Зейнетке шығу көбірек қызмет етудің есігі ме?
1 Ауыр еңбек етушілердің көпшілігі жұмыстағы қысым мен ауыр еңбектен босайтын уақытты аңсайды. Әйтсе де, зейнетке шыққандар жиі көңілсіз күй кешіп, зерігіп, тез қартая бастайды. Мағыналы іспен айналыспаған соң, адамның ойы тек өз басының қайғысымен болып қалады. Бір Бразилия газетінде бұрынғы қызметкерлер зейнетке шыққаннан кейін ‘еш нәрсеге көңілі толмау, ашуланшақтық, қорқыныш, өзін қажетсіз сезіну және жан күйзелісіне түсу, сондай-ақ өмірлері мәнісін жоғалтқандай сезімдерден’ қиналатындығын айтып шағынғаны жазылған.
2 Бұған кереғар, көптеген мәсіхшілер өмірлерінің осы бір жаңа белесін көбірек рухани еңбек етудің есігі деп қарастырады. 65 жасқа толған соң, екі аптадан кейін ізашар болған ер бауырласымыз: “Мен ешқашан өмірімде ізашар ретінде қызмет еткен соңғы 10 жылда алған баталардай көп бата алған емеспін”,— деді. Ал бір ерлі-зайыптылар болса: “Біздің алтын жылдарымыз ізашарлық қызметті бастағанда басталды”,— деп жазды. Иә, көп адамдарға зейнетке шығулары қызметтерінің аясын кеңейту мен Ехобаның баталарын молынан алудың керемет мүмкіндігі болып табылады.
3 Еңбегің де, оның жемісі де бітпесін. Зейнетке шыққандардың көпшілігінің жастық шағында қазіргідей қолайлы жағдай болмағандықтан, ауыр еңбек етіп үйренген. Олардың күш-қуаттары жас кездеріндегідей болмаса да, олар әліге дейін еңбектерінде жемісті. Бір филиалдың аумағында ізашарлардың 22 пайызын — шамамен 20 000 бауырлас — кем дегенде 60 жастағылар құрайды. Бұл егде бауырластарымыздың уағыздау ісіне қосып жатқан үлестері өте зор. Олардың өмірлік тәжірибелері мен игі қасиеттері өздері қызмет ететін қауымның қазынасы болып отыр (Жақ. 3:17, 18).
4 Мәсіхшілер ретінде қызметке үнемі қатысу денсаулық пен өмірді жақсартуға септігін тигізеді. Зейнетке шыққан соң ізашарлық қызметті бастаған 84 жастағы бір әйел бауырласымыз былай дейді: “Мен көп адамдармен Киелі кітапты зерттеу сабағын өткіземін. Бұл ой еңбегінің үнемі белсенді болуына көмектеседі. Менің көлігім жоқ, сондықтан көп жаяу жүремін. Бұл денсаулығыма жақсы әсер етеді”. Сондай-ақ егде жастағы ізашар бір ерлі-зайыптылар: “Қызметтің арқасында ойымыз да, тәніміз де сергек. Біз барлық уақытта біргеміз. Көп күлеміз және өмірден қуаныш аламыз”,— дейді.
5 Қажеттілік бар жерде қызмет ету. Жағдайы келетін кейбір зейнеткер бауырластарымыз Патшалықты уағыздауда қажеттілік көбірек жерлерге көшіп барып қызмет етуде. Ал өзгелері болса шет тілінде сөйлейтін аймақтарда қызметтерінің аясын кеңейтті. Елші Пауыл сияқты, құлшыныс танытқан бауырластар ‘осының бәрін Ізгі хабардың таралуы үшін істеп жүр’ (1 Қор. 9:23).
6 Бір ерлі-зайыптылар екі ұлын аяққа тұрғызған соң, ізашарлық қызметті бастайды. Бірнеше жылдан соң, олар қытай тілін үйренуді қолға алады. Қазір 70-тен асқан шақтарында, олар жақында өздері көмектескен шағын қытай тобынан қауымның құрылғанын көріп қуанышқа бөленді. Осы сияқты ерлі-зайыптылар қауым үшін қандай үлкен бата!
7 Құдайдың қызметінде зейнетке шығу жоқ. Көп адамдар осы дүниедегі жұмыстарында зейнетке шығып жатқанда, бірде-бір мәсіхші Құдайдың қызметінен зейнетке шықпайды. Барлығы да “ақырына дейін” адал болулары керек (Мат. 24:13, 14). Әрине, кейбіреулер жасы келе, Құдайға бұрынғыдай көп қызмет ете алмаулары мүмкін. Бірақ олардың шын жүректен қолынан келгендерінің бәрін істеп жатқандары қалай жігерлендіреді десеңші! Ехоба Өз Сөзінде олардың жасаған игі істерін және Өзіне көрсетіп жатқан сүйіспеншіліктерін ұмытпайтынына сендіреді (Лұқ. 21:1—4; Ев. 6:10).
8 Егер зейнетке шығатын жасқа таяп қалсаң, өміріңдегі осы өзгерісті қалай толығымен пайдалануды неге дұға айтып, қазірден ойланып көрмеске? Құдайдың көмегімен зейнетке шығуыңды көбірек қызмет етудің есігі етуің мүмкін. Бұл Ехобаға даңқ пен көптеген баталар әкеледі (Заб. 148:12, 13).