Ер бауырластарды қауымда міндеттер атқаруға үйретіңдер
“Шәкірті ұстазынан жоғары емес, бірақ толықтай тәлім алған әркім ұстазындай болады” (ЛҰҚА 6:40).
1. Жердегі қызметі кезінде Иса қауымның іргетасын қалай қалады?
ЕЛШІ ЖОХАН Ізгі хабарын жазуды аяқтай келе былай деді: “Иса бұдан да басқа көп істер жасады. Олар егжей-тегжейлі жазылса, меніңше, жазылған шиыршықтар бүкіл дүниеге сыймас еді” (Жох. 21:25). Қысқа болса да, белсенді өткен жердегі қызметі кезінде Исаның атқарған істерінің бірі ер адамдарды тауып, оларға өзі бастаған істе басшылықты қолға алуды үйрету еді. Б. з. 33 жылы көкке қайта көтерілмес бұрын Иса Мәсіх тез арада өсіп, саны мыңдаған адамға жеткен қауымның іргетасын қалады (Ел. іс. 2:41, 42; 4:4; 6:7).
2, 3. а) Неге қауымда жауапкершіліктер алатын ер бауырластарға қажеттілік бар? ә) Осы мақалада не қарастырылады?
2 Бүгінде дүниежүзі бойынша 100 000-нан астам қауымда 7 000 000-нан көп жариялаушы қызмет етіп жүр. Осы қауымдарда басшылықты қолға алатын ер бауырластарға үлкен қажеттілік бар. Мысалы, қазіргі таңда ақсақалдар өте қажет. Жауапкершіліктерге ұмтылып жүрген бауырластар “игілікті істі қалағандары” үшін мақтауға тұрарлық (Тім. 1-х. 3:1).
3 Алайда ер адамдар қауымда жауапкершіліктер алуға бірден дайын болмайды. Адамды бұл іске жарамды ететіні — білімі мен өмірлік тәжірибесі емес. Қызметтің бұл түрін жақсы атқару үшін ер адам рухани жағынан талаптарға сай болу керек. Оның қабілеттері мен жетістіктерінен гөрі рухани қасиеттері бағаланады. Қауымдағы ер бауырластарға талаптарға сай келуге қалай көмектесуге болады? Иса: “Толықтай тәлім алған әркім ұстазындай болады”,— деген (Лұқа 6:40). Осы мақалада Ұстазымыз Иса Мәсіх шәкірттеріне жауапкершіліктер алуға қалай көмектескенін және біз одан неге үйрене алатынымызды қарастырамыз.
“Мен сендерді достарым деп атаймын”
4. Қалай Иса шәкірттерінің жақын досы болды?
4 Иса өзін шәкірттерінен жоғары санамаған, қайта, оларды достарым деп атаған. Ол шәкірттерімен бірге уақыт өткізген, оларға сенім артатынын көрсеткен және “Әкесінен естігендерінің бәрін” айтып берген (Жохан 15:15 оқы). “Сенің осында болуың мен осы заманның аяқталып қалғанын қандай белгі білдірмек?” деген сұрақтарына Исаның берген жауабы шәкірттерді қатты тебіренткен болса керек (Мат. 24:3, 4). Сонымен қатар Иса ізбасарларымен сырласып, сезімдерімен бөлісетін. Мысалы, ол тұтқынға алынатын түні өзімен бірге Петір, Жақып пен Жоханды алып, Гетсимани бағына барды. Ол жерде Иса ішіндегісін ақтарып дұға еткісі келді. Үш елші дұғасын естімесе де, оның жаны қайғырып жатқанын түсінген болса керек (Мар. 14:33—38). Басқа бір жолы олар Исаның сырт көрінісі өзгеріске түскенін көргенде, сенімдері нығайды (Мар. 9:2—8; Пет. 2-х. 1:16—18). Исамен жақын дос болғандары шәкірттерге әрі қарай да жауапкершіліктерін алып жүруге күш берді.
5. Қалай ақсақалдар басқаларға көмек көрсете алады?
5 Исаға ұқсап, ақсақалдар басқалармен дос болып, оларға көмек көрсете алады. Олар бауырластар үшін уақыттарын аямай, оларға көңіл бөлу арқылы өзара жылы да, жақын қарым-қатынас дамытады. Кейде ақсақалдардың басқаларға айтуға болмайтын мәселелері болғанымен, олар тұйықтанып жүрмейді. Қайта, бауырластармен Құдай Сөзінен білгендерімен еркін бөліседі. Ақсақалдар өздерінен жастау қызмет көмекшілеріне менсінбей қарамайды. Қайта, оларды қауым игілігі үшін бағалы қызмет атқарып жатқан әрі келешекте одан да көп іс атқара алатын рухани бауырластар деп санайды.
“Мен сендерге үлгі көрсеттім”
6, 7. Иса шәкірттеріне қалай үлгі көрсетті және бұл оларға қалай әсер етті?
6 Исаның шәкірттері рухани нәрселерді бағалағанмен, ой қалыптарына өскен орталары мен мәдениеттері әсер еткен (Мат. 19:9, 10; Лұқа 9:46—48; Жох. 4:27). Алайда Иса оларды бұл үшін жазғырмаған. Ол шәкірттеріне ақылға қонымсыз талаптар қоймаған, өзі істемейтін нәрсені істетпеген. Қайта, үлгі көрсете отырып тәлім берген (Жохан 13:15 оқы).
7 Иса шәкірттеріне қандай үлгі қалдырды? (Пет. 1-х. 2:21). Ол адамдарға барынша қызмет ете алу үшін қарапайым өмір сүрген (Лұқа 9:58). Өз ақылына сүйеніп емес, Жазбаларға сай тәлім берген (Жох. 5:19; 17:14, 17). Ол мінезі ашық, мейірімді жан болған. Не істесе де, сүйіспеншілікпен істеген (Мат. 19:13—15; Жох. 15:12). Исаның үлгісі елшілеріне жақсы әсер еткен. Мысалы, Жақып батыл болып, өлімге кесілгенше Құдайға адал қызмет етті (Ел. іс. 12:1, 2). Ал Жохан болса 60 жылдан астам уақыт бойы Исаның ізбасары болды (Аян 1:1, 2, 9).
8. Ақсақалдар жас ер бауырластарға және басқаларға қандай үлгі көрсетеді?
8 Жанқиярлық, кішіпейілділік және сүйіспеншілік таныта отырып ақсақалдар жас ер бауырластарға керемет үлгі бола алады (Пет. 1-х. 5:2, 3). Сондай-ақ ақсақалдар берік сенім таныту, жақсы тәлім беру, мінсіз өмір сүру және белсенді қызмет ету арқылы өзгелерге үлгі көрсете алатындарына қуанышты (Евр. 13:7).
Иса шәкірттеріне нұсқаулар берді
9. Иса шәкірттерін уағыздау ісіне дайындағанын қайдан білеміз?
9 Екі жылдай қызмет еткен соң Иса уағыз ісінің аясын кеңейтіп, 12 елшісін де уағызға жіберді. Бірақ алдымен Иса оларға нұсқаулар берді (Мат. 10:5—14). Керемет жасап, мыңдаған адамды тамақтандырғысы келгенде, Иса шәкірттеріне халықты жайғастырып, тамақты үлестіруге қатысты нұсқаулар берді (Лұқа 9:12—17). Ол шәкірттеріне не істеу керектігін және оны қалай істеу керектігін анық түсіндіріп отырған. Исадан үйренгендерінің және киелі рухтың арқасында елшілер б. з. 33 жылы ауқымды уағыздау ісін ұйымдастырды.
10, 11. Ақсақалдар мен басқалар ер бауырластарды қауымдағыларға қызмет етуге қалай үйрете алады?
10 Бүгінгі таңда ер адам алғашқы Киелі кітап зерттеу сабағынан-ақ нұсқаулар ала бастайды. Бәлкім, оған сауатты оқуды үйретуге тура келер. Киелі кітапты зерттеп жүрген кезінде оған басқа да көмек көрсетуге болады. Қауым кездесулеріне жүйелі түрде бара бастағанда, оған теократиялық қызмет мектебіне жазылу және жариялаушы болу үшін не істеу керектігін түсіндіруге болады. Ал шомылдыру рәсімінен өткен соң бауырластар оған тағы басқа нәрселерді, мысалы Патшалық сарайын күтіп ұстауды, үйретеді. Уақыт өте келе ақсақалдар ер бауырласқа қызмет көмекшісіне қойылатын талаптарға сай келуге көмектесе алады.
11 Ақсақал шомылдыру рәсімінен өткен бауырласқа тапсырма бергенде, қажетті нұсқауларды қосып береді. Ол өзінен не талап етілетінін және қауымдарда бұл іс қалай атқарылатынын анық түсіну керек. Егер бауырласқа тапсырманы орындау қиын болып жатса, ақсақал ол бауырласты бұл іске жарамсыз деп санамайды. Қайта, мейірімділікпен не істеу керектігін және қалай істеу керектігін қайтадан түсіндіреді. Ақсақалдар бауырластың басшылыққа құлақ асып, өзгелерге қызмет етуден қуаныш алып жатқанын көргенде, өздері де қуанады (Ел. іс. 20:35).
“Саналы жан кеңеске құлақ түрер”
12. Исаның кеңестері неліктен тиімді болды?
12 Қажет болғанда Иса шәкірттеріне жеке кеңестер берген. Мысалы, Жақып пен Жохан самариялықтардың көктен от түсіп, жойылғандарын қалағанда, Иса оларға сөгіс айтты (Лұқа 9:52—55). Басқа бір жолы олардың аналары Исадан балаларын Патшалықта құрметті орынға отырғызуын сұрағанда, ол ағайынды екеуіне қарап: “Менің оң не сол жағыма кім отыратынын мен шешпеймін. Бұл орындарды Әкем кімге дайындаса, солар отырады”,— деді (Мат. 20:20—23). Иса әрдайым анық, пайдалы әрі Құдайдың принциптеріне негізделген кеңестер берген. Ол шәкірттеріне сол принциптердің үстінен ой жүгіртуді үйреткен (Мат. 17:24—27). Сондай-ақ пенде екендерін есте ұстай отырып, олардан кемелділікті күтпеген. Шәкірттеріне кеңестер беруге Исаны сүйіспеншілік талпындырған (Жох. 13:1).
13, 14. а) Кімдер кеңесті қажет етеді? ә) Рухани өспей жатқан бауырластарға ақсақал қандай кеңестер беруі мүмкін?
13 Қауымда жауапкершіліктер алуға ұмтылып жүрген әрбір ер бауырластың Жазбаларға негізделген кеңеске мұқтаж кездері болады. Нақыл сөздер 12:15-те: “Саналы жан кеңеске құлақ түрер”,— делінген. Бір жас ер бауырлас былай дейді: “Мен өзімді қызмет етуге жарамсыз сезінетінмін. Сонда ақсақал қызмет ету үшін кемелді болудың қажеті жоқ екенін түсінуге көмектесті”.
14 Егер ақсақал ер бауырласқа рухани өсуге кедергі жасайтын жүріс-тұрысындағы шикілікті байқаса, оны жұмсақтықпен түзетеді (Ғал. 6:1). Кейде бауырласқа көзқарасын өзгерту үшін кеңес беру қажет. Егер бауырлас жанаяр болса, ақсақал оның назарын Исаның үлгісіне аударар. Иса құлшынысты жариялаушы болған әрі ізбасарларын өзіне еліктеуге шақырған (Мат. 28:19, 20; Лұқа 8:1). Егер бауырлас өзін басқалардан жоғары санаса, ақсақал оның назарын Исаның шәкірттеріне жоғары орынға талпынудың қаупін қалай түсіндіргеніне аударар (Лұқа 22:24—27). Бауырласқа кешірімді болу қиын болса, ақсақал үлкен қарызы кешірілген, бірақ өзіне аз ақша қарыз болған адамды кешірмеген құлдың мысалын келтірсе болады (Мат. 18:21—35). Бауырлас кеңесті қажет еткенде, ақсақалдардың оны мүмкіндігінше ертерек бергені жөн (Нақыл сөздер 27:9 оқы).
“Жаттыға бер”
15. Үй ішіндегілер ер бауырластың қызмет етуіне қалай қолғабыс ете алады?
15 Ер адамдарға жауапкершіліктерге ұмтылуға тек ақсақалдар ғана емес, басқалар да көмектесе алады. Мысалы, оның отбасы мүшелері солай етуі керек. Ал егер ол ақсақал ретінде тағайындалып қойған болса, әйелі мен балалары қара бастарын ғана ойламай, сүйіспеншілікпен оған қолдау көрсетеді. Үй ішіндегілері бауырластың біршама күші мен уақытын қауымға арнауға міндетті екенін түсінеді. Олардың жанқиярлық рух танытқандары бауырласқа қуаныш сыйлайды әрі қауымдағылар мұны жоғары бағалайды (Нақ. с. 15:20; 31:10, 23).
16. а) Жауапкершіліктерге ұмтылу ең алдымен кімнің міндеті? ә) Ер бауырлас қауымдағы жауапкершіліктерге қалай ұмтыла алады?
16 Өзгелер көмек пен қолдау көрсете алғанымен, жауапкершіліктерге ұмтылу, ең алдымен, ер адамның өзіне байланысты (Ғалаттықтарға 6:5 оқы). Әрине, қауымдағыларға көмектесу және қызметке толықтай қатысу үшін ер бауырластың міндетті түрде қызмет көмекшісі не ақсақал болуы шарт емес. Бірақ егер ол осындай қызмет атқаруды қаласа, алдымен Киелі кітапта жазылған талаптарға сай болуы керек (Тім. 1-х. 3:1—13; Тит. 1:5—9; Пет. 1-х. 5:1—3). Сондықтан егер бауырлас қызмет көмекшісі не ақсақал болып тағайындалмаған болса, қай жағынан жұмыс істеу керектігі жайлы ойланса болады. Оған Киелі кітапты жүйелі түрде оқу, мұқият жеке зерттеу жүргізу, ой жүгірту, шын жүректен дұға ету және уағыздау қызметіне белсенді қатысу қажет. Осылайша ол Пауылдың Тімөтеге берген келесі кеңесіне сай “Құдайға шын берілгендік дамыту үшін жаттыға беретін” болады (Тім. 1-х. 4:7).
17, 18. Уайым, дәрменсіздік сезімі немесе ықылассыздық рухани алға басуға кедергі жасап жатса, ер бауырлас не істей алады?
17 Ал егер ер бауырлас бір нәрсені уайымдап не өзін дәрменсіз сезінгендіктен жауапкершіліктерге ұмтылмаса ше? Ондай кезде ол Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхтің бізге қаншама көмек көрсетіп жатқаны туралы ойласа болады. Шынында да, Ехоба “күн сайын жүгімізді көтеріп жүр” (Заб. 67:20). Демек, көктегі Әкеміз ер бауырластарға қауымда жауапкершілік алуға көмектеседі. Қызмет көмекшісі не ақсақал болып тағайындалмаған бауырлас Құдай ұйымында осындай мәртебелі қызметті атқаратын толысқан ер адамдарға үлкен қажеттілік бар екендігі жайлы ойланғаны пайдалы болар. Осы жайттардың үстінен ой жүгірткені оған жағымсыз сезімдерін жеңу үшін күш салуға көмектеседі. Сондай-ақ бауырлас киелі рух сұрап дұға ету керек. Сонда ол уайым мен дәрменсіздік сезімінен арылу үшін жантыныштығына және ұстамдылық қасиетіне ие болады (Лұқа 11:13; Ғал. 5:22, 23). Дұрыс ниетпен жауапкершіліктерге ұмтылып жүрген бауырластарға Ехоба батасын беретіні сөзсіз.
18 Бәлкім, қандай да бір ер бауырластың жауапкершіліктерге ұмтылуға ықыласы жоқ шығар. Мұндай кезде ол не істей алады? Елші Пауыл былай деп жазды: “Өзіне ұнайтынды істеулерің үшін, Құдайдың өзі бойларыңда ықылас оятып әрі күш беріп отыр” (Філіп. 2:13). Қызмет етуге деген ықыласты Құдай береді, сондай-ақ оның рухы бауырласқа қасиетті қызметті атқаруға қажетті күш дарытады (Філіп. 4:13). Оның үстіне, бауырластың өзі Құдайдан дұрыс нәрсені істеуге көмектесуін сұрап дұға ете алады (Заб. 24:4, 5).
19. “Жеті бақташы мен сегіз кінәздің шығатыны” бізді не нәрсеге сендіреді?
19 Ехоба ер бауырластарды үйрету үшін тер төгіп жүрген ақсақалдарды жарылқайды. Қауымда жауапкершіліктерге ұмтылып жүрген бауырластар да оның мол батасына кенеледі. Жазбаларда Құдай халқының арасынан “жеті бақташы мен сегіз кінәздің шығатыны”, яғни Ехобаның ұйымында басшылықты қолға алатын ер адамдардың жеткілікті болатыны уәде етілген (Миха 5:5). Бүгінде басқаларға қызмет етуге ықыласы бар және қауымды қамқорлауды үйреніп жатқан кішіпейіл ер бауырластар көп. Бұл Ехобаға даңқ әкелуде, ал біз үшін керемет бата!
Қалай жауап берер едіңдер?
• Иса шәкірттеріне жауапкершіліктерге ұмтылуға қалай көмектесті?
• Қалай ақсақалдар Исаға еліктей отырып, қауымдағы ер бауырластарға жауапкершіліктерге ұмтылуға көмектесе алады?
• Қалай отбасы мүшелері ер бауырласқа жауапкершіліктерге ұмтылуға көмектесе алады?
• Жауапкершіліктерге ұмтылу үшін ер бауырластың өзі не істей алады?
[31-беттегі суреттер]
Рухани өскісі келетін зерттеушіге қалай көмектесуге болады?
[32-беттегі сурет]
Ер бауырластар жауапкершіліктерге ұмтылып жүргендерін қалай көрсете алады?