Сен Құдай Сөзін қорғап жүрсің бе?
1 Киелі кітапқа қатысты жиі күмән тудыратын дүниеде шынайы мәсіхшілер Құдай Сөзін қорғауға құлшына атсалысады. Біз “Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен” жазылғанына сенімдіміз, сондықтан “Сенің сөзің — шындық” деп дұға еткен Иса Мәсіх сияқты көзқарасты ұстанамыз (Тім. 2-х. 3:16; Жох. 17:17). Олай болса, Құдай Сөзін жақсы қорғай білу үшін не істеуге болады?
2 Жазба орындарын біл. Исаның Құдай Сөзіне ерекше ден қойғаны сөзсіз. Сондықтан ол қызмет кезінде Жазбаларды жақсы қолдана білген (Лұқ. 4:16—21; 24:44—46). Көбірек Жазба орындарын есімізде сақтау үшін не істеуімізге болады? Киелі кітапты күнде оқы және ерекше жігерлендіретін немесе қызметте қолдануға болатын тармақ туралы ой жүгірт. Кездесулерге дайындалғанда тармақтарды Киелі кітаптың өзінен ашып оқуымыз керек. Сондай-ақ оларды қолданып түсініктеме дайындайтын шығармыз. Ал кездесуде тармақтар оқылып жатқанда, Киелі кітаптан қарап отырғанымыз дұрыс. Киелі кітапты жақсы білсек, ‘Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйрететін’ боламыз (Тім. 2-х. 2:15).
3 Киелі кітаптан оқып бер. Құдайдың хабарын адамдарға Киелі кітаптың өзінен көрсеткен жөн. Сондықтан, мүмкіндік болса, үй иесіне кем дегенде бір тармақ оқып беруге тырыс. Егер ол сұрақ қойса, я болмаса қарсы сөз айтса, ең дұрысы — Киелі кітапты қолданып жауап беру. Ал адамның қолы тимей жатса: “Олай болса, сізге бір ғана Жазба орнын оқып берейінші”,— деп Киелі кітаптағы бір ойға назар аударуымызға болады. Киелі кітаптан оқып беруге әр мүмкіндікті пайдалан, ал оқып жатқанда оны адамға көрінетіндей етіп ұстауды ұмытпа.
4 Бір жариялаушы Үштік ілімінің жалған екенін көрсететін тармақтарды бір адамға оқып бергенде, ол: “Мен өмір бойы шіркеуге барып жүрсем де, Киелі кітапта бұлай айтылғанын білмеппін!”— деп дауыстап жібереді. Ол кісі сөзге келмей зерттеу сабағына келіседі. Иса өз қойлары оның даусын естіп танитынын айтқан (Жох. 10:16, 27). Ақ жүректі адамдарға шындықты білдірудің ең жақсы жолы — оны Киелі кітаптың өзінен көрсету. Ендеше, шындық жазылған Құдай Сөзін қорғай берейік!