Мыңжылдық пен мәңгілікке созылатын тыныштық
“Құдай бірден-бір Билеуші болмақ” (ҚОР. 1-Х. 15:28).
1. “Ұлы жамағатты” қандай керемет болашақ күтіп тұр?
ӘДІЛ де мейірімді билеуші басқаратын мықты үкімет өз азаматтарына мың жылдың ішінде қаншама жақсылық жасай алатынын көз алдыңа елестете аласың ба? “Зор алапаттан” аман өтетін “ешбір адам баласы санай алмайтындай ұлы жамағатты” осындай болашақ күтіп тұр (Аян 7:9, 14).
2. Соңғы 6000 жылдың ішінде адамзаттың ахуалы қандай болды?
2 Соңғы 6000 жыл бойы адамзат өзі би, өзі қожа болып келді. Алайда бұл оларға адам айтқысыз қайғы-қасірет қана әкелді. Киелі кітапта әлдеқашан былай делінген еді: “Бір адамның екінші адамға зиян келтіре отырып, әмір жүргізетін кездері де болады” (Уағ. 8:9). Ал дүниенің қазіргі ахуалы туралы не деуге болады? Біреулер қарулы қақтығыстардың құрбаны болып жатса, басқалары аштық пен аурудан көз аша алмай отыр. Оның үстіне, қоршаған орта ластанып, жердің климаты күрт өзгеруде. Саясаткерлердің айтуынша, егер түбегейлі өзгеріс жасалмаса, көретін күніміз қараң болмақ.
3. Мәсіхтің мыңжылдық билігі не әкелмек?
3 Құдай Патшалығының тағайындалған Патшасы Иса Мәсіх пен онымен бірге билік ететін 144 000 патша адамзатқа және олардың мекендері — Жер планетасына келтірілген бар залалдың орнын толтырады. Олардың мыңжылдық билігі кезінде Ехоба Құдайдың жүрекке жылы тиетін келесі уәдесі орындалады: “Мен жаңа аспан мен жаңа жерді жаратпақпын. Бұрынғылар енді еске алынбай, ойға да келмейтін болады” (Ишая 65:17). Бізді қандай тамаша оқиғалар күтіп тұр? Құдай Сөзіндегі пайғамбарлықтардың көмегімен осы бір керемет, бірақ әлі көзге “көрінбейтін нәрселерді” шолып өтейік (Қор. 2-х. 4:18).
“ОЛАР ҮЙ СОҒЫП, ЖҮЗІМДІК ОТЫРҒЫЗАТЫН БОЛАДЫ”
4. Бүгінде үй мәселесі туралы не деуге болады?
4 Қайсымыз өз үйіміздің болғанын және ол жерде отбасымызбен бірге тыныш өмір кешуді қаламаймыз? Алайда бүгінгі таңда баспана мәселесі қиын мәселелердің бірі болып отыр. Халықтың басым көпшілігі қалаларда шоғырланған. Көбісі пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүруге мәжбүр. Жиі кішкентай үйде бір емес, бірнеше отбасы тығылысып тұрады. Иә, үйлі болу — көпшілік үшін қол жетпес арман.
5, 6. а) Ишая 65:21 мен Миха 4:4 қалай орындалады? ә) Біз сол баталарды көру үшін не істеуіміз керек?
5 Патшалықтың тұсында адамдар армандарына жетіп, үйлі болады. Ишая пайғамбар былай деген: “Халқым үй салса, сонда өзі тұратын, жүзімдік отырғызса, соның жемісін өзі жейтін болады” (Ишая 65:21). Алайда Ехоба тек баспаналы болатынымызды ғана уәде етіп отырған жоқ. Өйткені қазірдің өзінде өз үйінде, тіпті зәулім үйде тұратын адамдар бар ғой. Дегенмен олар қарызға батып не алаяқтардың құрбаны болып үйімізден айырылып қаламыз, я болмаса ұры түседі деп қорқады. Ал Патшалықтың кезінде жағдай мүлде өзгеше болмақ. “Әркім отырады өз жүзім бұталарының Түбінде не зәйтүн ағаштарының, Ешкім оларды қорқытпайды енді! Осыны нық айтқан Әлемнің Иесі” (Миха 4:4).
