“Түбегейлі куәлік етуде” ынталы бол
1, 2. Пауылдың ізгі хабарды уағыздауға деген көзқарасынан саған қатты әсер еткен не және “түбегейлі куәлік етудегі” оның үлгісіне қалай еліктей аламыз?
1 Иса мен ертедегі өзге де адал Құдайдың қызметшілері сияқты, елші Пауыл да ізгі хабарды құлшыныспен жариялап, жағдайдың қандай болғанына қарамастан, “түбегейлі куәлік еткен”. Ол тіпті үй жағдайындағы тұтқында отырғанда да, “өзіне келгендердің бәрін қабылдап, Құдай Патшалығын еш бөгетсіз, батыл уағыздап, Иеміз Иса Мәсіх туралы тәлім беріп жүрді” (Ел. іс. 28:16—31).
2 Біз де барлық уақытта “түбегейлі куәлік етуде” ынталы бола аламыз. Мысалы, мұны “Құдайды даңқтаңдар” деп аталатын облыстық конгреске бара жатқанда және қайтқанда, сондай-ақ конгресс өтетін қалада болғанымызда жолымызда кездестірген адамдарға куәлік етуімізбен істей аламыз (Ел. іс. 28:23; Заб. 144:10—13).
3. Бейресми куәлігіміз кездейсоқ оқиға болып қалмас үшін неден аулақ болуымыз керек?
3 Бейресми куәлік деген не? Бейресми куәлік — жай кездейсоқ, ешбір күш салмастан, жоспарланбаған немесе онша маңызды емес деп қарастыратын уағыз емес. Біздің қызметімізді бұлай сипаттауға болмайды. Пауыл сияқты, куәлік етуімізбен Құдайды даңқтау біз үшін де өте маңызды әрі осы жазда қайда жол жүрмесек те, мүмкін болған кездің бәрінде куәлік беруге ұмтылуымыз керек. Өзгелермен еркін, жылы тартып және ресми емес түрде сөйлесу әдісімізді бейресми куәлік ету деу орынды. Мұндай әдіс жақсы нәтижелер әкеледі.
4. Пауылдың үй жағдайындағы тұтқында отырып куәлік етуіне не мүмкіндік берді?
4 Куәлік ету үшін дайындал. Пауыл Римде үй жағдайындағы тұтқында болғанында, куәлік етудің жағдайын жасаған. Ол өзі қам жеп, отырған үйіне сол жердегі яһудилердің беделділерін шақыртып алды (Ел. іс. 28:17). Римде мәсіхшілер қауымы болғанымен, Пауыл жергілікті яһудилердің мәсіхшілердің сенімі туралы нақты білмейтіндерін байқады (Ел. іс. 28:22; Рим. 1:7). Ол Иса Мәсіх пен Құдайдың Патшалығы туралы “түбегейлі куәлік етудің” мүмкіндігін қалт жібермеді.
5, 6. Бейресми куәлік етуге қандай мүмкіндіктеріміз бар және куәлігіміз нәтижелі болу үшін қандай дайындық қажет?
5 Жолыңда кездестіруің мүмкін, Ехоба Куәгерлері туралы өте аз білетін адамдар туралы алдын ала ойлан. Олар тіпті біздің үй жағдайында тегін Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізетінімізді білмеулері мүмкін. Сапарда жүрген кезіңде, тынығу үшін тоқтаған жерлеріңде, жанар май құятын бекеттерде, дүкендерде, қонақ үйлерде, мейрамханаларда, жолаушылар транспортында, тағы да басқа жерлерде кездестірген адамдарыңа куәлік етуге дайын бол. Әңгімені қалайша бастап және қысқаша куәлік беруге болатынын алдын ала ойластыр. Бәлкім, күні бұрын бейресми түрде көршілеріңе, туысқандарыңа, қызметтестеріңе және басқа да таныстарыңа куәлік етіп жаттығарсың.
6 Бейресми куәлік еткеніңде қосымша әдебиеттер қажет болады. Қандай әдебиеттер қажет болады? Мысалы, “Киелі кітап туралы көбірек білгіңіз келе ме?” деген трактатты қолдануыңа болады. Оны қолданғанда, алдымен Киелі кітапты не үшін оқу керектігінің себептері жазылған алғашқы бес абзацқа назар аудар. Трактаттың соңғы бетіндегі Киелі кітапты үй жағдайында тегін зерттеуге арналған өтініш купонын көрсет. Егер әлдекім Киелі кітапты зерттеуге ықылас білдірсе, “Құдай талап етеді” брошюрасын ұсын. Өзге тілде сөйлейтін адамдарды кездестіріп қалу мүмкіндігін ескеріп, өзіңмен бірге “Барлық ұлттарға арналған ізгі хабар” кітапшасын алып ал. Кітапшаның 2-бетінде куәлік еткенде оны қалай қолдануға болатыны түсіндірілген. Егер сапарға көлікпен шықсаң, Патшалық туралы хабарға шынымен қызығушылық танытқандарға өзіңмен бірге біраз негізгі әдебиеттерді алуыңа болады.
7, 8. Жол жүргенде және бос уақыттағы әрқайсысымыздың сыртқы көрінісіміз бен жүріс-тұрысымызға қатысты қандай ескертуді есте ұстауымыз керек?
7 Сыртқы көрінісің мен жүріс-тұрысыңа көңіл аудар. Жүріс-тұрысымыз, киім киюіміз бен сыртқы көрінісіміз өзгелердің біз туралы жалған түсінікте болып, Ехобаның ұйымына ‘қарсы сөйлеулеріне’ себеп болмайтынына көзімізді жеткізіп алуымыз керек (Ел. іс. 28:22). Бұл тек конгрестегі кезімізге ғана емес, бағдарламадан кейінгі жол жүрген және бос уақытымызға да қатысты. 2002 жылғы 1 қазан айының “Күзет мұнарасында” (30-бет, 14-абз.) сыртқы көрінісіміз туралы былай деп ескертілген: “Бұл көзге ұратын, оғаш, орынсыз сезім оятатын, ашық-шашық немесе соңғы сән үлгісіне сай әсіре әсем киім кимеуді білдіреді. Оның үстіне біздің киімімізден ‘Құдайға ұнамды болуға ұмтылатынымыз’ көрініп тұруы керек. Бұл — ойландыратын нәрсе, солай емес пе? Жиналысқа [немесе конгреске] барар кезде ғана әдепті киініп, қалған уақытта әдептілік жөнінде ұмытып кеткеніміз дұрыс болмас еді. Біз тәуліктегі 24 сағат бойы мәсіхші әрі Құдайдың қызметшілеріміз ғой, сондықтан сыртқы көрінісімізден әрқашан осы көріну керек” (1 Тім. 2:9, 10).
8 Біз қарапайым әрі өз-өзімізді сыйлайтындай етіп киінуіміз керек. Егер сыртқы көрінісіміз бен жүріс-тұрысымыз Құдайға сенетінімізді паш етіп тұрса, еш уақытта сыртқы көрінісімізден ұялып, бейресми куәлік етуден бас тартпайтын боламыз (1 Пет. 3:15).
9. Пауылдың Римде куәлік етуі қандай жемістер берді?
9 Бейресми куәлік ету — жемісті куәлік. Римде үй жағдайындағы тұтқында болған екі жыл бойы Пауыл жасаған куәлігінің жақсы нәтижесін көрді. Лұқа Пауылдың ‘кейбіреулерді айтқанымен сендіргенін’ хабарлайды (Ел. іс. 28:24). Пауылдың өзі де “түбегейлі куәлік берудің” нәтижелі болып жатқандығын көріп, былай деді: “Мен басымдағы жағдайымның Ізгі хабарды бөгетпей, керісінше, оның кең таралуына үлес қосып жатқанын сендер білсеңдер екен деймін. Патшаның бүкіл күзетші жасағына және мұндағы барлық басқаларға да менің Мәсіхке қызмет еткенім үшін бұғауда отырғаным мәлім болды. Сонымен қатар тұтқындалуым бауырластардың басым көпшілігінің Иемізге деген сенімдерін нығайта түсті, олар Құдай сөзін бұрынғыдан бетер қорықпай уағыздауға батылданды” (Філіп. 1:12—14).
10. Өткен жазда бір ерлі-зайыпты бауырласымыздың жасаған бейресми куәліктерінің нәтижесі қандай болды?
10 Өткен жазда, облыстық конгрестің бағдарламасынан кейін, бір ерлі-зайыпты бауырласымыз бейресми куәлік етіп, оның жақсы нәтижесін көреді. Олар өздерінен плакеткалары туралы сұраған даяшы әйелге конгресс туралы және Киелі кітаптың адамзатқа ұсынып отырған келешекке қатысты үміті туралы айтып береді. Сөйтіп, оған “Киелі кітап туралы көбірек білгіңіз келе ме?” деген трактатты қалдырып, тегін Киелі кітапты үй жағдайында қалай зерттеуге болатынын түсіндіреді. Әлгі әйел өзіне Куәгерлердің бірі келгенін қалайтынын айтып, трактаттың артқы бетіне есімін және мекен-жайын жазып, ерлі-зайыптылардан қам жасауын өтінеді. Осы жазда “түбегейлі куәлік етуде” ынталы бола отырып, сен қандай қуанышқа қол жеткізер екенсің?
11. Осы жазда “түбегейлі куәлік ете” отырып, ізгі хабарды алға жылжытуымыз үшін қандай қасиеттерді дамытуымыз керек?
11 Ізгі хабарды таратуды мүмкіндігінше алға жылжыту. Мәсіхшілердің өзінің құлшынысына еліктеп жүргенін естігенде, Пауылдың қуанышында шек болмағанын көз алдыңа елестетіп көрші! Біз де Киелі кітапқа негізделген сеніміміз туралы бейресми куәлік ете отырып, ізгі хабарды тарату ісін алға жылжыту үшін, сондай-ақ осы жаздағы облыстық конгрестің пайдасын көру үшін қолымыздан келгеннің бәрін істейік.
[4-беттегі қоршау]
Бейресми куәлікке қажетті әдебиеттер
■ “Киелі кітап туралы көбірек білгіңіз келе ме?” (трактат)
■ “Құдай бізден нені талап етеді?” (брошюра)
■ “Барлық ұлттарға арналған ізгі хабар” (брошюра)
■ Өзге де негізгі әдебиеттер
[5-беттегі қоршау]
Оларды есіңнен шығарма!
Мәсіхтің өлімін Еске алу кешіне не арнайы баяндаманы тыңдауға келген қызығушыларды есіңнен шығарма. Оларды осы жылдың облыстық конгресіне шақырдық па? Егер шын көңілден жігерлендірер болсақ, олардың көпшілігі конгреске келуі мүмкін. Конгрестегі қарым-қатынастан қуаныш алып және рухани бағдарламадан жігерленгенде, олар Ехоба мен оның ұйымына жақындай түседі. Неліктен оларды кешіктірмей шақырып, нәтижесі қандай болатынын көрмеске? Оларға қажетті мәліметтердің бәрін — конгресс болатын күннің датасын, өтетін орнын, басталу және аяқталу уақытын және 2003 жылдың 8 маусымындағы “Ояныңдар!” (ор.) журналының артқы мұқабасында басылып шыққан алдын ала жасалған бағдарламаны беріңдер.