Отбасы бақытының сыры
Некедегі сенімді қайта жандандыру үшін не істеуге болады?
Тимурa: “Аида маған опасыздық жасайды деп ешқашан ойламаппын. Менің оған деген бар сенімім әп-сәтте жоғалды. Оны кешірудің маған қаншалықты қиын болғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес”.
Аида: “Тимурдың маған не үшін сенбейтінін түсінетінмін. Істеген ісіме өкінетінімді дәлелдеу үшін көп жыл қажет болды”.
КИЕЛІ КІТАПТА күйеуі не әйелі неке адалдығын бұзған жағдайда, жапа шеккен жұбайы ажырасуды не ажыраспауды шешуге ерікті екені айтылғанb (Матай 19:9). Жоғарыда аталып кеткен Тимур ажыраспауды шешті. Оның өзі де, әйелі Аида да отбасын сақтап қалуға бел буды. Алайда олар көп ұзамай бұл шешімдерінің жай бірге тұрудан әлдеқайда көп нәрсені талап ететінін түсінді. Неге? Өйткені олардың сөздерінен көрінетіндей, Аиданың сол бір келеңсіз әрекеті Тимурдың оған деген сенімін мұқалтты. Отбасы бақыты үшін ерлі-зайыптылардың бір-біріне сенім артқаны өте маңызды, сондықтан бұл жұпқа біраз күш салу керек болды.
Аталмыш жағдай сіздің де шаңырағыңызды шайқалтса, бірақ жұбайыңызбен бірге некені сақтауды шешсеңіздер, мұның біраз қиындық тудыратынымен келісетін шығарсыз. Келеңсіз жайт мәлім болғаннан кейінгі алғашқы бірнеше айда әсіресе қиын болуы мүмкін. Алайда еш мойымаңыз! Некені сақтау сіздің қолыңыздан келеді. Олай болса, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сенімін қайта жаңғырту үшін не істеу керек? Бұл орайда Киелі кітаптың ақыл-кеңестері зор көмек болады. Келесі төрт кеңеске назар аударайық.
1 Бір-біріңізбен шыншыл болыңыздар.
Киелі кітапта: “Өтірікті тастағандықтан, енді әрқайсысың жақыныңа шындықты айтыңдар”,— делінген (Ефестіктерге 4:25). Өтірік сөйлеу, жарым-жартылай шындық айту не тіпті үндемей жүру жарыңыздың бойында күмән тудырады. Сондықтан да бір-біріңізбен ашық сөйлесіп, шыншыл болғандарыңыз маңызды.
Алғашында зайыбыңызбен болған жайт туралы сөйлесуге ыңғайсызданатын шығарсыз. Алайда бұл жайлы түбінде ашық сөйлесу керек болады. Болған жағдайды егжей-тегжейлі талқылап жатудың қажеті жоқ шығар, бірақ бұл туралы сөйлесуден қашпаған дұрыс. Жоғарыда өз пікірін білдірген Аида былай дейді: “Басында бұл жайлы сөйлесу мен үшін өте ауыр әрі жеркенішті еді. Істеген ісіме қатты өкіндім және бәрін ұмытқым келді”. Алайда Тимур мен Аиданың бір-бірімен ашық сөйлеспеуі жағдайды ушықтыра түсті. Қалайша? Тимур былай дейді: “Әйелім бұл жайлы сөз қозғағысы келмегендіктен, мен одан күдіктеніп жүрдім”. Аида да сол күндерді есіне алып: “Жолдасыммен ашық сөйлеспегеннің кесірінен жараның орны ұзақ уақыт жазылмай жүрді”,— дейді.
Аталмыш олқылық жайлы сөйлесу қиынның қиыны екені анық. Ританың күйеуі Пет өзінің хатшысымен азғындық жасаған еді. Рита өз сезімдерімен бөлісіп, былай дейді: “Мені көп сұрақтар мазалай бастады. “Қалай? Неге? Олар не жайлы сөйлесті екен?” деп әбден басым қатты. Бұл сұрақтар ойымнан кетпей қойды, тіпті апта өткен сайын басқа да сұрақтар пайда болып, жүйкем әбден тозды”. Пет былай дейді: “Кейде Рита екеуіміз ұрсысып қалатынбыз. Неге бұлай болатыны түсінікті-ақ. Бірақ біз кейіннен бір-бірімізден кешірім сұрап, ашық сөйлесетінбіз. Осының арқасында қарым-қатынасымыз нығая бастады”.
Жұбайыңызбен осы мәселе жөнінде сөйлесуге не көмектеседі? Сіздің басты мақсатыңыз зайыбыңызды кінәлау емес, болған жайттан сабақ алып, некені нығайту екенін есте ұстаңыз. Мысалы, Чул Су опасыздық жасағаннан кейін, әйелі Ми Янк екеуі бірге отырып, қарым-қатынастары жайлы ашық сөйлескен еді. Чул Су былай дейді: “Мен тек қара басымның қамын ойлайтынымды түсіндім. Есіл-дертім өзгелердің көңілінен шығу болған екен. Мен оларға көп көңіл бөліп, уақытымның басым бөлігін де соларға арнаппын. Ал әйеліме аз уақыт бөлдім”. Осы проблеманы анықтап алғанның арқасында Чул Су мен Ми Янк өмірлерінде біраз өзгерістер жасап, қарым-қатынастарын нығайтты.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Егер сіз адалдық сақтамаған жар болсаңыз, өзіңізді ақтаудан не жұбайыңызды кінәлаудан аулақ болыңыз. Қателік жасап, жұбайыңыздың жанын жаралағаныңыз үшін жауапты екеніңізді түсініңіз. Ал егер сіз жапа шеккен жар болсаңыз, жұбайыңызға айқайлаудан не қорлық сөздер айтудан сақ болыңыз. Осылай етсеңіз, жұбайыңыздың сізбен әрі қарай да ашық сөйлесе беруіне көмектесесіз (Ефестіктерге 4:32).
2 Бірлесе әрекет етіңіздер.
Киелі кітапта: “Жалғыз болғанша, серіктеспен бірге болған артық”,— делінген. Неге? Себебі екеуі “бірігіп жұмыс істессе, содан көретін пайдалары игі болады. Біреуі құласа, жолдасы сүйеп, тұрғызады” (Уағыздаушы 4:9, 10). Бұл кеңес некедегі сенімді қалпына келтіруге тырысып жүрген сіздер үшін зор көмек болары шүбәсіз.
Жұбайыңызбен бірге бірлесіп әрекет етсеңіздер, қарым-қатынастарыңызды бұзған сенімсіздікті сейілте аласыздар. Алайда некені сақтауға екеуіңіз де күш салуларыңыз керек. Ал мәселені жалғыз өзіңіз шешуге тырыссаңыз, басқа қиындықтарға тап болуыңыз мүмкін. Бұл ретте бір-біріңізге серіктес ретінде қарағандарыңыз дұрыс.
Тимур мен Аида дәл осылай еткен еді. Аида былай дейді: “Бізге біраз уақыт қажет еді. Бірақ біз қарым-қатынасымызды нығайту үшін бірлесіп күш салдық. Енді оның жанын ешқашан осылай жараламаймын деп өз-өзіме сөз бердім. Болған жайт Тимурға ауыр тисе де, ол некемізді сақтауды шешті. Мен күн сайын адалдығымды дәлелдеудің мүмкіндіктерін іздедім, ол да мені жақсы көретінін үнемі көрсетіп тұрды. Мұнысы үшін мен оған әрдайым ризамын.”
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Некедегі сенімді қайта жандандыру үшін бірлесе күш салуға бел буыңыздар.
3 Ескі әдеттеріңізден арылыңыз.
Иса пайғамбар тыңдаушыларына неке адалдығын бұзбауды ескерткеннен кейін: “Егер оң көзің күнәға азғырса, оны ойып алып, лақтырып таста”,— деп кеңес берген еді (Матай 5:27—29). Егер сіз кінәлі жұбайы болсаңыз, некені сақтау үшін қандай істер мен көзқарастарыңызды “ойып алып, лақтырып тастар” едіңіз?
Ең алдымен, сізбен азғындық жасаған адаммен байланысыңызды үзгеніңіз дұрысc (Нақыл сөздер 6:32; Қорынттықтарға 1-хат 15:33). Жоғарыда сөз етілген Пет өзімен бірге болған әйелмен бұдан былай араласпау үшін жұмыс кестесі мен телефон нөмірін өзгертті. Алайда бұл айтарлықтай нәтиже әкелмеді. Пет әйелінің сеніміне ие болуды қатты қалағандықтан, жұмысын тастауды шешті. Сондай-ақ ол ұялы телефонынан арылып, әйелінікін қолданатын болды. Петтің осындай құрбандықтарға барғаны соған тұрды ма? Оның әйелі Рита былай дейді: “Содан бері алты жыл өтсе де, “әлгі әйел күйеуіме хабарласуға тырыса ма?” деген ой кейде мені мазалап тұрады. Бірақ енді мен Петтің ондай азғыруға берілмейтініне сенімдімін”.
Егер сіз неке адалдығын бұзған жұбайы болсаңыз, сізге өз мінезіңізді де өзгерту керек болар. Мүмкін, сіз қылымсуды, қылмыңдауды не басқа адаммен романтикалық қатынас жайлы қиялдауды ұнататын шығарсыз. Ендеше “ескі болмысыңыздан іс-әрекеттерімен қоса арылыңыз”. Жұбайыңыздың сізге деген сенімі арту үшін ескі әдеттеріңізден арылып, жаңа болмысқа ие болыңыз (Қолостықтарға 3:9, 10). Бәлкім, сіздің алған тәрбиеңіз жұбайыңызға деген жылы сезімдеріңізді білдіруге кедергі ететін шығар. Бұлай ету басында қиын болса да, жарыңызға деген сүйіспеншілігіңіз бен ризашылығыңызды үнемі көрсетіп отырғаныңыз жақсы. Тимур былай дейді: “Аида маған жылы алақанын тигізіп, өзінің аяулы сезімдерін білдіріп тұратын және мені жақсы көретінін үнемі айтып отыратын”.
Қандай да бір уақыт бойы жұбайыңызға күнделікті істеріңіз туралы ашық айтып отырғаныңыз дұрыс болар. Жоғарыда аты аталған Ми Янк былай дейді: “Чул Су менен ештеңені жасырмайтынын көрсету үшін күні бойы не істегенін, тіпті майда-шүйде нәрселерді де маған айтып отыруды жөн көрді”.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Сенімге қайта ие болу үшін не істеу керектігін бірге талқылап көріңіздер. Сосын бұл істерді қағаз бетіне түсіріп, оларды жүзеге асыруға тырысыңыздар. Сондай-ақ қандай да бір істермен бірге айналысып, бір-біріңізге көңіл бөліңіздер.
4 Қашан әрекет ету керектігін біліңіз.
Енді қайтадан бұрынғыдай өмір сүреміз деп ойлауға асықпаңыз. Нақыл сөздер 21:5-те: “Тым асыққан тапшылыққа ұшырар”,— деген ескерту жазылған. Ерлі-зайыптылар бір-біріне қайтадан сене бастау үшін көп уақыт, тіпті жылдар қажет болуы мүмкін.
Егер сіз кінәсіз жар болсаңыз, жұбайыңызды толығымен кешіру үшін біраз уақыт қажет екенін түсінгеніңіз жақсы. Ми Янк былай дейді: “Мен опасыздық жасаған күйеуін кешіре алмайтын әйелдерге таңғалатынмын. “Неге олардың ашуы сонша ұзақ уақыт бойы тарқамай жүреді?” деп ойлаушы едім. Алайда өзімнің күйеуім көзіме шөп салғанда, кешірудің қаншалықты қиын екенін түсіндім”. Иә, некеде кешірім мен сенім қайта пайда болу үшін біраз уақыт қажет көрінеді.
Дей тұрса да, Уағыздаушы 3:1—3 тармақтарда сауықтырудың өз мезгілі бар екені айтылған. Алғашында жұбайыңызбен ашық сөйлеспеуді жөн көретін шығарсыз. Алайда мұның тым ұзаққа созылып кеткені арадағы сенімнің қайта жандануына еш септігін тигізбейтінін білгейсіз. Қарым-қатынасты жақсарту үшін жұбайыңызды кешіргеніңіз әрі бұны ойларыңыз бен сезімдеріңізді оған ашық айтып отыруыңызбен көрсеткеніңіз жақсы. Сондай-ақ оны да өзін қуантқан не уайымдатқан нәрселерімен бөлісіп тұруға талпындырыңыз.
Жаныңызды жаралаған нәрселер жайлы қайта-қайта ойланып, күйіне бермеңіз. Осы сезімдеріңізді жеңуге барынша тырысыңыз (Ефестіктерге 4:32). Бұлай етуге Құдайдың көрсеткен үлгісі жайлы ойланғаныңыз зор көмек болады. Құдайдың ежелгі халқы, исраилдіктер, одан бас тартқанда, оның жүрегі қатты ауырған болатын. Сонда Ехоба Құдай өзін әйелі опасыздық жасаған күйеуге теңеген еді (Еремия 3:8, 9; 9:2). Бірақ оның “қаһары мәңгілікке ұласпайды” (Еремия 3:12). Исраилдіктер шын жүректен өкініп, Құдайға қайта бет бұрғанда, ол халқын кешірген болатын.
Уақыт өте келе қажетті өзгерістердің жасалып жатқанын көргенде, екеуіңіздің де көңілдеріңіз жайланып, отбасында береке орнағанын сезесіздер. Сонда тек отбасын сақтауды ғана ойламай, басқа да мақсаттарға ұмтылуға мүмкіндіктеріңіз болады. Десе де қандай жетістіктерге жеткендеріңізді жүйелі түрде саралап тұрғандарыңыз жақсы. Күш салуды доғармаңыздар. Кішігірім олқылықтарды түзетуге тырысыңыздар және бір-біріңізді некеге адал екендеріңізге сендіріп отырыңыздар (Ғалаттықтарға 6:9).
БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Некені баяғы қалпына келтіруге тырысудың орнына, жұбайыңызбен жаңа әрі бұрынғыдан да мықты қарым-қатынас дамытуға күш салыңыз.
Жетістікке қол жеткізе аласыз
Күш салып жатқаным бекер деп күмәнданған кездері мынаны ұмытпағайсыз: некеге бастау берген — Құдайдың өзі (Матай 19:4—6). Сондықтан оның көмегімен некеңізді нығайта алатыныңыз шүбәсіз. Осы мақалада сөз етілген ерлі-зайыптылардың барлығы да Киелі кітаптағы ақыл-кеңестерді қолданып, некелерін ойран болудан сақтап қалды.
Бүгінде Тимур мен Аиданың арасына сызат түсірген сол оқиғадан бері 20 жыл өтті. Тимур некелерін қалай нығайтқандарын қорытындылай келе, былай дейді: “Біз Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастағаннан кейін ғана қарым-қатынасымыз жақсара түсті. Алған біліміміздің бізге тигізген пайдасын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл білім бізге көп қиындықты жеңуге көмектесті”. Аида болса былай дейді: “Сол бір қилы кезеңнен өте алғанымызға мен қатты қуанамын. Киелі кітапты бірге зерттегеніміздің және көп тер төккеніміздің арқасында біз некемізді берік те бақытты ете алдық”.
a Есімдер өзгертілген.
b Осы мәселеде шешім қабылдауға көмектесетін кеңестерді “Ояныңдар!” (ор.) журналының келесі сандарынан табуға болады: 1999 жыл, 22 сәуір, 6-бет және 1995 жыл, 8 тамыз, 10, 11-беттер.
c Егер қандай да бір уақыт аралығында ол адаммен жұмыс бабымен не басқа себеппен араласуға тура келсе, мұндай байланысты мүмкіндігінше шектегеніңіз дұрыс. Ол адаммен тек өзгелердің көзінше сөйлесіңіз және жұбайыңыз да бұдан хабардар болсын.
ӨЗІҢІЗДЕН БЫЛАЙ ДЕП СҰРАҢЫЗ:
Жұбайымды кешіріп, некені сақтауды шешуіме не себеп болған еді?
Қазіргі уақытта жұбайымның бойынан қандай жақсы қасиеттерді байқап жүрмін?
Кездесіп жүрген кезімізде сезімдерімді қандай кішігірім жолдармен білдірген едім? Неге қазір де сондай мүмкіндіктерді іздемеске?