ОЛАРДЫҢ СЕНІМДЕРІН ҮЛГІ ЕТЕЙІК
Ол “өлгенмен,.. әлі де сөйлеуде”
ӘБІЛ тау баурайында жайбарақат жайылып жатқан бір отар қойын бағып жүрді. Сонда алыс жақтан әлсін-әлсін нұр шашып тұрған жарыққа оның көзі түссе керек. Әбіл мұның жүзінен от шашып, айналып тұрған семсер екенін білетін. Ол Едем бағына кіретін жолды бөгеу үшін қойылған еді. Оның ата-анасы бұрын сол бақта тұрған, ал енді ол жерге өздері де, балалары да кіре алмайды. Аспанға көзін қадап, Жаратушысы жайлы ойланған кезде, кешкі самал желдің Әбілдің шашын сипап өткенін елестетіп көріңізші. Құдай мен адамның арасына түскен сызат қайта қалпына келе ме? Әбілді мазалаған жайттардың бірден-бірі осы болса керек.
Бүгінде Әбіл әлі де сөйлеуде. Бәлкім, сіз: “Бұл мүмкін емес қой”,— дерсіз. Рас, Адам атаның бұл екінші ұлы баяғыда қайтыс болған. Оның мәйіті шамамен 6000 жыл бұрын топыраққа айналып, жоқ болып кетті. Киелі кітапта өлілерге қатысты: “Өлгендер ештеңе білмейді”,— делінген (Уағыздаушы 9:5, 10). Бұған қоса, Киелі кітапта Әбілдің айтқан бірауыз сөзі де жазылмаған. Ендеше ол бізге қалай сөйлей алады?
Киелі рухтың жетелеуімен елші Пауыл ол туралы: “Әбіл өлгенмен, сенімінің арқасында әлі де сөйлеуде”,— деп жазған (Еврейлерге 11:4). Иә, Әбіл сенімінің арқасында сөйлейді. Ол осы керемет қасиетті дамытқан адамдардың ең алғашқысы еді. Сенімінің берік болғаны сонша — ол бізге өшпес үлгі қалдырды. Егер Әбілдің сеніміне еліктейтін болсақ, былайша айтқанда, оның бізге сөйлеп тұрғанын ести аламыз.
Киелі кітапта Әбіл туралы аз айтылғанына қарамастан, қалай одан және оның сенімінен үлгі алуға болады? Соны қарастырып көрейік.
“ДҮНИЕНІҢ НЕГІЗІ ҚАЛАНҒАНДА” ӨМІР СҮРГЕН
Әбіл адамзат тарихының басында туылған еді. Иса пайғамбар да Әбілдің “дүниенің негізі қаланғанда” өмір сүргенін айтқан (Лұқа 11:50, 51). Бұл сөздерімен Иса күнәнің құлдығынан азат етілуге үміті бар адамдар туралы айтқанға ұқсайды. Сол кезде өмір сүрген адамдардың төртіншісі болған Әбіл Құдайдың көз алдында күнәсінің өтелуіне лайықты болғандардың алғашқысы болса керекa. Демек, Әбілдің айналасында оған жақсы әсер ететін адамдар болмаған.
Адамзат тарихы бастау алысымен-ақ, адамдар қайғының құшағына енді. Әбілдің ата-анасы, Адам ата мен Хауа ана, сымбатты әрі бойында қуаты бар адамдар болған. Бірақ олар өмірлерінде үлкен қателік жасады әрі мұнысын жақсы түсінді. Алғашында Адам мен Хауа мәңгі өмір сүруге үміті бар кемелді адамдар болатын. Алайда Ехоба Құдайға қарсы күнә жасағандықтан, олар үйлері болған Едем бағынан қуылған еді. Өз қалауларының жетегінде кеткен олар өздерін де, балаларын да кемелділік пен мәңгілік өмірден айырды (Жаратылыс 2:15—3:24).
Жұмақтан қуылған соң, Адам ата мен Хауа ана өмірдің тауқыметін көрді. Алайда тұңғыш ұлдары Қабыл туылғанда, Хауа: “Жаратқан Иенің жарылқауымен бір ұл балаға ие болдым”,— деп қуанған. Осы сөздеріне қарағанда, Хауа Ехобаның Едем бағында берген уәдесін ойында тұтқан болса керек. Бұл уәдеге сай, бір әйелден Адам мен Хауаны жолдан таюға итермелеген зұлым жаратылысты жоятын ұрпақ туылу керек еді (Жаратылыс 3:15; 4:1). Сонда Хауаның осы пайғамбарлықтағы әйелді өзі, ал уәде етілген “ұрпақты” Қабыл деп ойлағаны ма?
Хауа осылай ойлаған болса, қатты қателескен. Оның үстіне, егер ол күйеуі екеуі Қабылға жастайынан Ехоба Құдайдың уәдесіндегі адамзатты құтқаратын ұрпақ сенсің деп үйреткен болса, бұл оған кері әсер етіп, өркөкірек болуына ықпал еткен болса керек. Уақыт өте келе Хауа екінші ұлын дүниеге әкелді, бірақ оған жоғарыдағыдай мақтаныш сөздерін айтқаны туралы Киелі кітапта ештеңе жазылмаған. Олар екінші ұлына Әбіл, яғни “дем шығару” не “бос әурешілік” дегенді білдіретін ат қойды (Жаратылыс 4:2). Қандай ат қойғанына қарап, олар Әбілден гөрі Қабылға көбірек үміт артқан деуге бола ма? Бәлкім, солай да шығар, алайда бұл — тек тұжырым ғана.
Қандай болған күнде де, бүгінгі ата-аналар сол алғашқы ата-анадан қандай сабақ ала алады? Сөздеріңіз бен істеріңіз балаларыңыздың бойында өркөкіректіктің, атаққұмарлық пен өзімшілдіктің дамуына түрткі болып жүрген жоқ па? Әлде оларды Ехоба Құдайды сүюге және онымен дос болуға үйретесіз бе? Өкінішке қарай, алғашқы ата-ана өздеріне жүктелген жауапкершілікті дұрыс атқара алмады. Алайда олардың балаларында әлі де үміт бар еді.
ӘБІЛГЕ СЕНІМ ДАМЫТУҒА НЕ КӨМЕКТЕСТІ?
Адам ата өсіп келе жатқан екі ұлына отбасының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін еңбек ету керектігін үйреткен көрінеді. Тұңғыш ұлы Қабыл егін шаруашылығымен, ал Әбіл қой бағумен айналысты.
Алайда Әбіл бұдан да маңызды нәрсе істеген. Ол жылдар бойы Құдайға деген сенім дамытқан. Елші Пауыл оның осы керемет қасиеті жайлы жазған еді. Ойлап көріңізші, сол кезде Әбілге үлгі болатын ешкім болған жоқ. Онда ол Ехоба Құдайға деген сенімін қалай дамыта алды? Оның сеніміне негіз болған үш жайтты қарастырып көрейік.
Ехобаның жаратылыстары.
Жер Құдайдың қарғысына ұшырағандықтан, онда тікенектер мен ошағандар өсіп, егін шаруашылығымен айналысуды қиындатты. Әйтсе де Әбілдің отбасы аш қалған жоқ, өйткені жер өз өнімін жомарттықпен беріп тұрды. Сондай-ақ жануарлар, құстар мен балықтар, таулар, көлдер, өзендер мен теңіздер, аспан, бұлттар, күн, ай мен жұлдыздар Құдайдың қарғысына ұшырамаған еді. Әбіл қайда қараса да, осының бәрін жаратқан Ехоба Құдайдың даналығын, зор сүйіспеншілігі мен мейірімділігін анық көре алды (Римдіктерге 1:20). Жаратылыстар туралы ризашылықпен ой жүгірткені оның сенімін нығайта түсті.
Әбілдің рухани нәрселер туралы ойлану үшін уақыт бөлгені анық. Оның өз отарын бағып жүргенін көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Қой баққанда көп жүруге тура келеді. Ол шөбі шүйгін, суы мол жасыл жайлауды табу үшін, осы бір жуас жаратылыстарды өзендерден, төбелерден өткізіп, алқаптарға бастап алып жүрген. Құдай жаратылыстарының ішінде қой ең қорғансыз жануар: ол адамның жетелеуі мен қорғап жүруіне мұқтаж. Әбіл де өзінің адамдардан әлдеқайда дана әрі құдіретті Тұлғаның басшылығына, қорғанышы мен қамқорлығына мұқтаж екенін түсінген болар. Ол дұғасында осындай ойларын айтқанында күмән жоқ, әрі мұның нәтижесінде оның сенімі нығая түсті.
Әбіл жаратылыстарға қарап, сүйіспеншілігі мол Жаратушыға деген берік сенім дамытты
Ехобаның уәделері.
Адам ата мен Хауа ана Едем бағынан не үшін қуылғандарын ұлдарына айтқан болса керек. Демек, Әбіл көп нәрселердің үстінен ой жүгірте алған.
Ехоба Құдай жердің қарғысқа ұшырайтынын айтқан. Әбіл жер бетіндегі тікенектер мен ошағандарды көргенде, Құдайдың айтқан сөздерінің жүзеге асқанына куә болды. Сондай-ақ Ехоба Хауаның қиналып босанатынын да алдын ала айтқан еді. Әбіл өзінің бауырлары туылғанда, осы сөздердің де орындалғанын көргені анық. Бұған қоса, Ехоба Хауаның күйеуінің сүйіспеншілігі мен көңіл бөлуіне аса зәру болатынын, ал Адам болса оған үстемдік ететінін де алдын ала білген. Әбіл осы жайттарды ата-анасының қарым-қатынасынан байқаған болар. Ол әрбір жағдайда Ехобаның сөздері сенуге тұрарлық екеніне көзі жетіп отырды. Осылайша Едемде бастау алған барлық залалдың орнын толтыратын “ұрпақтың” келетіні жайлы Құдайдың уәдесіне сенуге Әбілде толық негіз болды (Жаратылыс 3:15—19).
Ехобаның қызметшілері.
Адамдардың арасында Әбілге үлгі болатын ешкім болмаса да, сол кезде жер бетінде басқа да саналы жаратылыстар бар еді. Адам ата мен Хауа ана жұмақтан қуылғаннан кейін, Ехоба Құдай олардың өздері де, ұрпақтары да онда кіріп кетпеулері үшін шара қолданды. Ол жұмақ бағына кіретін жолға күзетші етіп жоғары дәрежелі періштелерді, яғни керубтерді және жүзінен от шашып, айналып тұрған семсерді қойды (Жаратылыс 3:24).
Әбілдің бала кезінде сол керубтерді көргенін елестетіп көріңізші. Адами тәнге енген періштелердің сырт көрінісінен олардың зор күшке ие екендері көрінетін. Олардың жанында жүзінен үздіксіз от шашып, айналып тұрған “семсердің” өзі де қастерлі сезім ұялататын. Өсе келе Әбіл сол керубтердің күзетуден жалығып, сол жерден кетіп қалғанын көрді ме? Жоқ. Күннен-күнге, жылдан-жылға, тіпті ондаған жылдар бойы бұл саналы да күшті жаратылыстар орындарында тапжылмай тұрды. Бұдан Әбіл Ехоба Құдайдың адал әрі табанды қызметшілерінің бар екенін көрді. Бұл керубтердің бойынан Әбіл өз отбасында ешкім таныта алмаған адалдық пен мойынсұнушылықты көре алды. Осы періштелердің үлгісі оның сенімін нығайтқаны шүбәсіз.
Әбіл періштелердің Ехоба Құдайдың адал да мойынсұнғыш қызметшілері екенін көріп жүрді
Жаратылыстары мен уәделерінен Ехоба Құдай туралы білгендері және оның қызметшілерінің үлгісі жайлы ой жүгірткені Әбілдің сенімін күшейте түсті. Осылайша оның үлгісі бізге сөйлеуде, солай емес пе?! Әсіресе жастар, отбасы мүшелері қандай болмасын, өздерінің Ехобаға деген шынайы сенім дамыта алатындарына күмәнданбаса болады. Таңғаларлық жаратылыстар, толық Киелі кітап және еліктеуге тұрарлық адамдардың үлгілерін қоса алғанда, бізде сенім дамытуға қажеттінің бәрі бар.
ӘБІЛДІҢ ҰСЫНҒАН ҚҰРБАНДЫҒЫ НЕГЕ ҰНАМДЫ БОЛДЫ?
Ехобаға деген сенімі нығайған сайын, Әбіл өз сенімін іс-әрекетімен көрсеткісі келді. Алайда қарапайым адам Әлемнің Жаратушысына бірдеңе бере ала ма? Құдай адамдардың сыйына не көмегіне мұқтаж емес екені анық. Бірақ Әбіл уақыт өте келе келесі бір маңызды шындықты түсінді. Ехобаны қуанту үшін көп нәрсе қажет емес: ең бастысы — оған шын ниетпен өзімізде бардың ең жақсысын ұсыну.
Әбіл Құдайға тарту ретінде өз отарынан қой дайындады. Ол алғашқы төлдердің ең жақсысын таңдап алып, оның ең таңдаулы деген бөліктерін ұсынды. Қабыл да Құдайдың ықыласы мен батасына ие болуды қалап, егіндігінен жинаған өнімін дайындады. Бірақ оның ниеті Әбілдікіндей болмады. Екеуінің ниеті екі түрлі екені Құдайға тартуларын ұсынған кезде айқын болды.
Әбіл өзінің құрбандығын сеніммен әкелді, ал Қабыл олай етпеді
Адам атаның екі ұлы да құрбандық орындарын тұрғызып, өз тартуларын сол кезде Ехоба Құдайдың жердегі өкілдері болған керубтердің көз алдында өртеген болса керек. Бұл Ехобаның назарынан тыс қалмады. Киелі кітапта: “Жаратқан Ие Әбілге және оның құрбандығына ризашылықпен қарады”,— деп жазылған (Жаратылыс 4:4). Құдай Әбілге ризашылықпен қарағанын қандай жолмен білдіргені жайлы Киелі кітапта ештеңе айтылмаған. Бірақ неге ол Әбілге ықыласын түсірді? Ұсынған құрбандығы үшін бе?
Әбіл кеудесінде жаны бар, тірі жаратылыстың бағалы қанын төкті. Сонда Әбіл мұндай құрбандықтың қаншалықты бағалы болатынын түсінген бе? Әбілдің заманынан көп ғасыр өткен соң, Құдай еш кінәратсыз тоқтының құрбандыққа шалынуын өзінің кемелді ұлының, яғни жазықсыз қаны төгіліп, құрбандыққа берілетін “Құдайдың Тоқтысының” бейнесі ретінде қолданды (Жохан 1:29; Мысырдан шығу 12:5—7). Әрине, ол кезде Әбіл бұл жайлы ештеңе білмеген еді.
Бірақ біз мынаған нық сенімдіміз: Әбіл Құдайға өзінде бардың ең жақсысын берген. Ехоба Әбілдің құрбандығына ғана емес, оның өзіне де ықыласын түсірді. Өйткені Әбілді құрбандық ұсынуға талпындырған — Құдайға деген сүйіспеншілігі мен шынайы сенімі еді.
Ал Қабыл туралы не деуге болады? Ехоба Құдай “Қабылға және оның ұсынған тартуына риза болмады” (Жаратылыс 4:5). Бұл оның құрбандығы жарамсыз болды дегенді білдірмейді. Өйткені кейінірек Құдайдың Мұса арқылы берген заңы бойынша жер өнімдерін де тарту ретінде ұсынуға болатын (Леуіліктер 6:14, 15). Бірақ Киелі кітапта: “Оның [Қабылдың] істері зұлым еді”,— деп айтылған (Жоханның 1-хаты 3:12). Бүгіндегі көп адамдар сияқты, Қабыл да сырт көзге Құдайға шын берілгендей болып көріну жеткілікті деп ойлаған болса керек. Қабылдың әрекеттерінен оған Құдайға деген шынайы сүйіспеншілік пен сенім жетіспейтіні бірден көрген еді.
Қабыл Құдайдың ықыласына ие болмағанын көргенде, Әбілден үлгі алуға тырысты ма? Жоқ. Керісінше, оның бойын бауырына деген жеккөрініш сезімі билеп алды. Ехоба Құдай Қабылдың жүрегінде не болып жатқанын көріп, сабырмен оны өз ойын түзетуге шақырды. Қабылдың мұндай әрекеті ауыр күнәға әкелуі мүмкін екенін ескертіп, райынан қайтса, оны “қабылдайтынын” айтты (Жаратылыс 4:6, 7).
Қабыл Құдайдың ескертуін елеудің орнына, өзінің ақкөңіл інісін далаға шақырып алды да, оны бас салып ұрып өлтірді (Жаратылыс 4:8). Осылайша Әбіл қандай да бір мағынада діни қудалаудың алғашқы құрбаны болды. Алайда ол қайтыс болса да, ұмыт қалған жоқ.
Бейнелеп айтқанда, Әбілдің қаны Ехоба Құдайдан кек қайтаруды немесе әділдік орнатуын сұрап, үн қатып тұрды. Құдай Қабылды қылмысы үшін жазалап, әділдік орнатты (Жаратылыс 4:9—12). Бұдан да маңыздысы — Әбілдің сенімі жайлы бұл оқиға бүгінде бізге сөйлеуде. Оның шамамен бір ғасырға созылған ғұмыры сол замандағы адамдар үшін қысқа болатын. Бірақ Әбіл сол қысқа ғұмырында Құдайға ұнамды өмір кешті. Ол көктегі Әкесі Ехобаның сүйіспеншілігі мен ықыласына ие болғанын біліп қайтыс болды (Еврейлерге 11:4). Олай болса, Әбілдің Ехобаның жадында сақталғанына және жердегі жұмақта қайта тірілетініне сенімді бола аламыз (Жохан 5:28, 29). Сіз оны жұмақта көргіңіз келер ме еді? Егер “әлі де сөйлеп тұрған” Әбілді тыңдауға және оның зор сеніміне еліктеуге бел бусаңыз, бұл әбден мүмкін.
a Бұл жердегі “дүниенің негізі қаланғанда” деген сөздер ұрықтың себілуін, яғни адамның ең алғашқы ұрпағының пайда болуын білдіреді. Онда неге Иса “дүниенің негізі қаланғанда” деген сөздерді тұңғыш болып туылған Қабылға емес, Әбілге қатысты айтқан? Өйткені Қабыл өзінің бұрыс шешімдері мен іс-әрекеттері арқылы Ехоба Құдайға біле тұра қарсы шықты. Ата-анасы сияқты, Қабыл да күнәсі өтеліп, қайта тірілуге үміті бар адамдардың қатарына кірмейді деп тұжырымдауға болады.