2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w1215.11.21—25бет.
Ехоба Құдайдың кешірімшілдігінің игілігін көр
“Жаратқан Ие! Құдай мейірімді де қайырымды, Тез қаһарланбайтын да өте рақымды... Өзіне қарсы шығып теріс қылықтарды Жасаған күнәкарды да кешіруге дайын тұрады” (МЫС. Ш. 34:6, 7).
1, 2. а) Ехоба Исраил халқы үшін қандай Құдай болды? ә) Бұл мақаладан не білеміз?
НЕХЕМИЯНЫҢ заманында бір топ леуіліктің жұрт алдында айтқан дұғасынан көрінетіндей, ата-бабалары қайта-қайта Ехобаның өсиеттеріне “мойынсұнудан бас тартқан”. Бірақ Ехоба оларды кешіріп отырған. Өйткені ол — “кешірімі мол, мейірімді де қайырымды, тез қаһарланбайтын әрі өте рақымды” Құдай. Ехоба Нехемияның заманында тұтқыннан қайтып келген исраилдіктерге рақымын көрсетуді жалғастыра берді (Нех. 9:16, 17).
2 Әрқайсысымызда келесідей сұрақ туындауы мүмкін: “Ехобаның кешірімшілдігінің қандай пайдасын көре аламын?” Осы бір маңызды сұрақтың жауабын табу үшін Дәуіт пен Манаса деген патшаларды Құдай қалай кешіргенін және олар мұның қандай игілігін көргенін қарастырайық.
ДӘУІТТІҢ АУЫР КҮНӘЛАРЫ
3—5. Дәуіт қандай ауыр күнәлар жасаған?
3 Құдайдан қорқатын адам болғанымен, Дәуіт ауыр күнәлар жасаған. Мысалы, ол Ұрия мен Барсабия есімді ерлі-зайыптымен байланысты екі күнә жасады. Бұдан өзі де, басқалар да көп зардап шекті. Ехобаның Дәуітті қалай түзеткенінен оның кешірімі туралы көп нәрсе білуге болады. Алдымен не болғанын көрейік.
4 Дәуіт Исраил әскерін аммондықтардың астанасы Раббаға қарсы соғысуға жібереді. Бұл қала Иерусалимнің шығысында, 80 шақырымдай жерде, Иордан өзенінің арғы жағында орналасқан болатын. Иерусалимде қалған Дәуіт бір күні үйінің төбесінде әрлі-берлі жүргенде, шомылып жатқан Барсабияны көріп қалады. Оның күйеуі Ұрия әскермен жорыққа кеткен болатын. Дәуіт әйелге құмарта қарап, сезімге берілгені сонша — оны сарайына алдыртып, азғындық жасайды (Пат. 2-ж. 11:1—4).
5 Дәуіт Барсабияның жүкті болып қалғанын білгенде, әйелімен жақындассын деген оймен Ұрияны Иерусалимге шақыртады. Алайда Ұрия үйінің табалдырығын да аттамайды. Дәуіт бірнеше рет оны үйіне баруға итермелейді. Бірақ түк шықпаған соң, қолбасшысына жасырын хат жазып, Ұрияны “ең қатты шайқас болып жатқан майданның алдыңғы шебіне қоюын”, кейін сарбаздарымен бірге кері шегінуін бұйырады. Дәуіт ойлағандай-ақ жаулар Ұрияны оп-оңай өлтіріп тастайды (Пат. 2-ж. 11:12—17). Осылайша патша азғындық жасап қана қоймай, жазықсыз адамның қанын да төкті.
ДӘУІТ ШЫН ӨКІНДІ
6. Дәуіт күнә жасағанда, Құдай не істеді және бұдан Ехоба туралы не білеміз?
6 Әрине, Ехобаның көзінен ештеңе де таса қалмайды, ол Дәуіттің не істегенін көрді (Нақ. с. 15:3). Дәуіт артынша Барсабияға үйленгенмен, оның “істеген бұл ісі Жаратқан Иеге жеккөрінішті еді” (Пат. 2-ж. 11:27). Сонда Құдай не істеді? Ол Дәуітке Натан пайғамбарды жіберді. Кешірімі мол Құдай болғандықтан, Ехоба мейірімділік танытуға негіз іздеген болса керек. Ехобаның осылай әрекет ететіні жүрегімізге қаншалықты жылы тиеді десеңші! Құдай Дәуітті күнәсін мойындауға мәжбүрлеген жоқ, қайта, Натанның астарлы әңгімесі арқылы күнәлары қаншалықты ауыр болғанын көрсетті (Патшалықтар 2-жазба 12:1—4 оқы). Бұл — Дәуіттің ішкі ниетін аян еткен өте тиімді әдіс!
7. Дәуіт Натанның әңгімесін қалай қабылдады?
7 Натанның мысалы патшаның бойында әділеттілік сезімін оятты. Дәуіт Натанның астарлы әңгімесіндегі әділетсіздік жасаған бай кісіге ашуланып: “Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: мұны істеген адам өлімге лайық!”— деді. Оның үстіне, Дәуіт әділетсіздіктің құрбаны болған адамға келтірілген залалдың орнын толтыру керектігін айтты. Алайда Натан оған былай деді: “Сол адам өзіңізсіз!” Сонда Дәуіттің төбесіне жай түскендей болды. Натан Дәуітке жасаған күнәсі үшін “семсердің жүзі” бұдан былай әрдайым әулетіне қауіп төндіріп, үй іші қайғыдан көз ашпайтынын айтты. Сондай-ақ ол жұрт алдында масқараланбақ еді. Дәуіт күнәсінің ауырлығын түсінді де, шын өкініп: “Мен Жаратқан Иеге қарсы күнә жасадым, соны мойындаймын!”— деді (Пат. 2-ж. 12:5—14).
ДӘУІТТІҢ ДҰҒАСЫ МЕН ҚҰДАЙДЫҢ КЕШІРІМІ
8, 9.Забурдың 50-жырынан Дәуіттің ішкі ойлары мен Ехоба туралы не білеміз?
8 Кейінірек жазған 50-ші Забур жырынан көрінетіндей, Дәуіт жасаған ісі үшін қатты қынжылған және Ехобадан көмек сұраған, қылмыс істегенін ашық мойындаған. Бірақ ол мойындап қана қоймай, күнәларына өкінген. Ол үшін Ехобамен қарым-қатынасы өте бағалы болған. “Сенің Өзіңе қарсы күнә жасап, Көз алдыңда зұлымдық істедім де”,— деп жазды ол. Сосын Ехобаға былай деп жалбарынды: “Уа, Құдайым, жүрегімді тазарта гөр, Рухымды берік қылып, жаңарта гөр... Мені құтқарғаныңа қуантып тағы, Сыйлай гөр азғырылмайтын берік рухты” (Заб. 50:3—6, 9—14). Ал сен Ехобаның алдында ағаттықтарыңды мойындағанда, ішіңдегіні бүкпесіз айтасың ба?
9 Ехоба Дәуітті күнәларының салдарынан қорғамады. Ол өмір бойы жасаған күнәларының зардабын шекті. Алайда Дәуіттің жүрегі “шын опық жеп, бағынғандықтан”, Ехоба оны кешірді (Забур 31:5 оқы;Заб. 50:19). Құдіреті шексіз Құдай адамның күнә жасауына шын мәнінде қандай сезім мен ниеттің түрткі болатынын жақсы біледі. Сондықтан Дәуіт пен Барсабия азғындық жасағанда, Ехоба оларды төрешілердің қолына тапсырып, Мұса заңы бойынша өлім жазасына кеспеді. Қайта, рақымшылық танытып, бұл мәселеде өзі төрелік етті (Леу. 20:10). Құдай тіпті олардың ұлдары Сүлейменді Исраилдің келесі патшасы етіп тағайындады (Шеж. 1-ж. 22:9, 10).
10. а) Ехобаның Дәуітті кешіруіне тағы қандай себеп болуы мүмкін? ә) Ехобаның кешіріміне ие болу үшін адам не істеу керек?
10 Ехобаның Дәуітті кешіруіне оның Саулға рақымшылық танытқаны да себеп болуы мүмкін (Пат. 1-ж. 24:4—7). Иса түсіндіргендей, біз өзгелерге қатысты қалай әрекет етсек, Ехоба да бізге солай әрекет етеді. “Өздерің айыпталмас үшін, өзгелерді айыптауды доғарыңдар,— деді ол.— Өйткені өзгелерді қалай айыптасаңдар, өздерің де солай айыпталасыңдар. Қандай өлшеммен өлшеп берсеңдер, сендерге де сондай өлшеммен беріледі” (Мат. 7:1, 2). Ехобаның тіпті азғындық не адам өлтіру сияқты ауыр күнәларды кешіретінін білгеніміз біз үшін зор жұбаныш! Алайда ол бізді тек кешірімшіл болсақ, күнәларымызды мойындасақ және жаман істерге деген көзқарасымызды өзгертсек қана кешіреді. Сонда шын өкінген адамдар үшін “Ехобаның қайта нығайтатын уақыты келеді” (Елшілердің істері 3:19 оқы).
ӨТЕ АУЫР КҮНӘЛАР ЖАСАҒАН МАНАСА ӨКІНДІ
11. Манаса Құдайға жеккөрінішті қандай істер жасады?
11 Ехобаның қаншалықты кешірімшіл екенін түсінуге көмектесетін Киелі кітаптағы тағы бір мысалды қарастырайық. Дәуіт билікке келген уақыттан 360 жылдай өткенде, Яһуданың патшасы Манаса болды. 55 жылға созылған билігі кезінде ол өте сорақы істер жасап, Ехобаның ықыласынан айырылды. Мысалы, Манаса Бағалға арнап құрбандық орындарын жасады, “аспан денелерінің бүкіл тобына” табынды, сондай-ақ ұлдарын жалған құдайларға құрбандыққа шалып, адамдарды спиритизммен айналысуға талпындырды. Иә, ол “Жаратқан Иеге жеккөрінішті көптеген істер істеп жүріп, Оның қаһарын өршітті” (Шеж. 2-ж. 33:1—6).
12. Манаса Ехобаға қалай қайта оралды?
12 Нәтижесінде Манаса тұтқынға алынып, Бабылға әкетіледі. Сол жақта ол қамауда жатып, Мұсаның Исраил халқына айтқан келесі сөздерін еске түсірген болар: “Сендер қиындыққа ұшыраған сол кейінгі уақытта Құдай Иемізге қайта оралып, Оған мойынсұнатын боласыңдар” (Заң. қ. 4:30). Манаса Ехобаға қайта оралды. Қалайша? Ол Құдайға “жалбарынып, Оның алдында бас ұра күнәсін мойындап, мінажат етті” (Бұл 21-беттегі суретте көрсетілген.) (Шеж. 2-ж. 33:12, 13). Манасаның дұғаларында айтқан сөздері Киелі кітап бетіне түспегенімен, олар Дәуіттің 50-ші Забур жырындағы сөздеріне ұқсас болған болса керек. Қандай болған күнде де, Манасаның толықтай өзгергені шүбәсіз.
13. Ехоба Манасаны не себепті кешірді?
13 Ехоба Манасаның дұғасына қалай жауап берді? Ехоба оның “жалбарынышына құлақ асты”. Дәуіт сияқты Манаса күнәларының ауырлығын түсініп, шын өкінген еді. Сол себепті Құдай оны кешірді де, Иерусалимге қайтарып, қайтадан патша етіп қойды. Нәтижесінде “Жаратқан Иенің [“Ехобаның” ЖД] шынайы Құдай екеніне Манасаның көзі жетті” (Шеж. 2-ж. 33:13). Рақымы мол Құдайымыз шын өкінгендерді кешіретінін білгеніміз бізге зор жұбаныш береді емес пе?!
ЕХОБАНЫҢ КЕШІРІМІ ШЕКСІЗ БЕ?
14. Ехоба адамның күнәсін қай кезде кешіреді?
14 Сірә, Құдай қызметшілерінің көбісіне Дәуіт пен Манаса сияқты ауыр күнә жасап, сол үшін кешірім сұрау қажет болмайтын шығар. Дегенмен бұл екі патшаның мысалынан Ехобаның шын өкінген адамның тіпті ең ауыр деген күнәларын кешіруге дайын екенін білеміз.
15. Ехоба адамдарды әрдайым кешіре бермейтінін қайдан білеміз?
15 Әрине, біз Ехоба адамдарды әрдайым кешіре береді деп айта алмаймыз. Дәуіт пен Манасаның мінез-құлқын тоңмойын Исраил мен Яһуданың мінез-құлқымен салыстырып көрейік. Құдай Натанды жіберіп, Дәуітке өкінуге мүмкіндік бергенде, ол бұл мүмкіндікті ризашылықпен қабылдады. Жаны қиналғанда, Манаса күнәларына шын жүректен өкінді. Ал Исраил мен Яһуданың халқы күнәларына өкінбегендіктен, Ехоба оларды кешірмеді әрі пайғамбарлары арқылы олардың жаман жүріс-тұрыстарына қалай қарайтынын білдіріп отырды (Нехемия 9:30 оқы). Исраилдіктер Бабыл тұтқындығынан атамекендеріне оралған соң да, Ехоба оларға дін қызметшісі Езра мен Малахи пайғамбар сияқты адал хабаршыларын жіберіп отырды. Ал Ехобаның сөзіне құлақ асқан уақытта халық зор қуанышқа бөленетін (Нех. 12:43—47).
16. а) Күнәларына өкінбегендері үшін Исраил халқымен не болды? ә) Исраил халқынан тараған адамдарда қандай мүмкіндік бар?
16 Ехоба Исраил халқынан талап етілген құрбандықтарды қазір қабылдамайды. Өйткені ол Исаны жерге жіберіп, оның кемелді өмірін адамзат үшін құрбан етіп қойған (Жох. 1-х. 4:9, 10). Жерде болғанда Иса Әкесінің көзқарасын білдіріп, былай деген: “Иерусалим, пайғамбарлардың көзін құртып, өзіне жіберілгендерді тас лақтырып өлтіретін Иерусалим-ай! Балапандарын қанатының астына жинайтын мекиен сияқты, мен де сенің балаларыңды қанша рет жинамақшы болдым! Бірақ сендер мұны қаламадыңдар”. Содан Иса: “Міне, үйлерің қаңырап бос қалдырылады”,— деді (Мат. 23:37, 38). Сол себепті күнәларына өкінбеген халық рухани Исраилмен ауыстырылды (Мат. 21:43; Ғал. 6:16). Ал Исраил халқының сол кезден бергі ұрпақтары жайлы не деуге болады? Ехобаға және Иса Мәсіхтің құрбандығына сенім танытқандары Ехобаның кешірімшілдігінің игілігін көреді. Сондай-ақ осындай мүмкіндік күнәларына өкінбей қайтыс болып, тазарған жерде қайта тірілетіндерге де беріледі (Жох. 5:28, 29; Ел. іс. 24:15).
ЕХОБАНЫҢ КЕШІРІМШІЛДІГІНІҢ ИГІЛІГІ
17, 18. Ехобаның кешіріміне ие болу үшін не істеуіміз керек?
17 Ехоба бізді кешіруге дайын екенін білгеніміз бізді не істеуге талпындыру керек? Біз Дәуіт пен Манаса сияқты күнәкар екенімізді мойындауымыз, күнәларымызға өкінуіміз, Ехобадан кешірім сұрап жалбарынуымыз және жүрегімізді тазартуын өтінуіміз қажет (Заб. 50:12). Егер ауыр күнә жасаған болсақ, ақсақалдардың көмегіне жүгінгеніміз дұрыс (Жақ. 5:14, 15). Күнәларымыз қаншалықты ауыр болмасын, Ехобаның Мұсаға өзін сипаттаған келесі сөздерін есімізде ұстағанымыз бізге жұбаныш береді: “Құдай мейірімді де қайырымды, Тез қаһарланбайтын да өте рақымды. Тұрақты рақымы мен сенімділігі ағыл-тегіл мол; Ол берік мейірімін мыңдағандарға танытады, Өзіне қарсы шығып теріс қылықтарды Жасаған күнәкарды да кешіруге дайын тұрады”. Ехоба өзгерген жоқ (Мыс. ш. 34:6, 7 сілт.).
18 Ехоба әсерлі мысалды қолданып, тәубеге келген исраилдіктерге күнәлары “ал қызыл болса да”, “қардай аппақ қылатынын”, яғни оларды толықтай кешіретінін уәде етті (Ишая 1:18 оқы). Ал біз Ехобаның кешірімшілдігінің қандай игілігін көре аламыз? Егер шын өкініп, Ехобаның кешірімшілдігін бағаласақ, күнәларымыз толығымен кешіріледі.
19. Келесі мақалада нені қарастырамыз?
19 Ехобаның кешірімшілдігіне ие болып жүрген біздер басқалармен қарым-қатынасымызда оған қалай еліктей аламыз? Ауыр күнә жасаған, бірақ онысына шын өкінген адамдарды кешіруді қалай үйрене аламыз? Келесі мақала “кешірімді де ізгі” Әкеміз Ехобаға еліктей алуымыз үшін өз жүрегімізді тексеруге көмектеседі (Заб. 85:5).