Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w13 15.1. 7—11 бет.
  • Батыл бол, Ехоба саған жар болады!

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Батыл бол, Ехоба саған жар болады!
  • 2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • ЕХОБА ЕШУАМЕН БІРГЕ БОЛДЫ
  • ӨМІРІМІЗДІ ТАБЫСТЫ ЕТУДІҢ ЖОЛЫ
  • ОЛАР ЕХОБАНЫҢ ЕРКІН БАТЫЛ ОРЫНДАДЫ
  • КӨБІСІ БАСТАРЫН ҚАТЕРГЕ ТІКТІ
  • ЕХОБА ЖАР БОЛАТЫНЫН ҰМЫТПА!
  • “Қайратты да батыл бол!”
    2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • “Батыл да табанды болыңдар!”
    2003 жылғы Күзет мұнарасы Ехобаның Патшалығын жариялайды
  • Батыл болып, іске кірісейік!
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2017
  • Мені батыл етші
    Ехобаға қуана ән шырқайық!
Көбірек мәлімет
2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w13 15.1. 7—11 бет.

Батыл бол, Ехоба саған жар болады!

“Қайратты да батыл бол! Ехоба Құдайың саған жар болады” (ЕШУА 1:9 ЖД).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢ?

  • Сенімі мен батылдығын сақтап қалу үшін Ешуаға не істеу керек болды?

  • Батылдық танытқан адамдардың қайсысы саған әсіресе ұнайды?

  • Кімнің сенімі мен батылдығына еліктегеніміз уағыз ісін атқаруымызға көмектеседі?

1, 2. а) Қиындықтарға төзу үшін бізге қандай қасиеттер керек? ә) Сенім деген не? Мысалмен түсіндір.

ЕХОБАҒА қызмет ету бізді қуанышқа бөлейді. Дегенмен айналамыздағы адамдар кезігіп жатқан қиындықтарға біз де кезігеміз. Сондай-ақ біз “әділдік үшін қасірет шегуіміз” мүмкін (Пет. 1-х. 3:14; 5:8, 9; Қор. 1-х. 10:13). Осындай қиындықтарға төзу үшін бізге сенім мен батылдық қажет.

2 Сенім деген не? Елші Пауыл былай деп жазған: “Сенім дегеніміз — негіз бар болғандықтан, үміттенгеннің жүзеге асатынына берік сену және көрінбейтін нәрселердің шын мәнінде бар екенінің айқын дәлелін көру” (Евр. 11:1). Гректің “берік сену” деп аударылған сөз тіркесі ісқағаздарда қолданылатын, әрі адамның болашақта белгілі бір мүлікті иемденуге кепілдігі бар дегенді білдіретін. Сол сияқты Құдайдың болашаққа қатысты уәделері орындалатынына сеніміміз болғандықтан, бізде, былайша айтқанда, үмітіміз ақталатынына кепілдік құжаты бар. Біз Киелі кітаптағы уәделердің міндетті түрде орындалатынына және көзге көрінбейтін рухани нәрселердің бар екендігіне толықтай сенімдіміз.

3, 4. а) Батылдық деген не? ә) Сенімімізді нығайту үшін және батыл бола түсу үшін не істеуге болады?

3 Батылдық “қиындықтар мен қауіп-қатерге кезіккенде қорықпай сөйлеу мен әрекет ету үшін қажетті рухани, эмоциялық және моральдық күшті білдіреді” (“The New Interpreter’s Dictionary of the Bible”). Батыл болсақ, біз қайратты да өжетті, кейде тіпті ержүрек боламыз (Мар. 6:49, 50; Тім. 2-х. 1:7).

4 Сенім мен батылдық — қажетті қасиеттер. Ал егер біз көбірек сенімге мұқтаж болсақ, әрі батылдығымыз жетіспесе не істеуге болады? Киелі кітапта осы қасиеттерді танытқан мыңдаған адамдардың керемет мысалдары жазылған. Осы мысалдардың кейбірін қарастырғанымыз сенімімізді нығайтып, батыл бола түсуімізге көмектеседі.

ЕХОБА ЕШУАМЕН БІРГЕ БОЛДЫ

5. Ешуаға өзіне берілген тапсырманы атқара алу үшін не қажет еді?

