Ер адамдарға рухани алға басуға көмектесіңдер
“Бұдан былай тірі адамдарды аулайтын боласың” (ЛҰҚА 5:10).
1, 2. а) Исаның уағызына ер адамдар қызығушылық танытты ма? ә) Осы мақалада не қарастырылады?
ҒАЛИЛЕЯ өлкесінде уағыздап жүргенде, Иса мен оның шәкірттері қайыққа мініп, оңаша жерге барады. Алайда олардың соңынан қалың жұрт та жаяу ілеседі. Сол күні жиналған ер кісілердің саны, әйелдер мен балаларды қоспағанда, 5000-дай еді (Мат. 14:21). Ал тағы бірде адамдар ауру-сырқауларынан айығуды және тәлімін тыңдауды қалап Исаның қасына жиналады. Сол кезде “әйелдер мен балаларды қоспағанда”, жиналған “ер кісілердің саны 4000 еді” (Мат. 15:38). Осыған қарағанда, Исаның тәлімдеріне қызығушылық танытқан адамдардың арасында ерлер көп болғанға ұқсайды. Шын мәнінде, Иса тағы басқа адамдардың шындықты қабылдайтынына сенді. Керемет жасап, шәкірттеріне балық аулауға көмектескен соң, Иса солардың бірі Шимонға: “Бұдан былай тірі адамдарды аулайтын боласың”,— деді (Лұқа 5:10). Иса уағыз ісін балық аулауға теңеді. Оның шәкірттері ер адамдарды қоса, әлі де көп адамға шындықты қабылдауға көмектеспек еді.
2 Бүгінде де ер адамдар ізгі хабарға қызығушылық білдіріп жатыр. Олар бізбен Киелі кітапты зерттеуге қуана-қуана келіседі (Мат. 5:3). Алайда ер адамдардың көбісі әрі қарай рухани қадамдар жасамайды. Оларға қалай көмектесуге болады? Иса ер адамдарға уағыздағанда, ерекше бір әдісті қолданбаған. Дегенмен ол ер адамдарды табыс табу, адам алдындағы қорқыныш, және дәрменсіздік сезімі мазалайтынын ескеріп, оларға шындықты қабылдауға көмектескісі келген. Бұл мақалада Исаның ер адамдарға қалай көмектескені және біз оған қалай еліктей алатынымыз қарастырылады.
Табыс табу
3, 4. а) Ер адамдардың көпшілігі не жайлы көбірек ойлайды? ә) Неге кейбір ерлер материалдық жағдайларын рухани нәрселерден жоғары қояды?
3 Бір заң мұғалімі Исаға: “Ұстаз, қайда барсаңыз да, мен сізге еремін”,— деді. Алайда Иса оған “Адам Ұлының бас тірейтін тұрағы да жоқ” деп жауап қайтарды. Киелі кітапта әлгі кісі Мәсіхтің шәкірті болды деп айтылмаған. Соған қарағанда бұл кісі қай жерде тұратынын немесе не ішіп-жейтінін уайымдап, ойынан айнып қалған болса керек (Мат. 8:19, 20).
4 Ер адамдар жиі материалдық жағдайларын рухани нәрселерден көбірек ойлайды. Олардың көбісі үшін ең бастысы — жоғары білім алу мен айлығы көп жұмысқа орналасу. Олар ақша табуды Киелі кітап зерттеп, Құдаймен жақын қарым-қатынас дамытудан маңызды әрі тиімді санайды. Киелі кітапта айтылған сөздер оларды қызықтырғанымен, “осы заманның уайым-қайғысы және алдамшы байлық” бұл қызығушылықты басып тастайды (Мар. 4:18, 19). Иса өз шәкірттеріне ненің аса маңызды екенін түсінуге қалай көмектескенін қарастырайық.
5, 6. Әндір, Петір, Жақып және Жоханға уағыздау ісінің ең маңызды іс екенін түсінуге не көмектесті?
5 Әндір және оның бауыры Шимон Петір балықшылар болған. Жохан, Жақып және әкелері Зебедей де осы кәсіппен айналысатын. Істері жақсы жүргендіктен, олар тіпті жұмысшылар жалдаған (Мар. 1:16—20). Әндір мен Жохан Жақиядан Иса туралы алғаш естігенде, Мәсіхті тапқандарына көздері жетті. Әндір бұл туралы бауыры Шимон Петірге барып айтты, ал Жохан бауыры Жақыпқа айтқан болса керек (Жох. 1:29, 35—41). Содан бірнеше ай бойы осы төрт ер адам Исамен бірге Ғалилея, Яһудея және Самарияда уағыздады. Ал кейін олар балық аулау кәсіптеріне қайта оралды. Бұл ер адамдар рухани нәрселерге қызыққанымен, уағыз ісін ең маңызды іс деп қарастырмады.
6 Кейінірек Иса Петір мен Әндірді соңынан еріп, “адамдарды аулаушы” болуға шақырды. Сонда олар не істеді? “Олар ауларын тастай сала, оның соңынан ерді”. Жақып пен Жохан да солай етті. “Екеуі сол заматта қайықтарын да, әкелерін де тастап, оның соңынан ерді” (Мат. 4:18—22). Бұл ер адамдарды толық уақытты қызметке кірісуге не талпындырды? Олар сезімге беріліп, асығыс шешім қабылдады ма? Бұлай болуы екіталай. Өйткені бұдан бұрын олар Исадан тәлім алған. Кереметтерінің және әділдікке деген құлшынысының куәсі болған. Сондай-ақ жұрт Исаның уағызын ұйып тыңдайтынын көрді. Нәтижесінде олардың Ехобаға деген сенімдері нығайып, оған көбірек арқа сүйейтін болды.
7. Киелі кітапты зерттеп жүрген адамдарға Ехобаға арқа сүйеуді қалай үйрете аламыз?
7 Исаға еліктей отырып, Киелі кітапты зерттеп жүрген адамдарға Ехобаға арқа сүйеуді қалай үйрете аламыз? (Нақ. с. 3:5, 6). Бұл орайда біздің қалай тәлім беретініміздің маңызы зор. Зерттеу жүргізгенде, Патшалықты бірінші орынға қоятындарға батасын төгетіні туралы Құдайдың уәдесіне баса назар аударуға болады (Малахи 3:10a; Матай 6:33 оқы). Ехоба өз қызметшілерінің қамын жейтіні туралы жазба орындарын келтірумен қатар, үлгі көрсетуді де ұмытпайық. Өз өмірімізде болған оқиғаларды айтып бергеніміз зерттеушіге Ехобаға арқа сүйеуді үйренуіне көмектеседі. Сондай-ақ әдебиеттерімізде басылған жігерлендірерлік оқиғалармен бөліссек боладыb.
8. а) Зерттеушіге “Жаратқанның ізгілігіне көз жеткізу” неліктен маңызды? ә) Ер адамға Ехобаның ізгілігін өз өмірінде көруге қалай көмектесе аламыз?
8 Зерттеушінің сенімі берік болу үшін Ехобаның өзгелерді қалай жарылқағаны туралы естіп-білгені жеткіліксіз. Оған Ехобаның ізгілігін өз өмірінде көру қажет. Забур жыршысы: “Жаратқанның ізгілігіне көз жеткізіңдер, Қандай бақытты Оған сенімін жүктегендер!”— деп айтқан (Заб. 33:9). Ер адамға Ехобаның ізгілігін көруге қалай көмектесе аламыз? Мысалы, ол қаржы жағынан қысылып жүр, әрі темекі шегу, құмар ойын ойнау не салынып ішу сияқты жаман әдетпен күресіп жүр делік (Нақ. с. 23:20, 21; Қор. 2-х. 7:1; Тім. 1-х. 6:10). Мұндай кезде оны Құдайдан күш сұрап дұға етуге талпындырсақ болады. Сонда жаман әдетінен арылғанда, ол Ехобаның ізгілігіне көз жеткізеді. Содан соң оны Киелі кітап зерттеу сабағына апта сайын уақыт бөлуге және кездесулерге қатысуға әрі оларға дайындалуға талпындыруға болады. Адам Ехобаның батасын өз өмірінде көргенде, сенімі нығаяды әрі материалдық жағдайын шектен тыс уайымдамайтын болады.
Адам алдындағы қорқыныш
9, 10. а) Неге Нікөдем мен ариматеялық Жүсіп Исаның шәкірттері екендерін жасырды? ә) Неге кейбір ер адамдар Исаның шәкірті болудан тартынады?
9 Жора-жолдастары қысым көрсететіндіктен кейбір ер адамдар Мәсіхке біржола еруден тартынады. Мысалы, Нікөдем мен ариматеялық Жүсіп яһудилерден қорыққандықтан, Исаның шәкірттері екендерін жасырған (Жох. 3:1, 2; 19:38). Олардың қорқыныштары себепсіз емес еді. Өйткені Исаны қатты жек көрген дінбасылары оған сенген әркімді мәжілісханадан шығарып жіберетін (Жох. 9:22).
10 Бүгінгі таңда кейбір елдерде ер адам Құдайға, Киелі кітапқа не дінге қызығушылық білдірсе, әріптестерінің, достарының не туыстарының күлкі-мазағына қалуы мүмкін. Ал басқа бір жерлерде дінін өзгерту туралы айтудың өзі қауіпті. Әсіресе әскери, саяси не қоғамдық ұйымда жұмыс жасайтын ер адамдар қысым көруі мүмкін. Мәселен, Германияда тұратын бір кісі Куәгерлерге былай деді: “Сендер Киелі кітап туралы бәрін тура айтасыңдар. Бірақ егер мен бүгін Куәгер болсам, бұл туралы ертең-ақ жұрттың бәрі білетін болады. Әріптестерім, көршілерім және араласатын адамдарымыз өзім және отбасым туралы не ойлайды? Мен сөзге қалғым келмейді”.
11. Иса шәкірттеріне адам алдындағы қорқынышқа бой алдырмауға қалай көмектесті?
11 Исаның шәкірттерінің ешқайсысы қоян жүрек болмаған, бірақ адам алдындағы қорқыныш олардың бәріне де әсер еткен (Мар. 14:50, 66—72). Иса оларға қысымға төтеп беруге қалай көмектесті? Ол шәкірттерді алда күтіп тұрған қарсылықтарға дайындады. “Жұрт сендерді Адам Ұлына бола жек көріп, араларынан аластатып, қорлап, жаманатты қылса, бақыттысыңдар”,— деді Иса (Лұқа 6:22). Шәкірттер қорлық көруге дайын болу керек еді. Олар “Адам Ұлына бола” қарсылыққа кезігіп жатқандарын есте ұстаулары керек-тін. Сондай-ақ Иса Құдайдан көмек пен күш сұраған жағдайда Ехоба әрдайым олардың жанынан табылатынын уәде етті (Лұқа 12:4—12). Бұған қоса, Иса жаңа ізбасарларын шәкірттерімен емін-еркін араласып, олармен дос болуға шақырды (Мар. 10:29, 30).
12. Зерттеушілерге адам алдындағы қорқынышты жеңуге қалай көмектесе аламыз?
12 Біз де зерттеушілерге адам алдындағы қорқынышты жеңуге көмектесуіміз керек. Мұның бір жолы — оларды қарсылықтарға дайындау (Жох. 15:19). Мысалы, әріптесі не басқа адам қоюы мүмкін сұрақтарға қарапайым да ақылға қонымды, Киелі кітапқа негізделген жауаптар дайындауға көмектесе аламыз. Сондай-ақ онымен достасып, қауым мүшелерімен, әсіресе ортақ нәрсесі бар бауырластармен, таныстырсақ болады. Ең бастысы, зерттеушіні жүйелі түрде әрі шын жүректен дұға етуге үйретуіміз керек. Бұл оған Құдайға жақындай түсуге және оны өзінің паналайтын қорғаны әрі заңғар шыңы санауға көмектеседі (Забур 93:21—23; Жақып 4:8 оқы).
Дәрменсіздік сезімі
13. Неге кейбір ер адамдар рухани істермен айналысудан тартынады?
13 Кейбір ер адамдар рухани істермен айналысудан тартынады, өйткені олар сауатты оқи алмайды, өз ойын жатық жеткізе алмайды не ұяң болуы мүмкін. Ал кейбірі өз көзқарастарын ел алдында айтуға ыңғайсызданады. Зерттеу жүргізу, қауым кездесулерінде түсініктеме беру, өзгелермен нанымдары жөнінде сөйлесу олар үшін қиынның-қиыны. Бір бауырлас былай деді: “Жас кезімде мен уағызда жүргенде, есіктің алдына барып, қоңырауды басқанситынмын да, мені ешкім естімегеніне және көрмегеніне үміттеніп жаймен кетіп қалатынмын. Үйме-үй уағыздау туралы ойдың өзінен мазам кететін”.
14. Неге Исаның шәкірттері жын соққан баланы сауықтыра алмады?
14 Исаның шәкірттері жын соққан баланы сауықтыра алмағанда, өздерін қалай сезінгендері туралы ойланып көрейік. Баланың әкесі Исаға келіп былай деген болатын: “[Ұлымның] қояншығы бар, жағдайы нашар. Жиі-жиі отқа да, суға да құлайды. Оны шәкірттеріңізге әкелген едім, бірақ олар айықтыра алмады”. Сонда Иса баланың бойындағы жынды қуып, оны сауықтырды. Кейінірек шәкірттері Исадан: “Неге біз оны қуып шығара алмадық?”— деп сұрағанда, ол: “Сенімдерің аз болғандықтан. Сендерге шындығын айтамын, егер қыша дәніндей сенімдерің болып, мына тауға: —Бұл жерден ана жерге көш,— десеңдер, ол көшеді. Қолдарыңнан келмейтін ештеңе де болмайды”,— деді (Мат. 17:14—20). Ехобаға сенетін адам таудай қиыншылықтарды жеңе алады. Ал адам өз күшіне сене бастаса не болады? Онда ісі оңға баспағандықтан, салы суға кетеді де, өзін Ехобаға қызмет етуге дәрменсіз санай бастайды.
15, 16. Ер адамға дәрменсіздік сезімін жеңуге қалай көмектесуге болады?
15 Ер адам дәрменсіздік сезімімен күресе алу үшін оны өз қабілеттеріне емес, Ехобаның көмегіне сенім артуға талпындыру қажет. Петір былай деген: “Құдай сендерді жоғарылату үшін, оның құдіретті қолының астына бойсұныңдар. Бар уайымдарыңды оған артыңдар” (Пет. 1-х. 5:6, 7). Зерттеуші осы сөздерге сай әрекет ете алу үшін біз оған рухани өсуге көмектесуіміз керек. Рухани адам Құдай Сөзін жақсы көреді, әрі “киелі рухтың жемісіне” жататын қасиеттерді танытады (Ғал. 5:22, 23). Дұға ету мүмкіндігін бағалайды (Філіп. 4:6, 7). Сондай-ақ ол әр жағдайда және кез келген тапсырманы орындағанда, күш пен батылдықты Құдайдан іздейді (Тімөтеге 2-хат 1:7, 8 оқы).
16 Кейбір зерттеушілерге іс-жүзінде көмек көрсету, мысалы оқуды, пікір алысуды және жатық сөйлеуді үйрету, қажет шығар. Басқалары Ехобаны танымай тұрып жасаған жаман істеріне бола оған қызмет етуге өздерін лайықсыз сезінетін болар. Қандай болған күнде де, біздің сүйіспеншілікпен әрі шыдамдылықпен көрсеткен көмегіміз жақсы жеміс беруі мүмкін. Иса айтқандай, “дәрігер денсаулығы жақсы адамдарға емес, ауруларға қажет” (Мат. 9:12).
Көбірек ер адамға уағыздайық
17, 18. а) Қызметте көбірек ер адамдарға қалай жолығуға болады? ә) Келесі мақалада не қарастырылады?
17 Адамды шынайы бақытқа жеткізетін хабар тек Киелі кітапта жазылған. Біз көбірек ер адамдардың осы ізгі хабарды қабылдағанын қалаймыз (Тім. 2-х. 3:16, 17). Сондықтан көбірек ер адамға уағыздау үшін не істей аламыз? Мысалы, кешкі уақытта, демалыс күндері түстен кейін және мейрамдар күні ер кісілер үйлерінде болғанда, уағызға шығайық. Үйме-үй уағыздағанда, ер бауырластар отағасын шақыртса болады. Орынды жағдайда бірге жұмыс істейтін ер кісілерге және әйел бауырластарымыздың мәсіхші емес күйеулеріне куәлік берейік.
18 Біз қызметте кездескен ақжүрек адамдардың ізгі хабарды қабылдайтынына сенімді бола аламыз. Шындыққа шынайы қызығушылық білдірген осы адамдарға шыдамдылықпен көмектесе берейік. Ал қауымдағы шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластарға Құдай ұйымында көбірек жауапкершіліктер алуға қалай көмектесуге болады? Бұл сұрақты келесі мақалада қарастырамыз.
[Сілтемелер]
a Малахи 3:10: “Ондықтарыңның бәрін қойма үйіне әкеліп тұрыңдар, Менің үйімде азық болсын, ең болмаса Мені осымен сынаңдар, дейді Жаратушы Ие: сонда Мен сендер үшін аспанның тесігін ашып, төбелеріңнен жеткенінше игілік төкпес пе екем?”
b Ехоба куәгерлерінің “Жылнамасын” және “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарындағы өмірбаяндарды қараңдар.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ер адамдарға рухани нәрселерді басты орынға қоюға қалай көмектесе аламыз?
• Зерттеушіге өзгелердің қысымына төтеп беруге қалай көмектесуге болады?
• Кейбіреулерге дәрменсіздік сезімін жеңуге не көмектеседі?
[25-беттегі сурет]
Ер адамдарды ізгі хабармен таныстырудың мүмкіндігін іздейсің бе?
[26-беттегі сурет]
Зерттеушіні сынақтарға төзуге қалай дайындауға болады?