Бейресми куәлік беру арқылы Ехобаны дәріпте
1 Ехобаның адал қызметшілері оны күнделікті дәріптеудің мүмкіндіктерін іздейді (Заб. 95:2, 3; Ев. 13:15). Осылай етудің жолдарының бірі — бейресми куәлік беру. Бүгінде Ехобаға ғибадат етіп жүргендердің көбісі кезінде әлдекімнің бейресми куәлік етіп Патшалық туралы хабармен таныстырғанына дән риза.
2 Бір адамға бейресми куәлік беру арқылы жиі көптеген өзге адамдардың да Патшалық туралы хабарды естулеріне мүмкіндік туып жатады. Мысалы, Исаның ‘Жақып құдығының’ басында бір самариялық әйелмен сөйлескенінің арқасында өзге де көптеген адамдарың ізгі хабарға қызығушылық танытуына жол ашылған (Жох. 4:6—30, 39—42). Пауыл мен Сыйлас Філіпідегі түрмеге жабылғанда, түрме бастығына куәлік етеді де, оның өзі де, бүкіл отбасы да шындықты қабылдайды (Ел. іс. 16:25—34).
3 Мүмкіндіктер. Бейресми куәлік етудің қандай мүмкіндіктері бар? Кейбір жариялаушылар дүкен аралап жүргенде, қоғамдық көлікте немесе дәрігерге барғанда бейресми куәлік етеді. Өзгелері жұмыста не мектепте үзіліс кезінде куәлік етеді. Киелі кітапқа негізделген әдебиеттеріміздің бірін көзге түсетін жерге қойып қойғанымыз өзгелерді сеніміміз туралы сұрауға талпындыруы мүмкін (1 Пет. 3:15).
4 Бастаудың жолы. Жеті жасар ұяң қыз қауым кездесуінде уағыздау бәріміз үшін өте маңызды екенін естиді. Сөйтіп анасымен дүкенге барарда сөмкесіне екі брошюра салып алады. Анасы есеп айырысып жатқанда, қыз бір әйелге брошюра ұсынып, ол ризашылықпен қабыл алады. Кейін, әйелге жақындауға қалай батылы барғанын сұрағанда, сол ұяң қыз: “Мен өзіме: — Дайындал! Әзір бол! Алға! — дедім де, бастап кеттім”,— дейді.
5 Бейресми куәлік ету үшін, бәрімізге сол кішкентай қыздікіндей рух қажет. Не нәрсе бізге көмек болады? Әңгімені бастау үшін батылдық сұрап дұға ету (1 Сал. 2:2). Сондай-ақ жағымды әңгіме бастау үшін қолдануға болатын қызықты сұрақ немесе тақырып дайындап ал. Сосын Ехоба ықыласыңа батасын беретініне сенім арт (Лұқ. 12:11, 12).
6 Бейресми куәлік ету арқылы біз Ехобаны күнделікті дәріптей аламыз әрі бұл бізді қуанышқа бөлейді. Бейресми куәлік етуімізбен әлдекімнің мәңгілік өмірге апаратын жолға түсуіне көмектесуіміз мүмкін.