5 Шамамен 35 ғасырға артқа оралайық. Ехоба құдіретті қолымен исраилдіктерді Мысыр құлдығынан азат еткеніне қырық жыл болды. Осы уақыттың бәрінде оларды Мұса бастап алып жүрді. 120 жасқа келгенде, Мұса Уәделі жерді алыстан ғана көріп, Небо тауының басында дүние салды. Енді оның орнын “Құдайдың даналық пен дарындар сыйлайтын Рухына” кенелген Ешуа басты (Заң. қ. 34:1—9). Жуырда исраилдіктер Қанахан жерін иемденуге аттанбақ. Халықтың көсемі ретінде табысты болу үшін Ешуаға Құдайдан келген даналық қажет болады. Сондай-ақ ол Ехобаға сенім танытып, қайратты да батыл болу керек (Заң. қ. 31:22, 23).

6. а) Ешуа 23:6-ға сай, не істеу үшін батылдық қажет? ә) Елшілердің істері 4:18—20 және Елшілердің істері 5:29-дан не нәрсеге үйренеміз?

6 Ұзақ жылдар бойы Қанахан жерін жаулап алу кезінде Ешуаның танытқан даналығы, батылдығы мен сенімі исраилдіктерді нығайтқан болса керек. Алайда шайқас кезінде ержүрек болумен қатар, исраилдіктерге Ешуаның келесі нұсқауына сай жүріп-тұру үшін де батылдық қажет еді. Ғұмырының соңында ол былай деген: “Сонымен өте берік болып Мұсаның Таурат кітабында жазылғандардың бәрін мұқият орындап, одан не оңға да, не солға да бұрылмаңдар!” (Ешуа 23:6). Бізге де Ехобаға әрдайым мойынсұну үшін батылдық керек. Адамдар Құдайдың еркіне қайшы әрекет етуге итермелегенде де бұл қасиет бізге аса қажет (Елшілердің істері 4:18—20; 5:29 оқы). Егер Ехобаға дұға етіп, оған арқа сүйесек, ол бізге батыл болуға көмектеседі.

ӨМІРІМІЗДІ ТАБЫСТЫ ЕТУДІҢ ЖОЛЫ

7. Батыл әрекет етіп, табысты болу үшін Ешуаға не істеу керек еді?

7 Құдайдың еркін батыл орындай алу үшін, біз оның Сөзін зерттеуіміз және өмірде қолдануымыз керек. Ешуа Мұсаның орнын басқанда, оған осылай ету бұйырылған: “Қайратты да өте батыл болып, қызметшім Мұса саған тапсырған барлық Таурат заңын сақтап берік ұстанатын бол!.. Осы Таурат заңы кітабында жазылғандардың бәрін сақтап, орындай алуың үшін оларды аузыңнан тастамай, күні-түні оқып, солар туралы ойланатын бол! Сонда ғана өркендеп табысты боласың” (Ешуа 1:7, 8). Ешуа осы нұсқауға құлақ асты да, “табысты болды”. Біз де осылай етер болсақ, қызметте анағұрлым батыл әрі табысты боламыз.

2013 жылдың мәтіні: “Қайратты да батыл бол! Ехоба Құдайың саған жар болады” (Ешуа 1:9)

8. 2013 жылғы мәтін қай жазба орнынан алынған және бұл сөздер саған қалай көмектеседі деп ойлайсың?

8 Ехобаның келесі сөздерін естігенде, Ешуа қатты жігерленген болса керек: “Қайратты да батыл бол! Еш нәрседен абыржып, қорқушы болма! Қайда барсаң да, Ехоба Құдайың саған жар болады” (Ешуа 1:9 ЖД). Ехоба бізге де жар болады. Ендеше, қандай қиындықтарға кезіксек те, “абыржып, қорқушы” болмайық. Келесі сөздерге әсіресе көңіл аударайық: “Қайратты да батыл бол! Ехоба Құдайың саған жар болады”. Ешуа 1:9-дан алынған бұл сөздер 2013 жылдың мәтіні ретінде таңдалған. Бұл сөздер және сенім мен батылдық танытқан өзге қызметшілердің сөздері мен істері бізді осы жылы нығайтатыны сөзсіз.

