Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w26 наурыз 14—19 бет.
  • Ең маңызды нәрседен алаңдап кетпеңіз

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Ең маңызды нәрседен алаңдап кетпеңіз
  • Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • БІЗ НЕ НӘРСЕЛЕРГЕ АЛАҢДАП КЕТУІМІЗ МҮМКІН?
  • ИСА БАР НАЗАРЫН ЕХОБАНЫҢ ЕРКІН ОРЫНДАУДАН ТАЙДЫРМАУ ҮШІН НЕ ІСТЕДІ?
  • ИСАҒА ҚАЛАЙ ЕЛІКТЕЙ АЛАМЫЗ?
  • Шешімдеріңізден Ехобаға арқа сүйейтініңіз көрінсін
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2023)
  • Беймәлім жайттарға келгенде, қарапайым болайық
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2025
  • Ехобаның “тірі Құдай” екенін ұмытпаңыз
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
  • Адал қариялардың өсиетінен алар сабақтар
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2024
Көбірек мәлімет
Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2026
w26 наурыз 14—19 бет.

18—24 МАМЫР, 2026

35-ӘН “Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңдер”

Ең маңызды нәрседен алаңдап кетпеңіз

“Ехобаның еркін танып-біле беріңдер” (ЕФЕС. 5:17).

НЕГІЗГІ ОЙ

Біз бар назарымызды рухани істерге тігіп, басқа ештеңеге алаңдап кетпеуіміз керек.

1, 2. Қалай маңызды істер одан да маңыздырақ істерге кедергі жасауы мүмкін?

МЫНАДАЙ жағдайды елестетіп көріңіз. Сіз көлік айдап келе жатырсыз. Кенет біреу маңызды мәселе бойынша қоңырау шалады. Бірақ дәл қазір қоңырауға жауап бергеннен гөрі, жолға қарап, мұқият болғаныңыз әлдеқайда маңызды. Өмірде де “дәл қазір не маңыздырақ” деп ойланатын жағдайлар көп болады.

2 Біздің істейтін маңызды істеріміз өте көп. Бірақ солардың ішіндегі ең маңыздысы — рухани істерa (Мат. 6:33). Сондықтан басқа нәрселер көңілімізді арбап, уақытымызды ұрлап жатқан жоқ па, соны үнемі тексеріп отыруымыз керек (Нақ. с. 4:25; Мат. 6:22).

3. Бұл мақалада не талқылаймыз?

3 Бәріміз де рухани істердің өмірімізде басты орында тұрғанын қалаймыз. Бірақ кейбір жағдайлар рухани істерді оп-оңай ығыстырып жіберуі мүмкін (Лұқа 21:34—36). Бұл мақалада бар назарымызды ғибадатымызға тігу үшін не істей алатынымызды қарастырамыз. Осы орайда келесі үш сұрақты талқылайық: 1) біз не нәрселерге алаңдап кетуіміз мүмкін? 2) Иса бар назарын Ехобаның еркін орындаудан тайдырмау үшін не істеді? 3) біз Исаға қалай еліктей аламыз?

БІЗ НЕ НӘРСЕЛЕРГЕ АЛАҢДАП КЕТУІМІЗ МҮМКІН?

4—6. Біз не нәрселерге алаңдап кетуіміз мүмкін?

4 Әрқайсысымыздың көңіл бөлуді қажет ететін істеріміз бастан асады. Мысалы, денсаулығымызға көңіл бөлуіміз керек, жеке басымыз бен отбасымыздың қамы тағы бар. Дау жоқ, бұл істердің бәрі маңызды, оларға жеңіл-желпі қарауға болмайды. Бірақ олар рухани істерге кедергі болуы мүмкін бе? Егер біз оларды ойлап, уайымдайтынымыз сонша, рухани істерге уақытымыз бен күшіміз қалмаса, онда олар бізге кедергі жасап жатыр деген сөз.

5 Өз уайымымыздан бөлек, біз тұрып жатқан жерде әскери қақтығыстар не саяси толқулар, экономикалық дағдарыс немесе індеттер болып жатқан шығар (Тім. 2-х. 3:1). Мұндай кезде уайым мен үрей ой-санамызды түгел жаулап алып, басқа ештеңе істей алмай қалуымыз мүмкін.

