2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w1215.10.7—11бет.
Қиындықтарға тойтарыс бер!
“Құдай — біздің панамыз да күшіміз, Қиын кезде сенімді көмекшіміз” (ЗАБ. 45:2).
1, 2. Көп адам қандай қиындықтарды бастан кешіруде және Құдайдың қызметшілері нені қалайды?
БІЗ қиын уақытта өмір сүріп жатырмыз. Адам баласы жерсілкінісі, цунами, өрт, су тасқыны, жанартаудың атқылауы, сондай-ақ құйындар, тайфундар және дауылдар сияқты апаттардан көп зардап шегуде. Оның үстіне, отбасындағы және жеке өміріндегі қиындықтардың кесірінен адамдар жантыныштығынан айырылып, қорқыныш сезінуде. Киелі кітапта айтылғандай, қай-қайсысымыз да “күтпеген жерден бақытсыздыққа ұшырауымыз” мүмкін (Уағ. 9:12).
2 Жалпы алғанда, Құдай халқы қиыншылықтарда қуаныштарын жоғалтпай қызмет ете береді. Дегенмен біз осы дүниенің соңына дейін кезігуіміз мүмкін кез келген қиыншылыққа дайын болғымыз келеді. Біз оларға қалай төтеп бере аламыз? Сол қиындықтардың кезінде жігерімізді жасытпай қызметімізді жалғастыра беруге не көмектеседі?
ТӨЗІМДІЛІК ТАНЫТҚАНДАРДАН ҮЙРЕН
3.Римдіктерге 15:4-ке сай, қиындықтарға кезіккенде не нәрсе бізге жұбаныш береді?
3 Бүгінде бұрын-соңды болмағандай көп адам қиыншылықтарды бастан кешуде. Бірақ қиыншылықтар адамзат үшін жат емес. Құдайдың ертедегі қызметшілерінің кейбірі қиыншылықтарды қайыспай көтерген. Қазір солардан не нәрсеге үйрене алатынымызды қарастырып көрейік (Рим. 15:4).
4. Дәуіт қандай қиындықтарға кезіккен және оған төзуге не көмектесті?
4 Дәуіттің мысалын қарастырайық. Ол Саул патшаның қудалауына ұшыраған. Жау әскерлерімен соғысқан. Әйелдері тұтқындалған болатын. Сарбаздарының кейбірі, тіпті отбасы мүшелері оған сатқындық жасаған. Оның үстіне, Дәуіттің жан азабына түскен кезі болған (Пат. 1-ж. 18:8, 9; 30:1—5; Пат. 2-ж. 17:1—3; 24:15, 17; Заб. 37:5—9). Киелі кітаптан білетініміздей, ол көп қасірет шекті. Алайда бұл Дәуіттің Ехобамен қарым-қатынасын бұза алмады. Бірде ол нық сеніммен былай деген: “Жаратқан — өмірімнің берік қорғаны да, Кімнен үрейленемін солай болғанда?” (Заб. 26:1; Забур 26:5,10 оқы).
5. Ыбырайым мен Сараға өмірдің ыстық-суығына шыдауға не көмектесті?
5 Ыбырайым мен Сара өмірлерінің үлкен бөлігін жат жерде шатырларда тұрып өткізді. Олардың өмірі оңай болмады. Олар аштықты да, айналадағы халықтардың өшпенділігін де көрді. Алайда бұған төзе білді (Жар. 12:10; 14:14—16). Ненің арқасында? Құдай Сөзінде айтылғандай, Ыбырайым “сәулетшісі де, құрылысшысы да Құдайдың өзі болған, іргетасы берік қаланған қаланы күтті” (Евр. 11:8—10). Алдағы нәрселерге көз тіккендіктен, Ыбырайым мен Сара өмірдің ыстық-суығына шыдап, қуаныштарын жоғалтпады.
6. Біз Әйүпке қалай еліктей аламыз?
6 Әйүп болса өте ауыр қасірет шеккен. Өмірі құрдымға кеткендей көрінгенде, оның не сезінгенін елестетіп көрші (Әйүп 3:3, 11). Сондай-ақ ол басына түскен жағдайлардың неліктен болып жатқанын да толық түсінбеді. Алайда ол еш берілмей, мінсіздігі мен Құдайға деген сенімін сақтап қалды (Әйүп 27:5 оқы). Еліктеуге тұрарлық неткен керемет үлгі десеңші!
7. Қызметінде Пауыл қандай жағдайларды бастан кешірді, бірақ нені түсінгені оған қызметін жалғастыруға батылдық берді?
7 Енді Пауылдың мысалын қарастырып көрейік. Оған “қалада, далада, теңізде” қауіп төнген. Ол “аштық пен шөлдің”, “суықта да, киімсіз де жүрудің” не екенін білді. Сондай-ақ елші Пауыл кеме апаттарына ұшыраған кездердің бірінде “бір тәулік бойы ашық теңізде қалып қойғанын” жазған (Қор. 2-х. 11:23—27). Алайда Құдайға қызмет еткені үшін өліммен бетпе-бет кездескен кезінде оның қандай көзқарас танытқанына назар аударшы. Ол: “Бұл өзімізге емес, өлгендерді тірілтетін Құдайға сенім артуымыз үшін осылай болды. Ол бізді осы ажал қаупінен құтқарды, тағы да құтқарады”,— деген (Қор. 2-х. 1:8—10). Көбіміз Пауыл сияқты сан алуан қауіпті жағдайларға кезікпедік. Дегенмен біз оның сезімін түсінеміз әрі оның батылдығы бізге жігер береді.
ҚИЫНДЫҚТАРДЫҢ ЖІГЕРІҢДІ ҚҰМ ҚЫЛУЫНА ЖОЛ БЕРМЕ
8. Бүгінгі қиындықтар бізге қалай әсер етуі мүмкін? Мысал келтір.
8 Апаттарға, қиындықтар мен қысымға толы осы дүниеде көбісінің жаны күйзелген. Тіпті кейбір мәсіхшілер де өздерін осылай сезініп жатады. Мысалы, Ланиa есімді бауырлас Австралияда күйеуімен толық уақытты қызмет етіп, бақытты болып жүргенде, кеуде қатерлі ісігіне шалдыққанын біледі. Бұл хабар оның төбесіне жай түскендей болды. Ол былай дейді: “Ем-шаралар мені қатты әлсіретіп жіберді. Өзімді түкке тұрғысыз сезіндім”. Бұған қоса, омыртқасына ота жасалған күйеуіне де қамқорлық көрсету керек болды. Егер осыған ұқсас жағдайға тап болсақ, біз не істей аламыз?
9, 10. a) Біз Шайтанның не істеуіне жол бермеуіміз керек? ә) Елшілердің істері 14:22-де айтылған “талай азапты” көтере алуымыз үшін қандай көзқарас танытуымыз қажет?
9 Қиындықтарға кезіккенде, Шайтанның солар арқылы сенімімізді әлсіретіп, қуанышымыздан айырғысы келетінін есте ұстағанымыз абзал. Алайда біз оның бұлай етуіне жол бермеуіміз керек. Нақыл сөздер 24:10-да (ЖД): “Қиындыққа ұшыраған күні еңсең түсетін болса, дәрменсіз боласың”,— делінген. Жоғарыда қарастырылған және Киелі кітаптағы басқа да мысалдардың үстінен ой-жүгірткеніміз азап шеккен кезде мойымауға көмектеседі.
10 Сонымен қатар біз барлық қиыншылықтардан айналып өте алмайтынымызды да ұмытпағанымыз жөн. Қайта, біз қиыншылықтар болады деп күтуіміз керек (Тім. 2-х. 3:12). Елшілердің істері 14:22 - де: “Біз Құдай патшалығына талай азап шегу арқылы кіруіміз керек”,— делінген. Қиындықтарға тап болғанда еңсеңді түсірме, қайта, мұны Құдайдың өзіңе көмектесетініне сенетініңді дәлелдеудің мүмкіндігі деп қарастыр.
11. Өміріміздегі ауыртпалықтар жігерімізді жасытпау үшін не істей аламыз?
11 Біз өміріміздегі жақсы жайттар туралы ойлауымыз керек. Құдай сөзінде: “Жүректің қуанышы бет-жүзді жарқыратар, Жүректің қайғысы көңілді жабырқатар”,— делінген (Нақ. с. 15:13). Дәрігерлердің айтуынша, науқас адамның жазылып кетемін деп ойлағаны сауығып кетуіне септігін тигізе алады. Көп жағдайда науқас өзіне көмегі тиеді деген оймен емдік күші жоқ тәтті дәрілерді (плацебо) қабылдағанда, өзін жақсы сезінген. Сондай-ақ керісінше, науқас адам сол дәрілерді денсаулығына кері әсер етіп жатыр деген оймен қабылдағанда, өзін нашар сезінген (ноцебо әсері). Осыдан көрінетіндей, өзгерте алмайтын нәрселерді үнемі ойлай бергеніміз жігерімізді жасытады. Ал Ехоба болса бізге “тәтті дәрі” бермейді. Қиындықтарға кезіккенде, ол бізге Сөзі арқылы жігер, бауырластар арқылы демеу береді әрі киелі рухымен нығайтады. Осыны есте ұстағанымыз рухымызды көтереді. Егер өміріңде жағымсыз жайттар орын алып жатса, уайымдағаннан гөрі, әр проблеманы шешу үшін қолыңнан келгенді істеп, бар ойыңды өміріңдегі қуанышты жайттарға аудар (Нақ. с. 17:22).
