Облыстық конгрестер — шындық туралы куәлік берудің керемет мүмкіндігі
1. Мейрамдар исраилдіктерге қандай маңызды рухани шындықтар жайлы ойланып, бір-бірімен ой бөлісуге мүмкіндік беретін?
1 Ежелде Исраил халқы мейрамдарға қатысу үшін Иерусалимге жылына үш рет жиналатын. Бұл тек ер адамдардан ғана талап етілгенімен, мейрамнан қуаныш алу үшін бүкіл отбасылары олармен бірге еріп баратын (Заң. қ. 16:15, 16). Осы шара исраилдіктерге маңызды рухани шындықтар жайлы ойланып, бір-бірімен ой бөлісуге мүмкіндік беретін. Бұл қандай шындықтар еді? Олардың кейбірі мыналар: Ехоба — жомарт әрі қамқор Құдай (Заң. қ. 15:4, 5). Ол өзінің қызметшілеріне басшылығы мен қорғанышын береді (Заң. қ. 32:9, 10). Сондай-ақ исраилдіктер Ехобаның есімі үшін таңдалған халық ретінде оның әділ нормаларын нық ұстанулары қажет (Заң. қ. 7:6, 11). Бүгінде жыл сайын өткізілетін облыстық конгрестер де бізге осы шындықтар жайлы ой жүгіртуге көмектеседі.
2. Облыстық конгрестің бағдарламасы рухани шындыққа қалай жарық түсіреді?
2 Конгресс бағдарламасы рухани шындықтарға жарық түсіреді. Облыстық конгресте біз Киелі кітап шындықтарын тереңірек түсінуге көмектесетін баяндамалар, драмалар, көріністер мен сұхбаттарды тамашалаймыз (Жох. 17:17). Биылғы конгреске қатысты дайындық жұмыстарының бірталайы жасалып қойды. Ехобаның ұйымы дүниенің төрт бұрышындағы адамдардың бүгінгі күнгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін арнайы бағдарлама дайындап жатыр (Мат. 24:45—47). Сен осы бағдарламаны тамашалайтын кезді асыға күтіп жүрсің бе?
3. Бағдарламаның толық пайдасын көру үшін не істеуіміз керек?
3 Әрине, бағдарламаның толық пайдасын көру үшін конгрестің үш күніне де қатысып, мұқият тыңдағанымыз маңызды. Сен әлі бастығыңнан сұранбаған болсаң, неге қазірден бастап бұған қам жасамасқа?! Бағдарламаны сергек отырып тыңдау үшін, әр күні жақсылап тынығып келгенің жақсы. Көбісі баяндамашыға қарап отырғанның және ойларды қысқаша түртіп отырғанның арқасында бағдарламаны мұқият тыңдай алатындарын байқаған. Телефоның өзіңді де, басқаларды да алаңдатпасын. Бағдарлама кезінде тамақ ішіп-жеуден, сөйлесуден және хат жазысудан аулақ бол.
4. Балалары конгрестің пайдасын көру үшін ата-аналар не істей алады?
4 Діни демалыс жылдары Исраил отбасылары Шыбық күрке мейрамында оқылатын Мұса заңын тыңдауға жиналатын. Балалары да заңды тыңдап, үйрену үшін олар бүлдіршіндерін өздерімен бірге ертіп алатын (Заң. қ. 31:12). Конгресте отбасы мүшелерінің бірге отырғанын әрі балалардың сергек болып, бағдарламаны мұқият тыңдағандарын көргенде, жігерленіп қаламыз емес пе?! Неге әр кеште түртіп алған ойларыңды ортаға салып, бағдарламаның өзіңе ұнаған тұстарын талқыламасқа? Киелі кітапта “жас жігіттің жүрегіне ақымақтық ұялайды” делінген. Осыны ескеретін ата-аналар, балалары кішкентай не жасөспірім болсын, оларға түскі үзілісте және тоқтаған қонақүйлерінде бас-көз болып, “қараусыз қалуларына” жол бермейді (Нақ. с. 22:15; 29:15 Тт).
5. Қонақүйде өзімізді әдепті ұстағанымыз шындықты қалай көркейте түседі?
