Сауалдар жәшігі
◼ Бауырластар арасында медициналық қызмет көрсету немесе кеңестер беру сияқты мәселелерде жеке мәліметтер таратқан дұрыс па?
Елші Пауыл мәсіхшілердің қауымы ‘шындықты тірек, таяныш секілді жоғары көтеріп ұстайтынын’ жазған (1 Тім. 3:15). Қауым, Патшалық Сарайында не басқа жерлерде ұйымдастырылған арнайы кездесулер, яки басылымдар, үнтаспалар мен бейнетаспалар арқылы жеке мәліметтер тарату үшін құрылмаған.
“Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарында әр түрлі ауруларға және қан туралы Құдай заңына мойынсұнуға қатысты керемет мақалалар басылып шығады. Сондай-ақ онда әр түрлі фобия, жан күйзелісі, тағы басқа да эмоциялық проблемалар жайлы Киелі кітапқа негізделген мақалалар бар. Бұл мақалалардың мақсаты — мәлімет ұсыну. Бірақ олар белгілі бір диагностика түрлерін, емдеу тәсілдерін жарнамаламайды, дәрігерлер мен кеңес берушілердің немесе емдеу орталықтарының көмегін ұсынбайды, өйткені бұл жайттарға қатысты әр адам жеке өзі шешім қабылдау керек. (g02 8.4. 21-бет, сілтеме, ор., қара.)
Ехоба Куәгерлері әжептәуір көп болғандықтан, кейбір адамдар, оның ішінде бауырластарымыз да бар, өз бизнестерін өркендету үшін немесе жеке көзқарастарын тарату үшін Куәгерлерге арналған арнайы мақалалар, брошюралар және үнтаспалар мен бейнетаспалар шығаратын болып жүр. Әрине, бұл мәліметтер қызықты әрі маңызды болуы мүмкін, бірақ олар қандай мақсатпен таратылуда? Жаңа сатып алушылар мен тұтынушылар табу үшін. Бұл мәліметтер ақша табу үшін таратылмаған күннің өзінде, онда Жазба орындары келтіріліп, былайша айтқанда, “теократиялық тілмен” берілген біреудің жеке көзқарасы болуы мүмкін. Мұндай мәліметтерді кім дайындаса да, Куәгер ме, жоқ па, ондағы көзқарастар ақсақалдардың Киелі кітапқа негізделген басшылығына сай бола бермейді. Олар адам пәлсапасына немесе осы дүниелік қарапайым ережелерге негізделген (Қол. 2:8, сілтемені қара; 1 Тім. 6:20).
Бауырластар мұндай мәліметтерді бір-біріне таза көңілмен таратады, алайда нәтижесінде қиыншылықтар мен түсініспеушіліктер пайда болып жатады. Барлығымыз мұндай қиыншылықтардан қашық болуымыз керек, әсіресе ‘адал да ақылды құлмен’ қызметтесіп және өзгелерге басшылық беріп жүрген ақсақалдар солай етулері қажет (Мат. 24:45, ЖД). Бауырластардың арасында осындай мәліметтер таратып, біреудің бизнесінің өркендеуіне немесе идеялары мен көзқарастарының таралуына ықпал ету орынсыз. (w94 15.12. 18-бет, ор.; km 7/00 1-бет, ор., қара.)