Киелі кітап зерттеу сабағын бастауға арналған жаңа айдар
1. Таратуға арналған “Күзет мұнарасында” қандай жаңа айдар шығады және ол не үшін арналған?
1 Келесі айдан бастап таратуға арналған “Күзет мұнарасында” Киелі кітап зерттеу сабағын бастауға көмектесетін жаңа айдар шығатын болады. Бұл айдар “Құдай Сөзінен білім алайық” деп аталады. Аумағымыздағы кейбір адамдар осы айдардың әр мақаласын қызыға оқитын болса да, негізінен, бұл — үй иесімен талқылауға арналған мәлімет.
2. Бұл айдардың кейбір ерекшеліктері қандай?
2 Ерекшеліктері. Тақырып пен тақырыпшалар үй иесімен талқылауға арналған сұрақтар ретінде берілген. Негізгі жазба орындары көрсетіліп, бірақ олардың үзіндісі келтірілмегендіктен, үй иесі тікелей Құдай Сөзінің беттерінен тәлім ала алады. Абзацтардың қысқа болғаны оларды есік алдында тұрып-ақ қарастыруға мүмкіндік береді. Әрбір мақалада “Киелі кітап үйретеді” кітабына назар аударылады, осының арқасында оңтайлы жағдай туғанда, Киелі кітап зерттеу сабағын сол басылымның көмегімен жалғастыра аламыз.
3. Үйме-үй уағыздағанда, есік алдында тұрып-ақ зерттеу сабағын бастау үшін, бұл айдарды қалай қолдана аламыз?
3 Қолдану жолы. Журналды ұсынғанда мақаланың негізгі тақырыбына қатысты үй иесінің қызығушылығын оятатындай сұрақ қойсаң болады. Мысалы, “Күзет мұнарасының” қаңтар — наурыз айындағы санында Киелі кітаптың құндылығы жайлы сөз қозғалады. Былай деп сұрауыңа болады: “Сіздің ойыңызша, Киелі кітап Құдай сөзі ме, әлде жай ғана жақсы кітап па? [Жауабын күт.] Менде бұған қатысты қызықты мәлімет бар”. Сөйтіп, мақаладағы бірінші сұраққа назар аудар да, алғашқы абзацты оқып беріп, келтірілген жазба орнын ашып көрсет. Сосын сұрақты қайта оқы да, үй иесінің ойын сұра. Талқылауды нөмірленген сұрақтар бойынша жүргізуге болады, сондай-ақ қанша мәлімет өту керектігін жағдайға қарай шешкен жөн. Кетер алдында келесі сұраққа назар аудар және сол сұрақты қарастыру үшін қайта келетін уақытың жайлы келісіп ал. Мақаланың келесі саны шыққанша, апта сайын адамға қайта оралып, қалған бөліктерін талқыла. Я болмаса үй иесіне Киелі кітап зерттеу сабағын жай ғана тікелей ұсынуыңа да болады. Сосын, журналдағы мақаланы қолданып, зерттеу сабағының қалай өтетінін көрсет.
4. Адамға қайта барғанда, бұл мақалаларды қалай қолдануға болады?
4 Сонымен қатар бұл айдар журналдарды алып тұратын және басқа да қызығушылық танытқан адамдарға барғанда қолдануға тиімді. Жай ғана былай десең болады: “Мынау — “Күзет мұнарасының” жаңа ерекшелігі. Рұқсат етсеңіз, мұны қалай қолдануға болатынын көрсетейін”. Бұл жаңа айдар “барлық адамдардың... шындықты біліп алуларына” септігін тигізсін деп дұға етеміз (Тім. 1-х. 2:4).