Құдай Патшалығы — жердің жаңа үкіметі
“Патшалық... барлық патшалықтарды қиратып, талқандайды да, өзі мәңгі тұратын болады” (ДАНИЕЛ 2:44).
1. Киелі кітапта қандай мәліметтердің бар екендігі күмәнсыз?
КИЕЛІ КІТАП — Құдайдың адамдарға берген аяны. Елші Пауыл былай деп жазған: ‘Сендер бізден естіген Құдай сөзін адамның емес, Құдайдың хабары ретінде — шындығында да бұл солай! — қабылдадыңдар’ (1 Салониқалықтарға 2:13). Киелі кітап Құдай туралы біздің білуіміз керек нәрселерден тұрады: онда Құдайдың тұлғасы, оның ой-ниеті мен бізге қойған талаптары туралы мәліметтер, сондай-ақ отбасына, жүріс-тұрысқа қатысты керемет кеңестер бар. Онда ілгеріде орындалып кеткен, қазір орындалып жатқан және болашақта орындалатын егжей-тегжейлі пайғамбарлықтар жазылған. Иә, “Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылып, тәлім беру, әшкерелеу, түзету, әрі әділдікке тәрбиелеу үшін тиімді; осылай Құдайдың адамы барша игі іске дайындалып, толықтай даяр болмақ” (2 Тімотеге 3:16, 17).
2. Киелі кітаптың басты тақырыбын Иса қалайша ерекше атап өткен?
2 Киелі кітаптағы ең басты нәрсе — оның тақырыбы: Аспан Патшалығының арқасында Құдайдың билігінің (оның басқаруға деген құқығының) ақталуы. Жер бетінде қызмет еткен кезінде Иса мұны ең бірінші орынға қойған. ‘Иса: “Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер! Себебі аспан Патшалығы жақындады!” — деп уағыздаған’ (Матай 4:17). Ол біздің өмірімізде Патшалықтың қандай орынға ие болуы керек екенін көрсеткен: “Ең бастысы, Оның [Құдайдың] Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар!” (Матай 6:33). Сондай-ақ Иса өзінің шәкірттеріне: “Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің көкте орындалғандай, жерде де орындала берсін!” — деп дұға етуді үйретуімен Патшалықтың орнауының қаншалықты маңызды екенін көрсетті (Матай 6:10).
Жердің жаңа үкіметі
3. Неге Құдай Патшалығының біз үшін маңызы аса зор?
3 Неге Құдай Патшалығының адамзат үшін маңызы аса зор? Өйткені ол көп ұзамай әрекет етуін бастайды да, жер бетіндегі басшылықты мүлдем өзгертеді. Даниел 2:44-те жазылған пайғамбарлықта былай делінген: “Сол [бүгінде басшылық етіп отырған] патшалықтардың кезінде Көктің Құдайы мәңгілік құламайтын патшалық [көкте үкімет] орнатады, бұл патшалық басқа халыққа берілмейді; ол барлық патшалықтарды [жер бетіндегі үкіметтерді] қиратып, талқандайды да, өзі мәңгі тұратын болады”. Құдайдың көктегі Патшалығы басшылық етуге толық кіріскеннен кейін, жер бетінде ешқашан адам баласы билік жүргізбейтін болады. Адамзаттың алауыздық тудыратын және қанағаттанарлықсыз басшылығы өткеннің ісі болады.
4, 5. а) Неге Иса Патшалықтың Патшасы болуға лайықты? ә) Жақында Иса қандай тапсырма алады?
4 Мұндай жұмысты атқаруға тікелей Ехобаның басшылығымен әрекет ететін аспан Патшалығының Бас Әміршісі, яғни Иса Мәсіх, лайықты. Жерге келмес бұрын ол — Құдайдың ең алғашқы жаратылысы — Құдайдың “шебер жұмысшысы” ретінде көкте өмір сүрген (Нақыл сөздер 8:22—31, ЖД). “Ол — көзге көрінбейтін Құдайдың кейпі, жаратылыс атаулыдан бұрын Ол бар болатын. Өйткені көктегі, жердегі, көзге көрінетін және көрінбейтін нәрселердің бәрін Құдай өзінің рухани Ұлы арқылы жаратты” (Қолостықтарға 1:15, 16, сілтемені қараңдар). Ал Құдай оны жер бетіне жібергенде, Иса әрқашан Оның еркін орындаған. Ол аса қиын сынақтарды басынан өткеріп, Әкесіне деген адалдығын ақырына дейін сақтап өлді (Жохан 4:34; 15:10).
5 Өлгенге дейін Құдайға адалдығын сақтап қалғаны үшін, Исаға сый берілді. Құдай оны көкте өмір сүру үшін қайта тірілтіп, аспандағы Патшалықтың Патшасы болуға құқық берді (Елшілердің істері 2:32—36). Жақында, Патшалықтың басқарып отырған Патшасы ретінде Исаға Құдай көңілді толқытып, жағымды қорқыныш сезіміне бөлейтін тапсырма береді, яғни Құдай оған жер бетіндегі адамзаттың басшылығын тоқтатып, планетамызды зұлымдық атаулыдан тазарту үшін, сансыз керемет күш иелері — рухани жаратылыстарды басқаруды тапсырады (Нақыл сөздер 2:21, 22; 2 Салониқалықтарға 1:6—9; Аян 19:11—21; 20:1—3). Содан соң Мәсіхке бағынышты етілген көктегі Құдай Патшалығы жаңа билік құрады, яғни бүкіл жер бетіне билік ететін жалғыз үкімет болады (Аян 11:15).
6. Патшалықтың Патшасы қалай билік етеді деп күтуге болады?
6 Құдай Сөзінде жердің жаңа Әміршісі жөнінде былай делінген: “Оған барлық халықтар, ұлттар мен тілдер қызмет ету үшін, билік, даңқ пен патшалық берілген” (Даниел 7:14). Иса сүйіспеншілік танытуда Құдайға еліктейтін болғандықтан, ол билік еткен уақытта нағыз тыныштық және шексіз бақыт орнайды (Матай 5:5; Жохан 3:16; 1 Жохан 4:7—10). “Оның құрған билігі арта түсіп, орнатқан тыныштығы шексіз болады... патшалығын... әділдікпен нығайтып... ақиқитты да ұстанатын болады” (Ишая 9:7). Сүйіспеншілікке толы, әділдік пен ақиқитты ұстанатын Әміршінің билік етуі қаншалықты батасын төгеді десеңші! Сондықтан 2 Петір 3:13-те былай деп пайғамбарлық етілген: “Біз Құдайдың уәдесіне сай әділдік орнаған жаңа аспан [көктегі Құдай Патшалығы] мен жаңа жердің [жер бетіндегі жаңа қоғамның] пайда болуын күтудеміз”.
7. Бүгінгі күні Матай 24:14 қалай орындалуда?
7 Құдай Патшалығы туралы хабар ақиқатты сүйетін адамдардың барлығы үшін ең жақсы хабар. Сондықтан зұлым заманның “соңғы дәуірінде” өмір сүріп жатқанымызды дәлелдейтін белгілерді суреттей келе Иса былай деп алдын ала айтқан: “Құдай Патшалығы туралы осы Ізгі хабар барлық ұлттарға паш етілу үшін күллі әлемге уағыздалатын болады. Содан кейін бұл заманның ақыры келеді” (2 Тімотеге 3:1—5; Матай 24:14). Бұл пайғамбарлық бүгінгі күні алты миллионға жуық Ехоба Куәгерлері 234 елде өзгелерге Құдай Патшалығы туралы хабарды айту үшін жылына миллиардтан астам сағат жұмсап жүрген уақытта орындалуда. Дүние жүзі бойынша 90 000-ға жуық қауымдардың мінажат етуге жиналатын орындары Патшалық Сарайы деп орынды аталған. Адамдар онда болашақ үкімет туралы мәлімет алу үшін келеді.
Мәсіхпен бірге патшалық ететіндер
8, 9. а) Мәсіхпен бірге патшалық ететіндер кімдердің қатарынан таңдалып алынған? ә) Патша мен онымен бірге патшалық ететіндерге қатысты біз не нәрсеге сенімді бола аламыз?
8 Құдайдың көктегі Патшалығында Мәсіх Исамен бірге патшалық ететіндер болады. Аян 14:1—4-те 144 000 адамның ‘күнәларының құны өтеліп, күнәкар дүниеден азат етіліп’ алынып, көкте өмір сүру үшін қайта тірілтілетіні алдын ала айтылған. Бұл адамдардың қатарына басқалардың қызмет көрсеткенін күтіп отырмастан, қайта, кіші пейілділікпен өздері Құдайға және жақындарына қызмет еткен әйелдер мен ер кісілер кіреді. ‘Олар Құдайдың және Мәсіхтің діни қызметкерлері болып, Мәсіхпен бірге мың жыл бойы патшалық құрады’ (Аян 20:6). Олардың саны ‘әрбір ұлттан, халықтан, тілден шыққан’ ‘ешбір адам санай алмайтындай үлкен тобырдың’ санына қарағанда, әлдеқайда аз. Үлкен тобырдың қатарындағы адамдар да ‘Оған [Құдайға] күні-түні қызмет етеді’, бірақ олар көкке шақырылмаған (Аян 7:9, 15). Олар Құдайдың көктегі Патшалығының азаматтары болғандықтан, жаңа жердің өзегін құрайтын болады (Забур 36:29; Жохан 10:16).
9 Мәсіхпен бірге патшалық ететіндер ретінде Ехоба өмірдің бар ауыртпалығын көрген адал адамдарды таңдаған. Бұл патша діни қызметкерлер адамдардың басынан кешіретін нәрселердің бәрін өз бастарынан өткізген. Жер бетінде өмір сүргендіктерінің арқасында олар адамдарға жақсы билік ететін болады. Тіпті Исаның өзі де ‘ауыр азаптар шеккен кезде Әкесіне мойынсұнуға үйренген’ болатын (Еврейлерге 5:8). Елші Пауыл ол туралы былай деді: “Ол бізге жаны ашымайтын, осал жақтарымызды түсінбейтін діни қызметкер емес, қайта, өзіміз сияқты әр түрлі сынақтан өтіп көрді, бірақ ешқашан күнә жасаған жоқ” (Еврейлерге 4:15). Құдай орнатқан әділ жаңа дүниеде адамдардың үстінен сүйіспеншілікке толы, жаны ашитын патшалар мен діни қызметкерлердің билік ететінін білгеніміз жанымызға қандай жұбаныш береді десеңші!
Патшалық Құдайдың ниетінде болған ба?
10. Неге аспан Патшалығы Құдайдың бастапқы ниетінде болмаған?
10 Құдайдың Адам мен Хауаны жаратқандағы бастапқы ниетіне аспан Патшалығын орнату кірген бе еді? Жаратылыс туралы жазылған Жаратылыстың басталуы кітабында адамзатқа билік ететін Патшалық туралы ештеңе айтылмаған. Адамдардың Әміршісі Ехобаның өзі болған, әрі адамдар оған мойынсұнып жүрген уақытта басқа үкіметтің қажеті болмаған. Жаратылыстың басталуы кітабының бірінші тарауынан Ехобаның Адам ата және Хауа анамен қарым-қатынас жасап тұрғандығы көрінеді, бәлкім, Ол мұны көктегі жалғыз Ұлы арқылы жүзеге асырған болса керек. Киелі кітапта ‘Құдай оларға тіл қатты’ деген сөздер қолданылады (Жаратылыс 1:28, 29; Жохан 1:1).
11. Адамдарға қандай кемелді бастама берілген еді?
11 Киелі кітапта былай делінген: “Құдай Өзінің жасағандарының бәріне қарап, өте жақсы екенін көрді” (Жаратылыс 1:31). Едем бағындағы барлық нәрсе еш кемшілігі жоқ, мүлтіксіз болған. Адам мен Хауа жұмақта өмір сүрген. Олардың ақыл-ойы да, тәні де кемелді болған. Олар өздерінің Жаратушысымен, ал Ол олармен сөйлесе алатын. Адалдықтарын сақтар болса, олар дүниеге кемелді балалар әкелген болар еді. Көктен билік жүргізетін жаңа үкімет құрудың қажеті болмаған болар еді.
12, 13. Кемелді адамдардың көбейгеніне қарамастан, Құдай олармен қалай қарым-қатынас жасай алар еді?
12 Ал жер бетінде адамдар көбейгенде ше, Құдай олармен қалай қарым-қатынас жасар еді? Аспандағы жұлдыздарға көңіл аударып көрейікші. Олар галактикалар деп аталатын топтарға шоғырланған. Галактикалардың кейбірі миллиард жұлдыздан тұратын болса, енді біреулеріндегі жұлдыздардың саны — триллион. Ал ғалымдардың бағалауынша, Әлемнің бақылауға болатын бөлігінде 100 миллиардқа жуық галактика бар көрінеді! Осыған қарамастан, Жаратушы былай дейді: “Аспанға көз жіберіп қараңдаршы: Кім жаратты ондағы жұлдыздарды?! Бір-бірлеп алып шығып шоқжұлдыздарды, әрқайсысын өз атымен шақырады. Тәңірдің құдіреті соншама зор болып, біреуі шет қалмай бәрі Оған бағынады” (Ишая 40:26).
13 Егер осы аспан денелерінің бәрі Құдайдың назарынан таса қалмайтын болса, әлбетте, саны жағынан анағұрлым аз адамдарға көңіл қою оған қиынға соқпайды. Бүгіннің өзінде жер бетіндегі миллиондаған қызметшілері оған күнделікті дұға етеді. Олардың дұғалары Құдайға қас қағым сәтте жетеді. Демек, кемелді адамдармен қарым-қатынас жасау Құдай үшін қиындық тудырмас еді. Адамдарды қадағалап, оларға көңіл қою үшін оған аспан Патшалығының қажеті болмас еді. Қандай керемет болар еді десеңші! Ехоба Әміршіге тікелей тіл қатуға болар еді, және адамдар ешқашан өлместен жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүрер еді!
‘Адамның өз еркінде емес’
14. Неге адамдар Ехобаның билігіне әрқашан мұқтаж болады?
14 Сөйтсе де адамдар, тіпті кемелді адамдардың өздері де, Ехобаның билік еткеніне мәңгі-бақи мұқтаж болар еді. Неліктен? Өйткені Ехоба оларды өзінің басшылығынсыз өмірде табысты бола алатындай етіп жаратпаған. Адамзат үшін бұл заңды нәрсе, әрі солай екендігін Еремия пайғамбар да мойындаған: “Тәңірім, адамның жолы өз еркінде емес екенін, өзінің қадамына бағыт беру жүрушінің билігінде емес екенін білемін. Түзетші мені, Тәңірім” (Еремия 10:23, 24). Адамзаттың Ехобаның көмегінсіз-ақ адамдарға басшылық ете аламыз деп ойлауы ақымақтық болар еді. Бұл олардың жаратылысына тән нәрсеге қайшы келер еді. Ехобаның билігінен тәуелсіз болу өзімшілдікке, өшпенділік пен қатыгездікке, озбырлыққа, соғыс пен өлімге әкеліп соқтырған болар еді. ‘Адам адамның үстінен оған зиян келтіріп билік етер еді’ (Екклесиаст 8:9).
15. Ата-бабамыздың жаман нәрсені таңдағанының нәтижесі қандай болды?
15 Өкінішке орай, біздің ата-бабамыз Құдайдың билік етуіне мұқтаж емеспіз деп шешіп, тәуелсіз өмір сүруді артық көрді. Бірақ Құдай олардың кемелді болып қалуына жол берген жоқ. Олар ток көзінен ажыратылған электр құралына ұқсады. Уақыт өте келе олар “жұмысын баяулатып”, сосын “тоқтап” қалар еді, яғни өлер еді. Бейнелі сөзбен айтқанда, олар ақауы бар қалыпқа айналып, ұрпақтарына күнәкарлықтан басқа ештеңе қалдыра алмады (Римдіктерге 5:12). “Ол [Ехоба] қорған; Оның істері кемелді, және Оның жолдарының бәрі ақиқат... Бірақ олар азғындыққа салынып, өз кемістіктерінің кесірінен Құдайдың балалары болудан қалды” (Заңды қайталау 32:4, 5). Адам мен Хауаға Шайтанға айналған бүлікші рухани жаратылыстың ықпал еткені рас, бірақ олардың ақыл-парасаты кемелді болатын және оның бұрыс ұсынысын олардың қабылдамауына болар еді (Жаратылыс 3:1—19; Жақып 4:7).
16. Құдайдан тәуелсіз болудың неге әкеліп соқтыратыны тарихтан қалай көрінеді?
16 Құдайдан тәуелсіз болудың нәтижесі неге әкеліп соқтыратыны тарихтан жақсы көрінеді. Тарих бойында адамдар сан алуан биліктің түрін, экономикалық құрылым мен қоғамдық құрылыстың талай-талай жолдарын байқап көрді. Алайда зұлым адамдар ‘бұрынғыдан бетер жамандық жасауда’ (2 Тімотеге 3:13). Мұны XX ғасыр дәлелдеді. Тарихта осыншама өшпенділікке, озбырлыққа, соғысқа, аштық пен жалаңаштыққа, қайғы-қасіретке толы кезең бұрын-соңды болмаған. Және медицина қаншалықты жетістіктерге жетсе де, ерте ме, кеш пе адамдардың бәрі өлімге ұшырауда (Екклесиаст 9:5, 10). Өз еркімен қадамына бағыт беремін деп жүріп, адамдардың Шайтан мен оның жын-перілеріне өздерін жем еткендері және олардың адамдарға үстемдік етіп отырғандары соншалық, Киелі кітап Шайтанды “осы күнәкар дүниенің “тәңірі” деп атайды (2 Қорынттықтарға 4:4).
Сыйға берілген ерік бостандығы
17. Сыйға берілген ерік бостандығы қалай қолданылуы керек еді?
17 Ехоба адамдардың өз бетімен дербес жүруіне неге жол берді екен? Өйткені жаратқанда ол оларға керемет сый ретінде ерік бостандығын, яғни талғам жасау қабілетін берген болатын. “Иеміздің Рухы бар жерде азаттық бар”,— деген болатын елші Пауыл (2 Қорынттықтарға 3:17). Ешкімнің де не істеп, не айтуы керек екенін әр секунд сайын біреу шешіп отыратын робот болғысы келмейді. Бірақ Ехоба өздеріне берілген сыйға, яғни ерік бостандығына адамдардың жауапкершілікпен қарауын талап еткен; олар Құдайға тәуелді болудың және оның еркін орындаудың неге ақылдылыққа жататынын көре білулері керек еді (Ғалаттықтарға 5:13). Сондықтан азаттық, не еркіндік, шектеусіз болмауы керек болатын, әйтпесе мұның нәтижесінде анархия орнаған болар еді. Құдайдың игілікті заңдарымен азаттыққа белгілі шектер қойылуы керек болатын.
18. Адамның ерік бостандығын пайдалануына мүмкіндік беруімен Ехоба не нәрсені дәлелдеді?
18 Адамзат отбасының өз бетінше дербес жүруіне жол беруімен, Өзінің билік еткеніне біздің мұқтаж екендігімізді Құдай біржола дәлелдеді. Оның басқару әдісі — оның жоғарғы билігі — ең дұрыс басқару әдісі. Оның басшылығы шексіз бақытқа бөлейді, қанағат береді, әрі өркенделуге жеткізеді. Бұлай болуының себебі: біздің ақыл-парасатымыз бен тәніміз Ехобаның заңдарымен үйлесімділікте болған жағдайда ғана жақсы жұмыс істейді. “Мен, Құдай Иелерің, сендерге пайдалыны үйретіп, түзу жолмен бастап алып жүремін” (Ишая 48:17). Құдайдың заңына сәйкес жасалған еркін талғам адамдарға ауыртпалық түсірмей, қайта, сан алуан түрлі тағамдар дайындауға, сан алуан түрлі үйлер салуға, сан алуан түрлі өнер туындыларын жарыққа шығаруға, және сан алуан музыка жазуға мүмкіндік берер еді. Ерік бостандығын дұрыс пайдаланудың нәтижесінде жер бетінде орнайтын жұмақта керемет, әрі таң қаларлық ұзақ өмір сүруге болар еді.
19. Қандай шара арқылы Құдай адамдарды өзімен татуластырады?
19 Бірақ адамдар бұрыс талғам жасағандықтан, Ехобадан алыстады, сосын кемелділіктерінен айырылып, құлдырап, өлетін болды. Адамзат осы аянышты күйден құтылуға және Құдаймен қарым-қатынасын қалпына келтіруге, яғни оның ұл-қыздары болу үшін мүмкіндік алуға мұқтаж болған болар еді. Осы мұқтаждықты қанағаттандыру үшін Құдайдың таңдаған құралы — Патшалық, ал Құтқарушы Иса Мәсіх болып табылады (Жохан 3:16). Осындай шараның арқасында шын жүректен күнәларына өкінгендер Исаның астарлы әңгімесіндегі адасып, қайта оралған ұл іспетті, Құдаймен татуласып, қайтадан оның балалары бола алады (Лұқа 15:11—24; Римдіктерге 8:21; 2 Қорынттықтарға 6:18).
20. Патшалық Құдайдың еркін қалай жүзеге асырады?
20 Ехобаның еркінің жер бетінде жүзеге асатындығында күмән жоқ (Ишая 14:24, 27; 55:11). Мәсіх билік ететін Патшалығының арқасында Құдай біздің Әміршіміз болуға құқықты екенін түбегейлі ақтайды (немесе дәлелдейді). Патшалық адамдар мен жын-перілердің жер бетіне жүргізіп отырған билігін тоқтатып, жалғыз өзі көктен жер бетіне мың жыл бойы билік жүргізеді (Римдіктерге 16:20; Аян 20:1—6). Алайда сол уақыт аралығында Ехобаның билігінің артықшылығы қалай көрінер екен? Және мың жылдан кейін Патшалықтың атқаратын рөлі қандай болады? Бұл сұрақтар келесі мақалада талқыланады.
Қайталауға арналған негізгі ойлар
• Киелі кітаптың басты тақырыбы қандай?
• Жердің жаңа үкіметінің құрамына кімдер кіреді?
• Адамзаттың Құдайдан тәуелсіз басшылық етуі неге ешқашан табысты болмайды?
• Ерік бостандығын қалай пайдалану керек?
[8-беттегі сурет]
Иса тәлім бергенде Құдайдың Патшалық арқылы билік ететініне ерекше көңіл аударатын
[10-беттегі суреттер]
Барлық елдерде Ехоба Куәгерлері Патшалықты өздерінің басты ілімі етуде
[12-беттегі суреттер]
Құдайдан тәуелсіз болу көптеген зұлымдықтың пайда болуына әкеп соғатынын тарих көрсетіп отыр
[Суреттер рұқсатымен]
Бірінші дүниежүзілік соғыстың жауынгерлері: U.S. National Archives photo; концлагерь: Oświęcim Museum; балақай: UN PHOTO 186 156/J. Isaac