Кіріс азайғанда...
АФРИКАНЫҢ ірі қаласындағы бес жұлдызды қонақүйде жұмыс істеген Обид екі баланың әкесі. Сол қонақүйде жұмыс істеген 10 жыл аралығында ол отбасын асырауға еш қиналмайтын. Тіпті әйел, бала-шағасымен бірге арагідік өз еліндегі жақсы демалыс орындарына барып тұратын. Алайда күндердің күнінде жағдай күрт өзгерді: қонақүйге келушілердің саны азайғандықтан Обид жұмысынан айырылып қалды.
Стивен 22 жыл бойы бір ірі банкте жұмыс істеп келіп, ақыр соңында жоғары қызметке тағайындалады. Осы жұмысының арқасында оның үлкен үйі, көлігі, үй қызметшілері болды, ал балалары беделді мектептерде оқитын. Бірақ банкте қайта ұйымдастыру болғанда, ол кенет жұмыссыз қалды. “Бүкіл отбасымызбен есеңгіреп қалдық. Менің бойымды шарасыздық, күйініш пен қорқыныш билеп алды”,— дейді Стивен.
Мұндай оқиғалар сирек кездеседі деп айта алмаймыз. Әлемдегі экономикалық дағдарыстың себебінен табыстары тұрақты миллиондаған адам өз жұмыстарынан айырылып жатыр. Жұмыс тапқанның өзінде төмен жалақыға келісуге мәжбүр, ал бағалар болса көтеріліп жатыр. Дамыған елдерде де, дамушы елдерде де экономикалық дағдарыс ешкімді айналып өтіп жатқан жоқ.
Парасаттылық қажет
Жұмысымыздан айырылып қалсақ не жалақымыз қысқартылса, еңсеміздің түсуі оп-оңай. Мұндай жағдайда адамның бойына қорқыныш ұялауы да ғажап емес. Бір дана адам айтқандай: “Бақытсыздыққа ұшыраған күні еңсең түсетін болса, дәрменсіз боласың” (Нақыл сөздер 24:10 ЖД). Экономикалық қиындықтарға кезіккенде абыржудың орнына, Құдай Сөзіндегі дана кеңестерге жүгінгеніміз дұрыс (Нақыл сөздер 2:7).
Киелі кітап қаржы мәселесінің анықтамалығы болмаса да, ондағы тиімді кеңестер дүниежүзіндегі миллиондаған адамға осындай қиындықтарды шешуге көмек болуда. Ендеше, сондағы негізгі кеңестердің кейбірін қарастырайық.
Шығындарды есептеп алыңыз. Иса пайғамбардың мына сөздеріне ден қойыңызшы: “Араларыңдағы біреуің мұнара салғысы келсе, құрылысын аяқтауға қаражатының жетер-жетпесін білу үшін, алдымен, шығынын есептеп алмай ма?” (Лұқа 14:28). Бұл принципті қолдану кіріс пен шығыстың жоспарын құрып алып, сосын оны ұстануды білдіреді. Әйтсе де Обид мұның оңайға соқпайтынын айтып, былай деп мойындайды: “Жұмысымнан айырылмас бұрын, біз көбінесе супермаркеттен аса қажеті жоқ нәрселерді көптеп сатып ала беретінбіз. Біз бюджет құру дегенді білмейтінбіз, себебі көңіліміз қалағанның бәрін сатып алуға қалтада ақша жететін”. Бірақ алдын ала жоспар құрып алғанымыз қолда бар қаражатты отбасының негізгі қажеттіліктеріне жұмсауға көмектеседі.
Өмір салтын өзгертіңіз. Бұрынғыға қарағанда қарапайымдырақ өмір сүру қай-қайсымызға да қиынға соғатыны анық, алайда онсыз болмайды. Стивен сөзін жалғап былай дейді: “Қаражатты үнемдеу үшін отбасымызбен бірге өзіміздің кішігірім әрі жөндеу жұмыстары аяқталмаған үйімізге көшіп баруға тура келді. Ал балаларымызды арзанырақ, бірақ сапалы білім беретін мектепке ауыстырдық”.
Жаңа өмір салтына бейімделу үшін отбасымен ашық пікір алысудың маңызы зор. Қаржы-қаражат саласында тоғыз жыл жұмыс істеп, сосын жұмысынан айырылып қалған Остин былай дейді: “Әйелім екеуміз асықпай отырып, шынымен қажет заттардың тізімін жасап алдық. Бізге қымбат тамақ пен аса қажеті жоқ киім-кешектен бас тартуға, сондай-ақ демалысқа көп қаржы жұмсамауға тура келді. Үй ішімнің осындай өзгерістерді қолдағанына қуанамын”. Әрине, балаларыңыз мұндай өзгерістердің не үшін қажет болғанын түсіне бермейтін шығар, бірақ ата-ана ретінде, сіздер мұны оларға түсіндіре аласыздар.
Кез келген жұмысты істеуге дайын болыңыз. Егер сіз кеңсе жұмысына дағдыланған адам болсаңыз, қара жұмыс істеу қорқынышты болып көрінер. Остин: “Ірі фирмада басқарушы қызметін атқарғандықтан маған қара жұмыс істеу керек деген ойдың өзін қабылдау қиын болды”,— дейді. Нақыл сөздер 29:25-тегі: “Пендеден қорқуы адамға тұзақ құрар”,— деген сөздерді ескерер болсақ, бұған таңғалудың қажеті жоқ. Бірақ жұрт не ойлайды деп уайымдай бергеннен қарын тоймайды ғой. Ендеше мұндай жағымсыз ойлардан қалай арылуға болады?
Мұның сыры кішіпейілділікте. Жоғарыда аты аталған Обидті көлік жөндейтін шеберханасы бар бұрынғы әріптесі жұмысқа шақырады. Ол көлік бояулары мен керек-жарақтарды табу үшін шаң-шаң көшелерді шарлап, көп жүруі керек еді. “Бұған келісу өте қиын болды, бірақ басқа амалым болмады. Бұл ұсынысты қабыл алу үшін кішіпейілділік таныту керек болды. Алатын жалақым бұрынғы жұмысыммен салыстырғанда шамамен төрт есе кем болғанмен, отбасымның қажеттіліктеріне жетеді”,— дейді Обид. Бәлкім, мәселеге осылай қарағаныңыз сізге де көмектесер.
Барға қанағат етіңіз. Бір сөздікте “қанағатшылдық” сөзі барға риза болып, місе тұту деп түсіндіріледі. Қаржыдан қатты қысылып жүрген адамға бұл сөздер қисынсыз болып көрінер. Алайда тапшылық көрудің не екенін өз тәжірибесінен білген елші Пауылдың келесі сөздеріне көңіл бөліп көрейікші: “Мен қандай жағдайда болмайын қолда барға қанағат етуді үйрендім. Мен жоқшылықта да, молшылықта да өмір сүрудің не екенін білемін” (Філіпіліктерге 4:11, 12).
Бәлкім, бүгінгі жағдайымыз мәз емес шығар, бірақ қазіргі заманның тұрақсыз екенін ескерер болсақ, жағдайымыздың бұрынғысынан нашарлап кетуі де ғажап емес. Сондықтан елші Пауылдың киелі рухтың жетелеуімен жазған мына сөздеріне ден қойғанымыздың пайдасы зор: “Қолда барға қанағат етсек, Құдайға шын берілгендік зор пайданың көзі болады. Ендеше ішер ас, киер киім және баспана болса, соны қанағат етейік”. Пауыл бұлай деуімен еріншектікке талпындырмаған, қайта, тәндік қажеттіліктерге деген көзқарастың қандай болу керектігін көрсеткен (Тімөтеге 1-хат 6:6, 8).
Шынайы бақытқа жетудің жолы
Шынайы бақыт жалғанды жалпағынан басып, шалқып өмір сүруден келмейді. Иса пайғамбар былай деген: “Алғаннан гөрі берген бақытты”. Расында да, шынайы бақыт пен қанағат қолда барымызбен өзгелерге көмектесіп, оларға жігер беруден келеді (Елшілердің істері 20:35).
Жаратушымыз Ехоба Құдай біздің барлық қажеттіліктерімізді жақсы біледі. Сондықтан өзінің Сөзі Киелі кітапта көп адамға өмір сапасын жақсартуға және бос уайымнан арылуға көмектескен пайдалы кеңестер жаздырған. Әрине, бұл кеңестер біреудің қаржы мәселесін бірден не керемет түрде шешіп жібермейтін шығар. Сөйтсе де Иса “Құдай патшалығы мен оның әділдігін әрдайым бірінші орынға қоятындардың” күнделікті қажеттіліктері қамтамасыз етілетінін айтқан (Матай 6:33).