Күзет мұнарасының ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Күзет мұнарасының
ОНЛАЙН КІТАПХАНАСЫ
Қазақ
ә
  • ә
  • і
  • ң
  • ғ
  • ү
  • ұ
  • қ
  • ө
  • һ
  • КИЕЛІ КІТАП
  • БАСЫЛЫМДАР
  • КЕЗДЕСУЛЕР
  • w12 1.7. 24—27 бет.
  • Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді

Бұл таңдауда видео жоқ.

Кешіріңіз, видеоны жүктеу кезінде қате шықты.

  • Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді
  • 2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Ұқсас мәлімет
  • Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді
    2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді
    2011 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді
    2010 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
  • Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді
    2009 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
Көбірек мәлімет
2012 жылғы Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды
w12 1.7. 24—27 бет.

Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді

Шотландияда туылған бір ер кісі табысты кәсібінен гөрі нені артық санады? Ал Бразилияда тұратын ер кісіні крэк есірткісінен және азғын өмір салтынан бас тартуға не талпындырды? Словениядағы ер адамға ішкілікті тастауға не көмектесті? Олардың өздері жайлы не айтатынына назар аударайық.

“Маған өмірім керемет болып көрінді” ДЖОН РИКЕТС

ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1958

ЕЛІ: ШОТЛАНДИЯ

БҰРЫНДА: ТАБЫСТЫ КӘСІПКЕР БОЛҒАН

ӨМІРБАЯНЫМ: Менің балалық шағым алаңсыз өтті. Әкем Британ әскерінде офицер болғандықтан, көп көшіп-қонып жүретінбіз. Шотландияны қоса алғанда, біз Англияда, Германияда, Кенияда, Малайзияда, Ирландияда және Кипрде тұрдық. Сегіз жасымнан бастап Шотландиядағы жатып оқитын мектепте білім ала бастадым. Ал содан кейін Кембридж университетінде оқыдым.

20 жасымда мұнай кәсібін қолға алып, сегіз жыл бойы сонымен айналыстым. Басында Оңтүстік Америкада, сосын Африкада, ал ақырында Батыс Австралияда жұмыс істедім. Австралияда инвестициялық фирма ашып алдым, бірақ кейіннен оны сатып жібердім.

Содан түскен қаражаттың арқасында 40 жасымнан бастап жұмыс істемейтін болдым. Бос уақытымды ел аралап, саяхаттауға жұмсадым. Бүкіл жер шарын бір рет, ал Австралияны мотоциклмен екі рет айналып шықтым. Маған  өмірім керемет болып көрінді.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ: Мен кәсібімді тастамас бұрын, өзіме қанағат әкелетін өмірім үшін Құдайға ризашылық білдіргім келді. Сондықтан маған кішкентай кезімнен таныс болған англикан шіркеуіне бара бастадым. Алайда шіркеудегілер Киелі кітаптан жөнді ештеңе айта алмады. Сосын мормондардың дініне бардым, алайда олардың Киелі кітапқа жүгінбейтінін көріп, көңілім қалды.

Күндердің күнінде үйіме Ехоба куәгерлері келді. Бұл адамдардың өз ілімдерін тек Киелі кітапқа негіздейтінін бірден байқадым. Олардың маған оқып берген тармақтарының бірі Тімөтеге 1-хат 2:3, 4 еді. Ол жерде Құдайдың “әртүрлі адамдардың құтқарылғанын және шындық жайлы тура білім алғанын қалайтыны” айтылған. Куәгерлердің әйтеуір бір білімді емес, Киелі кітапқа негізделген тура білімді алуға айрықша мән беретіні мені таңғалдырды.

Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттегенімнің арқасында мен тура білімге ие болдым. Мысалы, Құдай мен Исаның бейне бір үштікті құрамайтынын, қайта, олардың екі бөлек тұлға екендерін түсіндім (Жохан 14:28; Қорынттықтарға 1-хат 11:3). Мен осы қарапайым шындықты білгеніме қатты қуандым. Алайда осы күнге дейін түсіну мүмкін емес нәрсені түсінемін деп, көп уақытым мен күшімді сарп еткеніме ашуландым.

Содан көп ұзамай Ехоба куәгерлерінің қауым кездесулеріне бара бастадым. Қауымның әрбір мүшесінің достық пейіл танытатынын және жоғары өнегелік нормаларды ұстанатынын көріп, мен қатты таңғалдым. Олар маған періштелердей болып көрінді. Куәгерлердің шынайы сүйіспеншілігі ақиқат дінді тапқаныма көзімді жеткізе түсті (Жохан 13:35).

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ: Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін Диана есімді керемет қызбен таныстым. Ол Ехоба куәгерлерінің отбасында өскен болатын және оның маған ұнайтын көптеген тамаша қасиеттері бар. Кейінірек Диана екеуіміз үйлендік. Ол — менің адал досым әрі демеу болатын көмекшім. Мен оны Ехобаның маған берген нағыз батасы деп білемін.

Диана екеуіміз Киелі кітаптағы ізгі хабарды уағыздайтын адамдар аз жерге қатты барғымыз келді. Сондықтан 2010 жылы Орталық Америкадағы Белиз деген елге көшіп бардық. Біз бұл елде Құдайды жақсы көретін әрі Киелі кітаптағы білімге құштар адамдарға тәлім береміз.

Құдай туралы және оның сөзі Киелі кітап жайлы шындықты білгеннің арқасында мен жантыныштығына ие болдым. Сондай-ақ толық уақытты уағыздаушы ретінде көп адамға Киелі кітаптан тәлім беріп, зор қуанышқа кенелдім. Киелі кітаптағы шындық менің өмірімді жақсы жаққа қарай өзгертті. Оның өзгелердің де өмірін жақсартып жатқанын көруден артық ештеңе жоқ деп ойлаймын. Ақырында мен өзіме көп қуаныш әкелген өмірім үшін Құдайға ризашылық білдірудің ең жақсы жолын таптым.

“Олар маған мейіріммен қарады” МАУРИСИО АРАУЖУ

ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1967

ЕЛІ: БРАЗИЛИЯ

БҰРЫНДА: АЗҒЫН ӨМІР КЕШКЕН

ӨМІРБАЯНЫМ: Мен Сан-Паулу штатындағы Аваре деген кішкентай, тыныш қалашықта өсіп, ер жеттім. Оның тұрғындарының көбісі — қарапайым жұмысшылар.

Анам маған аяғы ауыр кезінде әкем қайтыс болып кетті. Кішкентай кезімде анамның үйде болмаған сәттерін пайдаланып, оның киімдерін киіп алатынмын. Уақыт өте келе мен әйелдердің мінез-құлқын таныта бастадым, содан бәрі мені гомосексуалист деп ойлайтын болды. Кейіннен мен өзім қатарлы балалармен және ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсе бастадым.

20 жасқа жетер жетпестен мен еркек не әйел демей, жыныстық қатынасқа түсетін адамдарды үнемі іздеп жүретін болдым. Оларды кез келген жерден, мысалы барлардан, түнгі клубтардан, тіпті шіркеулерден де, табатынмын. Ал карнавал кезінде әйелдердің киімін киіп алып, самбо билейтінмін. Содан өте танымал болып кеттім.

Достарымның арасында гомосексуалистер, жезөкшелер мен нашақорлар да бар еді. Олардың кейбірі мені крэк есірткісін татып көруге көндірді. Көп ұзамай мен оған әуестеніп кеттім. Кейде біз оны түні бойы шегетінбіз. Ал басқа кездері жалғыз қалып, крэкті күні бойы шегіп отыра беретінмін. Қатты азып кеткенім соншалық, жұрт мені ЖИТС-пен ауырады деп ойлайтын.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ: Шамамен сол уақыттары Ехоба куәгерлерімен араласа бастадым. Олар маған мейіріммен қарады. Куәгерлердің маған оқып берген жазба орындарының бірі Римдіктерге 10:13 еді. Ол жерде: “Ехобаны атын атап көмекке шақырған әркім құтқарылады”,— делінген. Бұл сөздер Құдайдың Ехоба деген есімін қолданудың қаншалықты маңызды екенін түсінуіме көмектесті. Кейде түнімен крэк шеккеннен кейін, терезені ашып қойып, Ехобаға жылап тұрып дұға айтатынмын. Мен аспанға қарап, оның көмегін сұрап жалбарынатынмын.

Анам осы жаман әдетімнің өмірімді құртып жатқанын көріп, қатты қиналатын. Мен оның осылай азап шеккенін қаламағандықтан есірткіні біржола тастауды шештім. Содан, көп ұзамай Куәгерлермен Киелі кітапты зерттей бастадым. Олар осы зерттеудің есірткіні тастауға деген шешімімде берік тұруға көмектесетінін айтып сендірді және бұл солай болды да!

Киелі кітапты зерттеп жүргенімде өмір салтымды өзгертуім керектігін түсіндім. Маған әсіресе гомосексуалды өмір салтымды тастау қиынға соқты, өйткені бұл ес білгелі өмірімнің бір бөлігі болып кеткен еді. Араласатын ортамды өзгерткенім маған көп көмек болды. Мен бұрынғы достарыммен қарым-қатынасымды үзіп, барлар мен түнгі клубтарға баруды қойдым.

Маған мұндай өзгерістерді жасау оңай болмады. Бірақ Ехобаның менің қамымды ойлайтынын және менің күресіп жатқанымды түсінетінін білгенім маған жұбаныш берді (Жоханның 1-хаты 3:19, 20). 2002 жылы гомосексуализммен айналысуды біржола тастап, сол жылы Ехоба куәгері ретінде шомылдыру рәсімінен өттім.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ: Өмірімнің жақсы жаққа қарай өзгергенін көрген анам бұған қатты таңғалып, Киелі кітапты зерттеуге келісті. Өкінішке қарай, ол инсульт алып, денсаулығы нашарлап қалды. Алайда ол Ехоба мен Киелі кітапқа деген сүйіспеншілігін әрі қарай да арттыра берді.

Соңғы сегіз жыл бойы мен толық уақытты жариялаушы ретінде қызмет етіп, көп уақытымды адамдарға Киелі кітап жайлы білім беруге арнап келемін. Бұрыс қалауларыммен күресуге тура келген кездерім де болды. Бірақ оларға берілмегеннің арқасында Құдайға ұнамды бола алатынымды білемін. Бұл маған зор күш береді.

Ехобаға ұнамды жолмен жүріп, оған жақындай түскендіктен өз-өзіме деген құрметім артты. Қазір мен бақытты адаммын.

“Достарымның бірі мені түпсіз құдық деп атады” ЛУКА ШУЦ

ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1975

ЕЛІ: СЛОВЕНИЯ

БҰРЫНДА: ІШІМДІККЕ ҮЙІР БОЛҒАН

ӨМІРБАЯНЫМ: Мен Словенияның астанасы Любляна қаласында дүниеге келдім. Төрт жасқа келгенше, балалық шағым керемет болды. Алайда отбасымызда қайғылы оқиға орын алды: әкем өз-өзіне қол жұмсады. Өсіп келе жатқан екі баланы, ағамды және мені, асырау үшін анама көп жұмыс істеу керек болды.

15 жасымда әжемнің үйіне көшіп бардым. Маған ол жер қатты ұнайтын, өйткені достарымның көбісі сол маңда тұратын. Бұл жерде үйдегіге қарағанда еркіндігім көбірек болды. 16 жасқа келгенде демалыс күндері ішімдік ішуді ұнататын адамдармен араласа бастадым. Шашымды өсіріп, бұзақы балалар сияқты киіндім, ал кейіннен темекіге әуестеніп кеттім.

Есірткінің әр түрін татып көрдім, бірақ ішімдік маған көбірек ләззат әкелетін, сондықтан оған үйір болып алдым. Алғашында бір отырғанда бірер стақан ғана ішетінмін, алайда кейіннен бір бөтелкеден де көп шарапты сіміріп алатын болдым. Мен қанша ішіп алғанымды білдіртпеудің қас шеберіне айналдым. Жиі адамдар аузымнан мүңкіп шыққан иістен ғана ішкенімді байқап қоятын. Солай болған күнде де ешкім менің бірнеше литр сыра не шарап ішіп алғанымды, тіпті оларды арақпен араластырғанымды білмейтін.

Түнгі дискотекадан қайтқан кездері достарымнан екі есе көп ішіп алсам да, аяқтарында әрең тұрған оларды жиі мен сүйемелдеп жүретінмін. Бірде достарымның бірі мені түпсіз құдық деп атағанын құлағым шалып қалды. Бұл менің намысыма тиіп кетті.

Сонда мен қалай өмір сүріп жатқаным жайлы ойлана бастадым. Мен өзімді түкке тұрғысыз сезіндім және істеп жатқан нәрселерімнің бәрі мәнсіз болып көрінді.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ: Шамамен сол кездері бір сыныптасымның өзгере бастағанын, нақтырақ айтқанда мінезінің біраз жұмсарғанын, байқадым. Сөйтіп, мұның себебін білгім келіп, оны кафеге шақырдым. Әңгіме барысында ол маған Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеп жүргенін айтып, білгендерімен бөлісе бастады. Бірақ менің діннен еш хабарым болмағандықтан, оның айтқандарының бәрі мен үшін жаңалық болды. Содан мен Куәгерлердің қауым кездесулеріне барып, олармен Киелі кітапты зерттей бастадым.

Осының арқасында көзім ашылып, әрекетке талпындыратын көптеген керемет шындықтарды түсіндім. Мысалы, Киелі кітаптан “соңғы күндер” деп аталатын кезеңде өмір сүріп жатқанымызды білдім (Тімөтеге 2-хат 3:1—5). Сондай-ақ жуырда Құдайдың зұлым адамдарды жойып, жақсы адамдарға жерде орнайтын жұмақта мәңгі өмір сүру мүмкіндігін беретінін де білдім (Забур 36:29). Мен сол жақсы адамдардың арасында болғым келгендіктен, өмірімді өзгертуге белімді бекем будым.

Мен Киелі кітаптан білген шындықтарды достарыма айта бастадым. Сонда олардың көбісі мені келеке етті, бірақ осының арқасында олардың шынайы дос емес екендерін аңғардым. Сондай-ақ мен ішімдікке үйір болуымның себебі араласып жүрген ортаммен тікелей байланысты екенін де түсіндім. Олар мас болғанша ішу үшін апта бойы демалыс күндерін асыға күтіп жүретін.

Мен олармен достығымды үзіп, маған жақсы жағынан әсер ететін Ехоба куәгерлерімен араласа бастадым. Құдайды шын жүректен жақсы көретін әрі оның талаптарына сай өмір сүруге барынша тырысатын осы адамдармен араласқаным маған көп күш-жігер беретін. Бірте-бірте мен ішімдікке деген әуестігімнен біржола арылдым.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ: Бақытты болуым үшін енді маған ішімдік ішудің түк те қажеті жоқ. Сол үшін де мен Ехобаға дән ризамын. Бұрынғы өмір салтымды өзгертпегенде, қазір қандай күйде боларымды кім білсін? Бүгінде мен өмірімнің әлдеқайда жақсарғанына нық сенімдімін.

Соңғы жеті жыл бойы мен Словениядағы Ехоба куәгерлерінің филиалында қызмет етіп келемін. Бұл — мен үшін зор мәртебе. Ехоба Құдайды біліп, оған қызмет еткенім өмірімді анағұрлым мағыналы етті.

    Қазақ тіліндегі басылымдар (1997—2026)
    Шығу
    Кіру
    • Қазақ
    • Бөлісу
    • Баптаулар
    • Copyright © 2026 Watch Tower Bible and Tract Society of Pennsylvania
    • Пайдалану тәртібі
    • Құпиялық саясаты
    • Құпиялық параметрлері
    • JW.ORG
    • Кіру
    Бөлісу