Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w04 1.1. 11—15 бет.
  • Ехобаның күніне дайын болыңдар!

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ехобаның күніне дайын болыңдар!
  • 2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Бейқамдықтан аулақ болыңдар
  • Рухани ұйқыдан сақ болыңдар
  • Рухани күйге залал келтіретін өмір салтынан аулақ болыңдар
  • Қайткенде де дайын болыңдар!
  • “Сергек болыңдар!” адамзатты соттайтын уақыт туды!
    2005 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • “Сергек болыңдар!”
    2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Қазір барынша сергек болуымыз керек
    2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Ехобаның күніне дайынсың ба?
    2007 жылғы ағылшын тіліндегі “Күзет Мұнарасы” журналынан алынған зерттеуге арналған мақалалар
Көбірек мәлімет
2004 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
w04 1.1. 11—15 бет.

Ехобаның күніне дайын болыңдар!

“Дайын болыңдар: сендер күтпеген сәтте Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келемін!” (МАТАЙ 24:44).

1. Неге Ехобаның күнін есте ұстауымыз керек?

ЕХОБАНЫҢ “ұлы да қорқынышты күні” шайқасатын әрі қаһары жалындаған күн болады, азап пен қайғы-қасіретке бататын, қараңғылық жайлап, ойрандалатын күн болады. Нұхтың тұсында топан судың зұлым заманды жойып жібергеніндей, қазіргі зұлым заманды жою үшін Ехобаның “ұлы да қорқынышты күні” келетіні сөзсіз. Оның келмей қалуы мүмкін емес. Бірақ “Ехобаның есімін шақырған әркім құтқарылады” (Жоел 2:30—32, ЖД; Амос 5:18—20). Құдай жауларын жойып, ал өз халқын аман алып қалады. Уақыттың күттірмейтінін түсінген Софония пайғамбар: “Тәңірдің ұлы күні жақын, жақын, әрі өте жылдам келеді”,— деген (Софония 1:14). Алайда Құдайдың үкімі қашан жүзеге аспақ?

2, 3. Неге Ехобаның күніне дайын болғанымыздың маңызы зор?

2 “Ал сол күннің, сол сәттің қашан болатыны не адам баласына, не көктегі періштелерге (не Құдайдың рухани Ұлына) емес, жалғыз көктегі Әкеге ғана белгілі”,— деген Иса (Матай 24:36). Сондықтан 2004 жылға арналған жылдық тармаққа ден қойғанымыз өте маңызды: ‘Сергек болыңдар! Дайын болыңдар!’ (Матай 24:42, 44).

3 Иса дайын болғандардың аман қалып, ал өзгелер құрып кететін уақыттың аяқ астынан туа қалатынына нұсқап: “Сол кезде егіндікте жүрген екеудің біреуін періштелер қабыл алып, екіншісін қалдырып кетеді. Бірге диірмен тартып отырған екі әйелдің де біреуін қабыл алып, екіншісін тастап кетеді”,— деген (Матай 24:40, 41). Сол бір қиын шақта біз қандай күйде боламыз? Дайын боламыз ба, әлде сол күн біз үшін қапылыста келе ме? Көп нәрсе қазір қандай шаралар қолданып жүргенімізге байланысты болмақ. Ехобаның күніне дайын болу қазіргі уақытқа тән белгілі көзқарастан аулақ болуды, рухани жақсы күйде болу үшін күресуді және осы дүниеге тән белгілі өмір салтынан сақ болуды талап етеді.

Бейқамдықтан аулақ болыңдар

4. Нұхтың тұсындағы адамдардың көзқарастары қандай болған?

4 Нұхтың заманындағы жайттарды қарастырып көрелік. Киелі кітапта: “Нұх пайғамбар әлі де көзге көрінбеген топан су туралы ескертілгенде Құдайға сеніп, Оны терең қастерлегендіктен отбасын құтқару үшін кемесін жасап дайындады”,— делінген (Еврейлерге 11:7). Кеме ерекше әрі жұрттың көз алдында соғылды. Оның үстіне, Нұх “әділдікті уағыздаушы” болған (2 Петір 2:5). Алайда оның құрылыс жұмыстары да, уағызы да адамдарды өзгеруге талпындырмаған. Неге? Өйткені олар “ішіп-жеп, әйел алып, қыздарын ұзатып өмір сүруде еді”. Нұх уағыздаған адамдар өз істері мен өмірдің рақатына батып кеткендері сонша, ‘топан су басып, бәрін алып кетіп, қырып салғанша ештеңені ұқпаған’, немесе ойламаған (Матай 24:38, 39).

5. Луттың заманындағы Содом қаласының тұрғындарының көзқарастары қандай болған?

5 Луттың заманында да тап сондай жағдай орнаған. Жазбаларда былай делінген: “Адамдар (Құдайға мойынсұнбай) ішіп-жеп, сауда-саттық жасап, егін егіп, үй салып өмір кешуде еді. Бірақ Лут Содом қаласынан шыққан күні көктен от пен күкірт жауып, бәрін де қырып салды” (Лұқа 17:28, 29). Періштелер таяп келе жатқан қатерді айтқаннан кейін, Лут бұл хабарды күйеу балаларына жеткізеді. Бірақ олар “оны қалжыңдап тұр деп ойлады” (Жаратылыс 19:14).

6. Біз қандай күйден аулақ болуға тиіспіз?

6 Иса Нұх пен Луттың заманында жағдай қандай болса, ‘Өзі билеуші ретінде көктен келгенде де солай болатынын’ айтқан (Матай 24:39; Лұқа 17:30). Расында да, бейқамдық — қазір көпке тән күй. Біз мұндай күйдің әсеріне түсіп қалудан сақ болуға тиіспіз. Дәмді тағам жеп, шамасын біліп ішімдік ішкенде тұрған еш оғаттық жоқ. Үйленіп, тұрмысқа шығу да Құдай берген нәрсе. Алайда олар рухани мүдделерді ысырып тастап, өмірде ең басты орын алатын болса, Ехобаның қорқынышты күніне дайынбыз дей аламыз ба?

7. Қандайда бір жаңа нәрсемен айналыспас бұрын өзімізге қандай маңызды сұрақ қойғанымыз жөн және неге?

7 ‘Осы заманның ақыры таяп қалды.— деді елші Пауыл.— Сондықтан бұдан былай әйелі барлар үйленбегендей қызмет ете берсін’ (1 Қорынттықтарға 7:29—31). Құдай тапсырған Патшалық туралы уағыздау ісін аяқтауға аз-ақ уақыт қалды (Матай 24:14). Пауыл тіпті отбасы барлар бар уақыттарын зайыбына арнап, Патшалықтың мүддесін өмірлерінде екінші орынға қоймау керек екендіктерін естеріне салған. Пауылдың қандай ой-қалыпта болуымыз керектігіне қатысты берген кеңесі бейқамдыққа мүлдем қарама-қайшы. Иса: “Ең бастысы, Оның [Құдайдың] Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар!” — деген (Матай 6:33). Қандай да бір шешім қабылдарда немесе қандайда бір жаңа нәрсемен айналыспас бұрын “Бұл менің Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоюыма қалай әсер етеді?” деп сұрағанның маңызы зор.

8. Егер күнделікті тұрмыстың күйбең тірлігі өмірде бірінші орынға шығып кетсе не істеуіміз керек?

8 Ал егер күнделікті тұрмыстың күйбең тірлігі рухани нәрселерді ысырып тастағанын байқасақ ше? Жазбалардан тура білімі жоқ, әрі Патшалықтың жариялаушылары да емес көршілеріміз бен біздің өмір салтымыздың арасындағы өзгеріс болар-болмас қана ма? Олай болса, бұл мәселе жөнінде дұға етуіміз қажет. Сонда Ехоба ой-қалпымызды дұрыстауға қабілетті етеді (Римдіктерге 15:5; Філіпіліктерге 3:15). Ол Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоюымызға, дұрыс әрекет етуімізге, сондай-ақ өзінің алдындағы борышымызды өтеуімізге көмектеседі (Римдіктерге 12:2; 2 Қорынттықтарға 13:7).

Рухани ұйқыдан сақ болыңдар

9. Аян 16:14—16 тармақтарға сәйкес, неге рухани ұйықтап кетуден сақ болған маңызды?

