Ресейден келген хат
Алтын Алтай тауларының қойнауында жатқан “қазына”
МАМЫР айының жайма-шуақ күндерінің бірінде Сібірдің оңтүстік-батыс түкпірінде орналасқан Алтай республикасында болдық. Бұл өлкенің көздің жауын алатын табиғаты бізді әбден тамсандырды. Қылқанды қою ормандары қатарласып сап түзеп тұр. Ал олардың артында бой көтерген көгілдір тау-жоталары қар тымақтарын киіп алып, мен мұндалап тұр. Азия елдерінен оқшауланып қалған алтай халқының өз тілі бар. Алтайлықтар шалғай жатқан осы бір таулы аймаққа әбден сіңісіп кеткен. Алтай тауларының атауы түркі-моңғол тілінің “алтын” дегенді білдіретін сөзінен шыққан екен.
Әйелім екеуіміздің орыс ым тілін үйреніп, Ехоба куәгерлерінің осы тілде сөйлейтін қауым кездесулері мен шағын топтарына барып жүргенімізге азғана жыл болған еді. Ресейде жалпы 170-тен аса ұлт өкілі бар. Барлығына ортақ тіл — орыс тілі. Ал құлағы мүкіс адамдарды орыс ым тілі біріктіреді. Мұндай адамдар бір-бірімен тығыз араласқанды ұнатады және біз кездестірген адамдардың көбісі өздері жайлы айтып беруге және қонақжайлылық танытуға даяр болды. Алтайда да біз осындай жылулықты сезіндік.
Горно-Алтайск қаласында болғанымызда, 250 шақырым қашықтықтағы шағын ауылда құлағы естімейтін бірнеше адамның тұратынын естідік. Ол жерде бірер Куәгердің бар екенін білетінбіз, алайда олардың ешқайсысы да ым тілінде сөйлемейді екен. Содан әлгі адамдар жайлы біраз ойланып, сонда баруға бел будық. Біздің ыстық ықыласымыз Юрий мен Татьяна есімді құлағы мүкіс ерлі-зайыптыларды да бізбен жүруге талпындырды. Біз дискке жазылған ым тіліндегі әдебиеттер мен DVD плейерді, сондай-ақ үлкен термосты, қара нан мен шұжықты және орыстардың сүйікті тағамы — пирожкиді дайындап, барлығын көлігімізге тиедік. Ол аймақта кенелер жұқтыратын энцефалит ауруы кең тарағандықтан, үсті-басымызға, киімімізге және аяқ киімімізге кенеден қорғайтын дәріні жақсылап сеуіп алып, жолға шықтық.
Алдымыздан асқар таулардың керемет көрінісі ашылды. Бүкіл аумақты алып кеткен ақтамақгүл мен жұпаргүлдің иісі тынысымызды кеңейтіп, бойымызға қуат бітірді. Алаңсыз жайылып жүрген сібір бұғылары бізді таң-тамаша қалдырды. Алтайлықтар шатыры темірден жасалған ағаш үйлерде тұрады екен. Ал олардың жанында “айыл” деп аталатын ағаш үйлер тұрғызылған. Бұлар киіз үйге ұқсас келеді, бірақ әдетте алты бұрышты етіп соғылады әрі төбелері шошақ болады. Көп алтай отбасылары мамырдан қыркүйекке дейін осындай айылдарда тұрады, ал күзге таман кәдімгі үйлерге көшіп барып, сонда қыстап шығады.
Жергілікті Куәгерлер бізді жылы қарсы алып, құлағы естімейтін ерлі-зайыптылардың үйіне алып барды. Бізді көріп қуанып кеткен бұл ерлі-зайыптылар қайдан келгенімізді және не істеп жүргенімізді сұрастыра бастады. Олардың үйінде компьютер бар екен. Содан біз дискілерімізді шығара бастағанда, жұбайлар қояр да қоймай оларды көрсетуімізді сұрады. Дискті қойғанымыз сол-ақ екен, әңгімеміз бірден тына қалды. Олар тіпті біздің бар екенімізді де ұмытып кетті. Көздерін монитордан ала алмаған жұбайлар сондағы ым-ишараттарды ара-тұра қайталап қойып, бастарын изеумен болды. Біз әрең дегенде олардың назарын өзімізге аудардық. Сөйтіп, фильмді кері айналдырып, басындағы жер бетіндегі жұмақтың керемет көріністеріне оралуды сұрадық. Көріністердің біріне тоқтап, Құдайдың адамзат үшін не істейтінін және осындай керемет ортада мәңгі өмір сүру үшін қандай қадамдар жасау керектігін түсіндірдік. Олардың қызуғышылығы бізді қатты жігерлендірді. Кетіп бара жатқанымызда, жұбайлар бірнеше сағаттық қашықтықтағы ауылда да құлағы естімейтін ерлі-зайыптылардың бар екенін айтты.
Біз олармен қоштасып, қайта жолға шықтық. Содан, аяғы тауға ұласқан ойлы-қыратты жерлермен өтіп, әлгі кішігірім ауылға апаратын ирелеңдеген жолға түстік. Ауылға жеткен соң, іздеген отбасымызды тауып алдық. Олардың үйінде отағасы, әйелі, әйелінің шешесі және кішкентай балалары бар екен. Бұл бүлдіршін күтпеген қонақтарды көріп, қуанып кетті. Айылдың құртақандай ғана есігінен кіргенімізде, ағаш пен сарысудың жағымды иісі сезіліп тұрды. Шошақ шатырдағы тесіктен ішке жарық түсіп тұрды. Бұрышта әктелген пеш бар екен, ал қабырғаға шиедей қызыл кілем ілініпті. Үй иелері кішкентай кеселерге шай құйып, бауырсақтан дәм татуға шақырды. Біз олардан: “Адамдар Құдайдың досы бола ала ма?”— деп сұрадық. Олар біраз ойланып қалды. Сосын, аналары кішкентай кезінде тау жаққа тамақ алып барып, оны құдайларға бағыштағанын айтып берді. Сосын жымиып: “Мұның қандай мәні бар екенін білмедім. Ата-бабамыздан қалған дәстүр ғой”,— деп қосты.
Біздің осы тақырыпта көрсеткен фильмімізді көргенде, олардың жүздері жайнап кетті. Әңгімемізді жалғастыруға зор ықылас танытқанмен, олармен байланысу мүмкін еместей көрінді. Өйткені ол аймақта телефон антенналары жоқ еді, ал құлағы естімейтін адамдармен әдетте СМС арқылы байланысқан ыңғайлы. Сондықтан біз пошта арқылы хат жіберіп тұрамыз деп уәде еттік.
Үй иелерімен жылы қоштасып, Горно-Алтайск қаласына қайта бет алғанымызда, күн ұясына батып қалған еді. Біз шаршап-шалдықсақ та, үйге зор қанағат сезімімен оралдық. Кейінірек жергілікті Куәгерлерден осы отбасы жайлы сұрастырғанымызда, отағасының екі аптада бір рет үлкенірек қалаға барып, ым тілін білетін әйел бауырластың көмегімен Киелі кітапты зерттеп, қауым кездесулеріне қатысып жүргенін білдік. Еңбегіміздің зая кетпегеніне қалай қуандық десеңдерші!
Құлағы естімейтін ақжүрек адамдарды іздестіру таудың қойнауында жатқан қазынаны іздегенмен бірдей. Бұған көп уақыт кетсе де, “қазынаны” ойда жоқта тауып алғанда, бейнетіңнің зейнетін көретінің анық. Осы таулы аймақта ақжүрек адамдарды кездестіргендіктен, Алтай таулары біздің есімізде алтын Алтай таулары болып қалмақ.