5 Үлгілі жүріс-тұрысымыз шындықты көркейтеді. Конгресс өтетін қалада өзімізді әдепті ұстағанымыз шындықты көркейте түседі (Тит. 2:10). Қонақүйде тоқтағандардың сол жердің ережелеріне бағынғаны және қызмет көрсетушілерге шыдамдылық пен ілтипаттылық танытқаны елеусіз қалмайды (Қол. 4:6). Мысалы, өткен жылы филиал өкілдері қонақүймен хабарласқанда, сондағы жауапты қызметкерлердің бірі былай деген еді: “Біз сендер сияқты жақсы адамдарды қабыл алуға қуаныштымыз. Сендер өте әдепті әрі мейірімді адамдарсыңдар және қонақүйдің қызметшілері мен мүлкіне әрдайым құрметпен қарайсыңдар”.
6. Сырт көрінісімізбен шындықты қалай көркейте аламыз?
6 Конгреске барғанда тағатын плакеткаларымыз конгрестің болатынын хабарлайды және бауырластардың бізді тануына көмектеседі. Бұған қоса, олар басқа адамдар үшін куәлік болып табылады. Конгресс өтетін қаланың тұрғындары плакетка таққандардың осы дүниелік адамдар сияқты олпы-солпы, ашық-шашық не тырыстырып киінбейтінін, қайта, сырт көріністерінің ұқыпты да қарапайым екенін байқайды (Тім. 1-х. 2:9, 10). Олай болса, конгресс өтетін қалада жүргенде не қонақүйге тіркелуге келгенде, сырт келбетімізге мән бергеніміз маңызды. Мұндайда шолақ шалбар не футболка кигеніміз орынсыз болады. Тіпті конгресс ашық аспан астында өтсе де, киіміміз әдепті болу керек. Бағдарлама аяқталған соң, киімімізді ауыстырып, кафеге баруды жоспарласақ, әлі де конгрестің делегаттары екенімізді ұмытпай, қалай болса солай киінбегеніміз дұрыс.
7. Конгресте бауырластығымызды нығайтудың бір жолы қандай?
7 Жыл сайынғы мейрам кезінде исраилдіктер басқа қаладан не елден келген сенушілермен арқа-жарқа болып араласатын, ал бұл олардың бірлігін нығайтатын (Ел. іс. 2:1, 5). Бүгінгі таңда бауырластарымыздың арасындағы жылы қарым-қатынас әсіресе облыстық конгрестерде айқын көрінеді. Рухани жұмағымыздың осы бір керемет көрінісі сырттан келгендерді жиі таңғалдырып жатады (Заб. 132:1). Түскі үзілісте тамақ сатып алуға кетіп қалмай, азын-аулақ тамағымызды өзімізбен бірге алып келіп, қасымыздағы бауырластармен әңгімелескеніміз анағұрлым дұрыс болмас па еді?!
8. Ерікті қызмет атқарудың қандай пайдасы бар?
8 Сырт адамдар конгрестің жақсы ұйымдастырылғанын көргенде, әсіресе барлық жұмысты ерікті қызметшілердің атқарғанын білгенде, жиі қайран қалып жатады. Сен де дайындық рухын танытып, конгресс жұмыстарына атсалыса аласың ба? (Заб. 109:3 сілт.). Көп ата-аналар бүкіл отбасыларымен ерікті қызмет атқарып, балаларын басқаларға қол ұшын беруге баулиды. Егер сен ұялшақ болсаң, конгресс жұмыстарына қатысу арқылы басқа бауырластармен таныса аласың. Бір қыз бауырлас былай дейді: “Отбасымнан және бірер достарымнан басқа танитын адамдарым көп емес еді. Алайда тазалық жұмыстарына қатысқанның арқасында көптеген бауырластармен таныстым. Бұл мені зор қуанышқа бөледі!” Иә, конгресс жұмыстарына атсалысу арқылы жаңа достар тапқанымыз, бізді зор шаттыққа кенелтетіні сөзсіз! (Қор. 2-х. 6:12, 13). Егер сен ешқашан ерікті қызметші болмасаң, неге ақсақалдарға жолығып, көмегіңді ұсынбасқа?!
9. Басқаларды конгреске қалай шақыратын боламыз?