9 Жуырда Һар-Магедонда болатын ‘құдіреті шексіз Құдайдың ұлы соты күнінің шайқасы’ туралы пәрменді пайғамбарлықта кейбіреулердің сергек болмайтыны ескертілген. “Тыңда, ұрының қапыда түсетініндей Мен де күтпеген кезде келемін.— дейді Иеміз Иса Мәсіх.— Жалаңаш қалып, жұрт алдында ұятқа қалмау үшін сергек болып, (кіршіксіз пәк) киімдерін дайын сақтағандар бақытты!” (Аян 16:14—16). Мұндағы киімдер дегеніміз бізді Ехоба Куәгерлері ретінде ерекшелендіретін белгілерді білдіреді. Бұған біздің Патшалық туралы жариялау ісіміз бен жүріс-тұрысымыз кіреді. Егер ұйқылы адам сияқты енжар әрекет етер болсақ, өзімізді мәсіхші ретінде ерекшелендіретін “киімімізден” айырылып қалуымыз мүмкін. Ал бұл ұят әрі қауіпті. Сондықтан рухани ұйқыға кетуден не енжарлыққа салынудан сақ болуға тиіспіз. Қалайша?

10. Неге Киелі кітапты күнде оқығанымыздың сергек болуымызға көмегі тиеді?

10 Киелі кітапта біздің сергек те салауатты болуымыз керектігіне қайта-қайта көңіл аударылады. Мысалы, Ізгі хабардың жазушылары есімізге мынаны салады: ‘сергек болыңдар!’ (Матай 24:42; 25:13; Марқа 13:35, 37); ‘дайын болыңдар!’ (Матай 24:44; Лұқа 12:40); ‘сақ та сергек болыңдар!’ (Марқа 13:33). Елші Пауыл Ехобаның күні осы дүние үшін қапылыста келетінін айтқаннан кейін, бауырластарын: “Басқаларға ұқсап ұйықтап қалмай, сергек те салауатты жүрейік!” — деп шақырған (1 Салониқалықтарға 5:6). Киелі кітаптың соңғы кітабында салтанатты ұлылыққа кенелген Иса Мәсіх кенеттен келетініне ерекше көңіл бөліп: “Мен жуырда келемін”,— дейді (Аян 3:11; 22:7, 12, 20). Еврей пайғамбарларының да көбісі Ехобаның ұлы сот күнін суреттеп, ескерту айтқан (Ишая 2:12, 17; Еремия 30:7; Жоел 2:11; Софония 3:8). Құдай Сөзі Киелі кітапты күнделікті оқып, оқығанымыздың үстінен ой жүгірткеніміздің рухани сергек болуымызға үлкен көмегі тиеді.

11. Неге рухани сергек болу үшін жеке зерттеу жүргізудің маңызы өте зор?

11 Иә, “адал да саналы қызметшінің” Киелі кітапқа негізделген басылымдарын қолданып, мәсіхшінің Жазбаларды ынтамен зерттегені рухани сергек болуына ықпал етеді (Матай 24:45—47). Алайда жеке зерттеуіміз жақсара түсіп әрі жүйелі болса ғана жемісін әкеледі (Еврейлерге 5:14—6:3). Біз рухани қатты тағамды үнемі қабылдауға тиіспіз. Бүгінгі таңда жеке зерттеу жүргізуге уақыт табу оңай болмауы мүмкін (Ефестіктерге 5:15, 16). Сөйтсе де, Киелі кітап пен оған негізделген басылымдарды ыңғайы түскенде ғана оқып қою жеткіліксіз. “Дұрыс сенімді ұстанып”, сергек болуымыз үшін үнемі жеке зерттеу жүргізудің маңызы өте зор (Титке 1:13).

12. Мәсіхшілердің кездесулері мен конгрестеріне бару қалай рухани ұйқымен күресуге көмектеседі?

12 Мәсіхшілердің кездесулері мен конгрестеріне бару да рухани ұйқымен күресте көмек болады. Қалайша? Сонда берілетін тәлім арқылы көмек аламыз. Осындай жиындарда Ехобаның күні жақын екені ұдайы есімізге салынып тұрады емес пе?! Сондай-ақ мәсіхшілердің кездесулері ‘өзара сүйіспеншілік көрсетіп, игілік істеуге қозғау салуға’ мүмкіндік береді. Ал осылайша қозғау салу рухани сергек болуға ықпал етеді. Сол ‘күннің таяп қалғанын’ ескерер болсақ, үнемі кездесіп тұруға қатысты нұсқау берілгеніне таңқалудың қажеті жоқ (Еврейлерге 10:24, 25).

13. Қалай мәсіхшілердің уағыздау ісі рухани сергек болуымызға көмектеседі?

13 Сонымен қатар мәсіхшілердің уағыздау қызметіне бар көңілімізбен қатысқанымыз да сергек жүруге көмектеседі. Қандай уақытта өмір сүріп жатқанымыздың белгілері мен олардың мағынасын есте ұстаудың ең жақсы жолы сол жайлы өзгелерге айту емес пе? Ал өзіміз Киелі кітапты оқытып жүрген адамның рухани өсіп, білгендерін өмірінде қолдана бастағанын көргеніміз өзімізді де нығайта түседі. Елші Пауыл: ‘Ақыл-ойларыңды іс-әрекетке дайын ұстауға бел буыңдар! Сергек болыңдар!’ — деген (1 Петір 1:13). ‘Иеміздің ісін әрдайым молынан істеу’ — рухани енжарлықтың керемет дауасы (1 Қорынттықтарға 15:58).

Рухани күйге залал келтіретін өмір салтынан аулақ болыңдар

14. Лұқа 21:34—36 тармақтарға сәйкес, Иса қандай өмір салтынан аулақ болуды ескерткен?

14 Иса өзінің патша тағына отыратын кезінің белгісі туралы ұлы пайғамбарлығында тағы да бір ескерту жасаған: “Өздеріңе сақ болыңдар: той-думан жасап, мас болып немесе күнделікті тұрмысты уайымдап, жүректерің шеменденіп кетпесін! Әйтпесе Менің қайта оралатын күнім сендерге қапылыста келеді. Себебі ол күн жер бетінде тұрғандардың бәрінің басына түскен тор сияқты кенеттен туа қалады. Алдағы сол апаттардан құтылып, Билеуші ретінде көктен келген Менің алдымда тұра алу үшін әрқашан сергек болып, сиынып мінажат етіңдер!” (Лұқа 21:34—36). Иса адамдардың әдеттегі өмір салтын анық суреттеген: мешкейлік, маскүнемдік пен тұрмыс қамын ойлап, уайымға салыну.

15. Неге мешкейлік пен ішкілікке салынудан аулақ болғанымыз дұрыс?

15 Мешкейлік пен ішкілікке салыну Киелі кітаптың принциптеріне қайшы келеді. Ондайдан аулақ болу керек. “Шарап ішіп мас болатындар мен ет жеп күпті болатындардың арасында болма”,— делінген Киелі кітапта (Нақыл сөздер 23:20). Алайда сондай күйге түспей-ақ рухани күйімізге қауіп төнуі мүмкін. Адам мешкей не маскүнем халіне жетпей-ақ еріншек, жалқау болып кете алады. Нақыл сөздерде: “Жалқау көп қалайды, бірақ құр қол қалады”,— делінген (Нақыл сөздер 13:4). Ондай адам Құдайдың еркін орындағысы келетін шығар, бірақ селқостығының кесірінен арманы орындалмай қалады.

16. Отбасы қамын ойлап, сары уайымға салынудан қалай аулақ бола аламыз?

16 Иса ескерткен күнделікті тұрмыстың уайымы жөнінде не деуге болады? Ол жеке бастың, отбасының қамын ойлау, тағы сол сияқты нәрселерді уайымдаудан тұрады. Тұрмыс қамын ойлауды ауыртпалыққа айналдырып жіберу қандай ақылсыздық! “Осындай мәселелерді уайымдап, араларыңдағы қайсың өз бойын тіпті бір қарыс ұзарта алады?” — деп сұрады Иса. Ол тыңдаушыларына мынаны өсиет етті: “Сондықтан не ішіп-жейміз, не киеміз деп уайымдамаңдар! Тәңірге мойынсұнбағандар барлық сондай нәрселерге ие болуға тынымсыз ұмтылуда. Ал бұлардың сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой”. Өмірімізде Патшалықтың мүдделерін бірінші орынға қойып, Ехобаның қажеттіліктерімізді қанағаттандыратынына сенім артайық, сонда уайымға салынбаймыз, әрі бұл сергек болуымызға көмектеседі (Матай 6:25—34).

17. Қалайша байлыққа ұмтылу уайымға түсіруі мүмкін?

17 Байлыққа ұмтылудың кесірінен де уайымға беріліп кетуге болады. Мысалы, кейбіреулер мүмкіндіктеріне сай өмір сүрместен, өмірлерін қиындатып жібереді. Өзгелер барынан айырылып қалу қаупі туып тұрса да, тез баюдың жолын іздейді. Үшінші біреулерге мал-мүлікке қол жеткізу үшін жоғары білім алу тұзақ болады. Рас, білім деңгейінің жұмыс табуға септігі тиюі мүмкін. Алайда кейбіреулер жоғары білім алуға бар уақыттарын сарып етіп, рухани жағынан залалын көрген. Ехобаның күні таяп қалғанда, бұл қалайша қауіпті десеңдерші! Киелі кітапта мынадай ескерту бар: “Баюға ұмтылғандар азғыруға ұшырап, өздерін апатқа, құруға алып келетін көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседі” (1 Тімотеге 6:9).

18. Дүниеқұмар болудан аулақ болу үшін қандай қабілет дамытуға тиіспіз?

18 Дүниеқұмар болып кетпеудің бір жолы — шешім қабылдағанда дұрыс пен бұрыстың аражігін ажырата білу қабілетін дамыту. Бұндай қабілетті ұдайы ‘кемеліне келгендерге арналған’ ‘қатты тағамды’ жеп және ‘түйсіну қабілетін’ ‘іс жүзінде қолдану арқылы’ дамытуға болады (Еврейлерге 5:13, 14, ЖД). Бірінші орынға қойылу керек жайттарға қатысты шешім қабылдағанда, ‘ненің маңыздырақ екеніне’ көз жеткізіп алғанымыз да жаңсақ қадам жасаудан сақтайды (Філіпіліктерге 1:10, ЖД).

19. Рухани істерге өте аз уақыт бөліп жүргенімізді байқасақ, не істегеніміз абзал?

19 Байлыққа ұмтылу соқыр қылып, рухани істерге аз не мүлдем уақыт қалдырмауы мүмкін. Қалай біз өзімізді тексеріп, осындай торға түсіп қалудан аулақ болуымызға болады? Дұға ете отырып, өмірімізді қалай және қай шамада жеңілдетуге болатынын қарастыруымыз керек. Көне Исраил елінің патшасы Сүлеймен: “Аз жесін, көп жесін еңбеккердің ұйқысы тәтті болады; ал байдың тоқтығы оған ұйқы бермейді”,— деген (Екклесиаст 5:12). Артық мүлік көп уақытымызды алып, шаршатады, солай емес пе? Мүлкің көбейген сайын оны ұстау, сақтау, қорғау машақаты да көбейеді. Кейбір заттардан арылып, өмірімізді жеңілдеткеніміз жақсы емес пе?!

Қайткенде де дайын болыңдар!

20, 21. а) Ехобаның күніне қатысты Петір не нәрсеге сендірді? ә) Ехобаның күніне дайын болу үшін, біз қандай әрекеттер және істермен айналысуымыз керек?

20 Нұхтың кезінде заманның ақыры келген-ді, қазіргі зұлым заманның да ақыры келеді. Елші Петір бізді мынаған сендіреді: “Ұрының табан астынан түсетіні сияқты, Иеміздің қайта оралатын күні де [“Ехобаның күні де”, ЖД] білдіртпей кенеттен келмек. Сол күні аспан қатты шумен жоқ болып, дүниенің құрамдас бөліктері өртеніп құрып кетеді. Жердің өзі де, ондағы бүкіл жаратылыс пен адам қолымен істелгеннің бәрі де өртеніп жоқ болады”. Бейнелі аспан да, яғни зұлым үкімет билеушілері, бейнелі жер де, яғни құдайдан безген адамзат, Құдайдың жалындаған қаһарынан аман қалмайды. Біздің сол күнге қалай дайын бола алатынымызға нұсқап, Петір: “Бар дүние осылайша құрып кететіндіктен, сендер қандай болуларың керек? Жүріс-тұрыстарың Тәңірге бағышталып, қасиетті де Оған ұнамды болуға тиіс! Себебі сендер Құдайдың алдын ала белгілеген күнін сағына күтіп, оны тезірек келтіргілерің келеді”,— деп дауыстады (2 Петір 3:10—12).

21 Мәсіхшілердің кездесулеріне үзбей қатысуымыз бен ізгі хабарды уағыздауымыз Құдайға ұнамды осындай әрекеттер мен істерге жатады. Ехобаның ұлы күнін шыдамдылықпен күтіп отырған уақытта, осы істерді шын жүректен берілгендік танытып атқара берелік. Құдай ‘бізді мүлтіксіз пәк таза, тыныштықпен өмір сүрді деп табуы үшін осыған жан сала ұмтылайық!’ (2 Петір 3:14).

Естеріңде ме?

• Неге біз Ехобаның күніне дайын болуымыз керек?

• Тұрмыс қамын ойлау басты орынға шығып кетсе, не істеген дұрыс?

• Рухани ұйқымен күресуімізге не көмектеседі?

• Қандай қалыптасқан өмір салтынан аулақ болуға тиіспіз және неге?

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу