Қымбатты Патшалықтың жариялаушылары!
Міне, 2005 қызмет жылы да өтті. Ехоба біздің офистің қарамағындағы аймаққа мол батасын жаудырды.
Қаңтар айында қазақ тілінде жаңа аймақ ұйымдастырылды. Қазір бұл аймақ 10 қауым, 23 топтан тұрады. Осылайша біздің офистің қарамағында 11 теократиялық ауданнан тұратын, оның тоғызы Қазақстанда орналасқан, бір облыс бар. Толығымен орыс, қазақ және орысша ым тілдерінде аудандық, арнайы және облыстық конгрестер өткізілді. Оның үстіне, кездесулерді өзбек, ұйғыр, тәжік және ағылшын тілдерінде өткізетін топтар бар.
2005 қызмет жылында 12 жаңа қауым пайда болды. Біздің аймақтағы барлық қауымдардың саны 195-ке жетті. Оның ішіндегі 155-і Қазақстанда орналасқан. Көп қауымның Патшалық сарайы жоқ. Бүгінде 48 Патшалық сарайына мұқтажбыз. Бұл мұқтаждықты қанағаттандыру үшін толық уақытты қызметшілер еңбек етіп жатқан екі құрылыс тобы ұйымдастырылды. Өткен қызмет жылында жеті Патшалық сарайы салынып, төрт Патшалық сарайына қайта құру жұмыстары жүргізілді. Дәл қазіргі уақытта тағы екі Патшалық сарайы салынуда.
2005 жылдың сәуір айындағы БПҚ-да айтылғандай, 4 қаңтарда Алматы қаласы, Қалқаман ауылында Қазақстандағы Бетел ғимаратының құрылысы басталды. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр және жақында бұл құрылысты аяқтау үшін ерікті қызметшілердің көмегі қажет болады.
Қаржылай қиыншылықтар көріп жүрген көптеген бауырластар өзге бауырластардың сүйіспеншілігін сезінді. Қаңтар, ақпан айларында 1 000-ға жуық отбасына көмек ретінде 15 тонна азық-түлік үлестірілді. Бұл Исаның нағыз ізбасарларымен иық тіресіп қызмет етіп жүргеніміздің тағы бір дәлелі болды (Жохан 13:35).
Ресей филиалында аралаушы бақылаушылар үшін мектеп ұйымдастырылды, оған аймағымызда бақылаушы қызметін атқарып жүрген барлық бауырластар қатысты. Олардың және әйелдерінің сергіп, жігер алғандары барған қауымдарына жақсы әсер етері сөзсіз.
2005 қызмет жылында бұдан да басқа оқиғалар болды. Бірақ бұның бәрі біздің жұмыла әрекет еткеніміздің, сендердің жомарттықпен берген садақаларыңның және Ехобаның қолдауының арқасында жүзеге асты (Нақыл сөздер 3:9, 10). Жаңа 2006 қызмет жылында да көптеген оқиғалар болады деп және оған Құдайымыздың ‘ұлылығын мадақтап’ бәріміз де үлесімізді қоса аламыз деп үміттенеміз (Ефестіктерге 1:12).
Бауырластарың,
Қазақстандағы Ехоба Куәгерлерінің офисі