Байқампаз болу арқылы шынайы қызығушылық таныт
1 Ешкім Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхтен артық адамдардың ерекше мұқтаждықтарына назар аударып, көмек бере алмайды (Шеж. 2-ж. 16:9; Мар. 6:34). Қызметте кездестірген адамдардың көзқарастары мен толғандыратын нәрселерін анықтап алатын болсақ, ізгі хабарды соған сай бейімдеп жеткізе алуымыз мүмкін.
2 Ұсақ-түйек нәрселерді байқай біл. Иса байқампаз болған (Мар. 12:41—43; Лұқ. 19:1—6). Сол сияқты үйдің есігіне жақындағанда, діни әшекейлерге немесе ауладағы ойыншықтарға назар аударатын болсақ, біз де ізгі хабарды үй иесіне әсер ететіндей етіп жеткізе алуымыз мүмкін.
3 Адамның бет-әлпетіне және өзін қалай ұстағанына қарап, оның не сезініп тұрғанын байқауға болады (Нақ. с. 15:13). Егер адам жақынынан айырылған болса, немесе басқа да себеппен мазасы қашып тұрған болса, оған жұбаныш сөздері керек шығар. Мұндай кезде орынды бір-екі тармақ оқып бергенімізге үй иесі риза болуы мүмкін (Нақ. с. 16:24). Мүмкін, адам үйден асығып кетіп бара жатқан болар немесе қолындағы баласы жылап жатқан шығар. Олай болса, басқа жолы келуге келіскен дұрыс болар. Басқаларға мұқият әрі “қуаныш пен қайғыға ортақтас” болатын болсақ, келесі жолы келгенде, үй иесі бізді тыңдауы мүмкін (Пет. 1-х. 3:8).
4 Сөзіңді бейімде. Елші Пауыл Афины қаласында “Бейтаныс құдайға” деген жазуы бар құрбандық шалатын орынды байқаған. Ізгі хабарды уағыздағанда, осыны тілге тиек етіп, ол: “Өздеріңіз танымасаңыздар да, құрметтеп жүрген осы Құдайды уағыздап жүрмін”,— деген (Ел. іс. 17:23, 34). Пауылдың осылай ілтипаттылықпен уағыздағанының арқасында, кейбір афинылықтар Патшалық туралы хабарға құлақ асып, шындықты қабылдаған (Ел. іс. 17:23, 34).
5 Осылайша байқампаз болсақ, адамның көзқарасын анықтай аламыз, ал бұл сөзімізді бейімдеуге көмектеседі. Үй иесін ойын айтуға талпындыратын сұрақтар қой. Оның қызығушылығын арттыру үшін қандай Жазба орындарын қолдануға болатынын ойлан (Нақ. с. 20:5). Байқампаздығымыз бен басқаларға көрсеткен шынайы қызығушылығымыз ізгі хабарды жақсылап жеткізуімізге көмектеседі.