Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w12 1.7. 21—23 бет.
  • “Мүмкін емес” жайттардың болуы мүмкін бе?

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • “Мүмкін емес” жайттардың болуы мүмкін бе?
  • 2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Тақырыпшалар
  • Ұқсас мәлімет
  • Құдай үшін бәрі де мүмкін
  • “Бұған сенесің бе?”
  • Жер бетінде мәңгі өмір сүру. Бұл мүмкін бе?
  • Жаңа дүниенің келетініне сеніміңізді күшейте беріңіз!
    Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды (зерттеуге арналған). 2023
  • Кереметтердің болуы мүмкін бе? Үш қарсы пікір
    2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • “Өзін шын жүректен іздейтіндерге сый береді”
    2013 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Сенім
    Ояныңдар! 2016
Көбірек мәлімет
2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w12 1.7. 21—23 бет.

“Мүмкін емес” жайттардың болуы мүмкін бе?

МЫҢ ТОҒЫЗ ЖҮЗ ОН ЕКІНШІ жылы суға түсірілген “Титаник” кемесі сол замандағы ең үлкен әрі қымбат мұхит лайнері болатын. Сол кездегі заманауи техникаға сай соғылғандықтан, бұл кеме “суға батпас кеме” деп есептелді. Алайда онымен не болғанын тарихтан білеміз. Өзінің бірінші саяхатында-ақ ол Солтүстік Атлантикадағы мұзтауға соғылады да, суға батып, 1500-ден астам жолаушылардың өмірін алып кетеді. Суға батуы мүмкін емес деп есептелген бұл кеме небәрі бірнеше сағаттың ішінде мұхит қойнауына кетті.

“Бұл мүмкін емес!” Қолымыздан келмейтін не түсіне алмайтын нәрселерге қатысты біз осылай деуіміз мүмкін. Қазіргі техникалық жетістіктерге жету бір кездері мүмкін емес болып көрінген, себебі оны іске асырмақ түгілі, болжап айтудың өзі қиын еді. Мысалы, адам баласының Айға аяқ басуы, Марсқа зонд қондырғысын жіберіп, оны Жерден бақылап отыруы, сондай-ақ адамның генетикалық кодын анықтау, жергілікті және дүниежүзілік жаңалықтарды көріп отыру осыдан 50 жыл бұрын мүмкін еместей болып көрінген. Құрама Штаттардың бұрынғы президенті Рональд Рейганның ғылымның әртүрлі саласындағы озық мамандарға айтқан келесі сөздері осыны растайды: “Сіздер ғылыми жетістіктерде көш бастап келесіздер. Сіздердің арқаларыңызда кеше ғана мүмкін емес болып есептелген жайттар мына біздің заманымызда мүмкін болып отыр!”

Көптеген таңғаларлық ғылыми жаңалықтарға қатысты профессор Джон Бробек былай деген: “Ғалымдар бұдан былай: “Бұл мүмкін емес!” деп кесіп айта алмайды. Олар тек “бұның болуы екіталай” деп айта алады. Я болмаса “Қазіргі таңдағы бізде бар білімге негіздей отырып, мұны түсіндіру мүмкін емес” дей алады”. Ал мүмкін еместей көрінетін жайттарға қатысты ол сөзін жалғап: “Биологиялық және физиологиялық ғылымдарға энергияның беймәлім қайнар көзі бар екенін ескеру қажет. Киелі жазбаларда энергияның бұл қайнар көзі Құдай күші деп аталады”,— деген.

Құдай үшін бәрі де мүмкін

Профессор Бробекке дейін ғасырлар бұрын өмір сүрген, әрі жер бетіндегі ең Ұлы адам деп саналған Иса пайғамбар былай деген: “Адамдар үшін мүмкін емес нәрселер Құдай үшін мүмкін” (Лұқа 18:27). Құдайдың киелі рухы ғаламдағы ең құдіретті күш болып табылады. Оны ешқандай техникалық құралмен өлшеу мүмкін емес. Киелі рухтың арқасында біз өз күшімізбен қол жеткізе алмайтын нәрселерді істей аламыз.

Адам баласы болғандықтан біз кейбір жағдайларда өзімізді дәрменсіз сезініп жатамыз. Мысалы, сүйікті жақынымызды жоғалтқан жағдайда немесе отбасымыздың шаңырағы шайқалғанда, бұған төзу мүмкін еместей болып көрінеді. Я болмаса өмір сүру салтымызға күйінетініміз сонша, салымыз суға кетіп, тығырыққа тірелгендей сезінуіміз мүмкін. Мұндай кездерде не істей аламыз?

Киелі кітапта айтылғандай, Құдіретті Құдайға ұнау үшін қолынан келгеннің бәрін істей отырып, оған сенім танытатын және киелі рухын сұрап дұға ететін адам, бір қарағанда шешімін табу мүмкін емес қиындықтарды жеңуге қажетті көмек ала алады. Бойымызға сенімділік дарытатын Исаның келесі сөздеріне ден қойыңызшы: “Сендерге шындығын айтамын, кімде-кім мына тауға: “Орныңнан көтеріліп, теңізге лақтырыл!”— десе, әрі еш күмәнданбай, бұның жүзеге асатынына сенсе, айтқаны орындалады” (Марқа 11:23). Құдай Сөзі мен киелі рухтың өмірімізге әсер етуіне жол берер болсақ, біз жеңе алмайтын қиындықтар болмайды.

Отасқанына 38 жыл болғанда әйелін жоғалтқан бір кісінің мысалын қарастырып көрейік. Әйелі қатерлі ісіктен көз жұмғанда, оның жүрегі қарс айырылып, әрі қарай өмір сүру мүмкін еместей болып көрінді. Әйелімсіз өмір сүргенше, өле салғаным артық деп ойлаған кездері де болды. Ол жанын қоярға жер таппай, қатты күйзелгенін айтады. Өткенді еске ала отырып, ол Құдайға көз жасын төгіп дұға еткені, күн сайын Киелі кітапты оқығаны, бар күшін салып Құдай рухының басшылығын іздегені төзуге мүмкін емес болып көрінген қиындығын жеңуге көмектескенін айтады.

Соломон аралдарында тұратын бір ерлі-зайыптылардың некелері ойран болғалы тұр еді. Күйеуі қит етсе ашуланып шыға келетін, әрі жаман әдеттері де жетіп артылатын. Әйеліне бұлай өмір сүру мүмкін еместей көрініп, өз-өзіне қол жұмсағысы келеді. Бірақ кейінірек күйеуі Ехоба куәгерлерімен бірге Киелі кітап зерттеу сабағын бастайды. Алған білімінің арқасында жаман әдеттерін жеңіп, ашуын жүгендеуді үйренеді. Сонда әйелі өзгеруі “мүмкін емес” күйеуінің өзгергенін көріп қатты таңғалады.

Кезінде нашақор болып, азғын өмір кешкен басқа бір кісі өткен өмірін өкінішпен еске алады. “Өз-өзімді қадірлеуден қалдым”,— дейді ол. Бұл кісі Құдайға былай деп жалбарынған: “Құдайым, сенің бар екеніңді білемін. Өтінем, көмектесші маған!” Көп кешікпей ол Ехоба куәгерлерімен бірге Киелі кітапты зерттей бастайды, нәтижесінде өмірі түбегейлі өзгереді. Ол сөзін жалғап былай дейді: “Мен жиі өз-өзімді кінәлайтынмын әрі түкке тұрғысыз сезінетінмін. Кейде тіпті қатты түңіліп кететінмін. Алайда Құдай Сөзі мұндай жағымсыз сезімдермен күресуге көмектесті. Ұйқысыз түндерде есіме сақтап алған Киелі кітап тармақтарын қайталап жататынмын. Бұлай істегенім ойымды тазартты”. Қазір бұл кісінің отбасы ұйыған айрандай. Ол әйелі екеуі басқа адамдарға Құдай Сөзінің күшіне сенуге белсенді түрде көмектесіп жүр. Егер бұл кісіге жас шағында әлдекім: “Өмірің түбегейлі жақсы жаққа өзгереді”,— дейтін болса, ол: “Бұл мүмкін емес!”— деп айтар еді.

Бұл оқиғалар Құдай Сөзінің зор күшке ие екендігіне және киелі рухтың өміріміздегі “мүмкін емес” нәрселерді орындай алатынына дәлел болып табылады. Алайда сіз: “Бұл үшін сенім керек қой!”— дейтін шығарсыз. Иә, бұл үшін сенім керек. Себебі Киелі кітапта “сенім болмаса, Құдайға ұнау мүмкін емес” делінген (Еврейлерге 11:6). Мысалы, сіздің жақын досыңыз банк меңгерушісі немесе шенеунік болып табылады делік. Ол сізге: “Достым, еш уайымдама! Егер бір нәрсе қажет болса, маған айтсаң болады”,— деп сендірсе, оның уәдесі жаныңызға жай берері сөзсіз. Бірақ, өкінішке қарай, адамдар жиі сенімімізді ақтай бермейді. Бәлкім, досыңыздың жағдайы өзгеріп, игі ниетпен берген уәдесін орындауға шамасы жетпей қалар. Ал егер ол кенеттен өмірден өтсе, оның барлық ізгі ниеті мен уәделері өзімен бірге ғайып болады. Ал Құдай адам сияқты емес. Аяқастынан туындаған жағдайлар оның әрекет ету аясын шектей алмайды. Киелі кітаптың бір аудармасында бізге сенім беретін келесідей сөздер жазылған: “Құдай үшін мүмкін емес нәрсе жоқ” (Лұқа 1:37; “The Jerusalem Bible”).

“Бұған сенесің бе?”

Киелі жазбаларда жазылған көптеген оқиғалар Құдай үшін бәрі де мүмкін екенін растайды. Солардың кейбірін қарастырайық.

Сара есімді 90 жасар бір әйел балалы болатынын естігенде, күліп жібереді. Алайда бүгінде еврей халқының бар екендігі Сараның дүниеге бала әкелгенін дәлелдейді. Жүніс пайғамбарды алып балық жұтып қойғанда, ішінде үш күн жатса да, аман қалады. Сөйтіп өз басынан өткергендерін жазып қалдырады. Адамның ес-түссіз жатқан күйін өлген күйінен ажырата білген Лұқа есімді дәрігер Еутіх деген жас баланың үйдің жоғарғы қабатындағы терезесінен құлап кетіп, өліп қалғаннан кейін қайта тірілгенінің куәсі болады. Бұлардың бәрі ертегі емес. Осы оқиғалардың әрқайсысын мұқият зерттесек, олардың растығына көз жеткіземіз (Жаратылыс 18:10—14; 21:1, 2; Жүніс 1:17; 2:1, 10; Елшілердің істері 20:9—12).

Иса пайғамбар Мартаға келесідей таңғаларлық сөздерді айтқан: “Тірі жүрген әрі маған сенетін адам ешқашан өлмейді”. Мүмкін емес болып көрінетін бұл сөздерден кейін Иса пайғамбар оған: “Бұған сенесің бе?”— деп маңызды сұрақ қойды. Біз де бұл сұрақты өзімізге қойғанымыз жөн (Жохан 11:26).

Жер бетінде мәңгі өмір сүру. Бұл мүмкін бе?

Бір ғылыми еңбекте былай делінген: “Адамның бүгінгіге қарағанда анағұрлым ұзақ, мүмкін тіпті мәңгі өмір сүретін уақыты алыс емес”. “Жаңа Британ энциклопедиясында” адам өлімінің себебі жасушалардың өлуі не ағзаның тозуы, я болмаса басқа процестер емес, адам бойындағы физиологиялық процестердің бұзылуына не тоқтап қалуына түрткі болатын белгісіз бір фактор екені айтылғанa. Ғалымдар осы шешілуі мүмкін еместей болып көрінетін проблеманы шешу үшін тер төгіп еңбек етуде. Бірақ мұны тек Құдай ғана шешуге дәрменді.

Әрине, бұл ғылыми мәліметтер қызығушылық оятады. Алайда қисынды және ғылыми деректерге қарағанда, Киелі кітап біздің мәңгі өмір сүруіміз мүмкін екеніне әлдеқайда салмақты негіз береді. Өмірдің қайнар көзі болып табылатын Жаратушымыз Ехоба Құдай “өлімді біржола жоқ” қылуды уәде етеді (Забур 35:10; Ишая 25:8). Сіз бұған сенесіз бе? Бұл уәдені берген Ехоба Құдай, ал оның жалған сөйлеуі мүмкін емес! (Титке 1:2).

[Сілтеме]

a Қартаю мен адам ғұмырының ұзақтығы жайлы Ехоба куәгерлері басып шығарған 2006 жылдың мамыр айындағы “Ояныңдар” (ор.) журналының “Қаншалықты ұзақ өмір сүре аласыз?” деп аталатын мақаласын қараңыз.

[21-беттегі сөздер]

“Кеше ғана мүмкін емес болып есептелген жайттар мына біздің заманымызда мүмкін болып отыр!” (РОНАЛЬД РЕЙГАН)

[22-беттегі сөздер]

Егер әрі қарай өмір сүру мүмкін емес болып көрінсе, көмекті кімнен іздейсіз?

[27-беттегі түпдерек]

NASA photo

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу