Отардан адасқандарға көмектесейік
“Жоғалған қойымды тауып алдым, қуанышыма ортақ болыңдар” (ЛҰҚА 15:6).
1. Исаның теңдесі жоқ Бағушы екенін қайдан білеміз?
ЕХОБАНЫҢ жалғыз Ұлы Иса Мәсіх — “сенушілер қауымының ұлы Бағушысы” (Евр. 13:20). Жазбаларда оның келетіні жайлы алдын ала айтылған, әрі Исраилдің ‘адасып кеткен қойларын’ табуға тырысқан теңдесі жоқ Бағушы болғаны көрсетілген (Мат. 2:1—6; 15:24). Оның үстіне, қойларын қорғау үшін өмірін қатерге тігуге дайын шопан сияқты, Иса қой тәрізді адамдар үшін жанын қиды. Осылай оларға төлем құрбандығының игілігін көруге мүмкіндік жасады (Жох. 10:11, 15; Жох. 1-х. 2:1, 2).
2. Неліктен кейбір мәсіхшілер қауыммен араласпай жүр?
2 Алайда, өкінішке қарай, Исаның құрбандығын бағалағандай болып, бір кездері өмірлерін Құдайға бағыштаған кейбір мәсіхшілер қауыммен араласпай жүр. Ұнжырғаның түсуі, денсаулықтың нашарлауы не басқа да жайттардың салдарынан олардың құлшыныстары бәсеңдеп, уағыздауды тоқтатқан. Алайда олар Құдайдың отарында болса ғана 22-ші Забур жырында Дәуіт айтып кеткен тыныштық пен бақытты сезіне алады. Мысалы, ол: “Жаратқан Ием — менің Бағушым, Мен еш нәрседен де тарықпаймын”,— деп жырлаған (Заб. 22:1). Құдайдың отарындағылар рухани жағынан еш тарықпайды, бірақ адасқан қойлар жайлы бұлай дей алмаймыз. Оларға кім және қалай көмектесе алады? Отарға қайтуларына жәрдемдесу үшін нақты не істеуге болады?
Кім көмектесе алады?
3. Құдай отарынан жоғалған қойларды құтқару үшін не қажет екенін Иса қалай көрсеткен?
3 Құдай отарынан жоғалған қойларды құтқару үшін көп күш салу қажет (Заб. 99:3). Мұны Иса келесідей мысалмен көрсеткен: “Егер біреудің жүз қойы болып, солардың бірі адасып кетсе, ол тоқсан тоғыз қойын қырат басында қалдырып, адасып кеткенін іздеп шықпай ма? Сендерге шындығын айтайын: оны тапса, адаспаған тоқсан тоғызынан гөрі, табылған оған көбірек қуанады! Дәл сол сияқты, көктегі Әкелерің де осы кішкенелердің ешқайсысының адасып, тозаққа түсуін қаламайды!” (Мат. 18:12—14). Отардан адасып қалған қой іспетті адамдарға кім көмектесе алады?
4, 5. Ақсақалдар Құдайдың отарына қалай қараулары керек?
4 Егер мәсіхші ақсақалдар адасқан қойларға көмектескісі келсе, Құдай отарының Ехобаға бағышталған адамдардан тұратын қауым, яғни Құдайдың бағып жатқан аса бағалы қойлары, екенін ұмытпаулары керек (Заб. 78:13). Мұндай бағалы қойлар қамқорлыққа мұқтаж, сондықтан сүйіспеншілікке толы бағушылар әрқайсысына жеке көңіл бөлуі қажет. Осы орайда, достық пейілмен жасалған бақташылық сапардың пайдасы зор. Ақсақалдың сүйіспеншілікпен жігерлендіргені оларды рухани нығайтып, отарға қайтуға деген ықыласын арттыруы мүмкін (Қор. 1-х. 8:1).
5 Құдай отарының бағушылары адасқан қойларды іздеп тауып, оларға көмектесуге міндетті. Елші Пауыл ежелгі Ефестегі мәсіхші ақсақалдарға отарды бағу жауапкершіліктерін естеріне салып, былай деген: “Киелі Рух өздеріңді бақылаушы етіп қойған барлық рухани “отарды” бағып, Құдай өз Ұлының қанымен меншігіне алған қауымына бақташы болып жүргейсіңдер!” (Ел. іс. 20:28 сілт.). Елші Петір де майланған қауым жетекшілерін былай деп шақырған: “Құдайдың өздеріңе сеніп тапсырған рухани “отарын” (яғни қауымын) қамқорлап бағыңдар! Мұны лажсыздан емес, шын көңілден, Құдайдың еркіне сай орындап, ашкөз пайдақорлықпен емес, адал ынта-жігермен істей беріңдер. Тәңірдің меншікті қауымдарына өктемдік жүргізбей, қайта, рухани “отарға” үлгі-өнеге болыңдар!” (Пет. 1-х. 5:1—3).
6. Құдайдың қойлары бағушылардың қамқорлығына неге әсіресе бүгінде мұқтаж?
6 Мәсіхші бағушылар “ізгі Бағушы” Исаға еліктеулері керек (Жох. 10:11). Исаны Құдай қойларының қамы қатты ойландырған, сондықтан ол Шимон Петірге: “Қойларымды бағып жүр!”— деуімен оларды қамқорлаудың маңыздылығына баса назар аударған (Жохан 21:15—17 оқы). Осындай қамқорлық әсіресе бүгінде қажет, өйткені Ібіліс Құдайға бағышталғандарды мінсіздігінен тайдыру үшін ерекше күш салуда. Ол тәннің әлсіздігі мен осы дүниені қолданып, Ехобаның қойларын күнәкар істерге итермелеуге тырысады (Жох. 1-х. 2:15—17; 5:19). Қауыммен байланысын үзгендер әсіресе әлсіз, сол себепті “Киелі Рухпен өмір сүріңдер” деген кеңеске сай әрекет ету үшін көмекке мұқтаж (Ғал. 5:16—21, 25). Мұндай қойларға көмектесу үшін, дұға арқылы Құдайға арқа сүйеу, киелі рухтың басшылығына жүгіну және оның Сөзін шебер қолдана білу керек (Нақ. с. 3:5, 6; Лұқа 11:13; Евр. 4:12).
7. Ақсақалдардың өз қарауындағы қой іспетті адамдарды қамқорлағаны қаншалықты маңызды?
7 Ежелгі Исраилде шопанның қой бағатын басы иілген ұзын таяғы болған. Қойлар қораға кіргенде не шыққанда, шопан оларды ‘таяғының астынан өткізіп’ санайтын (Леуі. 27:32; Миха 2:12; 7:14). Осы іспетті, мәсіхші бағушылар қарауындағы Құдайдың отарын жақсы білуі және қадағалауы қажет (Нақыл сөздер 27:23 салыстыр). Сондықтан отарды бағу ісі — ақсақалдар кеңесі қарастыратын маңызды мәселелердің бірі. Бұған адасқан қойларға көмектесу шараларын ұйымдастыру жатады. Ехобаның өзі қойларын іздеп, қажетті қамқорлық жасайтынын айтқан (Езек. 34:11). Сол себепті ақсақалдар адасқан қойларды отарға қайтару үшін осындай қадамдар жасағанда, бұған Ехоба қуанады.
8. Ақсақалдар адасқан қойға қалай жеке көңіл бөле алады?
8 Ақсақал науқастанып қалған бауырластың көңілін сұрап келгенде, ол қуанып, жігерленіп қалады. Рухани жағынан ауырған бауырлас та өзіне жеке көңіл бөлінгенде, осындай сезімде болуы мүмкін. Мұндай бауырласпен ақсақалдар, мысалы, Жазбаларды оқуына, қандай да бір мақаланы қайталауына, кездесуде айтылған маңызды ойларды талқылауына және бірге дұға айтуына болады. Сондай-ақ бауырластар оны қауым кездесулерінде көруге қуанатынын айтса болады (Жақ. 5:13—15; Қор. 2-х. 1:3—7). Үйіне кіріп-шығудың, телефон шалудың не хат жазудың да пайдасы зор. Отардан бөлініп қалған қойға жеке көмек бергені жанашыр ақсақалдың өзін де қуанышқа бөлейді.
Бірігіп көмектесу
9, 10. Неге отардан адасқандардың қамын ойлау тек ақсақалдармен ғана шектелмейді?
9 Біз қиын-қыстау әрі қарбалас кезде өмір сүріп жатқандықтан, бауырласымыздың қауымнан “ауытқып” бара жатқанын байқамай қалуымыз мүмкін (Евр. 2:1). Ехоба үшін қойлары аса қымбат. Адам денесінің әрбір мүшесі сияқты, олардың әрқайсысы да бағалы. Демек, барлығымыз да бауырластарымызға көңіл бөліп, шын жүректен қамдарын ойлауымыз қажет (Қор. 1-х. 12:25). Сенің көзқарасың осындай ма?
10 Адасқан қойларды іздеп тауып, көмек көрсетуде ақсақалдар басшылық алғанымен, басқалар да олармен қызметтесіп, бұл іске атсалыса алады. Біз отардан адасқан бауырластарға қайту үшін жігер мен рухани көмек бере аламыз және беруіміз керек те. Бұны қалай істей аламыз?
11, 12. Көмекке мұқтаж бауырласқа жәрдемдесу үшін қандай ерекше мүмкіндік берілуі мүмкін?
11 Кейде ақсақалдар тәжірибелі жариялаушыларға көмек сұраған осындай адамдармен Киелі кітап зерттеу сабағын өткізуді тапсыруы мүмкін. Мұның мақсаты — олардың ‘алғашқы сенген кездегі сүйіспеншілігін’ қайта ояту (Аян 2:1, 4). Бұндай бауырластарды қауымда болмаған кездерінде қарастырылған мәліметтермен бөлісу арқылы рухани нығайтуға болады.
12 Егер ақсақалдар саған рухани көмекке мұқтаж бауырласпен зерттеу сабағын өткізуді тапсырса, басшылық пен бата сұрап Ехобаға дұға ет. Киелі кітапта: “Жаратқанға сеніп тапсыр бар ісіңді, Сонда құрған жоспарың болар өнімді”,— делінген (Нақ. с. 16:3). Зерттеу барысында талқылағың келетін сенімді нығайтатын ойлар мен Киелі кітап тармақтарының үстінен ой жүгірт. Елші Пауылдың керемет үлгісі жайында ойлан (Римдіктерге 1:11, 12 оқы). Пауыл Римдегі мәсіхшілерді нығайту үшін рухани дарындарымен бөліскісі келіп, олармен көрісуді қатты аңсаған. Сондай-ақ өзі де олардан жігер алғысы келген. Құдайдың отарынан адасқан қойларға көмектескіміз келгенде, біз де осындай көзқарас танытуымыз керек емес пе?
13. Талқылау кезінде не жайында сөйлесуге болады?
13 Талқылау кезінде одан шындықты қалай білгені жөнінде сұрауыңа болады. Сондай-ақ бұрынғы кездегі қуанышын есіне түсіру үшін, қауым кездесулерінде, уағыздау қызметінде және конгрестерде басынан өткен қызық оқиғаларды айтып беруге шақыр. Егер Ехобаға бірге қызмет еткен болсаңдар, сол қуанышты кезең жайында сөйлесіңдер. Ехобаға жақындаудың сен үшін қандай бақыт екенін айтып бер (Жақ. 4:8). Құдайдың бізге өз халқы ретінде түрлі жолдармен, әсіресе қиын-қыстау кездерде жұбаныш пен үміт беріп, қамқорлық көрсетіп жатқанына ризашылығыңды білдір (Рим. 15:4; Қор. 2-х. 1:3, 4).
14, 15. Рухани әлсірегендердің естеріне қандай баталарды түсіру пайдалы болады?
14 Рухани әлсіреген бауырласқа қауыммен тығыз араласқан кезінде ие болған кейбір баталарын есіне салу пайдалы болар. Мысалы, Құдай Сөзі мен Оның ниеттері жайлы білімі артқан (Нақ. с. 4:18). Сонымен қатар ‘Киелі Рухтың жетекшілігімен өмір сүргенде’, азғыруларға төтеп беру әлдеқайда жеңіл болған (Ғал. 5:22—26). Нәтижесінде таза ар-ұжданға ие болып, Ехобаға дұға айта алған және жүрек пен ой-сананы сақтайтын адам ақылынан асқан Құдайдың тыныштығына ие болған (Філіп. 4:6, 7). Осы жайттарды есіңде ұста, рухани бауырласыңа шын жүректен қызығушылық білдір және оны сүйіспеншілікпен отарға қайта оралуға шақыр (Філіпіліктерге 2:4 оқы).
15 Сен рухани әлсіреп қалған ерлі-зайыптыға бақташылық сапармен барғалы жатқан ақсақалсың делік. Оларға қалай көмектесе аласың? Құдай Сөзіндегі шындықты алғаш білген кезі жайлы ойлануға талпындырсаң болады. Кезінде шындық керемет әрі қисынды болып, оларды қанағатқа бөлеп және рухани азаттыққа жеткізбеп пе еді?! (Жох. 8:32). Ехоба жайында, оның сүйіспеншілігі мен тамаша ниеттері жайында білгенде, жүректері ризашылыққа толмап па еді?! (Лұқа 24:32 салыстыр). Құдайға бағышталған мәсіхшілердің Ехобамен тығыз қарым-қатынасы әрі дұға ету мәртебесі бар екенін де естеріне сал. Оларды ‘мадақталуға тиісті Құдайдың ұлы Ізгі хабарына’ сай әрекет етуге қайтадан кірісуге шын көңілмен талпындыр (Тім. 1-х. 1:11).
Оларға сүйіспеншілік таныта беріңдер
16. Рухани көмектің шын мәнінде пайдалы екенін көрсететін мысал айтып беріңдер.
16 Айтылған осы кеңестер шынымен көмектесе ме? Әрине. Мысалы, 12 жасында Патшалықтың жариялаушысы болған бір бауырлас 3 жылдан кейін уағыздау қызметіне қатысуды доғарады. Алайда кейінірек қайтадан қызметке қатысып, 30 жылдан аса уақыт бойы толық уақытты қызмет етеді. Оның рухани сауығуы, негізінен, бір мәсіхші ақсақалдың арқасында еді. Ол өзіне осындай рухани көмек көрсетілгеніне өте риза.
17, 18. Құдайдың отарынан адасқан бауырласқа көмектесу үшін қандай қасиеттер қажет?
17 Мәсіхшілерді қауыммен байланысын үзген адамдардың қайтып оралуына көмектесуге сүйіспеншілік талпындырады. Иса ізбасарларына былай деген: “Сендерге бір жаңа өсиет айтамын: біріңді бірің жақсы көріңдер! Мен өздеріңді сүйгендей, сендер де бір-біріңді сүйіңдер! Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады” (Жох. 13:34, 35). Иә, сүйіспеншілік — шынайы мәсіхшілерді ерекшелендіретін белгі. Олай болса, шомылдыру рәсімінен өткен, алайда қауыммен байланысын үзген мәсіхшілерге осындай сүйіспеншілік көрсету керек емес пе? Әрине, көрсету керек! Бірақ оларға қажетті көмек беру үшін Құдайға ұнамды түрлі қасиеттер таныту қажет.
18 Құдайдың отарынан адасқан бауырласқа көмектескің келсе, саған қандай қасиеттер таныту қажет болуы мүмкін? Бәлкім, сүйіспеншілікпен қатар жанашырлық, мейірімділік, ілтипаттылық пен сабырлық қажет болар. Кейбір жағдайда кешірімді болу да керек. Пауыл: “Ұдайы жанашыр, мейірімді, кіші пейіл, ілтипатты, сабырлы болып, осы қасиеттерге бөленіңдер! Өзара төзімді болыңдар, егер қайсыбіреуіңе реніш сақтап, тағатын кінәларың болса, кешірімді болыңдар: сендерді Иеміз Мәсіх қалай кешірсе, сендер де солай етіңдер! Барлық қасиеттердің бастысы ретінде сүйіспеншілікке бөленіңдер, ол бәріңді толықтай біріктіреді”,— деп жазған (Қол. 3:12—14).
19. Қой іспетті адамдарға мәсіхшілердің отарына қайта оралуға көмектесу неліктен маңызды?
19 Келесі мақалада кейбіреулердің Құдай отарынан неліктен адасып кететіні қарастырылады. Сондай-ақ қауымдағылар оларды қалай қарсы алатыны сөз етіледі. Келесі мақаланы зерттегенде және осы мақаланың үстінен ой жүгірткенде, қой іспетті адамдардың отарға оралуына көмектесу үшін жасаған кез келген әрекетің бекер болмайтынына сенімді бол. Осы дүниеде көптеген адамдар бар өмірін байлық жинауға жұмсайды, бірақ бір адамның өмірі бүкіл дүниенің байлығынан әлдеқайда құнды. Иса жоғалған қой жайлы мысалында бұған айрықша көңіл бөлген (Мат. 18:12—14). Олай болса, Ехоба бағалайтын қой іспетті адамдардың отарға қайтуына шын жүректен әрі шұғыл түрде көмектесу керек болғанда, осыны есіңде ұста.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Отардан адасқан қой іспетті адамдарға қатысты мәсіхші бағушылардың қандай жауапкершілігі бар?
• Қауыммен байланысын үзген бауырластарға қалай көмектесе аласың?
• Отардан адасқандарға көмектесу үшін қандай қасиеттер қажет?
[10-беттегі сурет]
Мәсіхші бағушылар Құдайдың отарынан адасқандарға сүйіспеншілікпен көмектесуге тырысады