Оқырман сауалдары
Матай 19:10—12 тармақтардағы Исаның сөздері салтбасты болып қалуды шешетіндер керемет түрде салтбастылық сыйын алады дегенді білдіре ме?
Исаның салтбастылық туралы сөздерін қай кезде айтқанына назар аударайық. Парызшылдар келіп, оған ажырасу туралы сұрақтар қойғанда, Иса Ехобаның некеге қатысты көзқарасын анық түсіндіріп берді. Мұса заңы бойынша, күйеуі әйелінің “бір масқарасын” ашқан жағдайда оған ажырасу қағазын жазып бере алатын. Бірақ әуел баста бұлай болмаған (Заң. қ. 24:1, 2). Сосын Иса былай деді: “Кім әйелімен азғындықтан басқа себеппен ажырасып, басқаға үйленсе, неке адалдығын бұзады” (Мат. 19:3—9).
Мұны естіген шәкірттері: “Еркек пен әйелінің арасындағы жағдай осындай болса, онда үйленбеген артық”,— десті. Бұған Иса былай деп жауап қатты: “Бәрі бірдей бұлай өмір сүре алмайды, Құдайдан осындай сый алғандар ғана солай ете алады. Өйткені кейбіреулер некеге жарамайтын болып туылған, басқа біреулерді адамдар солай еткен, ал тағы біреулер Көк патшалығы үшін некеге тұрудан бас тартқан. Кім осылай өмір сүре алатын болса, солай етсін” (Мат. 19:10—12).
Кейбір адамдар некеге жарамайтын болып туылған не басқа адамдар оларды сондай етіп тастаған. Тағы біреулері кездейсоқтықтан сондай болып қалған. Алайда баз біреулер өз еркімен неке құрмауды шешкен. Неке құруға жарағанымен, олар ұстамдылық танытып, “Көк патшалығы үшін” салтбасты болып қалуға бел буған. Олар мұны Иса сияқты өздерін Патшалық ісіне толықтай арнау үшін істеген. Оларда қандай да бір туа біткен қасиет не дарын жоқ. Қайта, олар салтбасты болып қалуды шешіп, бұл сыйға өздері ие болған.
Исаның сөздеріне негізделе отырып сөйлеген елші Пауылдың айтуынша, мәсіхшілердің салтбастылары да, неке құрғандары да Құдайға ұнамды түрде қызмет ете алады, алайда салтбасты мәсіхші неке құрмауға деген “жүрегіндегі... шешіміне берік болса”, “одан да дұрыс істейді”. Қалайша? Некеге тұрған адам уақыты мен күш-қуатының біразын жұбайын қамқорлауға жұмсап, оның көңілінен шығуға тырысуы керек. Ал салтбасты мәсіхшінің ондай жауапкершілігі болмағандықтан, ол Иемізге көбірек қызмет ете алады. Ол мұны Құдайдың “сыйы” деп қарастырады (Қор. 1-х. 7:7, 32—38).
Сонымен, Жазбалардан көретініміздей, мәсіхші салтбастылық сыйына керемет түрде ие болмайды. Ол бұл сыйға Патшалық ісін еш нәрсеге алаңдамай атқару үшін салтбасты болып қала беру арқылы ие болады. Бүгінде көптеген бауырластар осы мақсатпен салтбасты болып қалуды жүректерінде шешкен әрі басқалардың оларды бұл үшін жігерлендіріп тұрғаны қандай тамаша!