Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w01 1.3. 19—24 бет.
  • Ехоба қалжырағанға қуат береді

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехоба қалжырағанға қуат береді
  • 2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Құдайдан келетін зор құдірет қажет
  • Ехоба — біздің күш-қуатымыз
  • Бізді нығайтуға арналған рухани сыйлар
  • Қауым кездесулері нығаюға ықпал етеді
  • Уағыздау қызметі бізді нығайтады
  • Ехобадан күш-қуат алып қызмет етуді жалғастыра беріңдер
  • “Ол қалжырағанға қуат сыйлайды”
    Біздің патшалық қызметіміз. 2007
  • «Тәңірді және оның күшін іздеңдер»
    2000 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Азғыруларға және ұнжырғаның түсуіне төтеп беруге күш аламыз
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • “Ол шаршағанға күш сыйлайды”
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2018
Көбірек мәлімет
2001 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w01 1.3. 19—24 бет.

Ехоба қалжырағанға қуат береді

“Ол [Ехоба] қалжырағанға қуат сыйлайды, қажып, шаршағанға күш дарытады” (ИШАЯ 40:29).

1. Құдайдың жаратқан нәрселерінде қаншалықты зор күш бар екеніне мысалдар келтіріңдерші.

ЕХОБА — сарқылмас күш иесі. Ал оның жаратқан нәрселерінде қаншалықты күш бар десеңші! Барлық нәрселердің негізі болып табылатын өте ұсақ атомдардың кішкентайлығы соншалық — бір тамшы суда жүз квинтиллион атом боладыa. Біздің планетамыздағы тіршіліктің бәрі Күннің ішінде жүріп жатқан термоядролық реакцияның салдарынан бөлінетін қуаттың арқасында бар болып отыр. Алайда жер бетіндегі тіршілікті қамтамасыз ету үшін қанша Күн қуаты қажет? Жер Күннен бөлініп шығатын қуаттың миллиардтан бірнеше бөлігін ғана алып отырады. Сөйтсе де, математик Фред Хойл өзінің “Астрономия” деген кітабында жазғандай, “өте мардымсыз мөлшерде Жерге келіп түсетін Күн қуаты... дүние жүзіндегі өнеркәсіптерде қолданылатын барлық қуаттан шамамен 100 000 есе көп”.

2. Ишая 40:26-да Ехобаның күш-қуаты жайында не айтылған?

2 Біз атом туралы ой толғасақ та, я болмаса ұлан-ғайыр ғалам туралы ой жүгіртсек те Ехобаның күші көңілімізді толқытады. Оның: “Аспанға көз жіберіп қараңдаршы: Кім жаратты ондағы жұлдыздарды?! Бір-бірлеп алып шығып шоқжұлдыздарды, әрқайсысын өз атымен шақырады. Тәңірдің құдіреті сонша зор болып, біреуі шет қалмай, бәрі Оған бағынады,”— дегеніне таңырқаудың қажеті жоқ (Ишая 40:26). Иә, Ехобаның “құдіреті сонша зор”, Ол — бүкіл Әлемге бастама берген күш-қуаттың қайнар Көзі.

Құдайдан келетін зор құдірет қажет

3, 4. а) Нендей нәрселер біздің күшімізді сарп етеді? ә) Қандай сұрақ талқылауды талап етеді?

3 Құдайдың күші шексіз, адамдар болса қажуға бейім. Кез келген жерден шаршап қалжыраған адамдарды кездестіруге болады. Олар таңертең тынықпай тұрады, жұмысқа не мектепке мең-зең болып барады, үйге шаршап-шалдығып келеді, ал төсекке жатарда шаршап қана емес, қалжырап құлайды. Кейбіреулер бір жаққа барып азғана болса да демалып қайтқысы келеді, өйткені олар тынығуға барынша мұқтаж ғой. Біз де, яғни Ехобаның қызметшілері, шаршаймыз, себебі біздің Құдайға деген адалдығымызды сақтап қалуға деген талпынысымыз барынша күш салуды талап етеді (Марқа 6:30, 31; Лұқа 13:24; 1 Тімотеге 4:8). Бұдан басқа да көптеген нәрселер біздің күшімізді сарп етеді.