6 Осындай жағдайларға кезіккенде өміріміздің астан-кестені шығады. Тіпті “қайтадан адам сияқты өмір сүре алар ма екем” деп ойлайтын шығармыз. Сондайда қатты күйзеліске түсетініміз айтпаса да түсінікті. Өйткені біз әрдайым қиналып жүру үшін жаралмағанбыз. Сондай кезде кейбіреулер проблемаларын ұмыту үшін бар уақыттарын демалыс пен көңіл көтеруге құртып жатады. Өзіңіздің де солай істейтініңізді байқасаңыз, не істесеңіз болады? Қазір Иса рухани істерге ештеңе кедергі болмау үшін не істегенін және одан не үйрене алатынымызды қарастырайық.

ИСА БАР НАЗАРЫН ЕХОБАНЫҢ ЕРКІН ОРЫНДАУДАН ТАЙДЫРМАУ ҮШІН НЕ ІСТЕДІ?

7. Қандай мәселелер Исаның назарын аудартуы мүмкін еді?

7 Исаның күндерінде оның назарын аудартатын мәселелер көп болды. Мысалы, елдегі әлеуметтік және саяси ахуал нашар еді (Мат. 14:14; Мар. 14:7). Халық өте кедей өмір сүрді, ауру-сырқау да көп болды. Ол аздай, қарапайым халық римдіктерден де, өздерінің бауырларынан да жәбір көрді. Сондықтан олар Исаның керемет жасай алатын құдіретін көргенде, оны патша еткісі келді (Жох. 6:14, 15). Оның үстіне, Шайтан да Исаны азғырып, оған жердегі билік атаулының бәрін беруді уәде етті (Мат. 4:8, 9). Тіпті Исаның жақын досы Петір де: “Ием, өзіңізді аяңыз”,— деп, оған Құдайдың еркін орындауды емес, өзінің қара басын ойлауды айтты (Мат. 16:21, 22).

8. Иса рухани істерден алаңдап кетпеу үшін не істеген?

8 Исаға ештеңеге алаңдап кетпей, Ехобаның еркін орындауға не көмектесті? Біріншіден, ол Ехоба сияқты ойланған (Жох. 8:28; 14:9). Екіншіден, рухани істерден оның қолы босамаған (Мат. 9:35). Үшіншіден, ненің маңыздырақ екенін жақсы түсінген (Жох. 4:34). Содан да Иса ойланбастан Шайтанның ұсынысынан бас тартқан және Петірдің игі ниетпен болса да, орынсыз айтқан кеңесін қабылдамаған (Мат. 4:10; 16:23). Иса адамдардың ой-пікіріне, айтқан сөздері мен істеріне алаңдап кетпеген. Бүгінде де кейбір нәрселер біздің көңілімізді рухани істерден бұрып әкетуі мүмкін. Бірақ Иса істеген үш нәрсені істесек, олар бізге кедергі жасай алмайды.

ИСАҒА ҚАЛАЙ ЕЛІКТЕЙ АЛАМЫЗ?

9. “Ехобаның еркін танып-біле беру” үшін не істеуіңіз керек? (Ефестіктерге 5:17)

9 Ехоба сияқты ойлануды үйреніңіз. Сонда “Ехобаның еркін танып-біле бересіз” (Ефестіктерге 5:17 оқыңыз). Ал Ехобаның еркін танып-біле беру үшін Киелі кітапты оқып, оқығандарыңыз жайлы терең ой жүгіртуіңіз керек. Тіпті сіздің жағдайыңызға қатысты Киелі кітапта нақты ештеңе айтылмаса да, Ехобаның еркін біле аласыз. Ол үшін Киелі кітапты оқығанда, Ехобаның көзқарасын, оған не ұнайды, не ұнамайды — соны көре білуге тырысыңыз және оның көңілінен шығу үшін барыңызды салыңыз.

10. Киелі кітаптағы оқиғалар Ехоба сияқты ойлануға қалай көмектеседі?

10 Киелі кітапты оқығанда Ехоба адамдардың ойын түзеуге қалай көмектескеніне мән беріңіз (Ерм. 45:5). Бұл үшін қандай да бір оқиғаны оқығанда, былай деп ойланыңыз: “Ехоба жайлы не білдім? Ехоба сияқты ойлану үшін өз ойымды қалай түзей аламын?” Әрине, Ехобаның ойы біздікінен анағұрлым биік (Ишая 55:9). Сондықтан ол сияқты ойлану үшін бізге оның көмегі қажет (Зәб. 143:10). Ал Ехобаның көмегін алу үшін одан “сенің еркіңді түсінуге көмектесші, сен сияқты ойлануды үйренейінші” деп сұрағанымыз абзал (Жох. 1-х. 5:14).

11. Ехоба біздің не істегенімізді қалайды?

11 Ехоба біздің ештеңеге алаңдамай, осы дүниенің соңы келетін күнге дайын болса екен дейді (Мат. 24:44). Сондай-ақ ол біздің сарыуайымға салынып, күйзеліске түсіп кеткенімізді қаламайды (Мат. 6:31, 32). Егер біз денсаулығымызды, жұмысымызды, үй-жайымыз бен отбасымызды уайымдап жүрсек, Ехоба бізге не істеу керектігін айтып, өз ақыл-кеңесін береді. Сонымен қатар проблемаларымызды шешу үшін даналық пен күш те береді (Зәб. 55:22; Нақ. с. 3:5—7).

12. Дүниеде болып жатқан жағдайларды тым қатты уайымдап кетпес үшін не істеуіміз керек? (Матай 5:3)

12 Рухани істерден қолыңыз босамасын. Әлемде біз әсер ете алмайтын түрлі жағымсыз жағдайлар болып жатыр. Сондай жаңалықтарды естігенде көңіліміз түсетіні рас. Бірақ тым қатты уайымдап кетпес үшін рухани істерден қолымыз босамағаны жақсы. Рухани істермен айналысқанда, біз Ехобаға жақындай түсеміз. Бұндай істер бізді бақытқа бөлейді, өйткені Ехоба бізді солай жаратқан (Матай 5:3 оқыңыз). Ехобаға жақын болу үшін оның Сөзі Киелі кітапты оқып-зерттеуіміз керек және оған қызмет етудің түрлі амалдарын табуымыз керек. Сонда өзіміз бақытты болып қана қоймай, Ехобаны да қуантамыз әрі уақытымызды да даналықпен пайдаланамыз (Нақ. с. 23:15).

13. Қалай “уақытымызды барынша тиімді пайдалана” аламыз?

13 Киелі кітап бізді “уақытымызды барынша тиімді пайдалануға” шақырады (Ефес. 5:15, 16). Бұл сөздер күнделікті тірліктерімізді дұрыс жоспарлауды ғана білдірмейді. Бұл соңғы күндері уақытымызды не нәрсеге жұмсайтынымызға мұқият болуымыз керектігін де білдіреді. Олай болса, қалай “уақытымызды барынша тиімді пайдалана” аламыз? Егер бар уақытымыз жаман жаңалықтарды оқып-көрумен өтсе, көңіл-күйіміз түсіп, рухани істерге зауқымыз соқпай қалуы мүмкін. Сондықтан жаңалықтарды оқып-көруге кетіретін уақытты азайтуымыз керек. Сонда рухани істермен айналысуға уақытымыз да, күшіміз де болады. Сонымен қатар “уағыз қызметіне көбірек көңіл бөлу үшін не істесем болады” деп ойлануымыз керек. Мысалы, көбірек адаммен сөйлесіп, оларға қайта баруды мақсат етсек болады. Өйткені біз “әртүрлі адамдардың құтқарылғанын және шындық жайлы тура білім алғанын қалаймыз” (Тім. 1-х. 2:4).

14. Рухани істермен айналысудың қандай пайдасы бар? (Суретті де қараңыз.)

14 Рухани істерден қолымыз босамаса, қай уақытта өмір сүріп жатқанымызды есте ұстаймыз. Әлемде болып жатқан әскери қақтығыстарды, экономикалық дағдарыс пен індеттерді ойлап, тым қатты уайымдап кетпейміз. Өйткені Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар орындалып жатқанын жақсы түсінеміз. Жақын арада Ехоба осының бәрін тоқтатып, жер бетіне керемет жұмақ орнатады. Ал оған дейін ол бізге сабыр сақтап, табанды болуға көмектеседі (Зәб. 16:8; 112:1, 6—8).

Әдебиет арбасын сүйреп бара жатқан ерлі-зайыпты алға нық қадам басып барады. Коллаж: Адамды уайымға салатын әлемдегі жағымсыз жағдайлар. 1. Көтеріліске шыққан ашулы топ. 2. Сайлау қорытындысы. 3. Соғысып жатқан сарбаздар. 4. Дәрігердің қолындағы дәрі-дәрмектер. 5. Компанияның акциялары күрт түсіп жатқаны көрсетілген диаграмма.

Әлемде болып жатқан жағымсыз жағдайларды уайымдамай, рухани істермен айналыса беріңіз (14-абзацты қараңыз)b


15. Петірдің 1-хаты 4:7-де айтылғандай, біз не істеуіміз керек және неге?

15 Ненің маңыздырақ екенін есте ұстаңыз. Бүгінде көп адамның бар есіл-дерті ойын-сауық пен көңіл көтеруде. Олар міне-міне осы заманның соңы келетінін түсінбейді де. Олар сияқты болып кетпес үшін бізге “байыппен ойлану” қажет (Петірдің 1-хаты 4:7 оқыңыз). Әрине, көңіл көтеруде тұрған ештеңе жоқ. Бірақ біз бар уақытымыз бен күшімізді соған сарп етсек, бұл даналыққа жатпас еді. Ал егер уақытымызды тиімді жұмсар болсақ, онда Ехоба сияқты ойланатынымызды, не маңызды, не маңызсыз екенін түсінетінімізді көрсетеміз (Тім. 2-х. 1:7).

16. Өлерінің алдында Исаның бар ойы неде болды?

16 Иса ешқашан ең маңызды нәрсе не екенін ұмытпаған. Тіпті өлеріне санаулы сағаттар қалғанда да оның бар ойы Ехобаға адал болып қалу мен оның еркін орындау болған. Сондықтан да ол Ехобаға қайта-қайта қатты жалбарынып дұға еткен. Ал шәкірттері дұға етіп, сергек болудың орнына ұйықтап қалды. Өйткені олар “қайғыдан титықтап” кеткен еді (Лұқа 22:39—46; Жох. 19:30).

17. Адам әлеуметтік желілерге не үшін кіреді және оның әсері қандай болуы мүмкін? (Суретті де қараңыз.)

17 Исаның шәкірттері сияқты біздің де шаршап, көңіліміз түсетін кездер болады. Сондай-ақ айналада болып жатқан жағымсыз жағдайлар бізді уайымға салуы мүмкін. Сондайда көп адам проблемаларынан қашып, оларды ұмыту үшін бас алмай әлеуметтік желіде отырады. Мысалы, көңілдерін аулау үшін видеолар көріп, ойындар ойнайды. Әрине, біз әлеуметтік желіде туыстарымызбен, достарымызбен араласып, олардың не істеп жүргенін біле аламыз. Бірақ түбі жоқ лентаны ақтару алтын уақытымыз бен күшімізді сорып алады. Сондықтан былай деп ойланыңыз: “Әлеуметтік желілер көңілімді шынымен сергітіп жатыр ма, әлде маңызды істерден көңілімді бұрып әкетіп жатыр ма?”

Әйел бауырлас Киелі кітабын оқиын деп жатыр. Бірақ әлеуметтік желіден, кино көретін, зат сатып алатын қосымшалардан қайта-қайта хабарлама келіп, оның ойын бөліп жатыр.

Әлеуметтік желілерге, көңіл көтеруге алаңдап кетпес үшін естілік қажет (17-абзацты қараңыз)


18. Неге көңіл көтеру түрін дұрыс таңдауымыз керек?

18 Әлбетте, көңіл сергітіп, демалып алудың еш айыбы жоқ. Бірақ біз не көретінімізді, қандай ойын ойнайтынымызды өте мұқият таңдауымыз керек. Видео платформалар адамға тоқтаусыз қарай беруге болатын контент ұсынады. Бір видеоны қарап болсаң, келесісі шыға келеді. Осылай видеоларды бірінен кейін бірін қарап отырып, қатыгездік не азғындық бейнелері бар видеоларды көріп қалуымыз мүмкін. Азияда тұратын бір ер бауырласпен солай болған. Ол басында фильмдердің қысқаша үзінділерін көріп жүреді. Ал кейін өзінен-өзі шыға беретін видеоларды қарап жүріп, әдепсіз бейнелерді көре бастайды. Түбінде ол тіпті порнография көріп кетеді. Бірақ ол ақсақалдар мен достарының көмегімен порнография көруін доғарады. Бұл үшін телефонынан кейбір қосымшаларды өшіріп тастайды және телефонға қарайтын уақытын азайтады. Осы бауырластың оқиғасынан көретініміздей, бәріміз де қандай көңіл көтеру түрін таңдайтынымызға жақсылап мән беруіміз керек.

19. Демалуға тым көп уақыт жұмсасақ, салдары қандай болуы мүмкін?

19 Демалуға, қыдыруға келгенде де тепе-теңдік сақтауымыз керек. Әрине, бізге жұмыстан демалу керек, бұл денсаулығымызға да пайдалы. Алайда бар ойымыз “қалай демаламын, қайда қыдырамын” болса, маңыздырақ істерден ойымыз бөлінуі мүмкін (Філіп. 1:10). Сондықтан қалай, қанша уақыт демалатынымызды шешкенде, жақсылап ойлануымыз керек. Бұл үшін өзіңізден былай деп сұраңыз: “Демалу мен қыдыруға қанша уақыт жұмсайтынымнан есті екенім көріне ме? Маңыздырақ істерді бірінші орынға қойып жүрмін бе? Осы заманның соңы келетін күнге дайынмын ба?”

20. Рухани істерден алаңдап кетпесек, оның қандай игілігін көреміз?

20 Сонымен, рухани істерге ештеңенің кедергі болуына жол бермейік (Ишая 48:17). Рухани істерден алаңдап кетпесек, қиындықтарымызды еңсере аламыз, дүниеде болып жатқан жағымсыз жағдайларды тым көп уайымдап кетпейміз және бар уақытымызды демалу мен көңіл көтеруге сарп етпейміз. Олай болса, Ехоба сияқты ойлана берейік, рухани істерден қолымыз босамасын және ненің маңыздырақ екенін естен шығармайық. Осы алған бетімізден таймасақ, Ехобаны әрі қарай да өмірімізде бірінші орынға қоя береміз әрі “шынайы өмірді берік ұстанамыз” (Тім. 1-х. 6:19).

ЕҢ МАҢЫЗДЫ НӘРСЕДЕН АЛАҢДАП КЕТПЕУГЕ КЕЛЕСІ ЖАЙТТАР ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕДІ?

  • Ехоба сияқты ойлану

  • Рухани істермен айналысу

  • Ненің маңыздырақ екенін есте ұстау

129-ӘН Табанды боламыз

a СӨЗ МӘНІ: Рухани істер деген ғибадатымызбен тікелей байланысы бар кез келген істі білдіреді. Бұндай істерге Киелі кітапты оқып-зерттеу, қауым кездесулеріне бару, отбасылық ғибадат өткізу, уағыз қызметіне қатысу жатады. Сондай-ақ ғибадат орындарын соғу және күтіп ұстау, апаттан зардап шеккендерге көмектесу, конгрестерде ерікті болып қызмет ету, Бетелде қызмет ету де рухани істерге жатады.

b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бір ерлі-зайыпты әлемде болып жатқан жағдайларды уайымдамай, бар уақытын рухани істерге арнап жүр.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу