Ғалақад мектебінің 131-сыныбы
“Ехобаның жүзіне күлкі сыйлаңдар”
ҒАЛАҚАД Киелі кітап мектебінің 131-сыныбын бітіру салтанаты 2011 жылдың 10 қыркүйегінде өтті. Шақырылған қонақтардың арасында мектеп бітірушілердің туыстары, достары және басқа да адамдар болды. Басында баяндамашылардың да, оқушылардың да біраз қобалжығаны бар еді. Алайда баяндамаларды, көріністер мен сұхбаттарды тамашалаған 9063 адамның барлығы да соңына таман өздерін емін-еркін сезініп, мәз-мейрам болды.
Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесінде қызмет ететін Стивен Летт бауырлас кештің шымылдығын ашты. Ол төраға ретінде алғашқы баяндамамен шығып, Ехобаның бейнелі көзі, құлағы және қолы сөз етілетін Киелі кітап тармақтарына назар аударды.
Алдымен, Стивен бауырлас Шежірелер 2-жазба 16:9-ғы (ЖД) “Ехобаның көзі жүректері қалтқысыз берілген адамдарға жәрдем беру үшін күллі жерді шолып тұрады” деген сөздерді қарастырды. Баяндамашы оқушыларды қалтқысыз берілген жүрекпен қызмет етуге шақырды, сондай-ақ басқалардың жақсы жақтарын көре білу арқылы Ехобаға еліктей алатындарын да айтып өтті. Бұдан кейін Стивен бауырлас Петірдің 1-хаты 3:12-ге назар аударып, Ехобаның құлағы әділдердің жалбарынған үнінде екенін айтты. Баяндамашы оқушыларды үнемі дұға етуге талпындырып, Ехобаның өз қызметшілерінің дұғасын әрқашан тыңдағысы келетінін ұмытпауға шақырды.
Әрі қарай баяндамашы Ишая 41:13-гі Ехобаның берік уәдесіне тоқталып өтті. Онда былай делінген: “Мен, сиынатын Құдай Иең, Сені оң қолыңнан сүйемелдеймін. Қорықпа, Мен сені қолдап қорғаймын!” Стивен бауырлас жұмсақ үнмен: “Неткен көңіл толқытатын сөздер! Ойлап көріңдерші, Ехоба бізге өзінің қолын созып, көмегін ұсынып отыр”,— деді. Сосын, ол оқушыларды Ехобаның көмегінен ешқашан бас тартпауға талпындырды. Сондай-ақ олардың басқаларға қол ұшын беру арқылы Ехобаға еліктей алатындарын айтты.
Баяндаманың соңында Стивен бауырлас Ишая 40:11-ді оқып, Ехобаның бізді қалай қамқорлайтынын елестетіп көруге шақырды. “Ехоба бізді өз қолымен жинап алады да, кеудесіне басып, көтеріп жүреді”,— деді ол. Бізге бұл қалай әсер ету керек? Ехоба кеудесіне басып, көтеріп жүру үшін оқушылар қошақан сияқты момын да биязы болу керек-тін.
“Осы қазынаны қыш ыдыстарда сақтаймыз”
Киелі кітапқа негізделген осы тақырыпты Басқарушы кеңестің мүшесі Дэйвид Сплэйн ашты (Қорынттықтарға 2-хат 4:7). Мұндағы қазына деген не? Бұл білім бе, әлде даналық па? “Жоқ, елші Пауылдың айтқан қазынасы “шындықты ашатын” “қызмет” болып табылады”,— деді Дэйвид бауырлас (Қорынттықтарға 2-хат 4:1, 2, 5). Ол бес айға созылған тәлімнің бітірушілерді арнайы қызметке дайындағанын айтып өтті. Осы қызметтерін олар жоғары бағалау керек еді.
