Бізге ізгі хабар сеніп тапсырылған
1 Ізгі хабардың бізге сеніп тапсырылғаны қандай мәртебе! (1 Сал. 2:4). Кейбіреулердің сол әсері күшті хабарды қабылдағысы келмегенімен, ақ жүректі адамдар үшін ол жанға жағымды жұпар иістей (2 Қор. 2:14—16). Бұл хабар оны қабылдап, мойынсұнғандар үшін құтқарылуды білдіреді (Рим. 1:16). Осы ізгі хабармен не істеуіміз керек?
2 Иса және елшілер. Иса ізгі хабарды жариялауды өмірінде бірінші орынға қойған (Лұқ. 4:18, 43). Тіпті шаршап, ашығып тұрған кездің өзінде адамдарға деген сүйіспеншілігі мен ізгі хабарға деген ризашылығы оны уағыздауға талпындыратын (Мар. 6:30—34). Иса айтқан сөзі мен көрсеткен үлгісі арқылы шәкірттерінің санасына Патшалық туралы уағыздау ісінің маңыздылығын ұялатты (Мат. 28:18—20; Мар. 13:10).
3 Елшілер Исаға еліктеп, Патшалық туралы хабарды құлшыныспен жариялаған. Дүре соғып, уағыздауға тыйым салған кездердің өзінде ‘олар тәлім беріп, уағыздауларын тоқтатпаған’ (Ел. іс. 5:40—42). Осы істі атқаруда елші Пауыл да талмастан еңбектенген (1 Қор. 15:9, 10; Қол. 1:29). Ол ізгі хабарды уағыздау ісін өзгелердің алдындағы парызы деп біліп, сол үшін жеке басының қамын ойлаудан бас тартуға даяр болған (Ел. іс. 20:24; Рим. 1:14—16).
4 Бүгінгі таңдағы қызмет. Өзімізге сеніп тапсырылған қасиетті іске деген ризашылығымыз ізгі хабарды жариялаудың жаңа мүмкіндіктерін іздеуге талпындырады (Рим. 15:16). Мүгедектер арбасында отыратын Эдуард қонақ үйдің кіре берісінде отырып, келіп-кетушілермен шындық жайында сөйлесетін. Алайда ол көбірек қызмет етуді қалайды, сөйтіп жүк таситын шағын көлікті ыңғайлап алады да, мыңдаған шақырымды артта қалдырып, көп жылдар бойы ізашар болып қызмет етеді. Бүгінде көптеген бауырластар ізгі хабарды таратуда көбірек іс атқару үшін Эдуард сияқты өз жағдайларын қарастырып, өмірлеріне өзгеріс енгізген.
5 Иса мен оның елшілеріне еліктеп, бүгінгі таңда біз де уағыздау ісін әрқашан өмірімізде бірінші орынға қояйық. Осылайша адамдарға деген сүйіспеншілігімізді және өзімізге сеніп тапсырылған ізгі хабарға деген ризашылығымызды паш етеміз.