Уақтылы беріліп отырған рухани ас-су
1. Бүгінгі таңда Езекиел 36:29 қалай орындалуда?
1 “Сендерді барлық арам атаулыдан құтқарам, нан мол болады, оны көбейтемін, сендерді аштыққа ұшыратпаймын” — дейді Әлемнің Әміршісі Ехоба (Езе. 36:29). Бұл пайғамбарлық сөздер бүгінгі таңдағы Құдайдың халқына қатысты қолданылады. Бейнелеп айтқанда, Ехоба өз халқына өмір беретін нанды көл-көсір етіп береді. Облыстық конгрестерімізде уақтылы берілетін рухани ас-су — осының айқын дәлелі.
2. Ехоба рухани ас-суды уақтылы беру үшін конгрестерді қалай қолданған?
2 1931 жылы Колумбуста (АҚШ, Огайо штаты) өткен конгресте Ехобаның еркімен ғибадат етушілері Ехоба Куәгерлері деген жаңа атауға ие болды (Иш. 43:10—12, ЖД). Ал 1935 жылы Аян 7:9—17-дегі өте үлкен тобырға дұрыс анықтама берілді. 1942 жылы Норр бауырласымыз “Бейбітшілік ұзаққа созыла ма?” деп аталатын баяндама айтқан. Бұл баяндама дүниежүзілік уағыздау ісіне дем беріп, Күзет Мұнарасының Ғалақад Киелі кітап мектебінің құрылуына бастама берді. Кейбір конгрестер ерекше есте қалып қояды, сөйтсе де, әрбір конгресте дастарқаны ағыл-тегіл нәрлі рухани ас-су уақтылы беріліп отырады (Заб. 23:5; Мат. 24:45).
3. Облыстық конгрестегі рухани тойдың пайдасын көру үшін не істеуге тиіспіз?
3 Сен қалай тамақтанып жүрсің? Күш салып, тамақ жеу үшін әрекет жасамайтын болсақ, ас-ауқаттың ортасында жүріп те аш қалуымыз мүмкін (Нақ. с. 26:15). Рухани мағынада да дәл осыған ұқсайды. Кейбір конгрестерде көбісінің құр бекерге әрі-бері жүргендері не бағдарлама өтіп жатқан кезде әңгіме-дүкен құратындары байқалған. Бауырластармен күш-жігер беретін қарым-қатынас жасау конгрестің маңызды бөлігі болғанымен, бұған уақыт әрбір бағдарламаның алдында және соңында беріледі (Еккл. 3:1, 7). Егерде орнымызда отырып мұқият тыңдамайтын болсақ, аса маңызды ойларды жіберіп алуымыз ықтимал. Конгресс бөлімі бақылаушылардың не қызмет көрсету үшін тағайындалған бауырластардың бағдарлама барысында конгреске қатысты мәселелерді талқылаулары керек болуы мүмкін. Талқылайтын мәселе жоқ болса, олар бағдарламаны мұқият тыңдау арқылы өзгелерге үлгі көрсетулері керек. Ешқайсымыз да ұсынылып отырған рухани ас-судың ешбірін қалт жібермейік (1 Қор. 10:12; Філіп. 2:12).
4. Ехобаның ұсынып жатқан ағыл-тегіл рухани ас-суына қалай ризашылығымызды білдіре аламыз?
4 Христиан әлемінің нәрі жоқ жалған ілімдеріне қарама-қарсы Ехобаның ұсынып жатқан ағыл-тегіл рухани шындығы бізді қалай қуантады десеңдерші! (Иш. 65:13, 14). ‘Ризашылығымызды білдірудің’ бір жолы — конгресті Ехобадан тәлім алудың мүмкіндігі деп қарастыру (Қол. 3:15). Баяндама айтатын бауырластардың сөздерін “Ұлы Ұстазымыздан” келіп отырған хабар деп қабылдаңдар (Иш. 30:20, 21 ЖД; 54:13). Мұқият зейін қойыңдар. Негізгі ойларды қағазға жазып отырыңдар. Бағдарламаның негізгі ойларын кеш сайын қайталаңдар. Білгендеріңді қолданыңдар.
5. Облыстық конгрестен қуаныш алуымызға қандай себептер бар?
5 Һар-Магедонның алдында өтіп жатқан әрбір конгресс — мейлі ол босқындардың көшпелі тұрағында, соғыс жүріп жатқан не тыныш жерлерде болсын — Шайтанды тізе бүктіру емес пе?! Біз ұйыған айрандай біріккен бауырластық ретінде облыстық конгрестерде жиналу мүмкіндігін бағалаймыз (Езе. 36:38). Ехобаның бізге сүйіспеншілігімен тағы да ‘ас-суды уақтылы’ беретініне кәміл сенеміз (Лұқ. 12:42).
[4-беттегі қоршау]
Ехобаның дастарқанын бағалайтындарыңды көрсетіңдер
◼ Мұқият зейін қойыңдар
◼ Негізгі ойларды жазып отырыңдар
◼ Бағдарламаның негізгі ойларын кеш сайын қайталаңдар
◼ Білгендеріңді қолданыңдар