Сен үшін басты орында тұрған не?
1 Бұл сұраққа қалай жауап берер едің? Әрине, бәріміз де басты орында Патшалықтың тұрғанын қалаймыз (Мат. 6:33). Алайда өзімізден: “Менің шешімдерім Патшалықты басты орынға қоятынымды көрсете ме?”— деп сұрауымызға болады. Киелі кітап ‘жеке басымызды сынауға’ шақырады (Қор. 2-х. 13:5). Патшалықты басты орынға қойып жүрміз бе, жоқ па, оны қалай тексеруге болады?
2 Уақытымыз. Мысалы, уақытымызды қалай өткізетінімізді тексеруден бастауға болады (Ефес. 5:15, 16). Әңгіме-дүкен құруға, теледидар көруге, Интернетті қарауға немесе ұнататын істермен айналысуға бір аптада қанша уақыт кетеді? Осы нәрселерге және рухани істерге жұмсаған уақытымызды жазып алып, салыстырсақ, бұған өзіміз де таңғалуымыз мүмкін. Көбірек ақша табу үшін қасиетті қызметімізді ысырып тастап, көп уақытты жұмысымызға арнап жүрген жоқпыз ба? Демалыс күндері көңіл көтеріп, тынығу үшін кездесулерге не қызметке жиі бармай қаламыз ба?
3 Маңыздырақ нәрсені бірінші орынға қой. Қалаған нәрсеміздің бәрімен айналыса беруге көбіміздің уақытымыз жетпейді. Сондықтан Патшалық мүддесін басты орынға қою үшін, “маңыздырақ” нәрселерді анықтап алып, оларға уақыт бөл (Філіп. 1:10, ЖД). Бұл нәрселерге Құдай Сөзін зерттеу, қызметке шығу, отбасының қамын ойлау және қауым кездесулеріне бару жатады (Заб. 1:1, 2; Рим. 10:13, 14; Тім. 1-х. 5:8; Евр. 10:24, 25). Шамалы жаттығулар жасау, тынығу сияқты істердің пайдасы бар (Мар. 6:31; Тім. 1-х. 4:8). Бірақ бұл істер онша маңызды болмағандықтан, басты орынға шығып кетпеу керек.
4 Бір жас бауырлас осы дүниелік мансапқа ие болу үшін жоғары білім алуға тырыспай, Патшалық мүддесін басты орынға қоя отырып, толық уақыт қызметші болуды таңдаған. Ол шет тілін үйреніп, жариялаушылар жетіспейтін аймаққа көшіп барған. Сонда ол былай деп айтқан: “Маған бұл жақ өте ұнайды. Қызмет сондай керемет! Барлық жастардың мен сияқты іспен айналысып, мен сияқты сезімге бөленгенін қалар едім. Ехобаға барынша қызмет еткеннен артық нәрсе жоқ”. Иә, Патшалықты басты орынға қоя отырып, мол батаға ие боламыз, бірақ одан да маңыздысы, бұл көктегі Әкеміз Ехобаға ұнайды (Евр. 6:10).