Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w12 15.9. 28—32 бет.
  • Құдай халқының қуанышты жиындары

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Құдай халқының қуанышты жиындары
  • 2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • БҰРЫНҒЫ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ КЕЗДЕГІ МАҢЫЗДЫ КОНГРЕСТЕР
  • ҮЗІЛМЕЙТІН ҚУАНЫШТЫ ЖИЫНДАР
  • НЕГЕ БҮГІНГІ КОНГРЕСТЕРДІ БАҒАЛАУЫМЫЗ КЕРЕК?
  • Жыл сайынғы конгрестер — сүйіспеншілік көрсетудің сәті
    “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері (2021)
  • Уақтылы беріліп отырған рухани ас-су
    Біздің патшалық қызметіміз. 2004
  • Облыстық конгрестер — шындық туралы куәлік берудің керемет мүмкіндігі
    Біздің қасиетті қызметіміз. 2012
  • Облыстық конгрестер — қуанышпен ғибадат ететін уақыт
    Біздің қасиетті қызметіміз. 2010
2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w12 15.9. 28—32 бет.

Құдай халқының қуанышты жиындары

“Бүкіл халықты жинауға тиіссіңдер. Еркек не әйел болсын, балалар не қалаларыңда тұрып жатқан жатжұрттықтар болсын, бәрі де келуге міндетті” (ЗАҢ. Қ. 31:12).

ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢ?

  • Неліктен конгрестер Ехобаның халқының тарихында ерекше орынға ие деп айтуға болады?

  • Ежелгі исраилдіктер Иерусалимдегі мейрамдарға қатысу үшін қандай құрбандықтарға барған?

  • Неліктен бір де бір конгресті жіберіп алмауымыз керек?

1, 2. Осы мақалада конгрестер туралы не білеміз?

ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІ көп жылдан бері халықаралық және облыстық конгрестерде бірге бас қосып келеді. Көбіміз осындай қуанышты жиындарда талай рет болған да шығармыз.

2 Құдай халқы мыңдаған жылдар бұрын да киелі жиындарда бас қосып тұрған. Осы мақалада біз Жазбаларда аталған жиындарды қарастырып, сол кездегі мен бүгіндегі конгрестердің арасындағы ұқсастықтарды байқап көреміз. Сондай-ақ оларға қатысудың қандай пайдасы бар екенін білеміз (Заб. 43:2; Рим. 15:4).

БҰРЫНҒЫ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ КЕЗДЕГІ МАҢЫЗДЫ КОНГРЕСТЕР

3. а) Ехобаның халқы өткізген ең алғашқы конгресте не болды? ә) Исраилдіктер жиналу керектігін қалай білетін?

3 Құдай халқы рухани тәлім алу үшін алғаш рет Синай тауының етегінде көп болып жиналды. Бұл таза ғибадаттың тарихындағы елеулі оқиға болды. Сол күні Ехоба исраилдіктерге Заң берді әрі керемет құдіретін көрсетті. Қатысушылар бұл күнді өмір бойы естерінде ұстаса керек (Мыс. ш. 19:2—9, 16—19; Мысырдан шығу 20:18; Заңды қайталау 4:9, 10 оқы). Сол күні Құдайдың Исраилмен қарым-қатынасының жаңа дәурені басталды. Көп ұзамай Ехоба Мұсаға халықты қалай жинау керектігіне қатысты нұсқау берді. Ол Мұсаға күмістен екі керней жасауды бұйырды. Керней тартылғанда, “бүкіл қауым кездесу шатырының алдына” жиналу керек еді (Ру. сан. 10:1—4). Осындай кездесулерде олардың көңілдері қалай толқығанын елестетіп көрші!

4, 5. Мұса мен Ешуа ұйымдастырған жиындар неліктен аса маңызды болды?

4 Шөл далада өткізген 40 жылдың соңына таман Мұса исраилдіктердің басын қосты. Жаңадан пайда болған халық Уәде етілген жердің табалдырығында тұрған еді. Бұл кез Мұса үшін бауырларына Ехобаның істеген әрі істейтін барлық істерін естеріне салуға оңтайлы уақыт болды (Заң. қ. 29:1—15; 30:15—20; 31:30).

