Уақытыңды даналықпен пайдалан
1 Ехобаға ұнағымыз келетіндіктен, біз өмірімізде басты орынға рухани нәрселерді қоямыз. Құдай Сөзі бізді ‘ең бастысы Патшалықтың қамын ойлауға’ және ‘ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізуге’ үйретеді (Мат. 6:33; Філіп. 1:10, ЖД). Қалайша Құдай Патшалығы үшін уақыттың құнын өтеп алып, онша маңызды емес істерді кейінге қоюымызға болады? (Ефес. 5:15—17, ЖД).
2 Патшалық ісін бірінші орынға қой. Уақытыңды не болса соған кетірмейтіндей етіп жоспарла. Кейбіреулер әр айдың басында қызметке шығатын уақыттарын алдын ала күнтізбелеріне жазып қояды. Одан соң басқа істердің сол жоспарды бұзып жіберуіне жол бермеуге тырысады. Қауым кездесулері, жеке зерттеу және конгрестер үшін уақыттың құнын өтеп алу үшін де солай етуге болады. Көп адам таңертең немесе жатар алдында Киелі кітап оқуға дағдыланған. Әрбір маңызды іс үшін арнайы уақыт бөл және басқа істердің керексіз кезде оларға кедергі болуына жол берме (Еккл. 3:1; Қор. 1-х. 14:40).
3 Осы дүние ұсынатын нәрселерді шамадан тыс қолданбау. Кейбір елдерде спорт, көңіл көтеру, тынығу, хобби және сол сияқты басқа да нәрселермен айналысуға бар жағдай жасалған. Көп адам теледидар мен компьютерге тым көп уақыт кетіреді. Алайда бар уақытымызды демалуға және осы дүние ұсынып отырған жаңа заттарға жұмсаудың ақыры өкінішке әкелері сөзсіз (Жох. 1-х. 2:15—17). Сондықтан Жазбалар бізді осы дүниенің қам-қарекетіне тым беріліп кетпеуге шақырады (Қор. 1-х. 7:31). Осы дана кеңеске құлақ аса отырып, Ехобаға ғибадат ету өміріңде бірінші орында тұрғанын көрсете аласың (Мат. 6:19—21).
4 Бұл дүниенің ақыры таяп келеді. Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоятын адамдар бақытты болады, әрі Құдайдың ықыласына ие болады (Нақ. с. 8:32—35; Жақ. 1:25). Сондықтан аса бағалы уақытымызды даналықпен пайдаланайық.