Құдай сөзінен білім алайық
Сот күні не болады?
Бұл мақалада жиі көтерілетін сұрақтарға көңіл бөлінеді. Олардың жауабын сіз Киелі кітаптан оқып біле аласыз. Ехоба куәгерлері осы сұрақтарды сізбен бірге қарастыруға қуанышты болады.
1. Сот күні деген не?
Оң жақтағы суретте бейнеленгендей, көп адамның ойынша, Сот күні миллиардтаған өлген адамның жаны Құдайдың алдына бір-бірлеп әкелініп, бұрынғы істері үшін сотталады. Нәтижесінде, бірі көктегі жұмаққа жіберілсе, басқасы тозақ отына тасталады. Алайда Киелі кітапқа сай, Сот күнінің мақсаты — адамдарды әділетсіздіктен арылту (Забур 95:13). Құдай әділдік орнату үшін, сот жүргізуді Иса Мәсіхке тапсырған (Ишая 11:1—5; Елшілердің істері 17:31 оқыңыз).
2. Сот күні әділдік қалай орнайды?
Адам ата біле тұра Құдайға қарсы бас көтеруімен бүкіл ұрпағын күнә, қайғы-қасірет пен өлімге душар етті (Римдіктерге 5:12). Осы әділетсіздікті түзету үшін, Иса Мәсіх дүниеден өткен миллиардтаған адамды қайта тірілтеді. Аян кітабында айтылғандай, бұл Иса Мәсіхтің мыңжылдық билігі кезінде жүзеге асады (Аян 20:4, 11, 12 оқыңыз).
Қайта тірілгендер өлмей тұрғандағы істері үшін сотталмайды. Олар Аян кітабының 20-тарауында айтылған “шиыршықтар” ашылғанда, сондағы Құдай талаптарын орындайтын-орындамайтынына қарай сотталады (Римдіктерге 6:7). “Әділдермен” қатар “әділетсіздер де” қайта тіріліп, Құдай туралы білуге мүмкіндік алады (Елшілердің істері 24:15 оқыңыз).
3. Сот күні не нәрсе жүзеге асады?
Ехоба Құдай туралы білмей және оған қызмет етуге мүмкіндігі болмай өліп кеткендерге өзгеріп, жақсы адам болуға мүмкіндік беріледі. Егер жақсы жаққа өзгерсе, олар “өмір сүру үшін тірілген” болады. Бірақ қайта тірілгендердің кейбірі Ехоба Құдайдың жолымен жүргісі келмейтін болады. Ондай жағдайда олар “айыпталу үшін тірілген” болып есептеледі (Жохан 5:28, 29; Ишая 26:10; 65:20 оқыңыз).
Мың жылға созылатын Сот күні кезінде Ехоба Құдай мойынсұнғыш адамдарды о бастағы кемелділікке жеткізеді (Қорынттықтарға 1-хат 15:24—28). Оларды қандай керемет болашақ күтіп тұр десеңші! Ең соңғы сынақ кезінде Құдай түрме іспетті тұңғиыққа мың жылға тастаған Шайтан Ібілісті уақытша босатады. Шайтан адамдарды қайтадан Ехоба Құдайдан аластатуға тырысып бағады. Оған берілмеген адал адамдар жер бетінде мәңгі өмір сүретін болады (Ишая 25:8; Аян 20:7—9 оқыңыз).
4. Адамзатқа игілік әкелетін тағы қандай сот күні бар?
Киелі кітапта “сот күні” деген тіркес осы зұлым дүниенің жойылуына әкеп соғатын оқиғаға қатысты да айтылған. Бұл сот күні де, жер бетін зұлым адамдардан тазартқан Топан су сияқты, аяқ астынан келеді. Бақытымызға орай, жуырда “арсыздар” құрып жоқ болады да, жер бетінде “әділдік орнайтын” жаңа қоғамға жол ашылады (Петірдің 2-хаты 3:6, 7, 13 оқыңыз).