Іскерлер аумағында қалай уағыздауға болады?
1. Іскерлер аумағында куәлік етудің қандай артықшылықтары бар?
1 Әдетте келіп-кетушілерді жылы қарсы алатын және адамдарды әрдайым кездестіруге болатын жерлерде уағыздағың келер ме еді? Мұндай жерді тіпті өз қауымыңның аумағынан табуға болады. Қалайша? Қауым аумағындағы сауда орталықтарында, фирмалар мен мекемелерде уағыздауыңа болады. Осындай жерлерде куәлік етіп жүрген жариялаушылар жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.
2. Іскерлер аумағында уағыздау қызметін қалай ұйымдастыруға болады?
2 Кейбір қауымдардың тағайындалған аумақтарына іскерлер аудандары да кіреді. Учаскеге жауапты бауырлас тек іскерлер аумағы белгіленген арнайы карточкалар дайындап қоюына болады. Ал егер тұрғын үйлері бар учаскеде іскерлер аумағы да бар болса, іскерлер аумағы бұл учаскеге жатпайтынын карточкаға анық белгілеп қою керек. Басқа аумақтарда тұрғын үйлерде де, іскерлер аумағында да уағыздай беруге болады. Егер іскерлер аумағында ешқашан уағыздамаған болсаң, онда кішігірім дүкендерден бастауыңа болады.
3. Іскерлер аумағында уағыз айтқанда, нәтижелі болуымызға не көмектеседі?
3 Қарапайым ұсыныстар қолдан. Дүкендерде уағыз айтқанда, қауым кездесулеріне киінген сияқты киінудің маңызы зор. Сондай-ақ тұтынушылар аз болған уақытта уағыздаған дұрыс. Мүмкін болса, дүкенде кезек жоқ кезде кір. Дүкеннің иесін немесе меңгерушісін сұра. Қысқа да нұсқа етіп сөйле. Әңгімені қалай бастауға болады?
4—6. Дүкеннің иесіне немесе меңгерушісіне не айтуға болады?
4 Дүкеннің иесімен немесе сатушысымен сөйлескенде, былай деуіңе болады: “Әдетте іскер адамдардың жұмыстан қолдары босамай жатады, оларды үйлерінде кездестіру қиын, сондықтан сіздің жұмыс орныңызға келіп тұрмыз. Біздің журналдарда болып жатқан оқиғалар туралы және адамзатты болашақта не күтіп тұрғаны жайлы айтылады”. Содан кейін журналдағы қысқаша бір ойға назар аудар.
5 Немесе былай бастасаң болады: “Көп адам Киелі кітап жайлы көбірек білгілері келеді, бірақ уақыттары жетпейді. Мына трактатта Киелі кітапқа қатысты сұрақтарыңызға жауаптар табуға көмектесетін тегін зерттеу сабағы жайлы айтылған”. Содан кейін “Киелі кітап туралы көбірек білгіңіз келе ме?” трактатының 4, 5-беттеріне назар аудар.
6 Адам бос болмаса, онда жай трактат ұсынып, былай десең болады: “Қолыңыз сәл босаған кезде жолығармын. Сол кезде мына трактат жайлы ойыңызды білейін деп едім”.
7. Іскерлер аумағында адамдардың танытқан қызығушылықтарын қалай арттыруға болады?
7 Адамдардың қызығушылығын арттырамыз. Сен іскерлер аумағында Киелі кітапты зерттеу сабағын да өткізе алатын шығарсың. Бір арнайы ізашар іскер адамға үнемі журналдар әкеліп тұратын. Ол кісі ризашылығын білдіргенде, ізашар “Құдай талап етеді” брошюрасын қолданып, Киелі кітапты зерттеу сабағы қалай өтетінін көрсетеді. Зерттеу сабағы тура жұмыс орнында басталды. Жағдайға бейімделе отырып, ізашар сабақты 10 немесе 15 минут шамасында өткізетін. Біз де іскерлер аумағында лайықты адамдарды іздестіре берейік.