“Дайын болыңдар”
1 Иса осы дүниенің соңына қатысты айтқан пайғамбарлығында күнделікті тұрмыстың қамына беріліп кетуден сақтандырған болатын (Мат. 24:36—39; Лұқ. 21:34, 35). Ауыр азап кенеттен келіп қалуы мүмкін болғандықтан, Исаның: “Дайын болыңдар: сендер күтпеген сәтте Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келемін!” — деген ескертуіне құлақ асқанымыз аса маңызды (Мат. 24:44). Ал бұлай етуімізге не көмектеседі?
2 Уайыммен және көңілді ауытқытатын нәрселермен күресу. Рухани күйімізге қауіп төндіретін орлардың бірі — ‘күнделікті тұрмыстың уайымы’ (Лұқ. 21:34). Кейбір елдерде жоқшылық, жұмыссыздық пен қымбатшылықтан күн көру қиын болып жатса, өзге елдерде материалдық игіліктер жинау — қалыптасқан жайт. Егер материалдық заттар туралы уайым жанымызды жегідей жей бастаса, онда назарымыз Патшалықтан тайып кету қаупі бар (Мат. 6:19—24, 31—33). Бұған жол бермеуге мәсіхшілердің қауым кездесулері көмектеседі. Олай болса, әрбір қауым кездесуіне қатысуды мақсат етіп қойдың ба? (Ев. 10:24, 25).
3 Бұл дүние бүгінде көңілімізді ауытқытып, қымбат уақытымызды сарп ететін нәрселерге толы. Егер әлдекім Интернетті қарауға, электрондық поштаны оқу мен оны жіберуге, я болмаса компьютерлік ойындарды ойнауға шектен тыс уақыт кетіретін болса, компьютерді қолдану да тұзақ болып табылуы мүмкін. Теледидар, әр түрлі фильмдер, әуестеніп жүрген істер, осы дүниелік әдебиеттерді оқу мен спорт қыруар уақытымызды алып, рухани істерге аз ғана уақыт я күш қалдырады. Көңіл көтеру мен тынығудан көңіліміздің сергуі уақытша ғана, ал Киелі кітапты жеке және отбасымен зерттеу мәңгілік игіліктер әкеледі (1 Тім. 4:7, 8). Құдай Сөзінің үстінен ой жүгіртуге күнделікті уақыт босатасың ба? (Ефес. 5:15—17, ЖД).
4 ‘Алдағы апаттардан құтылып, Билеуші ретінде көктен келген Оның (Құдай Ұлының) алдында тұруға’ көмектесетін Ехобаның ұйымы қарастырып отырған рухани бағдарлама үшін қаншалықты ризамыз! (Лұқ. 21:36). Осы рухани бағдарламаның игілігін толығымен көрелік және сеніміміз ‘Иса Мәсіх қайта оралып, анық көрінетін күні Құдай біздерді мадақтап, даңқ пен құрметке бөлей’ алу үшін ‘дайын болайық’ (1 Пет. 1:7).