Мәңгілік өмірге алып баратын білімді тарат
1 Көп адамның жақыны қайтыс болғандықтан, қайта тірілу туралы тақырыпты қозғауыңа болады:
◼ “Көбіміздің жақынымыз қайтыс болған. Қалай ойлайсыз, сол адамдарды қайта көре аламыз ба? [Жауабын күт.] Бастапқыда Құдай адамдарды өлу үшін жаратпаған. Иса жақындарымыздың қайтадан өмірге келуі мүмкін екенін дәлелдеген. [Жохан 11:11, 25, 44-ті оқы.] Бұл оқиға бірнеше ғасыр бұрын болғанымен, бұдан Құдайдың бізге нені уәде еткенін көреміз. [“Білім” кітабының 85-бетін аш та, суреттің үстіндегі сөздерді оқып бер. Одан соң 86-беттегі суретті түсіндір.] Егер қайта тірілуге қатысты жұбаныш беретін үміт туралы көбірек білгіңіз келсе, осы кітапты сізге қуана-қуана қалдырамын”.
2 Өткен жолы қайта тірілу туралы әңгімелескен болсаңдар, бұл жолы әңгімеңді былай бастауыңа болады:
◼ “Есіңізде болса, бастапқыда Құдай адамдарды өлу үшін жаратпағанын айтқан болатынмын. Олай болса, адамдар неге қартаяды және өледі? Тасбақалардың кейбір түрлері жүз жылдан аса өмір сүреді және мыңдаған жыл өмір сүріп келе жатқан ағаштар да бар. Неге адамдар бар болғаны 70-80 жыл ғана өмір сүреді? [Жауабын күт.] Алғашқы адам жұбы Құдайды тыңдамағандықтан, біз өлетін болдық”. [Римдіктерге 5:12-ні оқып бер. Білім кітабының 53-бетін аш та, тараудың тақырыбын оқы. Келтірілген сұрақтарға жауап беретін басты ойларға назар аудара отырып, алғашқы үш абзацты талқыла. Тараудағы басқа да ойларды талқылау үшін тағы да кездесуге келіс. Үй иесін келесі кездескенге дейін тарауды толық оқып шығуға талпындыр.]
3 Егер адамның Құдайға сенетінін байқасаң, былай деуіңе болады:
◼ “Бүгінде неше түрлі діндер көп. Олардың әрқайсысы әр түрлі нәрсені үйретеді. Кейбіреулердің айтуынша, діндердің бәрі де жақсы және адам неге сенемін десе де өз еркі. Ал сіз қалай ойлайсыз? [Жауабын күт.] Иса бір ғана шынайы дін болу керек екенін үйреткен және ғибадат етудің басқа түрлерін Құдай қабыл алмайтынын көрсеткен. [Матай 7:21—23 оқы.] Егер Құдайға ұнағымыз келсе, біз оның еркіне сай ғибадат етуіміз керек”. [“Білім” кітабының 5-тарауын ашып, тақырыбын оқы және тараудағы кейбір тақырыпшаларды көрсет. Бұл мәліметте Құдайға қалай жағуға болатыны жайында айтылғанын түсіндір. Оқитын болса, үй иесіне кітапты қалдырғың келетінін айт және дүниежүзілік уағыздау ісіне арналған садақаны қабыл алатыныңды да ескере кет.]
4 Егер балалары бар адамды кездестірсең, келесі ұсыныс тиімді болатын шығар:
◼ “Жастардың тәртіпсіз болып кеткенін күнде естіп жатырмыз, оларға құлықтылық принциптерінің бәрі жат сияқты. Кейбіреулер білім беру жүйесі балаларды жақсылық пен жамандықты айыруға үйретпейтінін айтып, мектепті айыптайды. Қалай ойлайсыз, мұндай тәрбиені балаларға кім беру керек? [Жауабын күт.] Киелі кітаптың бұған қалай жауап беретініне назар аударыңызшы. [Ефестіктерге 6:4-ті оқы.] Мұнда балаларға құлықтылық принциптерін ата-аналар үйретулері керек екені айтылған”. [“Білім” кітабының 145-бетін аш та, 16-абзацты оқып бер және 147-беттегі суретті түсіндір. Бұл кітап бүкіл отбасымен бірге зерттеуге арналғанын айт. 146-беттегі 17, 18-абзацтарды қолдана отырып, отбасымен бірге қалай зерттеуге болатынын көрсеткің келетінін айт.]
5 Алғаш барғанда балалары бар және отбасындағы қиыншылықтарға немқұрайды қарамайтын адаммен зерттеу сабағын бастаған болсаң, қайта барғанда зерттеуді келесі сөздермен жалғастыруыңа болады:
◼ “Бүгінгі дүниеде балаларымызды азғыратын нәрсе өте көп. Сол себептен де олардың Құдайды қастерлейтін адам етіп өсіру өте қиын. Есіңізде болса, өткен жолы біз екі принцип жайында сөйлескен болатынбыз. Құдайды қастерлейтін ата-аналар ретінде балаларымызға жақсы үлгі көрсетуіміз керек, сондай-ақ оларға сүйіспеншілігімізді білдіруіміз керек. Киелі кітапта ата-аналар балаларға басқа да нәрсе берулері керек екені айтылған”. [Нақыл сөздер 1:8-ді оқы. “Білім” кітабының 148-бетін аш та, 19—23 абзацтар бойынша зерттеуді жалғастыр. Оған келесі жолы 1-тараудан бастап бүкіл отбасымен бірге зерттеуді бастауды ұсын.]
6 Адамдардың көбісі жерде мәңгі өмір сүруге болатынын бұрын-соңды естімегендіктен, келесі ұсыныс оларды қызықтыруы мүмкін:
◼ “Біз көршілеріміздің ойын біліп жүрміз. Егер сізді мынадай жағдайда мәңгі өмір сүруге шақырса, бұған келісер ме едіңіз? [“Білім” кітабының 4, 5-беттеріндегі суретті көрсет. Жауабын күт.] Сіздің осындай жағдайда өмір сүретін мүмкіндігіңіз бар. Бірақ қалай ойлайсыз, ол үшін не істеу керек? [Жауабын күт.] Бұл туралы Жохан 17:3-те не айтылғанын қараңызшы. [Оқып бер.] Мына кітап арқылы көп адам осы ерекше білімді алып жатыр. Осы кітаптың біреуін алып, оқығыңыз келе ме? [Жауабын күт.] Келесі жолы неге осында, жерде, мәңгі өмір сүре алатынымызға сенуге болатыны жөнінде әңгімелесуімізге болады”.
7 Жохан 17:3-тегі сөздерді оқып берген адамдарға қайта барғаныңда, әңгімеңді былай жалғастыруыңа болады:
◼ “Өткен жолы мен сізге Жохан 17:3-тегі керемет сөздерді оқып берген едім, онда Иса Мәсіх Құдай мен өзі туралы білімнің мәңгілік өмірге жеткізетінін айтқан. Бірақ көп адам жақсы өмір көкте ғана деп ойлайды. Ал сіз қалай ойлайсыз? [Жауабын күт.] Өткенде мен қалдырып кеткен кітап оңай жерде тұрса, оның ішінен жұмақтың жерде қайта орнайтынын дәлелдейтін тармақтарды көрсетейін деп едім. [“Білім” кітабының 9, 10-беттеріндегі 11—16 дейінгі абзацтарды талқылаңдар.] Келесі жолы Киелі кітаптың осы уәделеріне неге сенім артуымызға болатынын көрсетуге қуанышты боламын. Бұл туралы білгіңіз келсе, кітаптың 2-тарауында жазылған”.
8 Жиі тікелей жасалған ұсыныс Киелі кітап зерттеу сабағына ұласып жатады. Мысалы, “Киелі кітап тақырыбына әңгіме бастап, оны жалғастырудың жолдары” (ор.) кітапшасының 3-бетінде келесі ұсыныс жазылған:
◼ “Мен Киелі кітаптан білім алғысы келгендерге тегін сабақ беремін. Бүгінде 200-ге жуық елде осындай сабақтардың отбасыларында қалай өткізілетінін қысқаша көрсетуіме бола ма? Мысал ретінде мына тізімдегі кез келген тақырыпты таңдауыңызға болады. [“Білім” кітабының мазмұнын көрсет.] Осы тақырыптардың қайсысы сізді көбірек қызықтырады?” Ол таңдағанша күте тұр. Ол көрсеткен тарауды аш та, бірінші абзацтан бастап, зерттеу сабағын жүргізе бер.
9 Зерттеу сабағын бастау үшін, кейде тікелей ұсыныс жасауға болады:
◼ “Мен тегін Киелі кітап сабағын беремін. Біз Киелі кітапқа негізделген мына әдебиетті қолданамыз. [“Білім” кітабын көрсет.] Бірнеше айлық курсты өткенде, Құдай неге қайғы-қасіретке жол береді? Неге біз қартаямыз және өлеміз? Өмірден өткен сүйіктілермен не болады? Құдайға қалай жақындауға болады? деген сияқты сұрақтардың жауаптарын алуға болады”. Одан соң: “Зерттеу сабағының қалай өтетінін көрсетсем қалай қарайсыз?”— деп сұра. Егер ол ұсынысыңды қабыл алмаса, “Білім” кітабын өз бетінше оқуға алғысы келе ме, соны сұра. Оқуға уәде берсе, кітапты қалдыр.