6 Осы тамаша уәдені есте ұстай отырып, біз не істеуіміз керек? Әрине, әрқайсысымыз да жайлы үйде тұрғымыз келеді. Десе де армандаған үйімізге қазір ие болуға тырысып, қарызға батқаннан гөрі, Ехобаның уәдесіне назар тіккеніміз даналыққа жатпас па еді? Исаның өзі туралы не дегенін есіңе түсірші: “Түлкілердің іні, құстардың қонақтайтын жері бар, ал Адам Ұлының бас тірейтін тұрағы да жоқ” (Лұқа 9:58). Исаның керемет үй соғып алуға не иемденуге күші мен қабілеті жетер еді. Онда неге ол солай етпеді? Иса өзіне Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоюға ешнәрсенің кедергі болғанын қаламады. Ал біз оның үлгісіне еліктеп, материализм мен уайымға берілмей көзімізді қарапайым сақтай аламыз ба? (Мат. 6:33, 34).
“ҚАСҚЫР ҚОЗЫМЕН БІРГЕ САБАН ШӨП ЖЕЙДІ”
7. Ехоба о баста адам баласы мен жануарлардың қандай қарым-қатынаста болғанын ниет еткен?
7 Адам баласы Құдайдың жердегі жаратылыстарының тәжі болып табылады. Шебер көмекшісі болған тұңғыш Ұлына Ехоба ниетін былай деп білдірді: “Біз Өзімізге рухани жағынан ұқсас адамдарды жаратайық. Олар теңіздегі балықтар мен аспандағы құстарға, малға, жабайы аңға, бүкіл жер бетіне және онда жорғалап жүрген барлық жануарларға иелік етсін!” (Жар. 1:26). Адам мен Хауа, ал кейін бүкіл адамзат жан-жануарларға билік етуі керек еді.
8. Аңдарға бүгінде қандай әрекет тән?
8 Адамзат үшін жан-жануарларға иелік етіп, олармен татулықта болу мүмкін бе? Көптеген адамдар ит, мысық сияқты үй жануарларына бауыр басып кетеді. Ал жабайы аңдар туралы не деуге болады? Бір ғылыми еңбекте былай делінген: “Аңдардың мекеніне барып, оларды зерттеген ғалымдар сүтқоректілердің сезімтал екендерін байқаған”. Әрине, қауіп төнсе аңдар үркиді не айбат шегеді. Ал олар қандай да бір шамада бауырмалдық таныта ала ма? Аталмыш еңбекте былай делінген: “Балаларын өсірген кезде, сүтқоректілер ең керемет қасиетін — жылулықты танытады”.
9. Жан-жануарлар болашақта қалай өзгереді?
9 Киелі кітаптан адамдар мен жануарлардың болашақта тату-тәтті тұратындарын оқығанда, таңғалудың қажеті жоқ (Ишая 11:6—9; 65:25 оқы). Неліктен? Нұх пен оның отбасы Топан судан кейін кемеден шыққанда, Ехобаның оларға былай дегені есіңде шығар: “Сендерді көргенде, барлық жер бетіндегі аңдар мен аспандағы құстарды, жер үстінде қыбырлап жүргендер мен теңіздегі балықтарды үрей мен қорқыныш билесін”. Ехоба аңдар мен құстарға дарытқан қорқыныш оларға қорғаныш болып келді (Жар. 9:2, 3). Ендеше өзінің о бастағы ниетін орындау үшін ол аңдардың адам алдындағы қорқынышын азайта алады емес пе? (Ошия 2:18). Жаңа дүниеде өмір сүретін адамдарды қандай керемет уақыт күтіп тұр десеңші!
“ҚҰДАЙ ОЛАРДЫҢ КӨЗ ЖАСТАРЫН СҮРТІП ТАСТАЙДЫ”
10. Неге адамдар жылайды?
10 “Осы өткінші дүниеде жасалған әртүрлі зорлық-зомбылықты көргенде”, Сүлеймен былай деп зарлаған: “Жапа шеккен бейшаралар көз жастарын төгіп жыласа да, оларды жұбататын ешкім жоқ екен!” (Уағ. 4:1). Бүгінде жағдай тура сондай не одан да сорақы. Арамызда көз жасын төкпеген жан жоқ шығар, сірә. Әрине, кейде біз қуаныштан жылаймыз. Алайда көбінесе жас төгетіндер — жаралы жандар.
