“Ол қалжырағанға қуат сыйлайды”
1 Бәріміз де кейде шаршаймыз. Бізді ауыр жұмыс қана емес, осы ‘қиын-қыстау күндерде’ кезігіп жатқан қиыншылықтар да қалжыратады (Тім. 2-х. 3:1). Ехобаның қызметшілері ретінде өзімізге тапсырылған істі әрі қарай да құлшына атқара беру үшін рухани күшті қайдан алуға болады? Бұл үшін ‘құдіреті зор’ Ехоба Құдайға арқа сүйеуіміз керек (Иш. 40:26). Ол біздің мұқтаждықтарымызды біледі, әрі шын жүректен көмектескісі келеді (Пет. 1-х. 5:7).
2 Ехобаның қарастырған шаралары. Ехоба бізді өзінің әлемді жаратқан құдіретті күшімен, яғни киелі рухымен нығайтады. Егер әлсіреп қалсақ, киелі рухтың көмегімен ‘жаңа күш-қуатты иемденеміз’ (Иш. 40:31). Сондықтан өзіңнен: “Мәсіхші ретінде міндеттерімді атқару үшін Құдайдан киелі рухын сұрап соңғы рет қашан дұға айттым?”,— деп сұра (Лұқ. 11:11—13).
3 Құдай рухымен жазылған Сөзін күнделікті оқып, ой жүгірту арқылы және әдебиеттерімізді жүйелі түрде зерттеу арқылы өзімізді рухани нәрлендіріп отырғанымыз дұрыс. Сонда “мерзімінде жемісін беретін, жапырақтары еш кеуіп сембейтін, Су жағасындағы” жайқалып өсіп тұрған ағашқа ұқсайтын боламыз (Заб. 1:2, 3).
4 Ехоба бізді “нағыз жұбаныш” бола алатын бауырластар арқылы да нығайтады (Қол. 4:10, 11). Мысалы, олармен әңгімелесіп, түсініктемелері мен баяндамаларын тыңдап, қауым кездесулерінен жігерленіп қайтамыз (Ел. іс. 15:32). Рухани көмек көрсетіп, сергітуге келгенде, әсіресе қауым ақсақалдарының еңбегі зор (Иш. 32:1, 2).
5 Уағыздау қызметі. Қанша әлсіресең де, уағыздауды тоқтатпа! Басқа істерден айырмашылығы, уағыздау қызметіне үнемі атсалысып тұрғанымыз жанымызды рақатқа бөлейді (Мат. 11:28—30). Сондай-ақ бұл Құдай Патшалығын басты орынға қойып, мәңгілік өмір мен оның әкелетін баталарын назарымызда ұстауға көмектеседі.
6 Осы зұлым дүние жойылғанға дейін көп іс атқарылуы керек. Табандылық таныта отырып, ‘Тәңірдің өзімізге берген күш-қуатымен қызмет ете беруге’ бізде барлық негіз бар (Пет. 1-х. 4:11). Ехобаның көмегімен өзімізге жүктелген міндетті атқарып шығамыз, себебі “Ол қалжырағанға қуат сыйлайды” (Иш. 40:29).