Еш нәрсенің сені Ехобадан алыстатуына жол берме!
“Кімге қызмет ететіндеріңді таңдап алыңдар” (ЕШУА 24:15).
1—3. а) Өмірде дұрыс таңдау жасауға қатысты неліктен Ешуа біз үшін жақсы үлгі? ә) Шешім қабылдау қажет болғанда нені ойда ұстауымыз керек?
АДАМНЫҢ қандай таңдаулар жасайтыны маңызды. Өйткені осылайша ол өміріне бағыт береді. Мысал үшін, бір адам соқпақ жолда келе жатыр делік. Кенет жол екіге айырылады. Ол қай жолды таңдайды? Егер ол белгілі бір жерге баруды мақсат еткен болса, ол содан алыстататын емес, соған апаратын жолды таңдайды емес пе?!
2 Киелі кітапта аталған көптеген адамдарға маңызды шешім қабылдау керек болған. Мәселен, Қабыл өз ашуына ерік бере ме, әлде оны жүгендей ме — соны шешуі керек еді (Жар. 4:6, 7). Ешуаға не шынайы Құдайға ғибадат етуді не пұттарға табынуды таңдау керек болған (Ешуа 24:15). Ешуаның мақсаты Ехобаға етене жақын болу еді, сондықтан ол осы мақсатына жеткізетін жолды таңдады. Ал Қабылдың ондай мақсаты болмағандықтан, ол Ехобадан алыстататын жолды таңдады.
3 Бізге де кейде маңызды шешімдер қабылдау керек болып жатады. Сондай кезде өзімізді жолайрықта тұрғандай сезінуіміз мүмкін. Егер солай болса, көздеген жеріңді я мақсатыңды ойыңда ұста. Біздің мақсатымыз — әр ісімізде Ехобаға мадақ әкелу және одан алыстататын кез келген нәрседен аулақ болу (Еврейлерге 3:12 оқы). Осы және келесі мақалада Ехобадан алыстатып жіберуіне жол бермеуіміз керек өмірдің жеті саласы қарастырылады.
ЖҰМЫС ПЕН МАНСАП
4. Неліктен жұмыс істеу маңызды?
4 Мәсіхшілер өздерін және отбасыларын асырауға міндетті. Киелі кітапта үй ішін асырағысы келмейтін адамның сенбейтін не Ехобадан бас тартқан адамнан да жаман екені айтылған (Сал. 2-х. 3:10; Тім. 1-х. 5:8). Иә, жұмыс — өміріміздің маңызды бөлігі. Алайда абай болмасақ, жұмыс пен мансап бізді Ехобадан алыстатып жіберуі мүмкін. Қалайша?
5. Жұмысқа келіспес бұрын қандай маңызды жайттар жайлы ойлану керек?
5 Сен жұмыс іздеп жүрсің делік. Егер тұратын жеріңде жұмыс табу қиын болса, кез келген жұмысқа келісе салуға азғырылуың мүмкін. Ал бұл жұмыс Киелі кітап принциптеріне қайшы келсе ше? Жұмыс кестесі не іссапарлар рухани істеріңе я болмаса отбасыңмен бірге болуға кедергі болса ше? Жоқтан жақсы ғой деп, кез келген жұмысқа келісе саласың ба? Есіңде болсын, бұрыс жол таңдағаның сені Ехобадан алыстатып жіберуі мүмкін (Евр. 2:1). Жұмыс іздеп жүрген болсаң немесе қазіргі жұмысыңды ауыстыруды ойлап жүрсең, саған дана шешімдер қабылдауға не көмектеседі?
6, 7. а) Жұмысқа қатысты адам қандай мақсаттарды көздеуі мүмкін? ә) Қай мақсат сені Ехобаға жақындатады және неге?
6 Жоғарыда айтылып кеткендей, көздеген мақсатыңды есте ұста. Өзіңнен былай деп сұрасаң болады: “Бұл жұмыс маған не үшін қажет?” Егер мақсатың өзіңе және отбасыңа Ехобаға қызмет ете беруге жағдай жасау болса, Ехоба саған батасын береді (Мат. 6:33). Сондай-ақ жұмыссыз қалсаң не күтпеген жерден қаржы тапшылығына ұшырасаң, Ехоба шетте тұрып қалмайды (Ишая 59:1). Ол “өзіне шын берілгендерді сынақтан қалай құтқаруды біледі” (Пет. 2-х. 2:9).
7 Ал мақсатың тек көбірек ақша табу болса ше? Бұған қол жеткізе алатын да шығарсың. Алайда, есіңде болсын, мұндай “жетістік” саған қымбатқа түседі (Тімөтеге 1-хат 6:9, 10 оқы). Мансап қуып, байлықтың жетегінде кеткенің сені Ехобадан алыстатады.
8, 9. Жұмыстарына қатысты ата-аналар өздеріне қандай сұрақтар қоюлары керек және неге?
8 Егер әке не ана болсаң, әрекеттерің балаларыңа қалай әсер етіп жатқанын ойлап көрші. Олар нені байқап жүр: сен үшін ең маңыздысы жұмыс па, әлде Ехобамен қарым-қатынас па? Балаларың сендер үшін дәреже, абырой және байлық маңыздырақ екенін көрсе, олар да сендерге еліктеп, сол қауіпті жолды таңдамайтындарына кім кепіл?! Олар қандай да бір шамада сендерді ата-ана ретінде құрметтеуден қалмай ма? Бір жас мәсіхші қыз былай деп есіне алады: “Есімді білгелі бері әкем көп жұмыс істейтін. Басында ол отбасымыз еш нәрседен тарықпау үшін тер төгіп жүргендей көрінді. Алайда соңғы жылдары бір нәрсе өзгерді. Әкем жұмысына басымен кіріп кетті. Бірте-бірте ол бізге еш қажеті жоқ қымбат заттарды сатып алатын болды. Нәтижесінде біз өзгелерді рухани мақсаттарға талпындыратын отбасы емес, көп ақшасы бар отбасы ретінде танымал болдық. Әрине, әкемнің көп ақша тапқаннан гөрі, рухани қолдау көрсеткенін қалар едім”.
9 Ата-аналар, жұмысқа тым көп көңіл бөліп, Ехобадан алыстап кетпеңдер! Балаларың ең зор байлық материалдық емес, рухани нәрселер екеніне шын сенетіндеріңді өмір салттарыңнан көре алсын (Мат. 5:3).
10. Жұмыс таңдап жүрген жас бауырлас нендей нәрселер жайлы ойлану керек?
10 Егер сен болашақ жұмысың жайлы ойланып жүрген жас мәсіхші болсаң, дұрыс жолды қалай таңдай аласың? Жоғарыда айтылғандай, алдымен өмірде көздеген мақсатыңды есіңе ал. Сен меңгергің келетін мамандық не істегің келетін жұмыс Патшалық ісін барынша атқаруға көмектесе ме, жоқ әлде Ехобадан алыстата ма? (Тім. 2-х. 4:10). Қуаныштары қалталарының қалыңдығына тәуелді адамдар сияқты өмір сүргің келе ме? Әлде сен Дәуіттің сеніміне еліктейсің бе? Ол былай деп айтқан: “Жас та болдым, енді міне, қартайдым, Көрмедім әділ жанның бейшара болғанын, Ұрпағының қайыршы боп нан сұрағанын” (Заб. 36:25). Есіңде болсын, бір жол сені Ехобадан алшақтатса, екіншісі сені ең керемет өмірге жетелейді (Нақыл сөздер 10:22; Малахи 3:10 оқы). Сен қай жолды таңдайсың?a
ДЕМАЛУ МЕН КӨҢІЛ КӨТЕРУ
11. Киелі кітапта демалу мен көңіл көтеруге қатысты не айтылған және біз нені есте ұстауымыз керек?
11 Киелі кітапта демалу мен көңіл көтеру дұрыс емес не уақытты босқа кетіру делінбеген. Қайта онда: “Денені шынықтырудың біраз пайдасы бар”,— делінген (Тім. 1-х. 4:8). Жазбаларда тіпті “күлудің” де, “би билеудің” де өз уақыты бар екені айтылған (Уағ. 3:4; 4:6). Алайда абай болмасақ, демалу мен көңіл көтеру бізді Ехобадан алыстатуы мүмкін. Қай кезде? Көңіл көтеру түрін дұрыс таңдамасақ және оған тым көп уақыт сарп етсек.
Дұрыс мөлшерде әрі дұрыс таңдалған демалыс түрі сендерді сергітеді
12. Көңіл көтерудің түрін таңдамас бұрын қандай жайттардың үстінен ой жүгіртуің керек?