4 Мәсіхші болғанымызбен, адам баласы кездесетін проблемалардың бәрі бірдей бізді сырт айналып кетпейді (Аюп 14:1). Ауру-сырқау, қаржы-қаражаттың тапшылығы немесе басқа да қиындықтар көңілімізге қаяу түсіреді, ал бұл болса, күшімізден айырады. Осындай қиындықтарға қоса, кейбір мәсіхшілер әділдігі үшін қуғын-сүргінге ұшырайды (2 Тімотеге 3:12; 1 Петір 3:14). Осы зұлым дүниенің күнделікті қысымы мен Патшалық туралы уағыздау жұмысына қарсыласуы титықтатып жібергені соншалық, кейбіреулеріміз Ехобаға деген қызметімізді бәсеңсіткіміз де келер. Оның үстіне, Құдай алдында біздің адалдығымыздан айырылғанымызды көксеп, Шайтан Ібіліс қолынан келген бар шарасын қолдануда. Онда әлсіреп, лажсыз беріліп қалмауымыз үшін рухани күшті біз қайдан ала аламыз?

5. Мәсіхшілерге қызметтерін атқару үшін неге адамға тән күш жеткіліксіз?

5 Рухани күш алу үшін біз Құдіреті күшті Жаратушымыз Ехобаға арқа сүйеуіміз керек. Елші Пауыл әдеттегіден әлдеқайда үлкен күштің көмегінсіз кемелсіз адамдарға мәсіхшілердің қызметін атқару мүмкін емес екендігін атап өткен. Ол былай деп жазған: “Біз осы рухани қазынаны сақтайтын қарапайым қыш құмыралар іспеттіміз. Осылайша ондағы шексіз зор құдіреттің өзімізден емес, Құдайдан екені анық болып тұр” (2 Қорынттықтарға 4:7). Жерде өмір сүруге деген үміті бар серіктерінің көмегімен майланған мәсіхшілер “татуластыру қызметін” атқаруда (2 Қорынттықтарға 5:18; Жохан 10:16; Аян 7:9). Біздер, кемелсіз адамдар, Құдайдың жұмысын атқару барысында қуғын-сүргінге кездесетіндіктен, бұл істі өз күшімізбен атқара алмаймыз. Ехоба бізге киелі рухын беріп көмектеседі, осылайша біздің әлсіздігіміз арқылы оның күші мадақталады. ‘Әділдерді Тәңірдің қолдайтынын’ білгендігіміз бізге қандай жұбаныш береді десеңші! (Забур 36:17).

Ехоба — біздің күш-қуатымыз

6. Біздің күшіміздің Қайнар көзі Ехоба екендігіне Киелі жазбалар бізді қалай сендіреді?

6 Біздің көктегі Әкеміздің “құдіреті сонша зор”, сондықтан бізге күш беру ол үшін оп-оңай. Біз былай деп оқимыз: “Ол [Ехоба] қалжырағанға қуат сыйлайды, қажып, шаршағанға күш дарытады. Жасөспірімдер әлсіреп шаршайды және жігіттер сүрініп құлайды, ал сенім артқандар Тәңір Иеге жаңа күш-қуатты иемденеді, қырандай қанаттарын жайып кеңге, самғай жөнеледі, алайда талмайды, жүре береді, бірақ болдырмайды” (Ишая 40:29—31). Қысым үдей түскендіктен кейде біз өзімізді әбден қалжырап, табанынан таусылған жүгіргіштей сезінетін болармыз. Алайда біз мәреге жақындап қалдық, сондықтан өмір жарысын тоқтатпауымыз керек (2 Шежіре 29:11). Қарсыласымыз Ібіліс біздің тоқтап қалғанымызды көксеп, “ақырған арыстандай” айбат шегіп жүр (1 Петір 5:8). Ехоба — ‘қорғанымыз бен қалқанымыз’ екенін және ‘қалжырағанға қуат сыйлайтынын’ есте ұсталық (Забур 27:7).