11. Киелі кітаптағы қай оқиға сені әсіресе тебірентеді?
11 Құдайдың ертедегі қызметшілерінің қасірет шегіп, жылаған кездерін есіңе алшы. Мысалы, әйелі Сара 127 жасында көз жұмғанда, “Ыбырайым [оны] жоқтап қайғырды” (Жар. 23:1, 2). Ал Нағима жесір қалған келіндерімен қоштасқанда, олар “зар еңіреп жылады” (Рут 1:9, 14). Ауруға шалдығып, өлім аузында жатқанда, Езекия Құдайға дұға етті де, “қатты жылады”. Ехоба мұны көріп, патшаны сауықтырды (Пат. 4-ж. 20:1—5). Елші Петірдің Исадан танғаны туралы оқығанымыз да бізге әсер етпей қоймайды. Әтеш шақырғанын естігенде, Петір “сыртқа шығып, қатты жылады” (Мат. 26:75).
12. Патшалық адамзатты неден босатады?
12 Өмірлері қайғы-мұңға толы болғандықтан, адамдар жұбаныш пен көмекке мұқтаж. Исаның мыңжылдық патшалығының кезінде “Құдай олардың көздеріндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Бұрынғы жайттар құрып жоқ болды” (Аян 21:4). Қайғы-қасіреттің болмайтыны тамаша, алайда Ехоба бұдан да зор керемет жасайды. Ол адамзаттың басты жауы — өлімді жоқ қылады. Бұл қалай болмақ?
“ҚАБІРДЕГІЛЕРДІҢ БӘРІ... ҚАБІРДЕН ШЫҒАДЫ”
13. Адам ата күнә жасағаннан бері өлім адамзатқа қалай әсер етіп келеді?
13 Адам ата күнә жасағаннан бері өлім адамзатқа патша тәрізді үстемдік жүргізіп келеді. Оны ешбір адам баласы жеңе де, одан қашып құтыла да алмайды. Ол адамзатқа бақытсыздық пен қайғы-қасірет әкелуде (Рим. 5:12, 14). Иә, миллиондаған адам өлімнен қорқып, оған “өмір бойы құл болып” келеді (Евр. 2:15).
14. Өлімнің жойылуы не нәрсеге жол ашады?
14 Киелі кітапта: “Жойылатын соңғы жау — өлім”,— делінген (Қор. 1-х. 15:26). Бұл екі топ адамға пайда әкеледі. Қазір өмір сүріп жатқан “ұлы жамағат” жаңа дүниеге аман өтіп, мәңгі өмір сүруге мүмкіндік алады. Ал өлім құшқан миллиардтаған адам қайта тірілетін болады. “Ұлы жамағат” қайта тірілгендерді қарсы алғанда, қандай қуаныш пен шаттық болатынын елестете аласың ба? Киелі кітаптағы қайта тірілу туралы оқиғаларды мұқият оқысақ, адамдар болашақта өмірге қайта оралғанда не болатынын болжамдай аламыз (Марқа 5:38—42; Лұқа 7:11—17 оқы).
15. Жақын адамың қайта тірілгенде сен өзіңді қалай сезінесің?
15 “[Олар] қуанышы қойнына сыймай, шат-шадыман болды” және “Құдайды мадақтай бастады” деген сөздер туралы ойлашы. Егер сол оқиғалардың куәсі болсаң, бәлкім, сен де осындай күй кешер едің. Қайта тірілген жақын адамдарымызды көргенде, қайран қалатынымыз шүбәсіз. Иса былай деді: “Қабірдегілердің бәрі оның даусын еститін уақыт келе жатыр, сонда олар қабірден шығады” (Жох. 5:28, 29). Мұндайды ешқайсымыз бұрын-соңды көрген емеспіз, сондықтан бұл әлі “көзге көрінбейтін” керемет нәрселердің бірі болатыны сөзсіз.
“ҚҰДАЙ БІРДЕН-БІР БИЛЕУШІ БОЛМАҚ”
16. а) Неліктен бізді күтіп тұрған баталар туралы шабыттанып айтуымыз керек? ә) Пауыл Қорынт қаласындағы мәсіхшілерді жігерлендіру үшін не деген?
16 Осы қиын-қыстау заманда Ехобаға деген адалдығын сақтайтын адамдарды неткен керемет болашақ күтіп тұр десеңші! Алатын баталарымыз әлі “көзге көрінбесе де”, олар туралы ой жүгірткеніміз дұрыс. Бұл бізге осы дүниенің алдамшы нәрселеріне алаңдамай, маңызды нәрселерге көз тігуге көмектеседі (Лұқа 21:34; Тім. 1-х. 6:17—19). Отбасылық ғибадат кешінде, бауырластармен және Киелі кітап зерттеп жатқан адамдармен сөйлескенде, керемет үмітіміз бен болашағымыз туралы шабыттанып айтайық. Бұл бізге үмітімізді жадымызда ұстауға көмектеседі. Елші Пауыл бауырластарды осылай жігерлендірген. Оның сөздері бауырластарға Мәсіхтің мыңжылдық билігінің аяғында не болатынын елестетуге көмектескен. Пауылдың Қорынттықтарға 1-хат 15:24, 25, 28-дегі сөздерінің мағынасын жете түсінуге тырыс (Оқы).
17, 18. а) Адамзат тарихының басында Ехоба қалайша “бірден-бір Билеуші” болды? ә) Иса ынтымақ пен тыныштықты қалай қалпына келтірмек?
17 Мыңжылдықтың соңында “Құдай бірден-бір Билеуші болмақ”. Бұл нені білдіреді? Едем бағында кемелді Адам ата мен Хауа ана Ехобаның ынтымағы жарасқан бүкіләлемдік отбасының мүшелері болған. Әлемнің Әміршісі Ехоба көк пен жердегі бүкіл жаратылысына өзі билік еткен болатын. Олар Құдаймен жеке қарым-қатынаста болды, ғибадат етті және батасына кенелді. Сол кезде ол расында да “бірден-бір Билеуші” болды.
18 Адамдар Шайтанның ықпалына беріліп, Ехобаға қарсы шыққанда, бұл керемет қарым-қатынас бұзылды. Алайда 1914 жылдан бері Мәсіхтің Патшалығы Құдай отбасында тыныштық пен ынтымақты қайта орнату үшін шара қолдануда (Ефес. 1:9, 10). Мыңжылдық патшалықтың кезінде әлі “көрінбейтін нәрселер” жүзеге асады. Сосын Мәсіхтің мыңжылдық билігінің “соңы” келмек. Исаның қолында “көк пен жердегі барлық билік” болғанымен, ол Ехобаның билігін көксемейді. Ол кішіпейілділікпен “Патшалықты Құдай Әкесіне тапсырады”. Ол өзінің ерекше дәрежесі мен билігін әрқашан “Құдай Әкені мадақтау үшін” қолданады (Мат. 28:18; Філіп. 2:9—11).
19, 20. а) Патшалықтың азаматтары Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдайтындарын қалай дәлелдемек? ә) Бізді қандай болашақ күтіп тұр?
19 Ол кезде Патшалықтың жер бетіндегі азаматтары кемелділікке жетіп қояды. Олар Исаның үлгісіне еліктеп, Ехобаның бүкіләлемдік билігіне кішіпейілділікпен әрі шын жүректен мойынсұнатын болады. Мұны олар соңғы сынақтан өткенде айқын дәлелдемек (Аян 20:7—10). Ал сосын бүлікшілердің барлығы — зұлым адамдар, Шайтан және жын перілер — мәңгілікке құрдымға кетеді. Сол кезде неткен қуаныш пен шаттық орнамақ десеңші! Ехобаның бүкіләлемдік отбасы оны бірауыздан мадақтайды. Ал Ехоба “бірден-бір Билеуші” болады (Забур 98:1—3 оқы).
20 Құдай Патшалығы жүзеге асыратын керемет уәделер сені Ехобаның еркін өмірде басты орынға қоюға талпындыра ма? Шайтан дүниесінің қызығына алданбау үшін қолыңнан келгеннің бәрін істейсің бе? Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдауға деген шешімің нығайды ма? Олай болса, әрбір ісіңмен мұны мәңгілік бойы істегің келетінін дәлелде. Сонда сен мың жыл және мәңгілік бойы тыныштық пен амандықтың рақатын көретін боласың.