12 Алдымен, көңіл көтерудің түрлерін қарастырайық. Бүгінде бой сергітетін әрі пайдалы болатын демалу түрлері жоқ емес. Алайда олардың көбісі Құдай жек көретін қатыгездікке, некесіз жыныстық қатынасқа және спиритизмге толы. Ендеше көңіл көтерудің түрін таңдағанда өте мұқият болу қажет. Мәселен, бұл демалу түрі саған қалай әсер етеді? Сенің бойыңда қатыгездік, бақталастық не ұлтшылдық рухын тудырмай ма? (Нақ. с. 3:31). Көп ақша жұмсауға тура келмей ме? Басқалардың сеніміне нұқсан келтіріп алмайсың ба? (Рим. 14:21). Араласатын ортаң қандай болмақ? (Нақ. с. 13:20). Бұл көңіл көтеру түрі күнә жасауға итермелемей ме? (Жақ. 1:14, 15).
13, 14. Демалуға қанша уақыт жұмсау керектігіне қатысты не нәрсені ескеру керек?
13 Ал енді демалуға қанша уақыт жұмсайтынымызды қарастырайық. Мысалы, мына сұрақтың үстінен ойланып көр: “Демалысқа тым көп уақыт жұмсағандықтан, рухани істерге аз уақыт қалып жүрген жоқ па?” Егер демалу мен көңіл көтеруге көп уақыт жұмсап қойсаң, олар саған нағыз қанағат әкелмейді. Ал орнымен демалатын адамдар болса әлдеқайда көп қуаныш алады. Неліктен? Әуелі маңызды істерді бітіріп алғандықтан, демалып жатқан уақытта оларды ар-ұждандары мазаламайды (Філіпіліктерге 1:10, 11 оқы).
14 Көңіл көтеруге көп уақыт арнау қызықты көрінетін шығар, бірақ бұл бізді Ехобадан алыстатуы мүмкін. Ким есімді 20 жастағы бауырлас бұны өз басынан өткерген. Ол былай дейді: “Бұрында мен бір де бір отырысты жібермейтінмін. Әр аптаның соңында — жұма, сенбі және жексенбіде — отырыстар болатын. Бірақ қазір одан да маңызды істердің көп екеніне көзім жетті. Мысалы, мен ізашарлық қызметімді атқару үшін таңғы 6-да тұрамын. Сондықтан отырыстарда түнгі бір-екіге дейін қала алмаймын. Әрине, отырыстарға барған жақсы, бірақ олар үлкен кедергі де болуы мүмкін. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Бұл отырыстарға да қатысты”.
15. Ата-аналар балаларына көңіл көтеруден нағыз қуаныш табуға қалай көмектесе алады?
15 Ата-аналар өздерінің де, балаларының да тәндік, рухани және эмоциялық қажеттіліктерін қанағаттандырып отыруға жауапты. Бұның ішіне көңіл көтеру де кіреді. Ата-аналар, көңіл көтерудің барлық түріне сын көзбен қарап, балаларыңды қуаныштан айырмаңдар. Сөйте тұра кері әсер ететін көңіл көтеру түрлерінен де сақ болыңдар (Қор. 1-х. 5:6). Мұқият таңдайтын болсаңдар, көңіл көтеру түрі отбасыларыңа нағыз қуаныш әкелетін боладыb. Осылайша сендер және балаларың Ехобаға жақындататын жолды таңдай аласыңдар.
ОТБАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС
16, 17. Көптеген ата-аналар қандай қайғылы жағдаймен кезіккен және Ехоба оларды түсінетінін қайдан білеміз?
16 Бірде Ехоба өз халқын ана сәбиін қалай жақсы көрсе, солай жақсы көретінін айтқан, өйткені ата-ана мен баланың арасындағы сүйіспеншілік өте ыстық болады (Ишая 49:15). Сондықтан жақынымыз Ехобаны тастап кеткен кезде қайғыру — кәдімгі нәрсе. Қызы қауымнан шығарылған бір ана былай деді: “Менің жан дүнием қаңырап бос қалды. Неліктен ол Ехобаны тастап кеткенін түсіне алмадым. Кінәлі сезініп, өзімді жегідей жедім”.
17 Сенің жағдайың осындай болса, Ехоба қайғыңды түсінетінін ұмытпа. Жердегі отбасының алғашқы мүшесі өзіне қарсы шыққанда, ал кейін топан суға дейінгі адамдардың басым көпшілігі де сол жолды таңдағанда, ол “қайғырып, қасірет шекті” (Жар. 6:5, 6). Осындай жағдайды бастан өткізбегендер мұның қаншалықты ауыр тиетінін толықтай түсінбеуі мүмкін. Бірақ қауымнан шығарылған отбасы мүшесінің бұрыс әрекеті сені Ехобадан алыстатып жіберуіне жол бергенің дұрыс болмас еді. Олай болса, жақының Ехобадан алшақтағанда, жаныңа бататын қайғымен қалай күресуге болады?
18. Балалары Ехобаны тастап кеткені үшін неге ата-аналар өздерін кінәлі сезінбеулері керек?
18 Болған жағдайға өзіңді кінәлама. Ехоба адамдарға таңдау еркін берген, сондықтан бағышталған және шомылдыру рәсімінен өткен әр отбасы мүшесі “өз жүгін өзі көтеру” керек (Ғал. 6:5). Ехоба сені емес, күнә жасаған адамды кінәлі деп есептейді (Езек. 18:20). Сондай-ақ басқаларды да кінәлама. Ехобаның түзету шараларына құрметпен қара. Қауымды қорғау үшін әрекет етіп жатқан ақсақалдарға емес, Ібіліске қарсы тұр (Пет. 1-х. 5:8, 9).
Жақынымыз Ехобаға оралады деп үміттенудің еш айыбы жоқ
19, 20. а) Балалары қауымнан шығарылған ата-аналар қайғымен күресу үшін не істей алады? ә) Ата-аналардың не нәрсеге үміттенгендері орынды?
19 Ал егер Ехобаға наразылық танытатын болсаң, өзіңді одан алыстатып жібересің. Оның орнына жақын адамыңа Ехобаны бәрінен де, тіпті отбасылық қарым-қатынастан да жоғарғы қоюға бел буғаныңды көрсетуің керек. Сол себепті рухани жағынан мықты бол, бұл саған қайғыны жеңуге көмектеседі. Адал бауырластардан бөлектенбе (Нақ. с. 18:1). Сезімдеріңді дұғада Ехобаға ақтарып айт (Заб. 61:8, 9). Қауымнан шығарылған отбасы мүшесімен телефон не электронды хат арқылы да араласуға сылтау іздеме (Қор. 1-х. 5:11). Қолың рухани істерден босамасын (Қор. 1-х. 15:58). Жоғарыда сөзі келтірілген әйел бауырлас былай дейді: “Мен қызметте белсенді әрі рухани жағынан мықты болуым керектігін түсіндім. Сонда қызым Ехобаға қайта бет бұрғанда оған көмектесуге дайын боламын”.
20 Киелі кітапта сүйіспеншілік “еш үмітін үзбейді” делінген (Қор. 1-х. 13:4, 7). Жақын адамыңның қайтып оралатынына үміттенудің еш айыбы жоқ. Жыл сайын көптеген шалыс қадам басқандар өкініп, Ехобаның ұйымына қайта оралуда. Олар өкініп келгенде, Ехоба олардан теріс айналмайды. Өйткені ол “кешіруге дайын” (Заб. 86:5 ЖД).
ДҰРЫС ТАҢДАУ ЖАСА
21, 22. Ерік бостандығын қалай қолданатыныңа қатысты сен қандай шешім қабылдадың?
21 Ехоба адам баласын ерік бостандығымен жаратты (Заңды қайталау 30:19, 20 оқы). Бұл бостандық өте маңызды жауапкершілік жүктейді. Әр мәсіхші өзінен былай деп сұрау керек: “Мен қай жолдамын? Жұмыс пен мансап, көңіл көтеру не отбасылық қарым-қатынас мені Ехобадан алыстатып жіберген жоқ па?”
22 Ехобаның қызметшілеріне деген сүйіспеншілігі ешқашан сарқылмайды. Өзіміз бұрыс жолды таңдасақ қана одан алыстауымыз мүмкін (Рим. 8:38, 39). Ендеше, еш нәрсенің бізді Ехобадан алшақтатуына жол бермеуге белімізді бекем буайық! Келесі мақалада өмірдің тағы қандай төрт саласында жасайтын таңдауымызға мұқият болуымыз керектігі қарастырылады.
[Сілтемелер]
a Жұмыс таңдауға қатысты көбірек мәлімет алу үшін “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” (ор.) кітабының 2-томының 38-тарауын қара.
b 2011 жылдың қараша айындағы “Ояныңдар!” (ор.) журналының 17—19 беттерінен жақсы кеңестер табуға болады.