5 Бәлкім, дәл сол жиында Мұса бұдан былай Құдай халқы тәлім алу үшін жүйелі түрде жиналып тұратынын айтып кеткен болса керек. “Таурат заңын тыңдап, үйреніп, Құдай Иемізді терең қастерлеп, Таураттың барлық ережелерін мұқият орындай” алулары үшін ерлер, әйелдер, балалар мен жатжұрттықтарға әрбір жетінші жылы, Күркелер мейрамы кезінде, Ехоба таңдаған жерге жиналу бұйырылды (Заңды қайталау 31:1, 10—12 оқы). Осылайша Ехоба өзінің еркі мен жарлықтарын білу үшін исраилдіктердің жиналып тұруы қажет екенін анық көрсетті. Исраилдіктер Уәде етілген жерді толық жаулап алғанмен, олардың айналасында жалған тәңірлерге табынатын халықтар әлі де бар еді. Сол себепті Ешуа оларды жинап, Ехобаға адал болуға деген шешімдерін нығайтты. Нәтижесінде халық Құдайға қызмет етуге ант берді (Ешуа 23:1, 2; 24:1, 15, 21—24).

6, 7. Біздің заманымызда Ехобаның халқы қандай маңызды конгрестер өткізді?

6 Ехоба халқының бергі тарихында да маңызды конгрестер болған. Сол жиындарда теократиялық істер мен Жазбаларды түсінуге қатысты өзгерістер жарияланған (Нақ. с. 4:18). Ал Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін алғашқы үлкен конгресс 1919 жылы Сидар-Пойнтта (АҚШ, Огайо штаты) өткізілді. 7000-дай адам қатысқан бұл жиында уағыз ісі жер-жаһанға таралу керектігіне қатысты үндеу тасталды. 1922 жылы сол жерде өткен тоғыз күндік конгресте Джозеф Рутерфорд өз баяндамасында тыңдаушыларды уағыздауға талпындырып былай деді: “[Ехобаның] адал да шынайы куәгерлері болыңдар. Ұлы Бабыл күл талқан болғанша күресуді тоқтатпаңдар. Хабарды бүкіл жержүзіне уағыздаңдар. Адамзат Ехобаның Құдай екенін, ал Иса Мәсіхтің патшалардың Патшасы, иелердің Иесі екенін білуі керек. Бүгін ерекше күн. Қараңдар, Патшамыз билік етуде! Ал сендер оның өкілдерісіңдер. Сол себепті Патша мен оның патшалығын жариялаңдар, жариялаңдар, жариялаңдар!” Бұл шақыруды қатысушылар да, Құдайдың дүниежүзіндегі барлық қызметшілері де қуана қабыл алды.

7 1931 жылы Колумбуста (Огайо штаты) өткен конгресте Киелі кітап зерттеушілері енді Ехоба куәгерлері деп аталатындарын естігенде, қатты толқыды. Ал 1935 жылы Вашингтонда өткен конгресте Рутерфорд бауырлас Аян кітабындағы “тақ пен Тоқтының алдында” тұрған “ұлы жамағаттың” кімдер екенін хабарлады (Аян 7:9—17). Екінші дүниежүзілік соғыс қайнап жатқан 1942 жылы Нейтан Норр “Тыныштық ұзаққа созыла ма?” деген баяндама айтты. Осы баяндамада ол Аянның 17-тарауындағы “ал қызыл жыртқыш аңның” нені бейнелейтінін әрі соғыстан кейін де уағыз ісі кең көлемде таралу керектігін айтты.

8, 9. Неге кейбір конгрестер Құдай халқы үшін көңіл толқытарлықтай болды?

8 1946 жылы Кливлендте өткен (Огайо штаты) “Бақытты халықтар” деген конгресте Норр бауырлас “Қайта құру мен кеңейтудің қиындықтары” деген баяндамамен шықты. Осы баяндамадан қатты әсер алған бір кісі былай деп жазды: “Сол жиында мен сахнада Нейтан бауырластың дәл артында отыру артықшылығына ие болдым. Норр бауырлас уағыз ісінің атқарылу керектігі туралы және содан кейін Бруклиндегі Бетел үйі мен оның баспаханасын кеңейтуге қатысты жоспарларды айтқанда, қатысушылар қайта-қайта ду қол шапалақтады. Алыста отырғандардың дидары көрінбегенмен, олардың қуаныштарын сезу қиын емес еді”. 1950 жылы Нью-Йоркте өткен халықаралық конгресте қатысушылар “Грек жазбаларының “Жаңа дүние аудармасын” алғанда, қалай қуанды десеңші! Кейін бұл басылым Құдайдың есімі тиісті жерлеріне қойылған әрі заманауи тілге аударылған Киелі кітапқа енді (Ерм. 16:21).

