Сіз білгенсіз бе?
Неліктен еврейлер ата-тегіне ерекше мән берген?
▪ Шежірелер жазбасының арқасында адамның қай әулетке және қай руға жататынын анықтауға болатын. Сондай-ақ жерді бөлу мен мұраға ие болу мәселесін шешкенде, осы жазбалар қажет болған. Еврейлер үшін әсіресе Мәсіхтің шығу тегі маңызды еді. Олар Мәсіхтің Яһуда руынан шыққан Дәуіттің үрім-бұтағынан болуы керек екенін жақсы білетін (Жохан 7:42).
Зерттеуші Иоахим Иеремиастың айтуынша, “діни қызметкерлер мен леуіліктердің міндеттері ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырғандықтан,.. олардың шежіресі таза сақталуы аса маңызды болған”. Діни қызметкерлер әулетіне жататын ер кісіге тұрмысқа шыққалы жатқан исраилдік әйел діни қызметкерлердің үрім-бұтағы “таза әрі бұзылмаған күйде” сақталуы үшін өзінің шежіресін көрсетуі керек болған. Нехемияның күндерінде бірнеше леуілік отбасылары өз қызметтерінен шеттетілді, себебі қай әулеттен шыққанын дәлелдеу үшін “шежіре жазбаларынан өз ата-тектерін іздеп көрді, бірақ таба алмады” (Нехемия 7:61—65).
Сондай-ақ Мұса заңы бойынша, “тыйым салынған некеден туған” “аммондық не моабтық” бала “Жаратқан Иенің жамағатының” бір бөлігі бола алмайтын (Заңды қайталау 23:2, 3). Осы орайда Иеремиас сөзін былай деп жалғастырады: “Адам азаматтық құқықтарын қолдану үшін өзінің ата-тегінің таза сақталғанын дәлелдеуі қажет еді... ал бұл тіпті қарапайым исраилдік өзінің ең жақын ата-тегі мен он екі рудың қайсысынан шыққанын айтып бере алған деген тұжырымымызды растайды”.
Еврейлер шежіре жазбаларын қалай жинақтаған және сақтаған?
▪ Інжіл жазушылары Матай мен Лұқаның жазбаларында Исаның ата-тегі егжей-тегжейлі келтірілген (Матай 1:1—16; Лұқа 3:23—38). Сондай-ақ басқа да шежіре жазбалары сақталған. Мысалы, еврейлік мидрашта, немесе түсіндірмеде, Исаның заманында өмір сүрген Гиллель есімді раввин жөнінде былай делінеді: “Иерусалимде табылған шежірелер шиыршығында Гиллель Дәуіттің үрім-бұтағынан шыққандығы жазылған”. Бірінші ғасырда өмір сүрген еврей тарихшысы Иосиф Флавий “Өмір” атты еңбегінде өзінің ата-бабалары діни қызметкерлер болғанын әрі анасы жағынан “патша әулетінен” шыққанын жазған. Ол бұл мәліметті “халық мұрағатынан” тапқанын айтып кеткен.
Иосиф Флавий өзінің “Апионға қарсы” атты еңбегінде діни қызметкерлер әулеттерінің шежіресін сақтау міндеті исраилдіктердің арасындағы “өзін Құдайға қызмет етуге бағыштаған, жақсатты адамдарға” тапсырылғанын айтқан. “Еврей энциклопедиясында” былай делінген: “Осы жазбаларды жүргізу арнайы бір жауапты адамға сеніп тапсырылса керек, сондай-ақ Иерусалимде осы шежірелермен айналысқан сот болғаны жөнінде мәлімет бар”. Ал діни қызметкерлер үрім-бұтағынан шықпаған еврейлердің шежіресі олардың ата-бабаларының қалаларында жинақталып отырған (Лұқа 2:1—5). Інжіл жазушылары да сол мұрағаттарға жүгінген болса керек. Бұған қоса, жеке отбасылар да өздерінің шежіре жазбаларын жинақтап жүргенге ұқсайды.