Баяндамашы “қыш ыдыстың” біздің тәнімізді білдіретінін айтты. Ол қыш ыдыстың алтыннан жасалған ыдыстан айырмашылығы бар екенін көрсетті. Әдетте алтыннан жасалған ыдыстар көп қолданылмайды. Ал қыш ыдыстар, керісінше, күнделікті тұрмыста жиі қолданылады. Бұған қоса, қазынаны алтын ыдысқа салатын болсақ, назарымыз қазынаға ғана емес, алтын ыдысқа да ауып кетуі мүмкін. “Ал сендер өздеріңе назар аударғыларың келмейді, солай емес пе?— деді Дэйвид бауырлас.— Миссионерлер ретінде сендер адамдардың назарын Ехобаға аударғыларың келеді, өйткені сендер — небәрі қарапайым қыш ыдыстарсыңдар”.
Дэйвид бауырлас ойын әрі қарай өрбітіп, Киелі кітап жазылған заманда кейбір қыш ыдыстардың отқа төзімді етіп жасалғанын, ал кейбірі шытынамау үшін жылтыратпамен қапталғанын айтып түсіндірді. Бұдан қандай сабақ аламыз? Қызметтерінің алғашқы айларында миссионерлер түрлі қиындықтарға кезігіп, бейнелі мағынада берік жылтыратпамен қапталады. Бұл оларға сын сөздерге көп мән бермеуге және ренжігіш болмауға көмектеседі. “Сендер өздерің ойлағаннан әлдеқайда мықты екендеріңді байқайтын боласыңдар”,— деді баяндамашы. Ехоба осы қазынаны, яғни қызметті, періштелерге емес, “қыш ыдыстарға” тапсырған. “Бұл Ехобаның сендерге сенім артатынын көрсетеді”,— деп, Дэйвид бауырлас сөзін аяқтады.
“Сен жаяулармен жарыстың... аттармен қалай жарыспақсың?!”
Келесі баяндамамен Басқарушы кеңестің мүшесі Сэмюэл Херд шықты. Ол оқушылардан: “Сен қаншалықты тез әрі қаншалықты ұзақ жүгіре аласың?”— деп сұрады. Не үшін? Сэмюэл бауырлас оқушылардың жағдайын Еремия пайғамбардікімен салыстырды. Осы адал пайғамбар біраз қиындықтарға тап болған еді. Алайда оны бұдан да зор қиындықтар күтіп тұрған болатын. Сондықтан Ехоба одан: “Сен жаяулармен жарысып, олар сені шаршатқан болса, аттармен қалай жарыспақсың?!”— деп сұрады (Еремия 12:5).
Сэмюэл бауырлас осы сөздерді оқушыларға қатыстырып, былай деді: “Сынақ жұмыстарын жазғанда, сендер өздеріңді аттармен жарысқандай сезінген шығарсыңдар. Бірақ, шын мәнінде, сендер жаяулармен жарыстыңдар. Тағайындалған аумақтарыңа барғанда, бүгінгіден де зор қиындықтарға кезігесіңдер. Сол кезде аттармен жарысасыңдар. Алайда еш қорықпаңдар, Ғалақад мектебі сендерді аттармен жарысып, еш шаршамауға үйретті”. Баяндамашы оқушыларды рухани тәлім ала беруге, Киелі кітапты жүйелі түрде зерттеуге және ұдайы дұға айтуға талпындырды.
Сэмюэл бауырлас мектеп бітірушілердің миссионерлік қызметтерінде немқұрайдылыққа кезігуі, ауруға шалдығуы, өздерін лайықсыз сезінуі не еңселері түсуі мүмкін екенін де айтып ескертті. Алайда олардың кез келген қиындықты басып озып, еш шаршамауға көмектесетін Тұлғаға жүгіне алатындарын да айтты. “Сендерге жаяулармен не аттармен жүгіруге тура келсе де, Құдайдың қуатты қолының демеуімен мәреге жете алатындарыңа сенімді болыңдар. Сонда қызметтеріңде жемісті болып, Ехобаға мадақ әкелесіңдер”.
Бағдарламадағы басқа да қызықты ойлар
“Аз емес, барынша көп сұраңдар”. Құрама Штаттарындағы филиал комитетінің мүшесі Джон Екран балалары құлдыққа сатылмақ болған жесір әйел мен Елішә пайғамбар жайлы оқиғаны қарастырды (Патшалықтар 4-жазба 4:1—7). Жесірдің май құюға арналған бір ғана кішкентай құтысы бар еді. Елішә әйелді көршілеріне жіберіп: “Аз емес, барынша көп сұраңыз”,— деп, көбірек ыдыстар алып келуді тапсырды. Ехоба Елішә арқылы керемет жасап, жесір әйелдің жинап әкелген ыдыстарын түгел маймен толтырды. Ал әйел майды сатып, қарыздарын қайтаруға және біраз уақытқа дейін күн көруге жететін ақша тапты.
