“Дұға еткенде: Әке,— деңдер”
“Әке”! Осы сөзді естігенде, ойыңызға кім келеді? Отбасының қамын ойлайтын сүюші де қамқор адам ба? Әлде немқұрайды, тіпті қатыгез адам ба? Бұл көбінесе өз әкеңіздің қандай болғанына байланысты.
“ӘКЕ” деген сөзді Иса пайғамбар Құдайға дұға еткенде және ол туралы айтқанда жиі қолданғанa. Шәкірттеріне дұға етуді үйреткенде, ол былай деген: “Дұға еткенде: —Әке,— деңдер” (Лұқа 11:2). Ехоба Құдай қандай әке? Мұны білу өте маңызды. Себебі Ехоба Құдайдың қандай әке екенін білген сайын, оған жақындай түсеміз әрі сүйіспеншілігіміз арта түседі.
Көктегі Әкеміздің қандай екенін бізге Иса пайғамбардан артық ешкім білдіре алмайды. Ол Әкесіне өте жақын болған. Сондықтан: “Ұлын Әкеден басқа ешкім жақсы білмейді, ал Әкені Ұлынан және Ұлы ашқысы келген адамнан басқа ешкім жақсы білмейді”,— деген (Матай 11:27). Демек, Әкені оның Ұлы, яғни Иса арқылы ғана жақын біле аламыз.
Исадан көктегі Әкеміз жайлы не білуге болады? Оның келесі сөздеріне назар аударыңызшы: “Құдай дүниені сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын берді. Ол мұны Ұлына сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие болсын деп істеді” (Жохан 3:16). Бұл жерде Иса Әкесінің ең басты қасиеті — сүйіспеншілік екенін көрсеткен (Жоханның 1-хаты 4:8). Ехоба Құдай сүйіспеншілігін түрлі жолмен, атап айтқанда разы болу, жанашырлық таныту, қорғау, жөнге салу, сондай-ақ қажетімізді беру арқылы танытады.
Әкеміз разы болады
Ата-анасы разы болғанда, бала марқайып, көңілі тасып қалады. Әкесінің: “Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған разымын!”— деген сөзін естігенде, Исаның да көңілі тасып қалған болса керек (Матай 3:17). Ал Иса, өз кезегінде, Әкеміздің бізді де жақсы көретініне және бізге де разы болатынына сендіріп: “Мені сүйгенді Әкем сүйеді”,— деген (Жохан 14:21). Бұл — жанға жұбаныш беретін қандай керемет сөздер! Алайда бізді осы жұбаныштан айырғысы келетін бір тұлға бар.
Көктегі Әкеміздің бізге разы болатынына қатысты Шайтан көңілімізге күмән ұялатқысы келеді. Ол бізді Құдайдың ықыласына ие болуға лайық емеспіз дегенге иландыруға тырысып бағады. Мұны ол әсіресе біз өте сезімтал болып тұрған кезде, яғни сырқаттанғанда, әлсірегенде, қартайғанда, өзімізді кінәлі сезінгенде, біреуден көңіліміз қалғанда жүзеге асыруға тырысады. Лукас есімді жас жігіттің бастан кешкен күйіне назар аударайықшы. Ол өзін Құдайдың ықыласына ие болуға лайық емеспін деп сезінген екен. Бала кезінде оның ата-анасы өмір салттарын күрт өзгертіп, өздері баласына үйреткен құндылықтардан бас тартыпты. Осының кесірінен болса керек, Лукасқа көктегі Әкесіне жақын болу қиын болған. Оның үстіне, қызба мінезінің кесірінен адамдармен қарым-қатынасында қиындықтарға жиі кезіккен. Алайда “Құдайдың берген ерекше батасы әрі сыйы” деп білетін әйелінің шыдамдылығы мен мейірімінің арқасында Лукас қызба мінезін тізгіндеуді үйренеді. Ол “Мәсіх Исаның осы дүниеге күнәкарларды құтқару үшін келгенін” түсінеді (Тімөтеге 1-хат 1:15). Оның айтуынша, Құдайдың сүйіспеншілігі мен ықыласы жайлы ой жүгірткені бақыт пен қанағат сезінуге көмектескен.
Ехоба Құдайдың сізді жақсы көретініне немесе сізге разы болатынына күмәндана бастасаңыз, Римдіктерге 8:31—39 тармақтардағы жігер беретін сөздерді оқып, ой жүгіртіп көріңіз. Онда елші Пауыл ештеңе “бізді Құдайдың Иеміз Мәсіх Иса арқылы танытып отырған сүйіспеншілігінен айыра алмайтынын” айтқанb.
Жанашырлығы зор Әкеміз
Көктегі Әкеміз біздің қасіретімізге бейжай қарай алмайды. Өйткені ол — “зор жанашыр Құдай” (Лұқа 1:77, 78). Иса күнәкар адамдарға Әкесінікіндей жанашырлық танытқан (Марқа 1:40—42; 6:30—34). Құдайдың қызметшілері де көктегі Әкелері сияқты жанашыр болуға тырысады. Олар Киелі кітаптағы “бір-біріңе мейірімді де барынша жанашыр болыңдар” деген кеңеске құлақ асады (Ефестіктерге 4:32).
Филипе деген кісінің мысалына көңіл бөлейікші. Бірде ол жұмысқа кетіп бара жатқанда, кенеттен біреу пышақ сұғып алғандай, арқасы қатты ауырып кетеді. Ол дереу ауруханаға жеткізіледі. Дәрігерлер оны сегіз сағат тексеруден өткізген соң, қолқаның ішкі қабаты жарылған деген нақтама қояды. Олар Филипенің 25 минут қана өмірі қалды, оған ота жасаудың еш пайдасы жоқ дегенді айтады.
Филипенің қасында бір сенімдегі достары болған еді. Олар мұны ести салысымен, оны басқа ауруханаға жеткізіп, сол жерде оған ота жасалады. Ота жасалып біткенше, жанашыр достары Филипенің қасында болады. Қуанышқа орай, ол өлім аузынан аман қалады. Сол жайтты есіне алған сайын, Филипе бір сенімдегі достарының жанашырлығына қатты риза болады. Оларды мұндай жанашырлыққа талпындырған көктегі Әкелері екеніне ол сенімді. “Құдай сүйіспеншілікке толы әкедей қасымда болып, маған күш бергендей сезіндім”,— дейді Филипе. Шынында да, Ехоба өзінің жанашырлығын жиі жердегі қызметшілеріне қозғау салу арқылы танытады.
Біздің қорғаушы Әкеміз
Қауіп төнгенде, кішкентай бала әкесіне жүгіреді. Оның құшағында ол өзін қауіпсіз сезінеді. Иса Ехоба Құдайдың қорғаныш беретініне сенімді болған (Матай 26:53; Жохан 17:15). Біз де көктегі Әкемізді паналап, қорғаныш таба аламыз. Ехоба Құдай бүгінде бізді негізінен рухани жағынан қорғайды. Басқаша айтқанда, қауіпті жағдайдан аулақ болып, өзімен қарым-қатынасты сақтап қалуға қажеттінің бәрін беріп, рухани залалдан қорғайды. Соның бірі — Киелі кітапқа негізделген кеңестер. Мұндай кеңестерді қабыл алғанда, Ехоба бейне бір біздің арт жағымыздан: “Жол мынау, сонымен жүріңдер!”— деп тұрғандай болады (Ишая 30:21).
Осы орайда, ағайынды Тиаго, Фернандо және Рафаэльдің оқиғасын еске алған орынды. Олар рок-н-ролл тобының мүшелері болатын. Бірде олар Сан-Паулудағы (Бразилия) әйгілі концерт залында өнер көрсетуге шақырылғанда, төбелері көкке жеткендей қуанады. Олар үшін табысқа жол ашылғандай болып көрінеді. Алайда бір сенімдегі достары Құдайдың талаптарын құрметтемейтін адамдармен тығыз араласудың қаупін алға тартып, оларды ескертеді. Бұл туралы Киелі кітапта: “Данамен жолдас болған дана болар, Наданмен жолдас болған бұзылар”,— делінген (Нақыл сөздер 13:20). Осы кеңестің туралығын растау үшін, бауырлас оларға өзі көріп-білген жағдайды айтып береді. Оның ағасы жаман ортамен араласып, нәтижесінде Құдайға ұнамсыз істер жасаған екен. Тиаго мен оның бауырлары музыка саласында мансап қуудан бас тартады. Қазір олардың үшеуі де Құдайға қызмет етуге көп уақыттарын арнап жүр. Олар кезінде өздеріне берілген Киелі кітаптағы сол кеңестің рухани залалдан қорғағанына сенімді.
Көктегі Әкеміз жөнге салады
Балаларын сүйетін әке оларды жөнге салады, себебі олардың қандай адам болып өсетіні ол үшін бәрібір емес (Ефестіктерге 6:4). Мұндай әке жөнге салғанда, өз дегенінен қайтпауы мүмкін, бірақ ол ешқашан балаларына дөрекілік көрсетпейді. Көктегі Әкеміз де кейде бізді жөнге салуды қажет деп табуы мүмкін. Бірақ мұны ол әрдайым сүйіспеншілікпен жүзеге асырады, әрі ешқашан қатыгездік танытпайды. Әкесі сияқты, Иса ешқашан, тіпті шәкірттері түзетуге бірден көне қоймаған жағдайда да, қатыгездік көрсетпеген (Матай 20:20—28; Лұқа 22:24—30).
Рикардо есімді кісінің жағдайына келсек, ол Ехобаның өзін сүйіспеншілікпен жөнге салғанына шексіз риза. Жеті айлық кезінде оны әкесі тастап кеткен болатын. Жасөспірім шағында әкесінің жоқтығы қатты сезіледі. Жаман әдетке бой алдырып қойғаннан, ар-ұжданы оны қатты мазалай бастайды. Өмір салтының Құдай қызметшісіне лайық емес екенін түсініп, ақыр соңында қауым ақсақалдарының көмегіне жүгінеді. Ақсақалдар оған тіке болса да, сүйіспеншілік таныта отырып, Киелі кітапқа негізделген кеңес береді. Рикардо жөнге салу шарасын ризашылықпен қабыл алғанмен, жағымсыз сезімнен арыла алмайды. Ол жан күйзелісіне ұшырап, түнде ұйқысы қашады, кейде көз жасына ерік береді. Дегенмен ол уақыт өте келе Ехобаның жөнге салғаны өзін әлі де жақсы көретінінің дәлелі екенін түсінеді. Бұған Еврейлерге 12:6-дағы “Ехоба кімді жақсы көрсе, соны жөнге салады” деген сөздер көмектескен болатын.
Жөнге салу деген бұрыс іс үшін жазалау не сөгіс беру ғана емес екенін есте ұстағанымыз жөн. Киелі кітаптан көрінетіндей, жөнге салу тәлім-тәрбие берумен байланысты. Сондықтан көктегі сүйіспеншілігі мол Әкеміз бізді жөнге салу үшін, кейде қателіктеріміздің салдарын тартуға жол беруі мүмкін. Алайда Құдай бізді жөнге салу арқылы тәрбиелеп, дұрыс жолмен жүруге көмектеседі (Еврейлерге 12:7, 11). Шынында да, көктегі Әкеміз біздің игілігімізді ойлайды және бізді жақсы болсын деп түзетеді.
Әкеміз тәндік қажетіміздің қамын жейді
Қамқор әке ас-ауқат, киім-кешек сияқты отбасының тәндік қажетін ойлайды. Ехоба да сондай қамқор Әке. “Бұлардың бәрі сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі”,— деген Иса (Матай 6:25—34). Ехобаның өзі де: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын”,— деп уәде етеді (Еврейлерге 13:5).
Ниси есімді бір әйелдің күйеуі жұмыссыз қалған кезде, жоғарыдағы сөздің растығына көзі жетеді. Жақында ғана ол екі қызына және Құдайға қызмет етуге көбірек уақыт бөлу үшін, жалақысы жақсы жұмыстан шыққан еді. Енді олар қалай күн көрмек? Ол Ехоба Құдайға дұға етеді. Келесі күні күйеуі заттарын алып кетпек болып жұмысына барады. Сонда бастығы оған босаған басқа біреудің орнын ұсынады. Осылайша жұмысынан айырылған Нисидің күйеуі ертеңіне-ақ қайта жұмысқа алынады. Жағдайдың осылай оңалғанына Ниси мен оның күйеуі Ехобаға алғыстарын жаудырады. Осы оқиғадан көретініміздей, сүюші әрі қамқор Әкеміз Ехоба өзінің адал қызметшілерін ешқашан тастамайды.
Қамқор Әкемізге ризашылық білдірейік
Шынында да, көктегі Әкеміздің бізді қалай жақсы көретінін сөзбен айтып жеткізе алмаспыз! Ол өз сүйіспеншілігін түрлі жолмен, яғни разы болу, жанашырлық таныту, қорғау, жөнге салу, сондай-ақ қажетімізді беру арқылы көрсететінін қарастырдық. Бұдан біз оның дүниедегі ең жақсы Әке екенін көреміз.
Көктегі Әкеміздің бізге танытып жатқан сүйіспеншілігі үшін ризашылығымызды қалай білдіре аламыз? Мұның бір жолы — ол жайлы және ниеті жайлы көбірек білуге тырысу (Жохан 17:3); сондай-ақ өмір салтымызды оған ұнамды ету (Жоханның 1-хаты 5:3); адамдармен қарым-қатынасымызда Құдайдың сүйіспеншілігіне еліктеу (Жоханның 1-хаты 4:11). Осылайша Ехобаға өз Әкеміз деп қарайтынымызды, оның балалары болуды құрмет санайтынымызды көрсете аламыз.
[Сілтемелер]
a Ехоба Құдайдың әкелік рөліне Киелі жазбада көп назар аударылады. Мысалы, Інжілдің алғашқы үш кітабында Иса пайғамбардың Құдайды “Әке” дегені шамамен 65 рет кездессе, елші Жохан жазған 4-кітабында 100-ден астам рет кездеседі. Елші Пауыл да өзінің хаттарында Құдайды “Әке” деп 40-тан аса рет айтқан. Киелі кітапта Ехоба Құдай бізге өмір сыйлаушы мағынасында Әке деп аталған.
b Ехоба куәгерлері басып шығарған “Ехобаға жақында” кітабының “Еш нәрсе бізді Құдайдың сүйіспеншілігінен айыра алмайды!” деген 24-тарауын қараңыз.
[18-беттегі сөздер]
Ехоба Құдайдың қандай әке екенін білген сайын, оған жақындай түсеміз әрі сүйіспеншілігіміз арта түседі
[21-беттегі сөздер]
Ехобаға өз Әкеміз деп қарайтынымызды, оның балалары болуды құрмет санайтынымызды көрсете аламыз
[20-беттегі қоршау/суреттер]
ЕХОБА ҚҰДАЙ СҮЙІСПЕНШІЛІГІН ТҮРЛІ ЖОЛМЕН КӨРСЕТЕДІ
РАЗЫ БОЛУЫМЕН
ЖАНАШЫРЛЫҚ ТАНЫТУЫМЕН
ҚОРҒАУЫМЕН
ЖӨНГЕ САЛУЫМЕН
ҚАЖЕТІМІЗДІ БЕРУІМЕН