7, 8. Ехобаның Дәуітке, Аббақұққа және Пауылға күш бергендігінің қандай дәлелдері бар?

7 Ехоба Дәуіттің үлкен тосқауылдарды жеңіп шығуына қажетті күш берген. Сондықтан Дәуіт толық сеніммен былай деп жазған: “Құдаймен бірге болсақ біз күштіміз, Ол дұшпандарымызды жайратып салады” (Забур 59:14). Пайғамбар ретіндегі тапсырмасын ақырына дейін орындай алуы үшін, Ехоба Аббақұққа да күш берген. Аббақұқ 3:19-да былай делінген: “Тәңір Құдай — менің күш-қуатым. Ол менің аяғымды бұғының аяғындай етіп, мені биіктеріме шығарады!” “Маған күш-қуат беріп отырғанның [Құдайдың] арқасында, бәріне де күшім келеді”,— деп жазған Пауылдың үлгісі де біздің көңіл қоюымызға тұрарлық (Філіпілктерге 4:13, ЖД).

8 Дәуіт, Аббақұқ және Пауыл іспетті, біз де Құдайдың күш-қуат бере алатынына және бізді аман алып қала алатынына сенім танытуымыз керек. Ал енді, Әлемнің Әміршісі Ехоба өмірлік ‘күш-қуаттың’ қайнар Көзі екендігін есте ұстай отырып, Құдайдың молынан беріп отырған нәрселерінен қалай рухани күш алуға болатынын қарастырайық.

Бізді нығайтуға арналған рухани сыйлар

9. Рухани ас қабылдағанда мәсіхшілердің басылымдарының алатын рөлі қандай?

9 Мәсіхшілердің басылымдарының көмегімен Киелі жазбаларды ынта салып зерттеу — күш-қуат пен демеу алудың көзі. Забур жыршысы былай деп жырлаған: “Тәңір заңына қуанатын, күні-түні сол туралы ойлайтын әрбір адам қандай бақытты! Ол мерзімінде жемісін беретін, жапырақтары еш кеуіп сембейтін, су жағасындағы ағашқа ұқсайды: не істесе де, табыссыз қалмайды” (Забур 1:1—3). Ас арқылы тәндік күшімізді қолдап тұруымыз керектігі сияқты, рухани күшімізді қолдауымыз үшін, Өзінің Сөзі және мәсіхшілерге арналған басылымдары арқылы Құдайдың беріп отырған рухани тағамын қабылдауымыз керек. Сондықтан терең зерттеу мен ой жүгіртудің маңызы аса зор.

10. Зерттеуге және ой жүгіртуге қай кезде уақыт табуға болады?

10 ‘Құдайдың терең ой-мақсаттары’ туралы ой жүгірту нағыз пайдалы нәрсе (1 Қорынттықтарға 2:10). Алайда ой жүгірту үшін қай кезде уақыт табуға болады? Ыбырайымның ұлы Ысқақ бір күні ‘кешке қарай далаға шығып, ойға батқан’ (Жаратылыс 24:63—67). Забур жыршысы Дәуіт ‘түнгі сағаттарда [Құдай] туралы ой жүгіртетін’ болған (Забур 62:7). Таңертең де, кешке де, түнде де — бір сөзбен айтқанда, кез келген уақытта Құдай Сөзін зерттеп, оның үстінен ой жүгіртуге болады. Мұндай зерттеу мен ой жүгірту бізді рухани күшейтетін Ехобаның тағы бір сыйына, яғни дұғаға жол ашады.

11. Неге біз дұға етуге үлкен мән беруіміз керек?

11 Құдайға үнемі дұға етуіміз рухани нығаюымызға ықпал етеді. Сол себепті ‘ұдайы сиыналық’ (Римдіктерге 12:12). Кейде біздің қандай да бір қиындықпен күресуіміз үшін даналық пен күш сұрап ерекше табандылықпен дұға етуіміз қажет болады (Жақып 1:5—8). Сондай-ақ Құдайдың еркінің орындалып жатқанын немесе оған арналған қызметімізді атқаруда бізге күш бергенін көргенде, Оған ризашылығымызды білдіріп, мадақтайық (Філіпіліктерге 4:6, 7). Егер біз әрдайым Ехобамен дұға арқылы тығыз қарым-қатынаста болатын болсақ, ол ешқашан бізді тастамайды. “Міне, Тәңір менің жәрдемшім”,— деп жырлаған Дәуіт (Забур 53:6).

12. Неге біз Құдайдан киелі рух сұрауымыз керек?

12 Көктегі Әкеміз киелі рухы, немесе әрекет етуші күші, арқылы бізге күш беріп нығайтады. Пауыл былай деп жазған: “... Сендер үшін Құдай Әкеміз алдында тізе бүгіп, Оған сиынамын... Ол өз ұлылығының байлығына сәйкес Киелі Рухының арқасында жан дүниелеріңді Өзінің құдіретімен нығайта көрсін” (Ефестіктерге 3:14—16). Біз Ехобаның беретіндігіне сенімді болып одан киелі рух сұрап дұға етуіміз керек. Иса былай деп ойланған: егер баласы балық сұраса, жақсы көретін әкесі оған жылан бере ме? Ешқашан олай етпес. Ол мынадай тұжырым жасады: “Өздерің [күнәкар болғандықтан, қандай да бір шамада] зұлым бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білсеңдер, көктегі Әкенің Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын сыйлайтыны ешбір шүбәсыз!” (Лұқа 11:11—13). Біз де осындай сеніммен дұға етелік, сондай-ақ Құдайдың адал қызметшілері киелі рухтың арқасында ‘нығая’ алатынын әрқашан есте ұсталық.

Қауым кездесулері нығаюға ықпал етеді

13. Мәсіхшілердің кездесулеріне біз қалай қарауымыз керек?

13 Ехоба бізді мәсіхшілердің қауым кездесулері арқылы нығайтады. Иса былай деген: “Екі-үш адам Менің атымнан жиналса, Мен де сол жерде араларында боламын” (Матай 18:20). Иса мұны қауымдағы басшылықты қолына алғандардың көңіл қоюын талап ететін сұрақтарды талқылап жатып уәде еткен болатын (Матай 18:15—19). Сөйтсе де бұл сөздер, негізінде, Исаның есімі арқылы айтылған дұғамен ашылып, дұғамен бітетін біздің барлық қауым кездесулеріміз бен конгрестерімізге қатысты айтылған болатын (Жохан 14:14, Синодтық аударманы қара.) Сондықтан, бірнеше адам жинала ма, мыңдаған адам жинала ма, мәсіхшілердің осындай жиналысына қатысу мүмкіндігін бағалаған жөн. Бізді рухани нығайтып, сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге қозғау салатын қауым кездесулеріне ризашылық білдіре берелік (Еврейлерге 10:24, 25).

14. Мәсіхші қариялардың еңбегінің біз үшін қандай пайдасы бар?

14 Мәсіхші қариялардан рухани көмек пен жігер алуға болады (1 Петір 5:2, 3). Пауыл, бүгінгі күнгі аралаушы бақылаушылар сияқты, өзі қызмет ететін қауымдарға көмек беріп, нығайтатын. Оның үстіне, ол бауырластарын нығайтып өзара жігер алу үшін олармен бірге болуды аңсайтын (Елшілердің істері 14:19—22; Римдіктерге 1:11, 12). Біздің рухани нығаюымызда елеулі орын алатын қауымымыздағы қариялар мен басқа да мәсіхші бақылаушыларымызды бағалайтынымызды әрқашан көрсете берелік.

15. Қауымдағы бауырластарымыз қалай бізге “нағыз жұбаныш”, не тірек, бола алады?

15 Қауымымыздағы бауырластарымыз бізге “нағыз жұбаныш”, немесе тірек, бола алады (Қолостықтарға 4:10, 11). Олар “жан жолдас” сияқты қиын шақтарда бізге көмектеседі (Нақыл сөздер 17:17). Мысалы, 1945 жылы Заксенхаузен концлагерінен 220 Құдайдың қызметшісі тұтқынан босатылғанда, олар нацистердің күзетімен 200 шақырым жерді жүріп өтулері керек болған болатын. Олар жұптарын жазбастан, әлділеулері ең әлсіздерін азғантай ғана арбаларға салып алып, жүріп отырады. Мұның нәтижесі қандай болды екен? 10 000 тұтқынның өмірін әкеткен осы өлім шеруінің барысында бірде-бір Ехоба Куәгері қаза болған жоқ! Күзет Мұнарасы Қоғамының “Ехоба Куәгерлерінің жылнамасы” (ор.) және “Ехоба Куәгерлері — Құдай Патшалығының жариялаушылары” (ағ.) кітабы сияқты басылымдарында суреттелген осы іспеттес оқиғалардан қызметшілерінің берік болуы үшін Құдайдың оларға күш беретіндігі көрінеді (Ғалаттықтарға 6:9)b.

Уағыздау қызметі бізді нығайтады

16. Уағыздау қызметіне үзбей қатысу бізді рухани жағынан қалай нығайтады?

16 Патшалық туралы хабарды жариялауға үзбей қатысу бізді рухани нығайтады. Бұл іс көңіліміздің бәрін Құдай Патшалығына аударуға көмектесіп, мәңгілік өмір мен болашақ баталарды да көңілімізден таса қалдырмауымызға көмектеседі (Иуда 20, 21). Қызмет етіп жүргенде айтатын Киелі кітаптағы уәделер бізге үміт беріп, Мика пайғамбардікіндей батылдық береді, ал ол: “Біз болсақ Құдайымыз Тәңірдің есімімен мәңгі жүретін боламыз”,— деген болатын (Мика 4:5).

17. Киелі кітапты үй жағдайында зерттеуге қатысты қандай ұсыныс беріледі?

17 Өзгелерді оқытқанда Киелі кітапты мүмкіндігінше кеңінен пайдалану арқылы біз Ехобамен қарым-қатынасымызды нығайта түсеміз. Мысалы, “Мәңгілік өмірге алып баратын білім” кітабының көмегімен үй жағдайында Киелі кітапты оқыту барысында ондағы келтірілген тармақтардың кейбіреулерін оқып, ой жүгірткен абзал. Мұның оқып жүрген адамға көмегі тиеді, әрі өзіміздің де рухани түсінігіміз жақсара түседі. Егер оқып жүрген адамға Киелі кітаптағы ұғымды немесе көрнекілік үшін келтірілген мысалды түсіну қиынға соқса, “Білім” кітабының бір тарауын бірден емес, бірнеше сабаққа бөліп өтуге болады. Осындай сабақтарға дайындалу және өзгелердің Құдайға жақындауы үшін қосымша күш салу бізді үлкен қуанышқа бөлейді!

18. “Білім” кітабының қызметте тиімді қолданылып жүргеніне мысал келтіріңдерші.

18 “Білім” кітабын тиімді қолданудың арқасында жыл сайын мыңдаған адамдар өздерін Ехобаға арнаған қызметшілердің қатарына қосылуда, әрі бұрын олардың көпшілігінің Киелі кітап жөнінде еш хабары болмаған. Мысалы, Шри-Ланкада тұратын бір индус бала кезінде бір Куәгер әйелдің Жұмақ жайында айтып жатқанын естіп қалады. Бірнеше жыл өткен соң ол сол Куәгерге келеді де, оның күйеуі бұл индуспен Киелі кітапты зерттеуді бастайды. Аталмыш жігіт сабаққа күн сайын келіп отырып, “Білім” кітабын біршама қысқа уақыт аралығында бітіріп шығады. Ол барлық қауым кездесулеріне қатыса бастап, бұрынғы дінімен біржолата қоштасады, сөйтіп Патшалықты жариялаушы болады. Шомылдыру рәсімінен өтер кезінің өзінде-ақ ол таныстарымен Киелі кітапты үй жағдайында зерттеп жүрген болатын.

19. Ең алдымен Құдай Патшалығын іздер болсақ, біз не нәрсеге сенімді бола аламыз?

19 Ең алдымен Құдай Патшалығын іздер болсақ, бізді нығайта түсетін қуанышқа бөленеміз (Матай 6:33). Сан алуан сынақтарға кездесетіндігімізге қарамастан, біз ізгі хабарды қуана отырып, ынтамен жариялауды жалғастырудамыз (Титке 2:14). Біздің арамызда көпшілігі толық уақытты ізашар болып, ал кейбіреулері уағыздаушылар аса қажет жерлерде қызмет етуде. Патшалықтың мүддесін қандай жолдармен қолдап жүргендігімізге қарамастан, біздің еңбегіміз бен Оның есіміне деген сүйіспеншілігімізді Ехобаның ұмыт қалдырмайтындығына сенімді бола аламыз (Еврейлерге 6:10—12).

Ехобадан күш-қуат алып қызмет етуді жалғастыра беріңдер

20. Құдайдың күшіне арқа сүйейтіндігімізді қалай көрсетуге болады?

20 Ехобаға арқа сүйеп, оның күшін медеу тұтуға дайын екендігімізді көрсете берелік. Біз мұны Құдайдың “саналы қызметші” арқылы беріп отырған рухани сыйларының бәрін барынша қолдану арқылы көрсете аламыз (Матай 24:45). Жеке болсын, қауыммен бірге болсын, мәсіхшілердің басылымдарының көмегімен Құдай Сөзін зерттеу, шын жүректен айтқан дұғалар, қариялардың рухани нығайтуы, адал мәсіхшілердің үлгісі мен қызметке үзбей қатысу — міне, Ехобамен қарым-қатынасымызды нығайтып, оған деген қасиетті қызметімізді атқара беру үшін күш-қуаттың қайнар көзі болатын сыйлардың кейбіреулері осылар.

21. Елші Петір мен Пауыл Құдайдың күшіне мұқтаж екендіктерін қалай көрсетті?

21 Негізінде адам баласы әлжуаз, бірақ егер біз Ехобаның көмегіне арқа сүйейтін болсақ, оның еркін орындау үшін ол бізді нығайтып отырады. Осындай көмектің қажеттілігін түсінген елші Петір былай деп жазған: “Қызмет көрсететіндерің Тәңірдің өздеріңе берген күш-қуатымен қызмет ете беріңдер!” (1 Петір 4:11). Пауыл да келесі сөздерімен Құдайдың күшіне арқа сүйейтіндігін көрсеткен: “Сондықтан мен Мәсіх үшін дәрменім таусылып, қорлық, мұқтаждық, қуғын-сүргін, қысымшылық көргеніме ризамын. Өйткені мен дәрменсіз кезімде, күштімін” (2 Қорынттықтарға 12:10). Біз де тап осындай сенімділік танытып, қалжырағанға күш беретін Әлемнің Әміршісі Ехобаны мадақтайық (Ишая 12:2).

[Сілтемелер]

a Аталмыш сан 20 нөлі бар 1-ге тең.

b Күзет Мұнарасы Қоғамы басып шығарған.

Сендер қалай жауап берер едіңдер?

• Неге Ехобаның халқы шамадан тыс күшке мұқтаж?

• Өзінің қызметшілеріне Құдайдың күш беретіндігіне Киелі кітап қалай куәлік етеді?

• Бізді нығайту үшін Ехобаның беретін рухани сыйларының кейбіреулері қандай?

• Құдайдың күшіне арқа сүйейтіндігімізді біз қалай көрсете аламыз?

[22-беттегі сурет]

Өзгелерді оқытқанда Киелі кітапты қолдану арқылы біз Ехобамен қарым-қатынасымызды нығайтамыз

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу