КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ
“Мен нағыз еркіндікке қол жеткіздім”
ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1981
ЕЛІ: ҚҰРАМА ШТАТТАР
БҰРЫНДА: “АДАСҚАН ҰЛ” БОЛҒАН
ӨМІРБАЯНЫМ:
Мен Батыс Виргиниядағы (АҚШ) Огайо өзенінің жағасында орналасқан Маундсвил деген тыныш қалашықта дүниеге келдім. Жанұямыздағы төрт баланың екіншісі болғанмын. “Балалы үй — базар” дегендей, үш ұл, бір қызы бар біздің үйде ешқашан ішің пыспайтын. Ата-анам еңбекқор, адал әрі өте мейірімді жандар болатын. Ешқашан асып-тасып өмір сүрмесек те, бізде қажеттінің бәрі бар еді. Ата-анамыз Ехоба куәгерлері болғандықтан, олар бала кезімізде Киелі кітап принциптерін жүрегімізге ұялату үшін бар күштерін салды.
Алайда жасөспірім кезімде-ақ үйренген нәрселерімнен таюға азғырыла бастадым. Киелі кітап принциптері бойынша өмір сүру өмірімді мағыналы етіп, қанағат әкелетініне күмәнім болды. Мен өз қалағанымды істеп, еркін жүріп-тұрсам ғана шынымен бақытты боламын деп ойладым. Көп ұзамай, қауым кездесулеріне баруды қойдым. Ағам мен қарындасым да маған қосылып бүлікшіл жолды таңдады. Ата-анамыз бізге көмектесу үшін қолдарынан келгеннің бәрін істеді, бірақ олардың көмегін қабыл алмадық.
Өзім аңсаған “еркіндік” мені құмарлықтарымның құлына айналдыратыны ойыма да кіріп-шықпапты. Бір күні мектептен үйге қайтып келе жатқанымда, досым маған темекі ұсынды. Мен бас тартпадым. Сол күннен бастап басқа да көптеген зиянды әдеттерге бой алдырдым. Уақыт өте келе есірткі қабылдап, ішімдікке салынып, азғын өмір кешетін болдым. Бірнеше жыл бойы есірткінің күштірек түрлерін қабылдап, солардың көбісінің құрығына іліктім. Барған сайын құмарлықтарымның торына шырмала түсіп, ақша табу үшін есірткі сата бастадым.
Ар-ұжданымның даусын басуға қанша тырыссам да, ол әрдайым менің бұрыс жолда екенімді айтып жаңғырып тұратын. Алайда жаман істерге белшемнен батқандықтан, енді артқа қайтар жол жоқ деп ойладым. Отырыстар мен концерттерде көпшілік арасында жүрсем де, жиі өзімді жалғыз әрі көңілсіз сезінетінмін. Кейде ата-анамның қандай өнегелі әрі жақсы адамдар екенін есіме алып, қалай ғана тура жолдан мұншалықты адастым екен деп таңғалатынмын.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:
Енді жақсы жаққа өзгере алмаймын деп ойласам да, өзгелер менен күдерін үзбеді. 2000 жылы ата-анам мені Ехоба куәгерлерінің облыстық конгресіне шақырды. Онша барғым келмесе де, келістім. Конгреске ағам мен қарындасымның да барғаны мені таңғалдырды.
Конгресте отырғанда, бір жылдай бұрын дәл осы жерде рок концертінде болғаным есіме түсті. Сол кезде көргенім мен қазіргі көргенімнің айырмашылығы жер мен көктей еді. Концертте ғимараттың іші қоқыс пен темекінің көк түтініне толы болатын. Онда келгендердің көбісінің түрлері суық, ал ойнаған әннің сөздері адамның еңсесін басатын. Ал конгресте болса айналамда мені көп жыл көрмесе де, құшақ жая қарсы алған нағыз бақытты адамдар болды. Ғимараттың іші тап-таза еді, әрі онда болашаққа үміт беретін сөздер айтылып жатты. Киелі кітап шындығының адамдарға жақсы әсер етіп жатқанын көріп: “Неге ғана шындықтан бас тарттым екен?!”— деп өкіндім (Ишая 48:17, 18).
“Киелі кітап маған есірткі қабылдау мен сатуды доғаруға, сондай-ақ қоғамға пайдалы адам болуға көмектесті”
Конгрестен кейін бірден Ехоба куәгерлерінің қауымына қайта оралуды шештім. Ағам мен қарындасым да конгрестен керемет әсер алып, қауымға қайта оралуға бел буды. Үшеуміз де Киелі кітап зерттеу сабағын бастадық.
Әсіресе Жақып 4:8-дегі: “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды”,— деген сөздер мені іс-әрекетке талпындырды. Егер Құдайға жақындағым келсе, өмірімді ретке келтіруім керектігін түсіндім. Басқа өзгерістер жасаумен қатар, темекі, есірткі мен ішкілікті тастауым керек еді (Қорынттықтарға 2-хат 7:1).
Бұрынғы достарыммен араласуды доғарып, Ехоба куәгерлерінің арасынан жаңа достар таптым. Менімен Киелі кітапты зерттеген ақсақал маған көп көмектесті. Ол маған үнемі қоңырау шалып, қал-жағдайымды білу үшін үйге келіп тұратын. Бүгінде ол — менің ең жақын достарымның бірі.
2001 жылдың көктемінде ағам, мен және қарындасым Құдайға бағышталғанымызды білдіріп шомылдыру рәсімінен өттік. Енді бүкіл отбасымызбен Ехобаға бірлесе қызмет ете алатынымыз ата-анама, адалдығын сақтап қалған ініме зор қуаныш сыйлады.
ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:
Бұрын мен Құдайдың талаптары адамның еркіндігін шектейді деп ойлайтынмын, алайда қазір оларды баға жетпес қорғаныш деп қарастырамын. Киелі кітап маған есірткі қабылдау мен сатуды доғаруға, сондай-ақ қоғамға пайдалы адам болуға көмектесті.
Ехоба Құдайға ғибадат ететін дүниежүзілік бауырластықтың бір мүшесі болу — мен үшін үлкен мәртебе. Бұл адамдар шынымен де бір-бірін жақсы көреді және оларды Ехобаға деген қызмет біріктіреді (Жохан 13:34, 35). Осы бауырластықтың арасында мен үшін ерекше бата болғаны — аяулы да сүйікті әйелім Адриана. Жаратушымызға бірлесе қызмет ету біз үшін зор бақыт.
Қазір мен өз қара басымды ойлап өмір сүрмеймін, қайта, өзгелерге Құдай Сөзін үйрету үшін көп уақытымды жұмсап жүрмін. Бұл іс мені бәрінен де зор қуанышқа бөлейді. Киелі кітап менің өмірімді өзгертті деп нық сеніммен айта аламын. Мен нағыз еркіндікке қол жеткіздім.