Ехобаның даңқын жарияла
1 Забур жыршысы былай деп жариялаған: “Тәңірге арнап ән айтыңдар даңқын халықтарға, жасаған кереметтерін барлық ұлттарға жариялаңдар”. Ехобаның бұрын істеген, қазір істеп жатқан және болашақта істейтін нәрселері туралы ойланғанда, жүрегіміз бізді оның даңқын жариялауға талпындырады (Заб. 95:1, 3).
2 Қызмет кезінде. Ехоба Куәгерлері Құдайдың есімімен аталу мәртебесіне және ол есімді бүкіл жер бетінде даңқтау мәртебесіне ие болған (Мал. 1:11). Оның есімін Киелі кітап аудармаларынан өзімшілдікпен алып тастаған мәсіхшілер әлемінің дінбасылары олардан мүлдем өзгеше! Құдай есімін басқаларға жеткізу — күттірмейтін іс, себебі келе жатқан ауыр азаптан аман өту үшін, адамдар осы есімді сеніммен шақырулары керек (Рим. 10:13—15, ЖД). Оның үстіне, жердегі бейбітшілікті қоса алғанда, бүкіл әлемдегі бейбітшілік Құдай есімінің қастерленуіне байланысты. Шынында да, Құдайдың барлық істері оның есімімен байланысты.
3 “Тәңір ұлы да мақтауға тұрарлық”. Бірақ адамдар ‘Тәңірді есіміне лайық мадақтаулары’ үшін, ол туралы шындықты білулері керек (Заб. 95:4, 8). Дегенмен кейбіреулер Құдайдың бар екенін жоққа шығарады (Заб. 13:1). Басқалар болса оны әлсіз деп қорлайды, немесе адамдар не істеп, не қойса да оған бәрібір дейді. Біз пейілі таза адамдардың Жаратушымыз бен оның ниеті және оның тартымды қасиеттері жайында тура білім алуларына көмектесе жүріп, Ехобаны даңқтаймыз.
4 Жүріс-тұрысымыз арқылы. Ехобаның әділ талаптарына сай өмір сүру оған даңқ әкеледі. Біздің жақсы жүріс-тұрысымыз елеусіз қалмайды (Пет. 1-х. 2:12). Мысалы, таза да ұқыпты сырт көрінісімізді көріп, басқалар бізді мақтауы мүмкін, ал осының арқасында Құдай Сөзіндегі принциптер бойынша жүрудің пайдасы жөнінде айтуға жағдай тууы мүмкін (Тім. 1-х. 2:9, 10). Басқалардың ‘игі істерімізді көріп, көктегі Әкемізді дәріптегенін’ көру — біз үшін неткен қуаныш! (Мат. 5:16)
5 Сөзімізбен және ісімізбен тамаша Құдайымызды бар ынтамызбен күнде даңқтайық. Осылайша: “Тәңірге арнап ән айтыңдар, Оның есімін дәріптеңдер, күн сайын Оның құтқаратындығы туралы ізгі хабарды жариялаңдар”,— деген қуанышпен айтылған шақыруға үн қатамыз (Заб. 95:2).