9 Кезінде Ехоба куәгерлері қудаланған не істеріне тыйым салынған елдерде де кейіннен конгрестер өтті. Адольф Гитлер Германиядағы Ехоба куәгерлерінің көзін құртуды ант еткен еді. Алайда Гитлер шерулер өткізген Нюрнбергтегі алаңда 1955 жылы 107 000 Куәгер конгресте бас қосты. Көп бауырлас қуаныштан көздеріне жас алды. 1989 жылы Польшадағы “Құдайға шын берілгендік” деп аталған үш күндік конгреске 166 518 адам келген еді. Олардың көбісі Кеңес Одағы, Чехословакия және Шығыс Еуропаның басқа да елдерінен келді. Кейбіреулер 15 не 20 емес, одан әлдеқайда көп Куәгерлер жиналған осындай кездесуге бірінші рет келген еді. Сондай-ақ 1993 жылы Киевтегі (Украина) “Құдайдың тәлімі” деп аталған халықаралық конгресте 7402 адам шомылдыру рәсімінен өтті. Бұрын-соңды конгресте осыншама көп адам шомылдыру рәсімінен өтпегендіктен, бұл нағыз жүрекжарды оқиға болды (Ишая 60:22; Хақ. 2:7).

10. Қай конгрестер сен үшін ерекше болды және несімен?

10 Бәлкім, жадыңда сақталып қалған облыстық не халықаралық конгрестер бар шығар. Алғаш рет қатысқан не шомылдыру рәсімінен өткен конгресс есіңде ме? Бұлар сенің өміріңдегі маңызды оқиғалар болды. Ендеше, осы бір нұрлы естеліктерді әрдайым бағалай біл! (Заб. 41:5).

ҮЗІЛМЕЙТІН ҚУАНЫШТЫ ЖИЫНДАР

11. Ежелде исраилдіктер Құдайдың талабы бойынша қандай мейрамдарды атап өтулері керек еді?

11 Ехоба исраилдіктерден жыл сайын Иерусалимге жиналып, үш мейрамды — Ашымаған нан, Жеті апта (кейінірек Елуінші күн мейрамы деп аталды) және Күркелер мейрамын — атап өтуді талап ететін. Ехоба оларға былай деп бұйырды: “Барлық ер адамдарың жылына үш рет Жаратушы Тәңір Иенің алдына келуге тиіс” (Мыс. ш. 23:14—17). Бұл мейрамдардың рухани маңыздылығын түсінген көптеген отағалары Иерусалимге бүкіл отбасын алып баратын (Пат. 1-ж. 1:1—7; Лұқа 2:41, 42).

12, 13. Көптеген исраилдіктер жыл сайынғы мейрамдарға қатысу үшін не істейтін?

12 Исраилдік отбасыларының мейрамдарға қалай барғандары жайлы ойлап көрейікші. Мысалы, Жүсіп пен Мәриямға Назареттен Иерусалимге бару үшін 100 шақырымдай жол жүру керек еді. Қалай ойлайсың, кішкентай балалармен осындай қашықтықты қанша уақытта жүріп өтуге болады? Исаның бала кезінде Иерусалимге барғаны туралы оқиғадан отбасылар кейде туыстарымен және таныстарымен бірге топ болып сапар шеккенін білеміз. Көз алдыңа елестетіп көрші, олар бірге жол жүретін, бірге тамақ дайындайтын, түнейтін жер іздейтін. Олар бейтаныс жермен сапар шексе де, 12 жасар Исаға біраз еркіндік берілгеніне қарағанда, жол қауіпсіз болған көрінеді. Мұндай шақтар баршаға, әсіресе жастарға, ұмытылмастай болғаны сөзсіз! (Лұқа 2:44—46).

13 Исраилдіктер кезінде жан-жаққа тарап кеткендіктен, олар мейрамды тойлауға көптеген елден келетін. Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамына жүректері ризашылыққа толы яһудилер мен яһуди дінін қабылдағандар Иерусалимге Италия, Либия мен Криттен, сондай-ақ Кіші Азия мен Месопотамиядан келген еді (Ел. іс. 2:5—11; 20:16).

14. Жыл сайын мейрамдарға қатысқандары исраилдіктерге қандай пайда әкелетін?

14 Адал исраилдіктер мұндай сапарларды мыңдаған ақжүрек қызметшілермен бірге Ехобаға ғибадат ету мүмкіндігі үшін бағалаған. Бұл оларға қалай әсер етті? Мұны Ехобаның Күркелер мейрамына қатысты берген басшылығынан білуге болады: “Мейрамды ұл-қыздарыңмен, қызметшілеріңмен, қалаларыңда тұрып жатқан леуіліктермен, жатжұрттықтармен, жетім-жесірлермен бірге шаттана тойлаңдар. Осы мейрамды Құдайларың Жаратқан Иенің құрметіне Өзі тағайындаған орында жеті күн бойы өткізіңдер. Себебі Құдай Ие сендерге мол өнім беріп, қолға алған барлық іс-әрекеттеріңді жарылқайтын болады. Сондықтан зор шаттыққа кенелесіңдер” (Заң. қ. 16:14, 15; Матай 5:3 оқы).

