда осындай адамдарды байқаған болар.