Рухани тойға дайынсың ба?
1. Той қандай дайындықты талап етеді?
1 Той жасау көп дайындықты талап етеді. Алдымен азық-түлік сатып алып, сосын, дәмді етіп тамақ әзірлеу керек. Оның үстіне, қонақ бөлмені де дайындау қажет. Бірақ қонақ күтетіндер ғана емес, қонақтар да, әсіресе ұзақ жол жүретін болса, жақсылап дайындалуы қажет. Иә, той жасау оңай емес, алайда достарыңмен және отбасыңмен бірге дастарқан басында жиналу қандай жақсы! Биыл дүниежүзі бойынша Ехоба куәгерлері керемет рухани тойға — “Сергек болыңдар!” деп аталатын облыстық конгреске жиналады. Конгресс бағдарламасын дайындау үшін бауырластар көп тер төгуде. Бұл рухани тойға бәріміз де шақырылдық, сондықтан оның толық пайдасын көру үшін әрқайсымыздың дайындалғанымыз жөн (Нақ. с. 21:5).
2. Конгрестің барлық бөлігіне қатыса алу үшін не қажет?
2 Толық пайдасын көр. Істеріңді конгрестің ешбір бөлігін жіберіп алмайтындай етіп жоспарладың ба? Қажет болса, жұмыс берушіге конгрестің барлық бөлігіне, бірінші күніне де, қатысатыныңды айт. Конгресс кезінде қайда тұратыныңды және қалай қатынайтыныңды ойластырдың ба? Ақсақалдар қарт, денсаулығы нашар не көмекке мұқтаж бауырластардың да қажеттіліктерін ескерусіз қалдырмаулары керек (Ерм. 23:4; Ғал. 6:10).
3. Неге шақырылмаған жариялаушылар халықаралық конгреске бармағандары дұрыс?
3 Кейбір елдерде халықаралық конгрестер өтеді. Ол жерге нақты қауымдар мен шетелдік бауырластар келетінін есте ұста. Конгресті ұйымдастыратын филиал бауырластарды шақырғанда, қонақ үйлердегі орындар мен конгресс өтетін жердің сыйымдылығын ескереді. Сондықтан жариялаушылардың өздері шақырылмаған конгреске барғаны көп қиындықтар тудыруы мүмкін.
4. Қалай конгрестің әр күнінде бағдарламаның басталуына дайын бола аламыз?
4 Конгрестің әр күнінде ертерек келіп, бағдарлама басталмас бұрын орын ал. Сондай-ақ бағдарлама кестесін қарап шығуға да уақыт бөл. Бұлай еткенің жүрегіңді дайындауға көмектеседі (Езра 7:10). Бағдарлама төрағасы әуен ойнайтынын хабарлаған соң, орныңа жайғас әрі алғашқы әнді айтуға және дұғаға дайын бол.
5. Отбасы конгресс бағдарламасының толық пайдасын көру үшін не істеуге болады?
5 Егер отбасы бірге отыратын болса, ата-аналар балаларының бағдарламаны мұқият тыңдап отырғанын қадағалай алады (Заң. қ. 31:12). Жазба орындары оқылып жатқанда, өз Киелі кітабымызды ашып, көз жүгіртіп отырғанымыз дұрыс. Мұқият болу үшін қысқаша жазып отыруға болады. Кейін бұл баяндамалардың негізгі ойларын еске түсіруге көмектеседі. Бағдарламаның кезінде әңгімелеспе немесе ары-бері жүре берме. Ұялы телефоның болса, өзіңді не басқаларды алаңдатпасын. Әр күні конгрестен соң бағдарламаның өзіңе ұнаған тұстарын басқалармен талқыла.
6. Конгресте қандай мүмкіндік туады және қалай оны толық пайдалануға болады?
6 Облыстық конгресте бауырластарымызбен араласып, арамызда орнаған қайталанбас бірлікті сезіне аламыз (Заб. 132:1—3; Мар. 10:29, 30). Қасыңда отырғандарға көңіл қойып, түскі үзіліс кезінде жақынырақ танысуға ұмтыл. Бұл үшін өзіңмен бірге жеңіл тамақ ала келгенің дұрыс. Бір-бірімізді жігерлендірудің керемет мүмкіндігін жіберіп алмайық (Рим. 1:11, 12).
7. Конгреске қандай киім киіп баратынымыз жайлы неліктен ойланған дұрыс?
7 Киім. Ехоба исраилдіктерге киімдерінің етегіне шашақ тағып, көк жіп өткізіп қоюды бұйырған (Ру. сан. 15:37—41 ЖД). Бұл олардың Ехобаға ғибадат ететін, таңдап алынған халық екендерін естеріне салып отырған. Бүгінде де конгресс өтетін жерге лайықты да қарапайым киініп барғанымыз осы дүниелік емес екенімізді көрсетеді. Сондай-ақ конгрестен кейін тамақтануға баратын болсақ, айналамыздағы адамдарға жақсы куәлік болады. Сондықтан қандай киім киетініңді алдын ала ойла.
8. Конгресс өтетін қалада куәлік етудің қандай мүмкіндіктері бар?
8 Куәлік бер. Алдын ала ойластырып алатын болсақ, конгресс өтетін қаладағы адамдарға куәлік бере аламыз. Конгрестен кейін бір бауырлас жолдасы екеуі ресторанға барғанда, күтушінің назарын плакеткасына аударып: “Мынадай плакетка тағып жүрген адамдарды көрдіңіз бе?”— деп сұрады. Күтуші олардың көбісін көргенін және неге бәрі бірдей плакетка тағып алғанын білгісі келетінін айтты. Осылайша әңгіме басталып, бауырлас оны конгреске шақырады.
9. Рухани тойдың иесі Ехобаға ризашылығымызды қалай көрсете аламыз?
9 Баяндамалар, сұхбаттар және көріністерді бауырластар дайындағанымен, биылғы рухани тойдың иесі — көктегі әкеміз Ехоба Құдай (Ишая 65:13, 14). Конгрестің барлық бөлігіне қатысып, әзірленген рухани асты қабылдау арқылы оған деген ризашылығымызды көрсетеміз. Ал біз бұған дайынбыз ба?
[6-беттегі қоршау]
Облыстық конгреске байланысты ескертулер
◼ Конгресс кестесі. Конгрестің үш күнінде де бағдарлама 9:20-да басталады. Есіктер 8:00-де ашылады. Бағдарлама өз уақытында басталу үшін, Патшалық әуені ойнай бастағанда, барлығымыз орнымызға жайғасуымыз керек. Бағдарлама жұма және сенбі күні 16:55-те, ал жексенбі күні 16:00-де аяқталады. Халықаралық конгрестің бейсенбі күнгі бағдарламасы 13:20-да басталып, 16:45-те аяқталады.
◼ Көлік қою. Мүмкін болса, конгресс өтетін жердің бәрінде көлік қоятын орындар дайындалады. Ақы төленбейтін ол жерге плакеткасы бар бауырластар ғана көліктерін қоя алады. Көлік қоятын орын әдетте шектеулі, сондықтан бір көлікпен көбірек адам келгені жөн.
◼ Орын алу. Отыратын орынды тек өздеріңмен бір көлікте келген немесе бірге тұрып жатқан адамдарға ғана алуға болады.
◼ Түскі ас. Түскі үзіліс кезінде тамақтану үшін конгресс өтетін жерден кетіп қалмай, асты өздеріңмен әкелулеріңді өтінеміз. Тамақ салынған сөмке орындықтың астына сыятындай шағын болу керек. Демалуға шыққанда қолданатын үлкен тоңазытқыш, шыны ыдыстар және спирттік ішімдіктерді конгреске әкелуге болмайды.
◼ Садақа. Конгреске деген ризашылығымызды Патшалық сарайында немесе конгресте дүниежүзілік іске ерікті садақа беру арқылы білдіре аламыз.
◼ Төтенше жағдайлар. Алғашқы көмек көрсету бөлімінің қызметшілерінің айтуынша бауырластар болмашы нәрсеге бола хабарласады. Конгресс өтіп жатқан жерде төтенше жағдай болып қалса, қызмет көрсетушілердің жақын тұрған біреуіне айтыңдар. Қызметші мұны дереу Алғашқы көмек көрсететін бөлімге мәлімдейді де, ондағы бауырластар көмек көрсетеді. Қажет болса, жедел жәрдем шақырады.
◼ Аяқкиім. Жыл сайын көп бауырластар киген аяқкиімдеріне бола жарақаттанады. Сондықтан қарапайым және баспалдақпен, темір торлардың үстімен жүруге ыңғайлысын киген дұрыс.
◼ Бейне және дыбыс жазатын құралдар. Бейне не дыбыс жазатын құралдарды электр және дыбыс шығару жүйесіне қоспау керек. Оларды тек өзгелерге кедергі жасамайтындай етіп қана қолдануға болады.
◼ Балалардың бесікарбасы мен бүктемелі орындықтар. Балалардың бесікарбасы мен бүктемелі орындықтарды конгреске әкелуге болмайды, бірақ ата-ананың орындыққа бекітіп қоюға болатын қауіпсіздік үшін пайдаланатын отырғышты әкелуіне болады.
◼ Иіссулар. Конгрестердің көбісі жасанды түрде желдендірілетін жабық ғимараттарда өтетіндіктен, тыныс алу жолдарына байланысты қиындықтары бар адамдарды ескеріп, күшті иіссуларды көп сеппегеніміз дұрыс (Қор. 1-х. 10:24).
◼ “Мына кісіге баруды өтінеміз”. Конгресс кезінде бейресми куәлік беріліп, қызығушылық танытқан адам туралы жазуға “Мына кісіге баруды өтінеміз” (S-43) бланкін қолдану керек. Жариялаушылар осы бланктің бір-екі данасын конгреске ала келгендері дұрыс. Толтырылған бланкті әдебиет бөліміне немесе конгрестен соң, қауым хатшысына беруге болады (km 2.05 6-б. қара.).
◼ Тұратын орын. Жеке үйлерде (пәтерлерде) тұруға өтініш жазғанда, келесі жайттарды ескеруді өтінеміз: 1) Тұратын орынға қатысты өтініш жазғанда, “Ерекше мұқтаждарды жайғастыруға арналған тапсырыс” (СО-5-U) бланкін толтырыңдар. 2) Тұратын орынға қатысты мәлімет жазылған “Пәтерлер” (СО-4-U) бланкін басқа адамдарға бермеу керек. 3) Тұратын орын конгресс өтетін уақытқа ғана берілетінін ұмытпаңдар. 4) Балаларды қараусыз қалдырмаңдар. 5) Бауырластардың қонақжайлықтарына ризашылық білдіре отырып, Елшілердің істері 20:35-тегі принципті есте ұстаңдар. 6) Тұратын орынға қатысты өтініштен бас тартуға тура келсе, бұл жайында міндетті түрде пәтер бөліміне хабарлаңдар.