12, 13. a) Құдайдың қызметшілеріне апаттың салдарына төзуге не көмектесті? Мысал келтір. ә) Апат болған кезде адамның өмірінде не нәрсе басты орында тұрғаны қалай айқындалады?
12 Соңғы күндері кейбір елдерде жойқын апаттар болуда. Көңіл қоярлық бір жайт — сондай жерлерде тұратын бауырластар оңай болмаса да, зор табандылық танытқан. 2010 жылдың басында Чилиде болған жойқын жерсілкінісі мен цунамидің кесірінен көптеген бауырластарымыз үйлері мен дүние-мүлкінен айырылған. Кейбірі жұмыссыз қалды. Бірақ соған қарамастан олар Ехобаға құлшына қызмет ете берді. Апаттың кезінде үйі жермен-жексен болған Сэмюэл былай дейді: “Өте қиын жағдайда болсақ та, қауым кездесуіне баруды, уағыздауды тоқтатқан емеспіз. Осы істерді әдетке айналдырғанымыз бізге түңіліп кетпеуге көмектескеніне сенімдімін”. Осы және тағы басқа бауырластар апат болғанда, еңселерін түсірмеді, қайта, Ехобаға құлшыныспен қызмет етуді жалғастыра берді.
13 2009 жылдың қыркүйегінде Филиппиндегі Манила қаласының 80 пайыздан астам жерін су басып қалды. Көп дүние-мүлкінен айырылған бір бай кісі “апат байды да, кедейді де аямай, баршаға қиындықтар мен қайғы-қасірет әкелгенін” айтты. Бұл оқиға Исаның: “Қазынаны көкте жинаңдар! Көкте оны күйе де жемейді, тот та баспайды, ұры да бұзып кіріп, ұрлап әкетпейді”,— деген дана кеңесін еске салады (Мат. 6:20). Бүгін бар, ертең жоқ болатын ақша мен дүние-мүлікті көптеп жинауға ұмтылатын адамдар жиі бармақ тістеп жатады. Одан гөрі Ехобамен достығымызды өмірде басты орынға қойғанымыз даналық болады. Өйткені оны еш нәрсе де бұза алмайды (Еврейлерге 13:5, 6 оқы).
НЕГЕ БІЗ ТАБАНДЫ ДА БАТЫЛ БОЛУЫМЫЗ КЕРЕК?
14. Батыл болуға бізде қандай себептер бар?
14 Иса өзінің таққа отырған кезінде адамдар көп азап шегетінін білді. Десе де ол: “Үрейленбеңдер”,— деген (Лұқа 21:9). Иә, біз батыл бола аламыз, өйткені Патшамыз Иса Мәсіх және Жаратушымыз Ехоба Құдай бізге көмекке келуге әрдайым дайын. Пауыл Тімөтені: “Құдай бізге қорқыныш рухын емес, күш, сүйіспеншілік және естілік рухын берді”,— деп жігерлендірген (Тім. 2-х. 1:7).
15. Ехобаның кейбір қызметшілері оған деген сенімдері туралы не деген және біз қалай табанды бола аламыз?
15 Киелі кітапта Құдай қызметшілерінің оған деген берік сенімін көрсететін сөздері жазылған. Мысалы, Дәуіт былай деген: “Ием — күш-қуатым, қалқандай қорғаным, Шын жүректен Оған сенім артамын. Ол мені қолдады, қатты қуанады жүрегім” (Заб. 27:7). Пауыл да нық сенімін білдіріп: “Бізді сүйгеннің арқасында барлық жағдайда да жеңіске жетудеміз”,— деген (Рим. 8:37). Ал Иса тұтқындалып, өлерінің алдында Құдаймен қарым-қатынасы берік болғанын көрсеткен келесі сөздерді айтқан: “Мен жалғыз емеспін, себебі Әкем менімен бірге” (Жох. 16:32). Бұл сөздерден нені білуге болады? Олар Ехобаға толықтай сенім артқан. Ехобаға осылай арқа сүйеуді үйренсек, кез келген қиындыққа дайын боламыз (Забур 45:2—4 оқы).
ҚҰДАЙДЫҢ КӨМЕГІН ҚАБЫЛДА
16. Құдай Сөзін зерттегеніміз неліктен маңызды?
16 Мәсіхшілер өз күшіне сенгендіктен емес, Құдайды жақынырақ танып, оған сенім артқанның арқасында күш-жігерге ие болады. Ол үшін жүйелі түрде оның Сөзі Киелі кітапты зерттеуіміз керек. Жаны күйзелген бір әйел бауырлас өзіне не көмектесетінін айтып, былай деді: “Мен жұбаныш беретін жазба орындарын қайта-қайта оқимын”. Ал біз адал да ақылды құлдың апта сайын отбасылық ғибадат өткізіп тұруға қатысты басшылығын ұстанып жүрміз бе? Осылайша Құдай Сөзіне үңілетін болсақ, “Сенің тәліміңді сондай қатты сүйемін! Күні бойы сол жайлы ойланып та жүремін” деп айтқан забур жыршысынікіндей сезімде боламыз (Заб. 118:97).
17. a) Ехоба бізге тағы қалай көмектеседі? ә) Әдебиеттеріміздегі бір өмірбаянның өзіңе қалай көмектескенін айтып бер.
17 Сондай-ақ бізде Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер бар. Олар біздің Ехобаға деген сенімімізді нығайтады. Журналдарымызда басып шығарылған өмірбаяндар көп бауырласқа зор көмек болған. Мысалы, Азиядағы бір әйел бауырласымыз өзі сияқты биполярлы бұзылыс сырқатына душар болған миссионер бауырластың мұнымен қалай күрескені туралы оқып, қатты жігерленді. Әйел бауырласымыз былай деп жазды: “[Бұл өмірбаян] өз жағдайымды түсінуге көмектесті және үміт сыйлады”.
18. Неліктен жиі-жиі дұға етуіміз керек?
18 Дұға бізге кез келген жағдайда көмектесе алады. Елші Пауыл дұғаның маңыздылығына назар аударып былай деген: “Еш нәрсені уайымдамаңдар, барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып, ризашылықпен Құдайға білдіріңдер. Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Иса арқылы сақтайды” (Філіп. 4:6, 7). Қиын жағдайға ұшырағанда, мейлінше көбірек дұға етуге тырысамыз ба? Ұзақ уақыт жан күйзелісімен ауырған бір британдық бауырлас былай дейді: “Ехобамен дұғада сөйлескенім және Сөзін оқып оны тыңдағаным маған зор көмек болды”.
19. Кездесулерге қатысу қаншалықты маңызды?
19 Қауым кездесулерінің де біз үшін маңызы зор. Забур жыршысы былай деп жырлаған: “Жан дүнием Жаратқанның киелі үйіндегі Аулаларына баруды аңсап, әлсірейді” (Заб. 83:3). Біз де өзімізді осылай сезінеміз бе? Жоғарыда айтылып кеткен Лани кездесулердің барлығына қатысудың және бауырластармен араласу өзі үшін қаншалықты маңызды екенін былай деп түсіндіреді: “Ехобадан көмек алғым келсе, кездесулерге баруым қажет екенін түсіндім”.
20. Уағыз ісіне белсенді қатысқанымыз бізге қалай көмектеседі?
20 Патшалық туралы ізгі хабарды жариялау ісінде белсенді болғанымыз да бізді нығайтады (Тім. 1-х. 4:16). Көп қиыншылықты бастан өткерген Австралиядағы бір әйел бауырлас былай дейді: “Уағызға баратын шамам да, онша ықыласым да болмады. Бірақ ақсақал мені қызметке шақырды. Мен келістім. Уағызға шыққан сайын өзімді сондай бақытты сезінетінмін. Ехоба маған көмектескен болса керек” (Нақ. с. 16:20). Бауырластардың көбісі басқаларға сенім дамытуға көмектесіп жүргенде, өздерінің де сенімдері нығайғанын байқаған. Осылайша өз проблемаларын ұмытып, маңыздырақ нәрселерге назар тіккен (Філіп. 1:10, 11).
21. Қиындықтарға кезіккенде не нәрсеге сенімді бола аламыз?
21 Бүгіндегі қиыншылықтарға батыл тойтарыс бере алуымыз үшін, Ехоба көптеп көмек көрсетуде. Осы көмектің барлығын қабыл алсақ әрі Құдайдың батыл қызметшілерінің үлгісінің үстінен ой жүгіртіп, оларға еліктесек, қиыншылықтарды жеңе аламыз. Әрине, осы дүниенің соңы жақындағанда әлі көптеген қиындықтарға кезігуіміз мүмкін, бірақ біз Пауыл сияқты: “Бізді құлатуда, бірақ жойылған жоқпыз... біз еш талмаймыз”,— дей аламыз (Қор. 2-х. 4:9, 16). Иә, Ехобаның көмегімен қазіргі қиыншылықтарға төтеп бере алатынымыз сөзсіз (Қорынттықтарға 2-хат 4:17, 18 оқы).