9 Басқаларды шындықты тыңдауға шақыр. Алдыңғы жылдардағыдай, осы жылы да конгреске үш апта қалғанда шақыру науқаны басталады. Қауымдар өздерінің аумақтарын мүмкіндігінше толық аралап шығуға тырысады (“Конгреске қалай шақырамыз?” деген қоршауды қара).
10. Конгреске шақыру науқаны жақсы нәтиже әкелетіні қандай оқиғалардан көрінеді?
10 Адамдар осындай шақыруды қабыл ала ма? Конгрестердің бірінде қызмет көрсетуші бір ерлі-зайыптыға орын табуға көмектескен еді. Олар шақыру қағазын алғанда, қызығушылықтары оянғанын айтты. Содан, конгресс өтетін қалаға жету үшін 320 шақырым жерді жүріп өтіпті! Тағы бірде әйел бауырлас үйме-үй уағыздап жүріп, бір ер адамға шақыру қағазын ұсынған екен. Ол кісі конгресс жайлы көбірек білгісі келгендіктен, бауырласымыз оған шақыру қағазындағы мәліметті түсіндіріп берді. Бірнеше күн өткен соң, әйел бауырлас конгресс кезінде қасына досын ертіп алған әлгі ер адамды көрді. Олар сол конгресте берілген жаңа басылымдардың бірін қолдарында ұстап тұр екен!
11. Облыстық конгреске қатысқанымыз неге маңызды?
11 Жыл сайынғы мейрамдар исраилдіктерге “шын жүректен, адалдықпен қызмет етуге” көмектескен Ехобаның сүйіспеншілікпен берген шарасы болатын (Ешуа 24:14). Сол сияқты, бүгінде жыл сайын өткізілетін облыстық конгрестер де бізге “шындықты берік ұстануға” көмектеседі әрі ғибадатымыздың маңызды бөлігі болып табылады (Жох. 3-х. 3). Конгреске қатысып, оның толық пайдасын көруге тырысып жүргендері үшін шындықты сүйетіндердің барлығын Ехоба молынан жарылқасын!
[4-беттегі сөздер]
Конгресс өтетін қалада өзімізді әдепті ұстағанымыз шындықты көркейте түседі
[5-беттегі сөздер]
Конгреске үш апта қалғанда шақыру науқаны басталады
[3-6 беттердегі қоршау]
2012 Жылғы облыстық конгреске қатысты ескертулер
◼ Конгресс кестесі. Конгрестің үш күнінде де бағдарлама 9:20-да басталады. Есіктер 8:00-де ашылады. Бағдарлама өз уақытында әрі лайықты түрде басталу үшін, Патшалық әуені ойналғанда, барлығымыз орнымызға жайғасуымыз керек. Бағдарлама жұма және сенбі күндері 16:55-те, ал жексенбі күні 15:40-та аяқталады.
◼ Көлік қою. Мүмкін болса, конгресс өтетін жердің бәрінде көлік қоятын орындар дайындалады. Көлік қоятын орын әдетте шектеулі, сондықтан бір көлікпен көбірек адам келгені жөн.
◼ Орын алу. Отыратын орынды тек бір көлікте келгендерге, бір үйде тұрып жатқандарға не өздеріңмен Киелі кітап зерттеп жүрген адамдарға ғана алуға болады (Қор. 1-х. 13:5).
◼ Түскі ас. Үзіліс кезінде басқа жерге барып түстенгеннен гөрі, тамақты өздеріңмен бірге әкелгендерің жөн. Тамақ салынған сөмке орындықтың астына сыятындай шағын болу керек. Демалуға шыққанда қолданылатын үлкен сөмке-тоңазытқыштарды, шыны ыдыстарды конгреске әкелуге болмайды.
◼ Садақа. Конгреске деген ризашылығымызды сол жердегі жәшіктерге ерікті садақа салу арқылы білдіре аламыз.
◼ Төтенше жағдайлар. Шұғыл медициналық көмек қажет болып қалса, жақын жерде тұрған қызмет көрсетушілердің біріне айтыңдар. Ол мұны дереу алғашқы көмек көрсету бөліміне хабарлайды да, ондағы бауырластар жәрдем береді. Қажет болса, олар 103-ке телефон соғып, жедел жәрдем шақырады. Осылайша жедел жәрдем қызметкерлеріне қайта-қайта телефон соғып, мазаламайтын боламыз.
◼ Дәрі-дәрмек. Қабылдап жүрген дәрілерің болса, жеткілікті мөлшерде ала келген жөн. Өйткені алғашқы көмек көрсету бөлімінде ондай дәрі-дәрмек болмауы мүмкін. Дәрі егетін инелер мен диабетпен ауыратындардың шприцтерін конгресс өтетін жердегі және қонақүйдегі кәдімгі қоқысқа тастауға болмайды. Олар зиянды қоқыс ретінде аса ұқыптылықпен тасталу керек.
◼ Аяқкиім. Жыл сайын көп бауырлас аяқкиімдері ыңғайсыз болғандықтан жарақаттанып жатады. Сондықтан еңіс жермен түсуге, баспалдақпен және темір торлардың үстімен жүруге ыңғайлы әрі қарапайым аяқкиім киген дұрыс.
◼ Бесікарба мен бүктемелі орындықтар. Балалардың бесікарбасы мен бүктемелі орындықтарды конгреске әкелуге болмайды. Бірақ ата-ананың жанындағы орындыққа бекітіп қоюға болатын балаларға арналған қауіпсіз отырғышты әкелуге болады.
◼ Иіссулар. Конгрестердің көбісі жабық ғимараттарда өтетіндіктен, тыныс алу жолдарының сырқаты бар адамдарды ескеріп, иіссуды көп сеппегеніміз дұрыс (Қор. 1-х. 10:24).
◼ “Мына кісіге баруды өтінеміз” (S-43) бланкі. Конгресс кезінде бейресми куәлік бергенде, адам қызығушылық танытса, “Мына кісіге баруды өтінеміз” бланкін толтыру керек. Сондықтан жариялаушылар осы бланктің бір-екі данасын конгреске ала келгендері дұрыс. Толтырылған бланкті әдебиет бөліміне немесе конгрестен қайтқан соң, қауым хатшысына беруге болады (2011 жылғы мамыр айындағы “Біздің патшалық қызметіміздің” 3-бетін қара.).
◼ Қонақүйлер.
1) Қонақүйде қажетінен артық бөлмеге тапсырыс бермеңдер және бөлмеде рұқсат етілгеннен көп адам тұрмасын.
2) Тапсырыс берген бөлмелеріңнен бас тартпаңдар, ал егер күтпеген жерден бас тартуға тура келсе, қонақүйге бірден хабарлаңдар (Мат. 5:37).
3) Қонақүйдің қоларбасын пайдаланған соң, бірден қайтарып беріңдер.
4) Рұқсат етілмесе, бөлмеде тамақ пісірмеңдер.
5) Қонақүй қызметшілеріне атқарған қызметтері үшін шай-пұл берген жақсы.
6) Қонақүйде тегін таңғы ас, кофе не басқа заттар берілетін болса, оларды алғанда әдептілік сақтаңдар.
7) Қонақүй қызметкерлерімен қарым-қатынастарыңда киелі рух жемісін танытыңдар. Олар көп қонаққа қызмет көрсетеді, сондықтан біздің ізеттілік, шыдамдылық пен парасаттылық танытқанымызға дән риза болады.
8) Ата-аналар бассейн, қабылдау бөлмесі мен спортзалды қоса алғанда, қонақүйдің қай жерінде жүрмесін, балаларын әрдайым қадағалап жүрулері керек.
9) Қонақүйдегі бөлмеңе қатысты қандай да бір қиындықтар туындаса, конгресс кезінде пәтер бөлімімен хабарлас.
◼ Ерікті қызмет. Ерікті қызмет атқарғысы келетіндер бұл жайлы ерікті қызмет көрсету бөліміне айту керек. Он алтыға толмаған балалар да ата-анасының я болмаса ата-анасы не қамқоршысы сеніп тапсырған ересек адамның бақылауымен ерікті қызмет атқара алады.
[6-беттегі қоршау]
Конгреске қалай шақырамыз?
Қысқа ұсыныс айтуымыз қажет. Мысалы, былай деуге болады: “Сәлеметсіз бе. Біз адамдарды дүниежүзі бойынша өтетін маңызды кездесуге шақырып жүрміз. Сізді де соған шақырамыз”. Сосын, конгресс жайлы қысқаша түсіндіріп, оның өтетін жері мен уақытын айт.