ОЛАР ЕХОБАНЫҢ ЕРКІН БАТЫЛ ОРЫНДАДЫ

9. Рахаб сенім мен батылдықты қалай танытты?

9 Ешуа Қанаханға екі барлаушыны жібергенде, Рахаб есімді жезөкше оларды жасырып, жауларына бұрыс жол сілтеді. Исраилдіктер Иерихон қаласын жойғанда, сеніммен және батылдықпен істеген істері үшін Рахабты және оның үй ішін аман алып қалды (Евр. 11:30, 31; Жақ. 2:25). Әрине, Ехобаға ұнамды болу үшін Рахаб азғын өмір салтын тастады. Мәсіхшілердің кейбіріне өмірлерін Құдайға ұнамды ету үшін, сенім, батылдық және моральдық күш қажет болды.

10. Шынайы ғибадаттың жағына шығарда Руттың жағдайы қандай болды және ол қандай баталарға кенелді?

10 Ешуаның өлімінен кейін моабтық Рут батылдық танытып, шынайы ғибадат жағына шықты. Исраилдіктің жесірі Руттың Ехоба туралы біраз білімі болған болса керек. Бір күні оның жесір қалған енесі Нағима Моаб елінен Исраилдегі Бетлехем қаласына оралуды шешеді. Жолда келе жатып, Нағима Рутқа төркініне қайтуды бұйырады, бірақ моабтық келіні оған былай деп жауап береді: “Сізді тастап, қайта оралуға мені қинай көрмеңіз... Сіздің халқыңыз менің халқым, сіздің Құдайыңыз менің Құдайым болады!” (Рут 1:16). Бұл бос сөз емес еді. Көп ұзамай Рут Нағиманың туысы Боғозға тұрмысқа шығып, ұл туады әрі Дәуіттің арғы әжесі болады. Ал кейін Дәуіттің әулетінен Иса Мәсіх шықты. Иә, Ехоба адамды сеніммен әрі батылдықпен жасаған әрекеттері үшін жарылқайды (Рут 2:12; 4:17—22; Мат. 1:1—6).

КӨБІСІ БАСТАРЫН ҚАТЕРГЕ ТІКТІ

11. Еходай мен Ехосабет қалай батылдық танытты және мұның нәтижесі қандай болды?

11 Патшалық пен бауырластардың мүддесін өздерінікінен жоғары қойған қызметшілер аз емес. Құдайдың оларға жар болғанын көргенде, біз батыл бола түсеміз, әрі сеніміміз нығаяды. Сондай қызметшілердің мысалын қарастырайық. Охозия патша қайтыс болған соң, анасы Аталия патша әулетінен тарағандардың барлығын дерлік мерт қылып, билікке келді. Ал бас діни қызметкер Еходай мен оның әйелі Ехосабет бастарын қатерге тіге отырып, Охозияның баласы Жоғасты аман алып қалды да, оны алты жыл бойы жасырып отырды. Жетінші жылы Еходай Жоғасты патша деп жариялап, Аталияны өлтіртті (Пат. 4-ж. 11:1—16). Кейіннен Еходай Жоғас патшаға ғибадатхананы жөндеу жұмыстарында қолғабыс етті. Еходай 130 жасында дүние салғанда, “Исраилге, Құдайға және Оның киелі үйіне жасаған ізгі қызметі үшін халық оның мәйітін... патшалар зиратындағы бір қабірге қойды” (Шеж. 2-ж. 24:15, 16). Еходай мен оның әйелі Ехосабеттің батыл әрекет еткендерінің арқасында Мәсіхке апаратын патшалар әулеті аман қалды.

12. Әбдімәлік қандай ерлік жасады?

12 Седекия патшаның нөкері Әбдімәлік Еремия үшін басын қатерге тікті. Яһуда уәзірлері Еремияға жалған айып тағып, түбі батпақ құдыққа тастайды (Ерм. 38:4—6). Сонда Әбдімәлік Седекиядан көпшілік жек көрген пайғамбарды босатуды сұрайды. Патша келісімін береді де, Әбдімәлікке 30 адам қосып, Еремияны құтқаруға жібереді. Кейіннен Ехоба пайғамбары арқылы Әбдімәлікті бабылдықтардың қолынан аман алып қалатынын уәде етеді (Ерм. 39:15—18). Иә, Құдай ісін батыл атқаратындар батасыз қалмайды.

13. Үш еврей жігіті қалай батылдық танытты және біз олардан қандай сабақ ала аламыз?

13 Б. з. б. жетінші ғасырда үш еврей жігіті сенім мен батылдық танытатындарды Ехобаның жарылқайтынын анық көрді. Набуходоносор патша Бабылдың барлық ақсүйектерін жинап, алтын жалатқан мүсінге тағзым етуді бұйырды. Кімде-кім олай етпесе, сол бірден лаулап жанып тұрған пешке тасталмақ еді. Үш еврей жігіті Набуходоносорға ілтипаттылықпен былай деді: “Уа, патша,.. Егер лаулап жанып тұрған пешке лақтырылсақ та, ғибадат етіп жүрген Құдайымыздың бізді құтқаруға құдіреті жетеді. Ол бізді сіздің қолыңыздан құтқаратын болады да! Тіпті солай болмаса да, мынаны біліп қойыңыз, уа тақсыр: сіздің тәңірлеріңізге ғибадат етпейміз де, орнатқан алтын мүсініңіз алдында иіліп тағзым етпейміз де!” (Дан. 3:16—18). Осы үш жігіттің керемет түрде құтқарылғаны Даниял 3:19—30 тармақтарда суреттелген. Сірә, бізге лаулап жанып тұрған пешке лақтырылу қаупі төнбейтін шығар. Дегенмен біздің де адалдығымыз сыналып жатады. Сондай кезде танытқан сеніміміз бен батылдығымыз үшін Құдайдың бізді жарылқайтынына сенімді болайық.

14. Даниял қалай батылдық танытты және мұның арты не болды?

14 Даниялдың дұшпандары Дарий патшаны “Кімде-кім отыз күндік мерзім ішінде өзіңізге емес,.. бір тәңірге не пендеге бас ұрып, өтініш жасаса, сол адам арыстандардың апанына тасталсын!” деген жарлық шығаруға талпындырды. Сонда Даниялға сенім мен батылдық таныту қажет болды. Ол патша жарлығы жазбаша шығарылып, бекітілгенін білсе де, “бұрынғыдай күніне үш рет үйінің жоғарғы бөлмесіне көтеріліп, Иерусалимге қарай ашық тұрған терезенің алдына баратын. Сол жерде ол бұрын да істегеніндей тізерлеп отырып, сиынатын Құдайына мінажат етіп, Оны мадақтауын жалғастыра берді” (Дан. 6:6—10). Ақыр аяғында, Даниял арыстандар қамалған апанға тасталды, бірақ Ехоба оны өлімнен құтқарды (Дан. 6:16—23).

15. а) Ақила мен Прискила қалай сенім мен батылдық танытты? ә) Исаның Жохан 13:34-те жазылған сөздері нені білдіреді және көптеген мәсіхшілер мұндай сүйіспеншілікті қалай танытқан?

15 Киелі кітапта Ақила мен Прискила Пауылдың “жаны үшін бастарын қатерге тіккені” айтылады (Ел. іс. 18:2; Рим. 16:3, 4). Олар батылдық танытып, Исаның: “Сендерге жаңа өсиет беріп отырмын: бір-біріңді сүйіңдер. Мен сендерді қалай сүйсем, сендер де бір-біріңді солай сүйіңдер”,— деген сөздеріне сай әрекет етті (Жох. 13:34). Мұса заңы да адамнан өзін қалай сүйсе, маңайыңдағы адамды да солай сүюді талап еткен (Леу. 19:18). Бірақ Иса өзі сияқты өзгелер үшін жанын беруге дайын болуға шақырды. Осы мағынада бұл “жаңа” өсиет еді. Көптеген мәсіхшілер осындай сүйіспеншілік танытқан. Олар “бастарын қатерге тігіп”, бауырластарын дұшпандарының тарапынан қатыгездік көруден, тіпті өлімнен сақтап қалған (Жоханның 1-хаты 3:16 оқы).

Алғашқы мәсіхшілер императорға ғибадат етуден бас тартқан

16, 17. Исаның алғашқы ізбасарларының сенімі қалай сыналды және бүгіндегі кейбір мәсіхшілердің бастарынан өткергендері жайлы не дей аламыз?

16 Исаға еліктеп, алғашқы мәсіхшілер жалғыз Ехобаға ғана ғибадат еткен (Мат. 4:8—10). Олар Рим императорына арналған хош иісті заттар түтетуден бас тартқан (Суретті қара). “От жанып тұрған құрбандық орны оларға қолайлы болу үшін әдетте аренаның ішінде орнатылатын,— деп жазды Дэниель П. Манникс.— Десе де мұны істеуге мәсіхшілердің азғантайы ғана келісті. Қамауға алынған адамнан бір шөкім хош иісті затты отқа тастау талап етілді. Сонда оларға Құрбандық құжаты берілетін де, олар бостандыққа шығатын. Сондай-ақ оларға императорға ғибадат етпейтіндерін, жай ғана Рим басшысының құдайлық болмысын мойындайтындарын жақсылап түсіндіретін. Алайда бостандыққа шығудың осы мүмкіндігін қолданған мәсіхшілер жоқтың қасы еді” (“Those About to Die”).

17 Нацистердің концлагерінде отырған мәсіхшілерге өлімнен аман қалып, бостандыққа ие болудың мүмкіндігі бірнеше рет ұсынылған еді. Олар Ехобадан бас тартамыз деген құжатқа қол қоюлары керек-тін. Алайда бұл құжатқа қол қойғандар кемде-кем болды. Ал Руандадағы геноцид кезінде тутси мен хуту тайпаларынан шыққан Куәгерлер бір-бірін қорғау үшін бастарын қатерге тіккен. Иә, осындай сынақтарда мәсіхшілерге батылдық пен сенім аса қажет.

ЕХОБА ЖАР БОЛАТЫНЫН ҰМЫТПА!

18, 19. Киелі кітаптағы қандай мысалдар уағыз ісін сеніммен және батыл атқаруымызға көмектеседі?

18 Біз Патшалық жайлы уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне атсалысып жатырмыз. Бұл — Құдайдың өз қызметшілеріне тапсырған ең үлкен іс (Мат. 24:14; 28:19, 20). Осы орайда Исаның керемет үлгісі үшін қалайша қуанамыз десеңші! Ол “қалалар мен ауылдарды аралап, Құдай патшалығы туралы ізгі хабарды жариялап жүрді” (Лұқа 8:1). Патшалық туралы уағыздау үшін бізге Исанікіндей сенім мен батылдық керек. Құдайдың көмегімен біз “әділдікті уағыздаушы Нұх” сияқты батыл бола аламыз. Ол “арсыздар дүниесіне” топан суда жойылатынын еш тайсалмай уағыздаған (Пет. 2-х. 2:4, 5).

19 Қызметімізді атқара алуымыз үшін дұға еткеніміз маңызды. Қуғын-сүргінге ұшыраған шәкірттер Құдай “сөзін батыл жариялай беруге күш дарытуын” сұрағанда, олардың дұғалары жауапсыз қалмады (Елшілердің істері 4:29—31 оқы). Егер үйме-үй уағыздаудан аздап қорқатын болсаң, Ехобаға сенім мен батылдық сұрап дұға ет. Ол саған міндетті түрде жауап береді (Забур 65:19, 20 оқы).a

20. Ехобаның қызметшілері ретінде бізде қандай көмек бар?

20 Сынақтарға толы осы зұлым дүниеде Құдайға ұнамды өмір сүру оңай емес. Бірақ біз жалғыз емеспіз, Құдай бізге жар. Оның Ұлы әрі қауымның Басы да бізбен бірге. Дүниежүзі бойынша 7 000 000-нан астам бауырласымыз бар. Олай болса, баршамыз сенім танытып, ізгі хабарды уағыздай берейік. 2013 жылдың келесідей мәтіні бізге зор көмек болатыны сөзсіз: “Қайратты да батыл бол! Ехоба Құдайың саған жар болады” (Ешуа 1:9 ЖД).

[Сілтеме]

a Батылдық танытқан адамдардың басқа да мысалдарын 2012 жылғы 15 ақпандағы “Күзет мұнарасындағы” “Қайратты да батыл бол!” деген мақаладан оқи аласың.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу