“Адамдар кейпіндегі тартулар” Құдайдың отарын шын көңілмен бағуда
1 Ехоба Өзінің Ұлы арқылы “адамдар кейпіндегі тартулар” беріп қандай сүйіспеншілікке толы қамқорлық көрсетті десеңдерші! (Ефес. 4:8, 11, 12). Олардың көптеген міндеттерінің бірі — шын көңілмен, құлшына Құдайдың отарын бағу (1 Пет. 5:2, 3). Барлығымыз да осы маңызды қамқорлықтың пайдасын көріп отырмыз. Қайсы бір бауырластарымыз қиыншылықтарға кезігіп жүр ме, қауымға жаңадан келді ме, әлсіздік танытып жүр ме, аяғын шалыс басты ма — ақсақалдар олардың барлығының да рухани саулығын ойлайды (Філіп. 2:4; 1 Сал. 5:12—14).
2 Осы дүниеде болып жатқан үрейлі оқиғалар мазалағанда бұл бақташылар біз үшін “желден қорған, жауын-шашынды дауылдан панадай” болады. Шаршап-шалдығып немесе еңсеміз түсіп, жұбанышқа мұқтаж болған кезімізде олар біздің жанымызды сергітеді. Мұндай жағдайларда олар біз үшін “шөлді жерде су көзіндей” немесе “сусаған елде асқар тау саясындай” болады (Иш. 32:2, СА).
3 Енжарларды жігерлендіру: Ақсақалдар жүйелі түрде есеп бермейтін немесе енжар жариялаушыларды жігерлендіріп, қауымның істерінің барлығына да үзбей ат салысуларына көмектесу үшін ерекше күш жұмсауда. Олардың сүйіспеншілік танытып, бақташылық сапармен кіріп шыққандарының арқасында көп бауырластар қауым жиналыстарына жүйелі түрде келіп, рухани өскендері сонша, қайтадан уағыздау қызметіне қатыса бастады. Ақсақалдардың осындай еңбегі Ехобаның сүйіспеншілікке толы қамқорлығы мен Иса Мәсіхтің белсенді басшылығын паш етеді. Адасқан немесе жоғалып кеткен қойлардың қамын ойлаудың үлгісін Исаның өзі көрсетіп кеткен болатын (Мат. 18:12—14; Жох. 10:16, 27—29).
4 Бақташылар жариялаушылардың рухани әлсірей бастағандығының алғашқы белгілерін көре білуге тырысады. Еңсесі түскен, қауым кездесулеріне келмей қалып жүрген немесе уағыздау қызметіне аз уақыт бөле бастаған әркім рухани көмекке мұқтаж болса керек. Сондай-ақ ақсақалдар осы дүниелік киім кию үлгісі мен сырт көрініске еліктей бастаған немесе қауымның іс-әрекетіне сын көзбен қарай бастаған әркімге де шын көңілмен көмектеседі. Жақсы көріп, шынайы ықылас білдіретін ақсақалдар олардың Ехобаға деген сүйіспеншіліктерін қайта оятуларына көмектесуге тырысып ‘жүректерін де жайып салады’ (1 Сал. 2:8).
5 Кейбір мәсіхшілер денсаулықтарына, күн көріске байланысты және отбасылық өмірдің қиындықтарының салдарынан рухани енжар күйге түсіп, қауыммен байланыстарын үзіп алған. Ақсақалдар оларды сынамай, керісінше мейірімділікпен, Ехоба өзінің қойларының барлығына да қамқорлық көрсетіп, қиналғанда қолдайтынын айтып, сенімдерін нығайтады (Заб. 54:23; 1 Пет. 5:7). Сезімтал бақташылар егер олар ‘Құдайға жақындаса, Оның да жақындайтынын’, сөйтіп оларды жұбатып, жігерлендіретінін түсінулеріне көмектеседі (Жақ. 4:8; Заб. 22:3, 4).
6 Әлсіздерді қолдау: Бақташылар сондай-ақ әдетте адамдардың арасында ескерусіз қалатындарға да қамқорлық көрсетеді. Барлық қауымдарда қарттар үйінде немесе өзге де түрлі емханаларда тұратын әлсіз бауырластар бар. Жағдайларына байланысты олар көп уағыздай алмайтыны түсінікті. Мүмкін олар өздеріне келген адамдарға, қасындағыларға және күтушілерге ғана куәлік ете алатын шығар. Сөйткенмен де, шамалары келгенше атқарған қызметтері, олардың дүниежүзілік уағыздау ісіне қосқан бағалы үлестері ретінде қарастырылады (Мат. 25:15).
7 “Адам кейпіндегі тартулар” әсіресе жылдың осы мезгілінде, яғни Еске алу кеші өтетін уақытта, бауырластардың рухани мұқтаждықтарына ерекше көңіл бөледі. Бұл ақсақалдар үшін адасқан бауырластарға қауымдағы жылы қарым-қатынастың қуанышы мен жан тыныштығын тағы да сезінулеріне көмектесу үшін ерекше күш салатын қандай қолайлы уақыт десеңдерші! Мұндай “сенімі бір” бауырластарымыздың бізбен бірге қауым жиналыстарына келіп, қызметке қатысып бостандық құрбандығына деген сенімдерін паш еткендерін көру барлығымызды да қуанышқа бөлейді (Ғал. 6:10; Лұқ. 15:4—7; Жох. 10:11, 14).