Сіз бақытты бола аласыз. Қалайша?
БАҚЫТТЫ өмірге қалай қол жеткізуге болады? Мұның бір жолы — көрегендік таныту. Адам баласына тән осы керемет қабілет қазір қабылдаған шешімдеріңіздің ұзақ уақыт бойы қандай нәтиже әкелетіні жайлы ойлануға көмектеседі.
Алайда мұндай шешімдерді қабылдау оңай емес екенімен келісетін шығарсыз. Неге бұлай дейміз? Өйткені айналамыздағы адамдардың барлығы қалаған нәрселеріне бірден қол жеткізгісі келеді. Мысалы, сіз Киелі кітап кеңестерінің отбасыңызды нығайтуға көмектесе алатынын түсінетін шығарсыз (Ефестіктерге 5:22—6:4). Бірақ сол кеңестерді қолдану үшін біраз күш салу керектігін де білесіз. Бұл үшін жұмыс, демалыс пен көңіл көтеруге басыңызбен кіріп кетуден аулақ болып, отбасыңызға әрдайым уақыт бөліп отыруыңыз қажет. Осылайша өміріңіздің көп саласында сізге ұзақ уақыт бойы пайдасын тигізетін я уақытша ләззат әкелетін шешім қабылдау керек болады. Қиын болғанына қарамастан, дұрыс шешім қабылдауға сізге не көмектеседі? Осыған қатысты төрт кеңесті қарастырайық.
1 Шешімдеріңіздің нәтижесі жайлы ойланыңыз
Шешім қабылдарда шындыққа тура қарап, оның нәтижесі жайлы жақсылап ойланғаныңыз маңызды. Киелі кітапта: “Зерделі жан қатер көріп бас сауғалар”,— делінген (Нақыл сөздер 22:3). Иә, шешіміңіздің салдары жайлы шындап ойланғаныңыз басыңызды пәлеге ұшыратуы мүмкін әрекеттерден аулақ болуға талпындырады. Ал дұрыс шешімнің ұзақ уақыт бойы тигізетін пайдасы жайлы ойланғаныңыз сол шешімді қабылдауға түрткі болады.
Өзіңізден былай деп сұраңыз: “Қабылдаған шешімім бір жылдан кейін, тіпті 10 не 20 жылдан кейін қандай нәтиже әкелуі мүмкін? Ол менің эмоциялық күйіме және денсаулығыма, сондай-ақ өзім қамқорлық етіп жүрген отбасым мен жақындарыма қалай әсер етпек?” Ал ең бастысы: “Қабылдаған шешімім Құдайға ұнамды бола ма? Шешімім онымен қарым-қатынасыма қалай әсер етеді?”— деп ойланғаныңыз дұрыс. Киелі кітап Құдайдың киелі рухының жетелеуімен жазылған, сондықтан ол сізге Құдайға ненің ұнамды екенін жете түсінуге және өзіңіз байқамай қалуыңыз мүмкін қиындықтарды айналып өтуге көмектеседі (Нақыл сөздер 14:12; Тімөтеге 2-хат 3:16).
2 Өзгелердің жетегінде кетуден сақ болыңыз
Көп адам өз бетінше шешім қабылдаудың орнына “көппен көрген ұлы той” деп, өзгелердің жетегінде кетіп жатады. Алайда көп адам қандай да бір өмір салтын таңдаса, бұл жол міндетті түрде бақытқа жеткізеді дегенді білдірмейді. Сондықтан өз бетіңізше шешім қабылдағаныңыз абзал. Розаныңa мысалын қарастырайық. Ол былай дейді: “Мен жақсы неке құрғым келді. Бірақ ұстанған өмір салтым осы қалауымның орындалуына еш септігін тигізбейтінін түсінетінмін. Колледждегі достарымның бәрі есті адамдар болса да, жеке өмірлерінде жиі бұрыс шешім қабылдайтын. Мысалы, олар әркіммен бір кездесіп жүре беретін. Мен де солар сияқты әртүрлі жігіттермен жүрдім. Осындай өмір салты менің жаныма көп жара салды”.
Роза Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастады. Ол былай дейді: “Мен Куәгерлердің арасындағы жастардың мәз-мейрам болып жүргенін және ерлі-зайыптылардың некелері берік екенін байқадым. Қанша қиын болса да, мен құндылықтарым мен өмір салтымды бірте-бірте өзгерте бастадым”. Мұның нәтижесі қандай болды? Роза былай дейді: “Мен күйеуімнің өзім тамсана қарайтын адам болғанын қаладым. Уақыт өте келе бір сенімдегі адамға тұрмысқа шықтым. Құдайдың маған берген отбасы өзім қалағаннан әлдеқайда асып түсті”.
3 Шешімдеріңіздің ұзақ уақытқа әсер ететінін ескеріңіз
Бүгінгі күніңізге ғана әсер ететін шешім қабылдап қоймас үшін қандай болашақты қалайтыныңызды нақты білгеніңіз және соған қол жеткізу үшін жоспар құрғаныңыз маңызды (Нақыл сөздер 21:5 ЖД). Алайда жоспарыңызды адамның орташа жас ұзақтығы — жетпіс-сексен жылмен ғана шектеп қоймаңыз. Қайта, Киелі кітапта сипатталған мәңгілік өмірдің рақатын көріп жүрген кезіңізді елестуге тырысыңыз.
Киелі кітапта түсіндірілгендей, Құдай Иса Мәсіхті біз үшін төлем құрбандығы ретінде беру арқылы мәңгілік өмірге жол ашты (Матай 20:28; Римдіктерге 6:23). Құдай өзінің адамзат пен жерге қатысты о бастағы ниетін жақында жүзеге асыруды уәде етеді. Сол кезде Құдайды жақсы көретін адамдарға жерде орнайтын керемет жұмақта мәңгі өмір сүру мүмкіндігі беріледі (Забур 36:11; Аян 21:3—5). Шешім қабылдағанда мәңгілік болашағыңызды ескерсеңіз, сіз де осындай керемет жерде өмір сүре аласыз.
4 Мақсаттарыңызға қол жеткізу үшін күш салыңыз
Құдай уәде еткен мәңгілік өмірге қол жеткізу үшін не істеу керек? Ең алдымен, Құдай жайлы тура білім алу қажет (Жохан 17:3). Киелі кітаптағы мұндай білім Құдай уәделерінің орындалатынына деген сеніміңізді арттырады. Ал бұл сенім сізді Құдайдың ықыласына ие болуға көмектесетін кез келген өзгерісті жасауға талпындырады.
Майклдың мысалын қарастырайық. Ол былай дейді: “Мен 12 жасымда ішімдік пен есірткіге әуестене бастадым. Содан, бұзақылардың тобына қосылдым және 30 жасқа жетпей өліп кететін шығармын деп ойладым. Бәрінен көңілім қалып, ашу-ыза өзегімді өртегендіктен, бірнеше рет өміріммен қош айтыспақ болдым. Өмірдің мәні бар деп үміттенетінмін, бірақ оны еш таба алмадым”. Майкл әлі мектепте оқып жүрген кезінде, араласып жүрген әлгі достарының бірі Ехоба куәгерлерінің көмегімен Киелі кітаптан білім ала бастады. Майкл да Құдай жайлы білім алуға келісті.
Киелі кітаптан білгендері Майклдың өз болашағына деген көзқарасын өзгертті. Ол былай дейді: “Мен болашақта жер бетінің жұмаққа айналатынын және адамдардың уайым-қайғыдан арылып, тыныштықта өмір сүретінін білдім. Мен өз болашағымды осылай елестете бастадым. Содан, Ехоба Құдайды жақыннан танып, онымен достасуды мақсат еттім. Алайда сүрініп құлап, қайта тұрған кездерім де болды. Тіпті Киелі кітапты зерттей бастағаннан кейін де, бірнеше рет ішімдікке бой алдырдым және бір қызбен жыныстық қатынасқа барып қойдым”.
Майклға қиындықтарды жеңіп, өмір салтын өзгертуге не көмектесті? Ол былай деп түсіндіреді: “Өзіммен Киелі кітап зерттеу сабағын өткізіп жүрген Куәгер мені Киелі кітапты күн сайын оқуға және Құдайға ұнамды болғысы келетін адамдармен араласуға талпындырды. Мен бұзақы достарымның маған әлі де жаман әсер етіп жатқанын түсіндім. Олар маған отбасымдай болып кетсе де, мен олармен қарым-қатынасымды біржола үздім”.
Майкл өзінің негізгі мақсатына қол жеткізу үшін, яғни өмірін Құдай талаптарына сай келтіру үшін, кішігірім мақсаттар қойды әрі өмірінде ненің маңыздырақ екенін анықтап алды. Сіз де солай ете аласыз. Түбінде қол жеткізгіңіз келетін негізгі мақсаттарыңызды және соларға жетуге көмектесетін кішігірім мақсаттарыңызды қағаз бетіне жазып қойыңыз. Сізге қолдау көрсеткісі келетін адамдарға қандай мақсаттар қойғаныңызды айтыңыз және өзіңізге медет болып, жетістіктеріңізге баға беріп отыруларын сұраңыз.
Құдай туралы білім алып, оның ақыл-кеңестерін қолдануды кейінге қалдырмаңыз. Құдайға және оның бізге берген сөзі Киелі кітапқа деген сүйіспеншілігіңізді ояту үшін қазірден бастап әрекет етіңіз. Киелі кітапта Құдайдың кеңестеріне құлақ асқан адам жайлы: “Не істесе де, ол табысқа жетеді”,— делінген (Забур 1:1—3).
[Сілтеме]
a Есімдер өзгертілген.