Бейресми куәлік беруге дайын болайық
1. Бейресми куәлік етудің жақсы нәтиже әкелетіні қандай мысалдан көрінеді?
1 Бейресми куәлік бергеннің нәтижесі біз ойлағаннан да асып түсуі мүмкін. Жазбаларда Құдай қызметшілерінің бейресми куәлік беріп, жақсы нәтижеге қол жеткізгені жайында көптеген оқиғалар жазылған (Жох. 4:7—15). Осы қызметтің түріне қалай атсалысуға болады?
2. Сырт көрінісіміз куәлік беруге қалай септігін тигізеді?
2 Сырт көрінісіміз. Сырт көрінісіміз барлық уақытта лайықты болса, адамдарға ізгі хабарды еркін айта алатын боламыз (Тім. 1-х. 2:9, 10). Ал киімімізден ыңғайсыздансақ, куәлік етуден тартынуымыз мүмкін. Сырт көрінісіміздің ұқыпты да таза болғанының өзі бізді адамдарға тартымды етіп, қызығушылығын оятуы ықтимал. Бірде саяхаттап жүрген ерлі-зайыпты мәсіхшілер бір мұсылман кісінің қасына келіп отырады. Ол бауырластарымыздың әдепті киінгеніне қарап, олардың мәсіхшілер екенін түсінеді. Нәтижесінде бауырластар бұл кісімен үш сағат бойы Киелі кітап жайлы әңгімелеседі.
3. Исаға еліктеп, әңгімені қалай бастап жүрсің?
3 Әңгіме баста. Жақып құдығының жанында Иса самариялық әйелді кездестіргенде, одан су сұрап, әңгімені қарапайым түрде бастаған. Біз де әңгімені бір-екі ауыз сөзбен не қарапайым сұрақпен бастауымызға болады. Кейде әңгімені бастауға жүрексінуіміз мүмкін, бірақ Ехобаның көмегімен ‘батылдыққа’ ие болып, адамдарға ізгі хабарды айта аламыз (Сал. 1-х. 2:2).
4. Бейресми куәлік беруге қалай дайын бола аламыз?
4 Куәлік берудің жолдарын ізде. Көп жариялаушылар бейресми куәлік берудің жолдарын тауып жатады. Сен де өз жағдайыңды қарастырып, бір күн ішінде кездестіруің мүмкін адамдар жайлы ойлан. Өзіңмен қажетті әдебиетті және кішкентай Киелі кітапты алып жүр. Байқампаз болып, айналаңдағы адамдарды не қызықтыратынын білуге тырыс. Бір күннің ішінде пайда болатын мүмкіндіктер жайлы ойлансаң, куәлік беруге дайын боларың сөзсіз (Філіп. 1:12—14; Пет. 1-х. 3:15).
5. Неліктен бейресми куәлік беруге немқұрайды қарамауымыз керек?
5 Біз екі маңызды себеппен адамдарға бейресми куәлік берудің мүмкіндігін жіберміз. Бұл — Құдайға және маңайымыздағыларға деген сүйіспеншілік (Мат. 22:37—39). Уағыз ісі күттірмейтін іс болғандықтан, бейресми куәлік беруге немқұрайды қарамауымыз керек. Әлі уақыт барда адамдарға Патшалық туралы ізгі хабарды жеткізудің әр мүмкіндігін пайдалануға дайын болайық (Рим. 10:13, 14; Тім. 2-х. 4:2).