Болашақ миссионерлер осы оқиғадан қандай сабақ ала алады? Әлгі жесір әйел ыдыстарды жинағанда, таңдап-талғап жатпаған болса керек. “Ол май құюға жарамды болады-ау деген кез келгенін және мүмкін болса үлкеніректерін алған болар”,— деп түсіндірді баяндамашы. Сосын: “Таңдағыш болмаңдар”,— деп, оқушыларды кез келген тапсырманы, мейлі ол кішкентай не үлкен болсын, талғамай атқаруға шақырды. Сондай-ақ Джон бауырлас жесір әйелдің қаншалықты мол жарылқанатыны Елішәнің нұсқауларын қаншалықты дәл орындайтынына тікелей байланысты болғанын айтты. Бұдан қандай сабақ аламыз? Неғұрлым көбірек батаға кенелгіміз келсе, қызметте соғұрлым көбірек құлшыныс пен сенім танытуымыз керек. “Жан сала қызмет етуден тартынбаңдар”,— деп қосты Джон бауырлас.
“Олар бізге жем болады”. Руларды санау 14:9-ға негізделген осы тақырыпты теократиялық мектептер бөлімінің бақылаушысы Уильям Сэмюэлсон өрбітті. Ол Ешуа мен Халептің керемет үлгісіне назар аударды. Мұндағы “жем болады” деген тіркес исраилдіктердің Қанахан тұрғындарын оп-оңай жаулап алатындарын әрі бұл жеңістің олардың бойларына күш-жігер құйып, нығайтатынын білдіреді. Оқушылар бұдан не нәрсеге үйрене алады? Баяндамашы былай деп түсіндірді: “Қызметтеріңе кедергі ететін қиындықтарға күш-қуат беріп, нығайтатын нәрсе ретінде қараңдар”.
“Олардың сенімдері зәкір тастаған кемедей дауылдарға қарсы тұра ала ма?” Оқытушылардың бірі Сэм Роберсон елші Пауылдың “Кейбіреулердің... сенімдері апатқа ұшыраған кеме сияқты қирады” деген ескертуіне назар аударды (Тімөтеге 1-хат 1:19). Ол оқушыларды өзгелердің сенімін нығайтып, оларға зәкір тастаған кемедей, Ехобаның жолында берік тұруға көмектесуге шақырды. “Сендердің қызметтеріңді ұстаның жұмысымен салыстыруға болады”,— деді ол. Қай жағынан? Ұста зәкір шынжырының үзбелерін бір-біріне жалғайды. Осының арқасында кеме дауыл кезінде зәкір тастап, берік тұра алады. Сол сияқты миссионерлер де Киелі кітап зерттеу сабағын өтетіндерге Құдайға ұнамды қасиеттер дамытып, құтқарылуларына көмектесе алады.
Сэм бауырлас зәкірдің үзбелерін Петірдің 2-хаты 1:5—8 тармақтарда атап өтілген сегіз қасиетпен салыстырды. Баяндамашы түсіндіргендей, зерттеу сабағын өтіп жүргендер Ехобаның осы қасиеттерді қалай танытатынын көруге үйренсе, онымен тығыз қарым-қатынас дамытып, сенімдерін сынаған кез келген “дауылға” қарсы тұра алатын болады.
Қызметтегі оқиғалар мен сұхбаттар
Майкл Бернетт есімді өзге бір оқытушы Ғалақад мектебінің оқушыларынан жуырда қызметте болған қызықты оқиғаларын айтып не көрсетіп берулерін сұрады. Кеш қонақтары олардың сауда орындарында, әуежайда, үйден үйге жүргенде не тіпті қателесіп телефон шалған адамға қалай уағыздағандары жайлы әңгімелерін зор ықыласпен тыңдады.
Сосын, Құрама Штаттарындағы Бетел отбасының мүшесі Майкл Хансен Панама, Кения мен Парагвай елдерінде жылдар бойы миссионерлер ретінде қызмет еткен үш ер бауырластан — Стефен Макдауэл, Марк Нумар мен Уильям Ясовскийден — сұхбат алды. Бауырластардың бөліскен ойлары “Ехобаның еркін орындаудан қуаныш тап” деп аталатын осы бөлімді аша түсті (Забур 39:9). Мысалы, Марк бауырлас қызмет еткен жерлерінде әйелі екеуі қандай қуанышты жайттарға куә болғандарын әңгімелеп берді. Олар жергілікті бауырластармен қатты достасып кеткен еді. Ал бауырластардың нұсқауларды ұстанғанын, өмірлерінде үлкен өзгерістер жасағанын және Ехобаның оларға күш салғандары үшін батасын бергенін көргенде, төбелері көкке жеткен екен. Марк бауырлас оқушылардың алда әлі көп қуанышқа кенелетіндерін айтып сендірді.
Бағдарламаның соңында 131-сыныптың бір оқушысы барлығының атынан ризашылық хатын оқып, өздерінің ыстық лебіздерін білдірді. Ал Стивен бауырлас қорытынды сөздерін айтып, оқушыларды әрдайым даналықпен әрекет етуге және осылайша “Ехобаның жүзіне күлкі сыйлауға” шақырды. Бұл миссионерлердің Ехобаға адалдықпен қызмет етіп, жүзіне қуаныш сыйлайтындары шүбәсіз.
[31-беттегі кесте/карта]
СЫНЫП ЖАЙЛЫ МӘЛІМЕТ
Оқушылардың келген елдерінің саны: 10
Орташа жастары: 34,7
Шомылдыру рәсімінен кейінгі жылдардың орташа саны: 19
Толық уақытты қызметтегі жылдардың орташа саны: 13,5
[Карта]
(Толық мәтінді басылымнан қараңдар)
Оқушылар осы картада көрсетілген елдерге тағайындалды
ТАҒАЙЫНДАЛҒАН ЕЛДЕРІ
БЕНИН
БРАЗИЛИЯ
БОЛГАРИЯ
БУРУНДИ
КАМЕРУН
КАНАДА
ОРТАЛЫҚ АФРИКА РЕСПУБЛИКАСЫ
ГЕРМАНИЯ
ГАНА
ГОНКОНГ
ИНДОНЕЗИЯ
КЕНИЯ
ЛИБЕРИЯ
ЛИТВА
МАЛАЙЗИЯ
МОЗАМБИК
НЕПАЛ
ПАНАМА
ПАРАГВАЙ
СЬЕРРА-ЛЕОНЕ
СЛОВАКИЯ
ОАР
АҚШ
ВЕНЕСУЭЛА
[30-беттегі сурет]
Ғалақад мектебінің оқушылары қызметте болған оқиғаларын көрсетуде
[31-беттегі сурет]
Күзет мұнарасының Ғалақад Киелі кітап мектебінің 131-сыныбы
Қатарлар төменнен жоғары қарай нөмірленген, ал адамдардың аты-жөндері солдан оңға қарай берілген.
1) Леш К., Леш Н., Шакарджиан П., Шакарджиан Т., Баден Р., Баден К., Наш Т., Наш Л.
2) Трембли Э., Трембли К., Гарви Д., Гарви Г., Гонт Р., Гонт П., Лау Дж., Лау Дж.
3) Дейвис Ш., Дейвис С., Сарджент Дж., Сарджент Дж., Фонсека Ч., Фонсека С., Тенар Э., Тенар А.
4) Петратётен А., Петратётен Р., Рейес Н., Рейес Н., Айзимингер Б., Айзимингер Ш., Хакер Дж., Хакер Ч.
5) Хартман Э., Хартман Т., Гуля У., Гуля К., Томас Дж., Томас Э., Оказаки Н., Оказаки М.
6) Миллз К., Миллз А., Беннинг Л., Беннинг Т., Собицки С., Собицки Т., Ганьон Л., Ганьон Ю.
7) Хансен Б., Хансен М., Фейхи А., Фейхи М., Дальгор Е., Дальгор Я., Андерссон М., Андерссон Р.