НЕГЕ БҮГІНГІ КОНГРЕСТЕРДІ БАҒАЛАУЫМЫЗ КЕРЕК?

15, 16. Конгрестерге қатысу үшін саған қандай құрбандықтарға баруға тура келді және неге бұған өкінбейсің?

15 Иерусалимдегі мейрамдар бүгінгі таңдағы Құдай халқы үшін керемет үлгі болып табылады. Құдайдың ертедегі қызметшілері үлкен жиындарға қатысу үшін құрбандықтарға баратын. Біз де солай етуге дайынбыз, өйткені конгрестен көп пайда алатынымызды білеміз. Бұл жиындар әлі де ғибадатымызда маңызды рөл атқарады. Онда біз Құдаймен тығыз қарым-қатынас сақтау үшін қажетті білім мен түсінікке ие боламыз. Сондай-ақ конгрестер білгенімізді іс-жүзінде қолдануға талпындырады, тұзақтарды айналып өтуге көмектеседі және уайым-қайғы әкелетін нәрселерге емес, бақыт әкелетін істерге баса назар аударуға шақырады (Заб. 121:1—4).

16 Конгрестер қатысушыларға әрдайым қуаныш әкеледі. 1946 жылы болған үлкен конгресс туралы мынадай есеп жазылған: “Сан мыңдаған Куәгердің бір жерге жиналғанын көру бір ғанибет! Әсіресе көп халықтың үлкен оркестрдің сүйемелдеуімен Ехобаны мадақтайтын Патшалық әндерін бір дауыстан шырқағанда, тіптен қуанышың қойныңа сыймайды”. Әрі қарай есепте былай делінген: “Ерікті қызмет көрсету бөліміне жазылғандар түрлі қызмет атқарды. Бауырластарына қызмет еткендері үшін олар өздерін бақытты сезінді”. Облыстық немесе халықаралық конгрестерде сенде осындай сезімдер болған ба? (Заб. 109:3; Ишая 42:10—12).

17. Конгрестерге қатысты қандай өзгерістер жасалды?

17 Бүгінде конгрестердің кейбір тұстарында өзгешелік бар. Мысалы, бұрында конгрестер сегіз күнге созылатын. Бағдарлама таңертеңгі, түскі және кешкі бөліктерден тұратын. Конгрестің барысында бауырластар қызметке шығып тұратын. Кейде бағдарлама таңғы тоғызда басталып, кешкі тоғызда аяқталатын. Ерікті қызметшілер конгреске келген адамдарға таңғы, түскі және кешкі асты әзірлеу үшін көп тер төгетін. Ал бүгінде конгресс күндері қысқартылған. Сондай-ақ әр отбасы тамағын өздері дайындап әкеледі. Осылайша олар бар назарларын рухани нәр беретін бағдарламаға аудара алады.

18, 19. Саған конгрестердің қай бөлігі әсіресе ұнайды және неге?

18 Бәріміз де конгресс бағдарламасының кейбір бөліктерін тағатсыздана күтеміз. Мысалы, біз Киелі кітаптағы пайғамбарлықтарды және ілімдерді жақсырақ түсінуге көмек болатын уақтылы “ас-суды” конгрестегі баяндамалар мен сонда берілетін жаңа әдебиеттерден аламыз (Мат. 24:45). Біз мұндай әдебиеттердің көбісін ақжүрек жандарға Жазбалардағы шындықты түсінуге көмектесу үшін қолданамыз. Киелі кітапқа негізделген жігерлендірерлік драмалар жастарды да, қарттарды да ниеттерін саралауға және осы дүниенің жаман ықпалына қарсы тұруға талпындырады. Шомылдыру рәсіміне арналған баяндама баршамызды өмірімізде нені басты орынға қоятынымызды қайта қарастыруға талпындырады және жаңа шәкірттердің Ехобаға бағышталғандарын паш етіп, шомылдыру рәсімінен өткендерін тамашалауға мүмкіндік береді.

19 Иә, ежелден бері шынайы ғибадаттың ажырамас бөлігі болып келген конгрестер Ехобаның бақытты халқына осы қиын-қыстау күндері оған лайықты түрде қызмет етуге көмектесуде. Мұндай жиындар бізді рухани сергітеді, жаңа достар тауып, дүниежүзілік бауырластығымызды бағалауға көмектеседі. Конгрестер Ехобаның өз халқын жарылқап, қамқорлау үшін қолданатын маңызды құралы болып табылады. Сол үшін де конгрестердің бір де бір бөлігін жіберіп алғымыз келмейтіні сөзсіз! (Нақ. с. 10:22).

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу