Олар дайындық рухын танытты. Бразилия
ҚАЗІР жасы 30-дағы Рубия (1) осыдан бірнеше жыл бұрын оңтүстік Бразилиядағы шағын қауымда ізашар болып қызмет ететін Сандраға (2) барады. Сол кезде оның өмірін күрт өзгерткен бір жағдай орын алады. Ол қандай жағдай? Мұны Рубияның өзі айтып берсін.
“МЕН ӨЗ ҚҰЛАҒЫМА ӨЗІМ СЕНБЕДІМ”
“Сандра мені Киелі кітапты зерттеп жүрген әйелге ертіп апарды. Зерттеу барысында ол әйел былай деді: “Сандра, жұмысымдағы үш қыз Киелі кітапты зерттегісі келеді, бірақ мен оларға кезектерін күтулері керектігін айттым. Биыл сенің қолың босамайды ғой”. Мен өз құлағыма өзім сенбедім. Ехобаны білгісі келетін адамдар кезекке тұрулары керек екен! Ал мен тұрып жатқан қалада бір зерттеу сабағын табудың өзі қиын. Сол сәтте мен Сандра қызмет етіп жатқан қалашықтың тұрғындарына көмектескім келіп кетті. Көп ұзамай мен үлкен қаладан осында біржола көшіп келдім”.
Рубиямен әрі қарай не болды екен? Ол былай дейді: “Келгеніме екі ай болмай жатып менде 15 зерттеу сабағы болды. Сенесіңдер ме, көп ұзамай маған да зерттегісі келетіндердің кезек тізімін жасау керек болды”.
ҚЫЗМЕТКЕ ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫ ӨЗГЕРДІ
Жасы 20-дан енді асқан Диего (3) оңтүстік Бразилиядағы Прудентополис қалашығында қызмет етіп жатқан ізашарларға қонаққа барады. Сонда көріп-білгендері Диегоға қатты әсер етті. Бұл оны тіпті қызметке деген көзқарасын өзгертуге талпындырды. Ол былай дейді: “Өз қауымымда мен айына бірнеше сағат қана уағыздап, жайбарақат жүрдім. Бірақ осы ізашарларда қонақта болып, қызметте болған оқиғаларын естігенде, олардың қызметке деген құлшыныстарын өзімнің немқұрайдылығыммен салыстырдым. Олардың қандай бақытты әрі қуанышты екендерін көргенде, менің де өмірім осындай болса екен деп ойладым”. Сол сапардан кейін Диего ізашарлық қызметті бастады.
Сен жас Куәгерсің бе? Бәлкім, сен де уағызға атсалысып, кездесулерге барғанмен, қызметтен қуаныш алмай жүрген шығарсың. Олай болса, Патшалықты жариялаушыларға қажеттілік бар жерде қызметтің дәмін тату үшін, өміріңді өзгерте аласың ба? Әрине, үйреншікті өмір салтыңды өзгерту қиын болып көрінуі мүмкін. Дегенмен Ехобаға көбірек қызмет ету үшін, мақсаттары мен армандарын өзгертуге бел буған көп жастар осылай еткен. Бруноның мысалын қарастырайық.
МАЭСТРО МА, ӘЛДЕ УАҒЫЗДАУШЫ МА?
28 жасар Бруно (4) бірнеше жыл бұрын бір әйгілі музыка мектебінде оқыды. Оның мақсаты оркестр дирижёрі болу еді. Өте жақсы оқығандықтан ол симфониялық оркестрге дирижёрлік етуге бірнеше рет шақырылды. Оны музыкада үлкен жетістік күтіп тұрған еді. Алайда Бруно былай дейді: “Өмірімде бір нәрсе жетіспегендей болды. Мен өзімді Ехобаға бағыштаған едім, бірақ оған барымды бермей жүрдім. Бұл мені қатты мазалады. Мен Ехобаға дұға етіп, сезімдеріммен бөлістім. Сондай-ақ қауымдағы тәжірибелі бауырластармен сөйлестім. Сөйтіп, барлығын салмақтап-саралағаннан кейін қызметімді музыкадан жоғары қоюды шештім де, музыка мектебін тастап, Патшалықты жариялаушыларға көбірек қажеттілік бар жерге көшіп бардым”. Бруномен сосын не болды екен?
Бруно Сан-Паулудан 260 шақырымдай жердегі шамамен 7000 халқы бар Гуапиара қаласына көшіп барды. Оның өмірі күрт өзгерді. Бруно былай дейді: “Мен тоңазытқышы, теледидары мен Интернеті жоқ кішкентай үйде тұратын болдым. Бірақ ол үйде менде бұрын-соңды болмаған бау-бақша болды!” Сол жердегі шағын қауымда қызмет етіп жүріп, Бруно аптасына бір рет дорбасына ас-су мен әдебиет салып алып, мотоциклмен шалғай ауылдарда уағыздады. Бұл аймақта тұратын адамдардың көбісі ізгі хабарды ешқашан естімеген еді. “Мен 18 Киелі кітап зерттеу сабағын жүргіздім,— дейді Бруно.— Адамдар өмірлерін қалай өзгертіп жатқанын көру мені зор қуаныш сезіміне бөлейтін”. Ол былай деп жалғастырады: “Сол кезде мен өмірімде не жетіспегенін түсіндім. Бұл Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоюдан келетін зор қанағат сезімі еді. Дүние-мүліктің соңына түскенімде осындай күйге бөленбес едім”. Бруно өзін қалай асырады? Ол жымиып: “Гитара ойнауды үйрететінмін”,— дейді. Ол қандай да бір мағынада маэстро болып қалды.
“МАҒАН СОЛ ЖЕРДЕ ҚАЛУҒА ТУРА КЕЛДІ”
Қазір жасы 30-ға жақындап қалған Мариананың (5) жағдайы Брунонікіне ұқсас болды. Ол заңгер еді. Бірақ жұмысы табысты болғанымен, өзін бақытты сезінбеді. Мариананың айтуынша, ол “жел соңынан қуғандай” болған (Уағ. 1:17). Бірнеше бауырлас оны ізашарлық қызмет туралы ойлануға талпындыратын. Біраз ойланып-толғанғаннан соң Мариана құрбылары Биянка (6), Каролина (7) және Юлианамен (8) бірге Боливияға жақын орналасқан Барра-до-Бугрес қаласындағы қауымға біраз уақыт көмектесуді шешеді. Бұл қала олардан мыңдаған шақырым жерде еді. Олармен әрі қарай не болды?
Мариана былай дейді: “Мен ол жерде үш ай болуды жоспарлаған болатынмын. Бірақ кететін уақытым келгенде, менде 15 зерттеу сабағы болды! Бұл адамдарға әлі көп рухани көмек қажет еді. Сондықтан мен оларға кетемін деп айта алмадым. Маған сол жерде қалуға тура келді”. Сөйтіп, бұл қыз бауырластардың төртеуі де сол жерде қалды. Мариананың жаңа жұмысы өмірін байытты ма? Ол былай дейді: “Ехобаның мені адамдарға өмірлерін жақсы жағына өзгертуге көмектесу үшін қолданып жатқанына қуаныштымын. Уақытым мен күшімді маңызды іске жұмсап жатқанымды білгенім мен үшін зор бата”. Каролина төртеуінің сезімдерін келесідей сөздермен жеткізді: “Күнде ұйықтар алдында Патшалықтың мүддесі үшін аянбай еңбек еткенімді ойлап, зор қанағат сезіміне бөленемін. Мен үнемі Киелі кітап зерттеушілеріме қалай көмектессем екен деп жүремін. Олардың жетістіктерін көргенде, мәз болып қаламын. Мен “Дәмін татыңдар да, Ехобаның ізгілігін көріңдер” деген сөздердің растығына көз жеткізудемін” (Заб. 34:8 ЖД).
Патшалық туралы ізгі хабарды жердің түкпір-түкпіріне таратуға “дайын” жастардың күн санап көбейіп жатқанын көріп, Ехоба қалайша қуанады десеңші! (Заб. 109:3, сілт.; Нақ. с. 27:11). Ал осындай дайындық рухын танытып жүрген жастар өз кезегінде Ехобаның мол батасына кенелуде (Нақ. с. 10:22).