Қызметімізде көмек болатын айдар
1. “Киелі кітапқа негіздеп әңгімелесу” айдарының қандай екі мақсаты бар?
1 Ұсынуға арналған “Күзет мұнарасы” журналында арагідік “Киелі кітапқа негіздеп әңгімелесу” атты айдар шығып тұрады. Аталмыш айдардың екі мақсаты бар: Киелі кітап ілімдерін қызықты етіп ұсыну және белгілі бір тақырып жайлы ілтипаттылықпен ой түзуді жариялаушыларға үйрету (Пет. 1-х. 3:15). Біз осы айдарды қалай тиімді қолдана аламыз?
2. Осы айдардағы мақалаларды қызметте қалай қолдана аламыз?
2 Қызметте қолдан. Осы айдар кездесетін журналдарды алып, бірнеше данасын сақтап қойсаң болады. Үй иесі, қызығушы немесе Киелі кітап зерттеушісі осы айдарда талқыланған сұрақты қойып қалса, я болмаса сол тақырыпта қарсы пікір айтса, қажетті мақаланы бірге талқылаңдар. Ал журнал жоқ болса, оны jw.org сайтынан жүктеп алсаң болады.
3. Мақаланы үй иесімен қалай қарастыра аламыз?
3 Осы айдардағы мақалаларды адамдармен қалай талқылай аламыз? Мысалы, кейбір бауырластар қызығушылық білдірген адамға мақаладағы Куәгер емес адамның сөздерін оқытады, ал өздері Куәгердің сөздерін оқиды. Олар мақаланы диалог ретінде оқу өте тиімді екенін байқаған, өйткені адамның нанымдарымызды осындай жолмен қарастырғаны оны ыңғайсыз жағдайға қалдырмайды (Заң. қ. 32:2).
4. Өзімізді жаттықтыру үшін бұл айдарды қалай қолдана аламыз?
4 Өзіңді де, өзгелерді де жаттықтыр. Мақалаларды оқып жатқанда, жазба орындарына, мысалдарға және түсіндіру жолдарына назар аудар. Мәтіннің мәнеріне де көңіл бөл. Сосын қызметте солай уағыздауға тырыс (Нақ. с. 1:5; 9:9). Бір әйел бауырлас былай дейді: “Осы айдардағы мақалаларды оқығанда, дәл жауап бере алатын кемелді ізашардан үйреніп жатқандай сезімде боламын”.
5. Зерттеушілерді қызметке қалай дайындай аламыз?
5 Осы айдарды зерттеушіні қызметке дайындау үшін де қолдансаң болады. Мәтінді бірге оқып, зерттеушіге жариялаушының рөлінде болуға мүмкіндік бер. Осылайша ол өз нанымдарын ілтипатты түрде айтуға үйренеді (Қол. 4:6). Расында да, бұл айдар Ехобаның қызметімізді “толықтай атқару” үшін ұсынып жатқан көмегінің бірі болып табылады (Тім. 2-х. 4:5).